Сұхбат

«Токио Олимпиадасынан кейін самбо күресінің тынысы ашылады»

Written by Aray2005

Жамбыл спортының шоқтығы әркез биік болғаны белгілі. Кеңестік кезеңнің өзінде өңір спортшылары талай дүбірлі додаларда топ жарып, даралығын танытты. Бұл тарих бетіндегі ақиқат. Міне, сондай дара саңлақтарымыздың бірі – самбо күресінен КСРО-ның екі дүркін чемпионы, әлем кубогының иегері, Еуропа чемпионатының жеңімпазы Алмас Мұсабековпен жуырда сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Алмас Сағымқұлұлы, бүгінде жамбылдық жұртшылық өзіңізді жоғалтып алғандай. Қазір қайда жүрсіз? Немен айналысудасыз?
– Дәл қазір самбо күресінен облыстың аға жаттықтырушысымын. Және дарынды балаларға арналған мектеп-интернатындағы самбо үйірмесінде жас спортшыларды баулудамын. Одан бөлек самбо күресінен жасөспірімдер арасындағы ұлттық құраманың бас бапкері болып тағайындалдым. Міне, осы жұмыстарды қатар алып, еліміздің, облыстың атын асқақтататын болашақ чемпиондарды тәрбиелеудеміз.
– Осы орайда тарихқа шегініс жасасақ. Айтыңызшы, өзіңіз осы самбо спортына қалай келдіңіз?
– Туып-өскен жерім Байзақ ауданындағы Кеңес колхозы болғандықтан бала кезден еңбекке жақын болдық. Қырманда жүріп, өз-өзімізді физикалық тұрғыдан шынық­тыратынбыз. Бірақ менің бастапқыда футболға әуестігім ауды. Ауыл мектебінде 4-сыныпқа дейін доп тептім. 5-сыныпты облыс орталығындағы №5 Жамбыл атындағы мектепте оқып, теңбіл доптың қыр-сырын тағы меңгере түстім. Алайда түрлі себептерге байланысты сол оқу жылын аяқтай алмай, ауылға қайта оралуға тура келді. 1972 жылға дейін туған өлкеде жүріп, 1973 жылы «Динамо» спорт кешеніне келдім. Ол кезде самбо үйірмесінде даңқты балуан Марат Жақитов тәлім беретін. Содан осы спортқа қызығып, күреске бет бұрдым. Қазір есептеп қарасам, сол «Динамо» спорт кешенінде 42 жылымды өткізген екенмін. Осы жылдар ішінде түрлі байрақты бәсекелерге барып, қазақ ұлтының қайсарлығын танытуға тырыстық.
Былтыр самбо күресінің дүниеге келгеніне 80 жыл толды. Негізі 1980 жылы Мәскеу Олимпиадасында самбо күресі олимпиадалық ойын түріне енгізілетін болған. Бірақ түрлі себептерге байланысты қыздардың хоккейі кіріп кетті. Енді алдағы Токио Олимпиада­сы­ның бағдарламасына самбо күресі еніп отыр. Міне, осы төртжылдықтың айтулы аламаны­нан кейін самбо күресі жаңаша түлейтіні анық. Қазір бұл спорт түрі грек-рим мен еркін күреспен қатар айтылып жүрсе, Токио Олимпиадасынан кейін самбоның тынысы ашыла түседі. Біз жамбылдық самбошыларды осы алдағы байрақты бәсекелер үшін бүгіннен дайындап жатырмыз.
– Ең алғаш бозкілемге шыққан сәтіңіз есіңізде ме? Және алғашқы жеңіс пен жеңілістің дәмі қандай болды?
– 1973-1975 жылдары мектеп қабырғасында жүргенімізде Ташкент қаласында «Надежда» атты жарыс болатын. Осы байрақты бәсекеге ең алғаш жасөспірімдер арасында қатысып, Редко есімді украиндықтан оңбай ұтылдым. Шынын айтайын, Редко аяғымды көктен келтірді. Содан салым суға кетіп, бапкерім Марат Жақитовтан ұрыс естіп, бір сөзбен айтқанда «мешок» деген атқа қалдым. 1976 жылы Донецк қаласында «Жастар ойыны» өтті. Бұл бәсекенің де жолдамасын жеңіп алып, әлгі Редкомен тағы кездестім. Осы жолы кеткен есемді еселеп қайтарып, украиндықты тас-талқан етіп ұттым. Бірақ финалда күшімді сарп етіп қойып, елге күміс медальмен оралдым. Алайда сол жылы КСРО-ның жастар құрамасына алындым.
1976 жылы КСРО чемпионаты ауыл спортшыларының арасында ұйымдастырылды. Бұл додаға да бапкерлер үкілеп мені қосып, мектеп бітірмей жатып КСРО-ның спорт шебері нормативін орындап тастадым. Осылайша қуаныштан төбеміз көкке жетіп, 1976 жылдың жаңа оқу жылы маусымында Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтына құжаттарымды тапсырдым. Бұл білім ордасында Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері, даңқты боксшы Серік Қонақбаев екеуміз бірге оқыдық. Содан бірінші курсымда ересектер арасындағы самбоға ауысып, Қарағанды қаласында жалауы желбіреген КСРО чемпионатына қатыстым. Мұнда КСРО-ның үш дүркін чемпионы, Еуропа біріншілігінің жеңімпазы Хайрулин есімді балуанмен жартылай финалда белдесіп, қолымды жарақаттап алдым. Бірақ, соған қарамастан ақтық айналымда боз кілемге көтеріліп, барымды салғаныммен Самащук есімді эстониялық спортшыға жол беріп қойдым. Алайда 1981 жылы Самащуктен де есемді қайтарып, 1984 жылы КСРО-ның екі дүркін чемпионы атандым. Сол жылы КСРО кубогын да жеңіп алдым.
Бірақ Кеңес үкіметі тұсында қазақ спортшылары үшін шетелге шығу өте қиын болды. Себебі қаңтар айында жіберген құжаттарымыз Мәскеуге 1 жыл жүріп, желтоқсанда бір-ақ жететін. Содан көптеген әлемдік додаларға қатыса алмай қалдым. Десе де КСРО құрамасының сапында 14 жыл жүріп, өзімізді мойындаттық.
– 1991 жылы үлкен спорттан кетіп, кәсіпкерлікке бет бұрған екенсіз. Сонда қандай бизнес түрімен айналыстыңыз?
– 1991-1992 жылдары КСРО құрамасының сапынан шығарылғаннан кейін «Самбо», «Азия-спорт» серіктестіктерін ашып, біраз ауылдарды аралап, жас таланттарды іздедік. Одан бөлек «Қайрат» ерікті спорт қоғамында бапкерлік еттім. Бірақ бұл өте қиын кезең болатын. Жоқшылық қос бүйірден қысып тұрған. Содан Ресей мен Белоруссияға дейін пияз тасып, ауыл шаруашылығымен айналыстық. Осылайша жан баққан күндер де болған.
– Ал Жамбыл спортына қайтадан қашан оралдыңыз?
– 2010 жылы Бүкіләлемдік самбо күресі федерациясының президенті Дабид Рудмен мені Америкаға шақырып, АҚШ құрамасын баптауды ұсынды. Содан Нью-Йоркта қалып, бапкерлік еттім. Және мұхиттың арғы бетіндегі мемлекеттен қазақ күресі спортының филиалын аштым. Қазір сонда қазақ күресін насихаттаумен айналысып жатқан сенімді өкілдерім бар.

Ал Жамбыл жеріне 2011 жылы оралдым. Азияда ойындарына елге келгеннен кейін осындағы жігіттер ұсыныс жасап, Байзақ ауданындағы №13 балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебіне директорлыққа алып қалды. Алайда біраз тірлігім мен отбасым АҚШ-та қалғандықтан, ол жаққа арасында барып тұрдым. Бірақ осыдан үш жыл бұрын облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының басшылығынан ұсыныс түсіп, сондағы самбо үйірмесіне жаттықтырушылыққа қабылдандым. Шындығын айтайын, мектеп-интернаттағы қауырт жұмыстан қазір АҚШ-ты ұмыттық. Бірақ ондағылар маған АҚШ-тың азаматтығын беретіндерін айтып, хат жолдап жатыр. Және қызым мен жарым да әлі сонда. Сондықтан екі ойлы жүргенім де рас.
– Сіз секілді білікті бапкерлер ел, өңір спорты үшін ауадай қажет екені даусыз. Тәрбиеңіздегі шәкірттеріңіз де сізге қарап бой түзейтіні айқын. Сондықтан самбо спорты үшін тиімді шешім қабылдайды деп сенеміз…
– Иә, оның бәрін жақсы түсінемін. Қазір мектеп-интернатта қазақ, дзюдо және самбо күрестері үйірмесінде 30-ға жуық бала тәрбиеленіп жатыр. Олардың ішінде әлем біріншіліктерінен жүлделі оралып, Азия чемпионы атанғандары да бар. Міне, осы жас өрендердің келешегін көп ойлаймын. Қазір Жамбыл жерінде таза самбо күресінің жаттықтырушылары да жоқтың қасы. Бапкерлердің дені аралас күреске бейімделіп кеткен. Бірақ қазақ пен дзюдо күрестері ережесі жағынан өте ұқсас болғанымен, самбо күресі мүлде бөлек мектеп. Осыны біз түсінгеніміз абзал.
Жасыратыны жоқ, қазір самбо күресінен облыстан ересектер арасында балуандар шығара алмай отырмыз. Айбол Айтбек пен Дәулетхан Жақыпов болмаса, қалған спортшылардың барлығы буыны әлі қатпаған жасөспірімдер. Бұрындары Жамбыл самбосы десе, Одақ спортшыларының өзінің қос тізесі дірілдейтін. Қазір керісінше. Міне, осы түсінікті бұзып, бізге алға қарай жылжу қажет.
Жалпы қарайтын болсақ, Жамбыл самбосы үшін қазір керектінің бәрі бар. «Динамо» спорт кешені полиция ұйымдарына беріліп кетті десек те, одан өзге жекпе-жек спорт түрлеріне арналып ашылып жатқан спорт клубтарымыз жетерлік. Үйренемін деген балаға бұл мектептердің есіктері айқара ашық. Осыны дұрыстап насихаттап, талантты жастарды тарту үшін көп тер төгу керек болып тұр. Жүрек түкпіріндегі патриоттық сезімім осыны ойлайды.
– Кеңес үкіметінің тұсында самбо күресінде «жамбылдық әдіс» деген термин болған екен. Аға буын үлкендерден естуімізше, сол «жамбылдық әдісті» шебер меңгергеннің бірі сіз екенсіз. Айтыңызшы, бұл әдістің негізгі сыры неде?
– Иә, КСРО құрама сапында күресіп жүргенімізде жамбылдық жігіттер осы әдісті алғаш бозкілемге алып шыққан едік. Ол әдістің басты сыры – қарсыластың әдісіне қарсы әдіс қолдануда болды. Яғни, қол-аяғын бұғаттап, тыпыр еткізбей жеңу. КСРО чемпионатында осы «жамбылдық әдіспен» «Үздік техникасы үшін» марапатына да ие болғанмын. Кейіннен бұл техниканы Одаққа қарасты мемлекеттердің барлық балуандары меңгеріп алды ғой. Бірақ аталмыш әдістің түп-тамыры Жамбыл жерінде жатыр.
– Қазіргі таңда бапкерліктен бөлек, ардагерлер арасындағы байрақты бәсе­ке­лерде бақ сынап жүрсіз. Бүгінгі таңға дейін әлемнің жеті дүркін чем­пионы­сыз. Алда тағы қандай жоспарлар бар?
– Спорт мектебінің тәрбиеленушілеріне келетін болсақ, алда жасөспірімдер ара­сындағы ел біріншілігі тұр. Соған қазір балалар дайындап жатырмыз. Ал өзім биыл Камерун мемлекетінде самбодан өтетін әлем біріншілігіне қатысамын. Осы дүбірлі додада ел, облыс мерейін үстем етуге күш саламын.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Саятхан Сатылғанов

ПІКІР