Токио олимпиадасында топ жаратын саңлақтар облыс әкімімен арнайы жүздесті

0 25

Әлемдегі эпидемиологиялық ахуал 2020 жылы өткізілуі тиіс бірқатар әлемдік додалар мен халықаралық жарыстардың жолын байлағаны белгілі. Алайда жер-жаһанның спорттық қауымдастықтары аталған аламандарды биылдан қалдырмай ұйымдастыруға бел буып отыр. Оның ішінде Жапонияның астанасы Токио қаласында өтетін төртжылдықтың басты оқиғасы – Олимпиаданың да бары баршаға мәлім. Осыған орай кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Әулиеата өңірі үміт күтіп отырған саңлақ спортшылар – Елдос Сметов, Әлішер Ерғали, Сұлтан Әсетұлы мен Фируза Шарипованы қабылдап, байрақты бәсекелерге дайындық барысын білді.

Жиынды ашқан аймақ басшысы әуелі жамбылдық жампоздардың халықаралық, құрлықтық жарыстарда оза шауып, жеңімпаз атанып, жүлделі орындардан көрініп жүргені зор жетістік екенін айтып, еліміздің атын шығаруға сіңіріп жүрген еңбектерін жоғары бағалайтынын жеткізді.
– Олимпиада ойындарына қатысу, онда жеңімпаз атанып, елінің туын көкке көтеру, тұғыр биігінде әнұранын шырқау – кез келген спортшының арманы екені сөзсіз. Бұл ретте жамбылдық спортшылар да әлемнің кіл мықтылары бақ сынайтын бәсекеге жолдама алу үшін барын салып жатыр. Қазіргі уақытта Әулиеата жампоздарының қоржынында Токиоға апаратын 3 лицензия бар. Тағы 8 саңлағымыз күншығыс елінде өтетін аламанға барады деген үміттеміз.
Жалпы еліміздің спортшылары жанкешті еңбекпен жеткен жеңістерінің арқасында жаһан жұртшылығы жер бетінде Қазақстан деген мемлекеттің, қазақ деген ұлттың барынан хабардар болды. Міне, сол жолды сіздер жалғап келесіздер. Бұл үшін айтар алғысымыз шексіз, – деген Бердібек Машбекұлы спортпен шұғылдануға ниетті әрбір азаматқа қолдау көрсетілетінін айтып өтті.
Облыс басшысының бұл сөзі дәлелсіз емес. Өйткені қазіргі уақытта жамбылдықтардың үштен бірі спортпен шұғылданады. Олардың материалдық-техникалық базасы стандарттарға сай кешенде жаттығуына да жағдай жасалған. Өткен жылдың өзінде өңірде 15 жабық спорт нысаны салынды. Ал бұл жылы тағы 8 нысанның кірпішін қалау жоспарда тұр. Сондай-ақ артта қалған жылы облыс бойынша 96 спорт алаңы пайдалануға берілді.
Келесі кезекте аймақ басшысы жамбыл спортының абыройын асқақтатып жүрген жампоздардың жекелей жетістіктеріне тоқталды.
– Бүгінгі жиылғандағы мақсатымыздың бірі– жуырда өткен жарыстарда жеңімпаз атанып, жүлдеге ие болған өздеріңізге алғыс айту, құттықтау, сәттілік тілеу. Осы тұста Алматы қаласында күрес түрлерінен өткен Азия чемпионатында қарсылас шақ келтірмеген Сұлтан Әсетұлының жеңісін, осы аламанда күміс жүлде иеленген Әлішер Ерғалидың еңбегін ерекше атап өткім келеді. Сонымен қатар спорттық мансабында 13-жеңісіне қол жеткізіп, бабы мен бағы қатар шауып тұрғанын дәлелдеген Фируза Шарипованың да жетістігін елемеуге болмайды.
Әрине, бұл жеңістер тәжірибелі жаттықтырушылардың да ерен еңбегінің нәтижесі. Сол себепті шәкірт тәрбиелеп, чемпиондар өсіріп отырған бапкерлерді де құттықтаймын. Алдағы аламандарда қанжығаларыңыз майланып, жеңіс тұғырынан көрініңіздер! Ақ жол! – деген Б.Сапарбаев жергілікті спортшыларға жайлы жағдай жасап, бар қажеттіліктерімен қамтамасыз етуді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбековке тапсырды.
Келесі кезекте жиынға қатысқан спортшылар әлемдік спорт ареналарында тәуелсіз Қазақстанның беделін арттыруға қосқан үлесі мен жарыстардағы үздік жетістіктері үшін облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталып, оларға 500 мың теңгенің сертификаттары табысталды. Сондай-ақ Елдос Сметовтің жеке бапкері, дзюдодан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғалымжан Жылгелдиев пен Әсет Сұлтанұлының жеке бапкері Марат Қуатов та алғыс хат және 500 мың теңгенің сертификатын алды.
Басқосу соңында Рио-де-Жанейрода өткен ХХХІ Жазғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Елдос Сметов сөз алып, құрмет құшағына бөлеген аймақ басшысына алғысын білдірді.
– Олимпиада ойындарының алдында көрсетіліп отырған бұл құрмет – біздің көңілімізге медеу, үлкен демеу болары сөзсіз. Өздеріңіздей ел ағалары сенім білдіріп, сәттілік тілеуі шешуші бәсекелерде бізге күш беретіні анық.
Токиодағы Олимпиада менің спорттық мансабымдағы екінші дүниежүзілік дода болмақ. Өздеріңізге белгілі, Риода ақтық сайыста есе жіберіп, бір алтын алқаның бұйырмай кеткені бар еді. Осы жолы сол алтынды елімізге алып келіп, қазақ дзюдосының тарихын жаңарту үшін бар күш-қайратымды жұмсаймын. Сондай-ақ Жапонияға қазақ елінің атынан аттанып, намысын жыртатын барлық спортшыларға тек сәттілік тілеймін! – деді балуан.

Мұратхан ӘЛІМХАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.