"Шамшырақ"

Тоғжан – үздік ветеринар

Written by Aray2005

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Құлан агротехникалық колледжінде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында оқып жатқан студенттер арасында республикалық «Үздік ветеринар – 2019» кәсіби шеберлік байқауы өтті.
Еліміздің барлық аймағынан студенттерді жинаған байқау облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарушы Саясат Есеевтің алғы сөзімен ашылды. Бұдан кейін Ауыл шаруашылығы министрлігінің облыстық ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Оспан Бердияров сөз алып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Үш модуль бойынша өткен сайыста, ең алдымен, «Визит карточкасы» модулінде байқауға қатысушылар өзі және мамандығы, оқитын оқу орны, өңірде жиі кездесетін мал шаруашылығындағы індет туралы презентациясымен таныстырса, екінші «Тестілеу» модулінде студенттердің «Індеттану микробиологиясымен», «Паразитология және инвазиялық аурулар», «Ішкі жұқпайтын аурулар», «Акушерлік гинекология және көбею биотехникасы» пәндерінен білімі тест тапсырмалары арқылы тексерілді. Үшінші «Тәжірибелік дағдылар» модулінде үміткерлер микроскопия жүргізу, жануарларға дәрі егу, ауыл шаруашылығы жануарларын клиникалық тексеру тәжірибелік тапсырмаларын орындау дағдылары мен кәсіби құзыреттіліктері бойынша колледждің ветеринариялық клиникасында сайысқа түсті.
Қазылар алқасының байқауға қатысушылардың кәсіби шеберлігін бағалауы электронды түрде жүргізілді. Сайыс қорытындысы бойынша шығысқазақстандық Тоғжан Асқарбек І орыннан көрінсе, ІІ орынға Талдықорған облысынан келген Санжар Тлеужан және шығысқазақстандық Жансая Базар лайық деп танылды. Қызылордадан келген қатысушы Руслан Балабек, қостанайлық Виктория Гаврилова және Түркістан өңірінің үкілеп қосқан үміті Арсен Орынбек ІІІ орынды місе тұтты. Сондай-ақ «Жеңіске құштарлығы үшін» номинациясы бойынша Түркістан жоғары аграрлық колледжінің студенті Едіге Малдыбай, Қапланбек жоғары аграрлық техникалық колледжінің студенті Нұрдәулет Абсамат және қарағандылық Мерей Дәріғұл марапатталды.

Г.Маханбетова,
Құлан агротехникалық колледжінің әдіскері,
Т.Рысқұлов ауданы

ПІКІР