"Заң және біз"

Төбелестің соңы – түрме

Written by Aray2005

Өткен аптада Тараздағы Шөлдала саяжай алқабында болған төбелестің салдарынан ауруханаға түскен 4 жасөспірімнің біреуі қаза тапты.

Оқиға маусым айының 12-нен 13-не қараған түні сағат 23:40-тар шамасында орын алған. Өзара ерегісіп, екі тарапқа бөлінген жасөспірімдер бір-бірін өлімші етіп сабап, төбелескен. 8-сыныптың 5 баласына өздерімен қатар және 1-2 жас үлкен 16 жеткіншек жабылып, 3 балаға пышақ жарақатын салған.
Түнгі уақытта ауруханаға жеткізілген 15 жастағы 59-мектептің оқушысы Оралбек Кетебаевтың өмірін ақ халаттылар ажалдан арашалап қала алмады. Көп қан жоғалтқан ол түнгі сағат 02:30 шамасында ауыр жарақатынан көз жұмды. Дәрігерлердің айтуынша, тағы бір жасөспірімнің жағдайы орташа ауыр. Оның мұрны сынған, сол себепті ол отоларингологиялық бөлімге жатқызылған. Өзгелерінің жарақаты жеңіл болғандықтан үйіне қайтарылған.
Қылмыстық Кодекстің 99-бабы (Адам өлтіру) бойынша тергеу басталып, күдікті бір адам қамауға алынды.
Жақындарының айтуынша, Оралбек отбасында алты баланың төртіншісі. Мектепте үлгерімі жақсы болған ол спортпен айналысып, түрлі жарыстардың жүлдегері атанған.
Перзентінен айырылған отбасы енді тергеу әділ жүріп, кінәлілер лайықты жазасын алса дейді.

Айжан Өзбекова

ПІКІР