Doda Sport

Токио төріндегі аламанға дайындық қызу жүруде

Written by Aray2005

Төртжылдықтың ең айтулы аламаны Олимпиада алауы екені даусыз. Бұл байрақты бәсекеде бақ пен бап қатар сынға түседі. Ал жеңіс тұғырынан көрінген толағайлар спорт саласының сайыпқыраны саналатыны сөзсіз. Сондықтан қай спортшы болмасын бұл биіктен көрінуге барын салады.

Кеңестік кезеңнен бері жамбылдық жампоздар Олимпиада төрінде көк байрағымызды сан мәрте желбіретіп, Әнұранымызды шырқатты. Бүгінде сақа спортшыларымыздың сара жолын жалғап келе жатқан дарабоздарымыз аз емес.
Алысқа бармай-ақ соңғы екі Олимпиаданы еске түсірсек, 2012 жылы Лондонда алауы тұтанған Олимпиада ойындарында еркін күрестен Ақжүрек Таңатаров, бокстан Ғани Жайлауов және жүзуден Зульфия Габидуллина ел мен өңір намысын қорғады. Нәтижесінде кіл мықтының ішінен шын мықтыны танытқан Таңатаров қола жүлдемен оралды. Бұл біз үшін алтынға бергісіз медаль болатын. Себебі талай жылғы үзілістен кейін Жамбыл жерінде еркін күрестен келген жеңіс тойы тойланды.
Одан кейін 2016 жылы жампоздарымыз Рио Олимпиадасында жасындай жарқылдады. Бұл байрақты бәсекеге дзюдо спортынан Елдос Сметовті, таэквондодан Руслан Жапаровты, жеңіл атлетикадан Светлана Голендева мен Михаил Красиловты, бокстан Олжас Сәттібаевты, жүзуден Зульфия Габидуллинаны үкілеп қостық. Осылайша алты спортышымыз айтулы аламанда аймақ атынан өнер көрсетті. Әлемнің алпауыттарымен теңдей күш сынасқан саңлақтарымыздың ішінде Елдос Сметов күміс жүлдемен қуантса, Зульфия Габидуллина Қазақстан тарихында тұңғыш Паралимпиада ойындарының жеңімпазы атанды. Бұл сөз жоқ өңір спортының мерейін өсіріп, төрткүл әлемге таныта түсті.
Міне, осы соңғы толайым табыстан кейін Жамбыл спорты келер жылы Токио төрінде түндігі түрілетін дүбірлі додаға дайындық үстінде. Қазіргі таңда облыстағы 48 спорт мектебі осы бағытта тынбай қызмет көрсетуде. Спорт мектептерінде 43 түрлі спорт үйірмесі жұмыс жасап тұрса, оның 24-і олимпиадалық ойын түрлеріне бағытталған. Таланттардың «бетін қақпай, белін бууда» 925 жаттықтырушымыз жүйелі жұмыс істеуде. Олардың қатарында елге еңбегі сіңген бапкерлеріміз де аз емес.
Дәл қазір Жапония жеріндегі аламанға қатысуға үміттілердің тізімі жасалып отыр. Атап айтсақ, Токиода дзюдодан Елдос Сметов, бокстан Әбілхан Аманқұл, таэквондодан Руслан Жапаров, каратэ-додан Гузалия Гафурова, жеңіл атлетикадан Светлана Голондево мен Михаил Красилов, жүзуден Зульфия Габидуллина және Әділ Қасқабай ел мен облыс намысын қорғайды деген үміт бар. Одан бөлек, таэквондошы Елдос Ысқақ, боксшы Асланбек Шымбергенов, дзюдошыларымыз Бекәділ Шаймерденов пен Азиз Қалқаманұлы, еркін күрестен Мейіржан Аширов, каратэ-додан Игор Чихморев, оқ атудан Бақтияр Ибраев және су добынан құрамамыз резервте тұр. Қосалқы құрамдағы спортшыларымыздың алды Азия биігін бағындырған болса, кейінгілері ел чемпиондары. Сондықтан резервтегі саңлақтарымыздың өзі «сен тұр, мен атайын» деген дарабоздар.
Әрине, кімнің жүзден жүйрік шығатынын Токио Олимпиадасы көрсете жатар. Алайда, Жапония жеріндегі дуы басым бәсекеге жамбылдық спортшылар талмай еңбек етіп, шеберліктерін шыңдауда. Ол үшін Үкімет пен жергілікті билік тарапынан жасалып жатқан қолдаулар аз емес. Міне, осы жауапкершілік жүгін жіті түсінетін толағайларымыз Токио төрінде көк туымызды жеңіс тұғырында желбіретеді деп сенеміз.

Нұрбол Жүнісбеков,
облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт
басқармасының басшысы

ПІКІР