«Токионың төрт жолдамасы қоржында»

0 99

Коронавирус індеті спорт саласына айтарлықтай салқынын тигізгені белгілі. Өткен жылдан бері спорттық шаралар тоқтатылып, додалардың дені көрерменсіз онлайн форматта өтті. Десе де биыл Токио төрінде Олимпиада алауы тұтанбақ. Төртжылдықтың ең айтулы аламаны енді кейінге шегерілмейді. Осы орайда облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбековпен жүздесіп, алдағы Олимпиада мен Жамбыл спортындағы өзгерістер хақында әңгіме өрбіткен едік. 

– Нұрбол Әбдімажитұлы, алда Токио Олимпиадасы тұр. Бүгінге дейін жерлестеріміз төртжылдықтың басты додасының қанша жолдамасын жеңіп алды? Тағы кімдерге лицензия алады деп үміт артсақ болады?
– Бүгінгі күнге жамбылдық спортшылар Токио Олимпиадасына 4 лицензия иеленді. Атап өтер болсақ, бокстан 75 келі салмақ дәрежесінде Әбілхан Аманқұл, еркін күрестен 97 келі салмақ дәрежесінде Әлішер Ерғали, су добынан жазғы Азия ойындарының жеңімпазы Алтай Әлтаев және дзюдодан 60 келі салмақ дәрежесінде Елдос Сметов Олимпиадада ел намысын қорғайтын болады. Сонымен қатар бокстан жастар арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері Жансая Әбдірайымова, каратэ-додан ҚР спартакиадасының жеңімпазы, дүниежүзілік рейтингте ТОП-6-орында тұрған Игорь Чихморев, жеңіл атлетикадан Азия чемпионы Светлана Голендова, жүзуден Азия ойындарының қола жүлдегері Әділ Қасқабай мен Ғалымжан Балабек, велоспортшы, ҚР Ұлттық құрамасының мүшесі Шәкір Әділов және соңғы Олимпиадада Қазақстанның Мемлекеттік туын алып шыққан таэквондошы Руслан Жапаровтың Олимпиадаға қатысу мүмкіндігі бар.
Рио-2016 Паралимпиадасының чемпионы Зульфия Габидулина 2018-2021 жылдары өткен лицензиялық түрлі жарыстарға қатысып, Паралимпиада нормативтерін 2 қашықтықтан орындап, 50 метр еркін және 50 метр арқанмен жүзу стильдері бойынша XVI жазғы Паралимпиада ойындарына лицензия ұтып алды. Сондай-ақ 3 паралимпиадалық спорт түрі бойынша пара таэквондодан екі дүркін әлем чемпионы Нышан Өмірәлі, пара жеңіл атлетикадан әлемдік Гран-при сериясының жеңімпазы Салтанат Әбілхасымқызы мен Анастасия Яковлева және пауэрлифтингтен әлем чемпионатының және әлем кубогының күміс жүлдегері Ерболат Кәрібайдың лицензия алуға мүмкіндігі жоғары.
– Токио Олимпиадасы көрерменсіз өтеді деген ақпарат айтылды. Дегенмен спортшылармен бірге баратын бапкерлерге, медицина мамандарына рұқсат берілетін болар. Бәсі жоғары бәсеке қарсаңында спортшыларымыз қалай жаттығып жатыр? Сақтық шаралары сақталған ба?
– Халықаралық Олимпиада комитеті Олимпиаданы қауіпсіз жағдайда өткізу үшін көрермендерді қатыстырмау мәселесін айтқан болатын. Бірақ бұл спортшылармен бірге баратын бапкерлерге, медицина мамандарына әсер етпейді. Олимпиадаға қатысатын еліміздің Ұлттық құрама командалары барынша сақтық шараларын сақтап, қаладан алшақ, яғни тау бөктерінде орналасқан арнайы спорттық базаларда жаттығып жатыр.
– Каратэ спорты тұңғыш рет олимпиадалық ойындар қатарына енді. Бұл ретте жамбылдықтар Гузалия Гафуроваға сенім артатыны анық. Гузалиядан не күтсек болады?
– Гузалия Гафурова сөзсіз әйелдер арасында беделді спортшылардың бірі. Бірақ 2020 жылы екінші сәбиіне аяғы ауыр болып, желтоқсан айында бөпелі болғандықтан, біраз спорттық жаттығулардан шеттеліп қалды. Гузалия жаттығуларын 2021 жылдың наурыз айында бастады. 2021 жылдың 11-13 маусымы аралығында Париж қаласында лицензиялық турнир өтеді деп жоспарлануда. Егер бабына келіп жатса, Париждегі лицензиялық турнирде жолдамаға таласып көреді.
– Өткен жыл Жамбыл спорты үшін оңайға соқпады. Десе де басқарма 2020 жылы спорттық инфрақұрылымды жаңғыртуға басымдық берді. Жалпы есепті жыл ішінде қанша спорт нысаны салынды? Тұрғындарға бұқаралық спортпен айналысуға қандай мүмкіндіктер жасалды?
– 2020 жылы облыс бойынша спорт нысандарының саны 2704-ті (1 спорт сарайы, 17 стадион, 34 спорт кешен, 687 спортзал, 434 футбол алаңы, 1 493 спорт алаңшасы және 38 басқа да нысандар) құрады. Оның ішінде 2700 спорт нысаны тұрғындар үшін қолжетімді. Нысандардың 608-і Тараз қаласында, 2 092-сі аудандарда орналасқан.
2020 жылы Тараз қаласы мен аудандарда 13 дене шынықтыру-сауықтыру кешені (Тараз қаласындағы №2, №3, №5 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектептері және жекпе-жек кәсіпқой клубы, Шу ауданының Төле би ауылында, Жамбыл ауданының Аса ауылында, Сарысу ауданының Саудакент ауылында, Байзақ ауданының Бурыл және Байзақ ауылдарында, Қордай ауданының Қордай, Отар, Әлжан ана және Бетқайнар ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері) және 92 спорт алаңшасы пайдалануға берілді.
Сонымен қатар 2 спорт нысанына күрделі жөндеу жұмыстары және 12 нысанға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. 1 спорт нысаны қайта жаңғыртылды.
Осындай игі істердің нәтижесінде жаңадан 84 спорттық секция құрылып, спортпен шұғылданушылар саны 9 080 адамға ұлғайды. Сондай-ақ құрылыс барысында 871 уақытша жұмыс орны және қолданысқа берілгеннен кейін 195 тұрақты жұмыс орны ашылды.
– Биыл Токио Олимпиадасынан басқа қай бағыттарға басымдық берілуде?
– Ағымдағы жылы еліміздегі төртжылдықтың басты додасы 36 олимпиадалық спорт түрлерінен өтетін Қазақстан Республикасының V жастар спорттық ойындарына ерекше көңіл бөлудеміз. Өйткені бүгінгі жастар, ертеңгі 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарына үміткер спортшылар. Сондықтан жас таланттарды ағымдағы жылы мықтап қолға алып, шеберліктерін барынша шыңдамақпыз.
– Мемлекет басшысы өз Жолдауында спорттық клубтардың санын ықшамдап, қаржы үнемдеуді тапсырды. Өңірде бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылды?
– Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жүктеген тапсырмасын орындау бойынша «Тараз» кәсіпқой футбол клубының бюджетінен биыл 203,1 миллион теңге қысқартылды. Қысқартылған қаражат үкіметтік емес ұйымдармен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында өткізілетін бұқаралық спорттық іс-шаралар мен балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің теңгерімдеріне жаңадан берілген дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін күтіп ұстауға және спорттық іс-шараларға қатысуы мен өзге де шығындарын өтеуге бағытталды. Нәтижесінде бұқаралық спортпен шұғылданушылар санын арттыруға жол ашылып отыр.
– Алда көкпардан ел чемпионаты келе жатыр. 17 команда бас қосатын турнирде сақтық шараларына қаншалықты көңіл бөлінуде? Ашық аспан астындағы аламан болғандықтан жанкүйерлер де тамашалай алатын болар? Еліміздің он дүркін чемпионы «Әулие-Ата» командасына қандай меже қойылып отыр?
– 2021 жылға арналған республикалық жəне халықаралық бұқаралық спорттық іс-шаралардың, жарыстардың күнтізбелік жоспарын­да көкпардан ересектер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты
29 наурыз-8 сəуір аралығында Тараз қаласында өтеді деп бекітілген. Аталған елішілік бəсекеге спортшылар, жаттықтырушылар, төрешілер жəне басқа да қатысушылар міндетті түрде ПТР сынақтан өтіп, COVID-19 вирусы теріс көрсеткіш көрсеткен жағдайда ғана жарысқа қатысуға рұқсат беріледі. Сонымен қатар жарыс кезінде де сақтық шаралары қатаң сақталатын болады. Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 5 наурыз­дағы №10 «Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қаулысының 3-қосымшасына сәйкес, спорттық іс-шара «Жасыл» аймақта өткізілсе, көрермендерге арналған орындардың санынан 20 пайызын толтыруға рұқсат берілді.
2019 жылы Тараз қаласында өткен көкпардан ел чемпионатында «Əулие-Ата» командасы жеңімпаз болып, еліміздің 10 дүркін чемпионы атанған. Биылғы додада да «Əулие-Ата» командасының мерейі үстем болып, жеңістің биік тұғырына көтеріледі деген сенімдеміз.
– «Тараз» футбол клубы биылғы маусымды жеңіспен бастады. Қазір үздік төрттікте келеміз. Облыс әкімі клуб басшылығына алдыңғы алтылықтан көрінуді міндеттеді. Десе де жергілікті клуб бұдан да биік белестерге жете ала ма?
– Биылғы маусымды «Тараз» футбол клубы сәтті бастағаны ақиқат. Біршама жылдан бері бірінші рет чемпионаттың алғашқы кездесуінде және сырт алаңда жеңіске жетті. Әрине, бұл өте маңызды. Дегенмен әлі алдымызда көптеген ойындар бар. Сол матчтарда команданың шынайы күші көрініс береді.
Қалай болғанда да алғашқы ойындардың нәтижелері алға қойған мақсаттарға жетуге үлкен үміт береді. Клуб құрамында көптеген жергілікті жастар бар екенін, олар қазірдің өзінде командаға пайдасын тигізіп жатқанын және негізгі құрамға шығып жүргенін түсінуіміз керек. Биылғы біріншілікте әзірге соғылған үш голдың да авторы жамбылдықтар екені тағы белгілі.
Футбол орталығындағы жұмыстар да белсенді жүргізілуде. Дарынды балаларға арналған арнайы футбол академиясын салу мәселелері де шешімін табуға жақын. Бұл шаруалар келешекте жамбылдық талантты футболшыларды көптеп шығаруға кепіл болмақ. Жақын болашақта жарқын жеңістер де болады деп сенеміз.
– Биыл тағы қандай айтулы аламандар бар. Жерлестеріміз қандай дуы басым додаларда бақ сынайды?
– 2021 жылы спорт түрлерінен өткізілетін әлем, Азия чемпионаттарына қатысу жоспарда бар. Сонымен қатар биыл Жамбыл облысында мемлекет және қоғам қайраткері Д.А.Қонаевты еске алуға арналған еркін күрестен ересектер арасында халықаралық турнир, КСРО спорт шебері, ҚазКСР-дың еңбек сіңірген жаттықтырушысы К.Омаровты еске алуға арналған бокстан жастар арасындағы халықаралық турнир, КСРО спорт шебері Бақытжан Ташметовті еске алуға арналған дзюдодан жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнир өтеді. Сондай-ақ грек-рим күресiнен тұңғыш Олимпиада чемпионы, әлем чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ерi Жақсылық Үшкемпiровті еске алуға арналған грек-рим күресінен республикалық турнир, Бексейіт Түлкиевті еске алуға арналған таэквондодан республикалық турнирі және баскетбол, баскетбол 3х3, қазақ күресі, көкпар, аударыспақ, тоғызқұмалақ, құсбегілік, каратэ-до шотакан, жауынгерлік самбо спорт түрлерінен ересектер, жастар, жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаттарында облыс спортшылары бақ сынайтын болады. Аталған аламандарда аймақ спортшылары намысты қолдан бермейді деп сенім артамыз.
– Әңгімеңізге рақмет! Жеңісті күндеріміз көп болғай!

Сұхбаттасқан Саян ТІЛЕУЖАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.