Sport

Тоғызқұмалақ – тапқырлар ойыны

Written by Aray2005

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарла­малық мақаласында ұлттық спортты түлету жөнінде жан-жақты айтқаны белгілі. Бұл бағытта бүгінде аз жұмыс жасалып жатқан жоқ. Әсіресе, тараздық ұстаз Асқар Шаловтың ойлап тапқан «Алаңдағы тоғызқұмалақ» ойыны бүгінде республикалық сипат алуда. Оған дәлел, дәстүрлі доданың жалғасы ретінде күні кеше «Тараз-Арена» спорт кешенінде өңіраралық ашық турнир өтті.

Жарыстың ашылу салтанатына «Тоғызқұмалақ қазақ ұлттық ойын қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Батырбек Құлекеев қатысып, жас спортшыларға сәттілік тіледі.
–Тоғызқұмалақ қазаққа ғана тән ойын емес. Оның шығу тарихы тереңде жатқандықтан, бұл ойынды өз дәуірінде бірнеше елдер ойнаған. Мәселен қырғыз, моңғол, түрік, тіпті кавказ халықтарында тоғызқұмалақ спорт түрінде қабылданған. Биыл Моңғолия, Чехия және Түркия мемлекеттері тоғызқұмалақтан Әлем чемпионаттарын өткізді. Алайда, ол елдердегі тоғызқұмалақ ойынының сәл өзгешеліктері бар.
Дегенмен, біз өз үлгіміздегі ойынымызды насихаттап, көпке танытудамыз. Бүгінгі жарыстың да мақсаты сол. Ұлттық ойынымызды ұлықтау. Сондықтан барлық қатысушыларға жеңіске деген жігер тілеймін, – деді Батырбек Әбдірәсілұлы.
Жалпы екі күнді қамтыған аламанға Қызылорда мен өз облысымыздан құралған 8 команда қатысып, тартысты ойын көрсетті. Әсіресе, жас спортшылардың ойшылдар ойынындағы шеберліктері көңіл қуантты. Және жарысқа арнайы шақырылған ойынды ойлап табушы Асқар Орынбекұлы да доданың жоғары деңгейде ұйымдастырылып жатқанына дән ризашылығын білдірді.
– Көптен бері көкейімде жүрген ойымды жүзеге асырып, тоғызқұмалақты командалық ойнау деңгейіне жеткіздім. Және бұқаралық сипат алуы үшін бар күшімді салдым.
«Алаңдағы тоғызқұмалақ» ойынына бір мезетте 20 адам қатыса алады. Олар салмағы 1-1,5 келіден аспайтын 162 құмалақпен ұзындығы 500 см, ені 300 см болатын ойын алаңында командалық жарыс жүргізеді. Осылайша ойын кезінде логикалық ой мен физикалық қимыл қатар сынға түседі. Ал басты ерекшелігі тоғызқұмалақтың бұл түрін үйрену өте оңай. Сол себепті, қазір алаңдағы тоғызқұмалаққа әлем елдері де бет бұра бастады. Бүгінгі доданың да республикалық деңгейде ұйымдастырылып жатқанына дән риза болып отырмын, – деді өнертапқыш.
Сонымен екі күнге созылған ала­ман­ның нәтижесінде бас жүлде қызылорда­лық қонақтарға бұйырса, екінші орынға қордайлық жастар табан тіреді. Үздік үштікті меркіліктер түйіндеді.
Жарыс соңында жеңімпаздар арнайы грамота және бағалы сыйлық­тар­мен марапатталды.

Саятхан Сатылғанов

ПІКІР