Sport

Тоғызқұмалақтан тұңғыш рет онлайн жарыс өтті

Written by Aray2005

Жамбыл облысында тоғызқұмалақтан ел біріншілігі тұңғыш рет онлайн форматта өтті. «Тоғызқұмалақ қазақ ұлттық ойыны» қауымдастығының ұйымдастыруымен алауы тұтанған додаға Алматы, Шымкент қалалары мен барлық облыстардан 52 спортшы қатысып, өзара кім мықтыны анықтады.

Жарыс iggamecentre.com сайты арқылы жүргізілгендіктен оған деген спорт сарапшыларының қызығушылығы артты. Сондай-ақ тамашалауға ниетті жанкүйерлердің де қарасы қалың болды. Ал қатысушылардың арасында әлем және Азия чемпионаттарының жүлдегерлері де бақ сынауы бәсекенің бәсін жоғарылата түсті.
Ойшылдар ойыны адамдар санына байланысты швейцар жүйесі, яғни 9 тур бойынша өрбіді. Үш күнге созылған аламанның нәтижесінде ерлер арасында ақтөбелік Азамат Қайдаров алдына жан салмаса, тағы бір ақтөбелік спортшы Нұрбек Қабиев жүлделі екінші орынға ие болды. Ал маңғыстаулық Жұмакелді Тұрақбай мен алматылық Елдар Дакен үшінші орынды өзара бөлісті.
Қыздар арасында бас жүлде тағы ақтөбеліктерге бұйырды. Дарынының даралығын таныта білген Гүлжанат Алдабергенова қарсыластарын қоғаша жапырса, қызылордалық Қызжібек Әбілда екінші орынға табан тіреді. Ал үздік үштіктен Шығыс Қазақстан облысының тумасы Диана Исаханова мен ақтөбелік Мөлдір Серікқызы көрінді.
Осылайша өңірде тұңғыш рет онлайн форматта өткізілген жарыс көпшіліктің көңілінен шығып, сарапшылар тарапынан жоғары бағасын алды.

С.Жапарұлы

ПІКІР