Тоқпанов театры 85 жылдықта тың туындыларымен қуантпақ

0 35

Өткен жылы қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби режиссер, көрнекті ұстаз, профессор, Қазақстанның халық артисі Асқар Тоқпановтың есімін иеленген облыстық қазақ драма театрына биыл 85 жыл толып отыр.

«Әулиеата театры» болып 1936 жылы құрылған осы өңірдегі мәдениет пен өнердің қасиетті қарашаңырағына ұлттық кәсіби режиссураның негізін қалаған Асқар Тоқпанов есімі облыстың 80 жылдығында берілген еді. Тұңғыш рет шымылдығын 1936 жылы 16 наурызда Бейімбет Майлиннің «Келін мен шешей» атты комедиясымен түрген өнер ордасы бүгінге дейін тек өз елімізде емес, күллі әлем елдерінде өнер көрсетіп, айтулы фестивальдардың лауреаты атанып, танымал театрлардың біріне айналды.
Биылғы мерейлі 85 жылдықты Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясындағы мақсат-міндеттерге сай жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығымен орайластырып атап өтуге ауқымды шаралар жоспарланған. Атап айтсақ, «Асқар Тоқпанов – тұңғыш кәсіби режиссер, дарынды актер, талантты тәлімгер» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция және Тоқпановтың өмірдегі, өнердегі жолы, театрдың өткен 85 жылдағы асу-белестері туралы театрландырылған композициялық қойылым дайындап, көрермен назарына ұсынбақшы. Осы мерейтойға орай облыстық «Jambyl» телеарнасынан жыл бойы айына екі рет эфирге шығарылып тұратын 10-15 минуттық «Театрым– тағдырым» атты телебағдарлама ұйымдастыру мәселесі қолға алынып жатыр екен. Тәуелсіздік күніне арнап сахнаға дайындалған жаңа қойылым, елі үшін сталиндік репрессия салдарынан 1937 жылы құрбан болған мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың күрескерлік бейнесі суреттелетін Шерхан Мұртазаның «Тұрар. Сталинге хат» атты драмасы биыл театр сахнасында да, онлайн форматта да тұрақты көрсетілмекші. Сондай-ақ Мұхтар Әуезовтің қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық күресінің тарихи оқиғаларын суреттейтін «Қилы заман» повесінің желісі бойынша жазылған Нұрлан Оразалиннің «Қилы заман» және Мархабат Байғұттың «Асқаровтың ақ қайыңдары» драмалары да тұрақты қойылмақшы.
– Биыл театр үшін де, бүкіл еліміз үшін де айтулы жыл. Сондықтан біздің шығармашыл ұжымның қалың көрерменге ұсынар өнер туындылары ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жазушы-драматург Елен Әлімжанның «Абылай ханның серті» атты тарихи драмасын сахнаға дайындау жоспарланды. Бұл драма Елен Әлімжанның 75 жылдық мерейтойында да көрсетіледі. Яғни биыл осы драманы сахнаға дайындап, жазушының мерейтойына өз үлесімізді қосуды ұйғардық.
Бұлармен қатар үстіміздегі жылғы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жыл бойы «Тәуелсіздік – тұғырым» айдарымен театрдың ардагер артистері мен жас актерлерінің жеке шығармашылық орындауларын әлеуметтік желілер арқылы көрсету жоспарланып, жүзеге асырылуда.
Ал Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай театр тарапынан жыраудың шығармалары желісінде «Жыр алыбы – 175» тақырыбы аясында «Атыңнан айналайын, Әулиеата!», «Ленинградтық өренім!», «Ақын мен батыр», «Халықтар достығы», «Баталы ер арымас», «Жамбыл жырлары» атты бейнероликтер түсіріліп, әлеуметтік желілер арқылы көрсетілді. Жамбыл атамыздың шығармашылық жолына арналған бұл бейнероликтерді жергілікті телеарналар арқылы көрсету мәселесі де шешіліп жатыр. Енді алдағы айларда драматург, ақын Иран Ғайыптың жаңадан жазылған «Жамбылдың Қызыл жолбарысы» атты драмасын сахнаға дайындау жоспарланды.
Жыр алыбының мерейтойы аясында Жамбыл Жабаев туралы пьеса жаздыру мақсатында қазір белгілі драматургтер мен жекелеген авторлар арасында конкурс жариялаудың Ережесі жасалды. Өздеріңіз де білесіздер, бүгінде Жамбыл Жабаев тақырыбына жазылған пьесалар саны саусақпен санарлық қана, өте аз. Қазіргі күні еліміздің театрлары С.Жүнісовтің «Жамбылдың даңғыл да тарғыл жолдары» және Қ.Ысқақ пен Ә.Таразидың «Алатау сынды алыбым» атты екі пьесасымен ғана жұмыс істеуде. Ең кемі бес пьесаға конкурс жариялап, оларды Жамбыл туралы пьесалар жинағы түрінде кітап етіп, баспадан шығару қажеттігі туындап отыр. Сонда осы пьесалар жинағы Қазақстан театрлары үшін 100 жылға азық болар еді, – дейді облыстық қазақ драма театрының Әдебиет бөлімінің меңгерушісі Жанат Төленді.
Мерейлі жасқа толып отырған аталмыш өнер ұжымы биылға жоғарыда аталғандардан бөлек, тағы біраз салмақты дүниелерді көрермен назарына ұсынуға дайындауда. Мысалға айтар болсақ, өткен қаңтар айында Б.Бекжановтың «Айболит пен қарақшы» атты жаңа ертегі-қойылымын сахнаға шығарды. Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесіне орай С.Пірмановтың балаларға арналған «Ана-Дала» атты ертегі қойылымы және С.Хугайдың «Шекпен» атты әпсанасы сахналанды. Және қырғыз драматургі Бексұлтан Жакиевтің «Жүрейікші жүрек ауыртпай» трагикомедиясы қойылмақшы.
Сондай-ақ «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалары аясында да атқарылған жұмыстар бар. Айталық, театр репертуарын өңіріміздің сакральдік географиясына енген көне Тараздың ең белгілі деген тарихи орындары туралы шежіре, аңыздарға сүйенген тақырыптарда балаларға арналған тәрбиелік, танымдық маңызы зор «Ақыртас аңыздары», «Төрткүл ханзадасы», «Көне Тараз шеберлері» атты ертегі-пьесаларды Қазақстанның белгілі драматургтеріне келісімшарт негізінде арнайы тапсырыспен жаздырып, сахнаға дайындау жоспарға енгізіліпті.
Киелі шаңырақтағы өнерпаздар қойылым көрсетумен шектелмей, елмен тығыз байланыс орнатуды да көздеген. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай облысымыздың ауылдарына тұрақты түрде көшпелі және гастрольдік қойылымдармен барып, ауыл тұрғындарымен, жастармен, оқушылармен кездесулер өткізу шара­лары да жоспарланып отыр.
Айтулы асуларды бағындырып, алға биік мақсат қойған облыстық қазақ театрынан бүгінге дейін
3 Қазақстанның халық артисі, 20 Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, 2 Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 12 Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, 7 ҚР Мәдениет саласының үздігі, 10-нан аса халықаралық және республикалық театр фестивальдарының лауреаттары, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, көптеген орден-медальдардың иегерлері шыққанын да мақтанышпен айта аламыз.
Театрдың негізін қалаған алғашқы труппасында Шәріпбай Сәкиев, Сәти Үмбетбаев, Сатылған Атамқұлов, Мұхаметқали Табанов, Тұраш Әбуов, Қасым Қырқымбаев, Тәжімет Әлмұхамедов сынды және басқа да дарынды өнер иелері қызмет етті.
Тұңғыш директорлар Қасым Қырқымбаев, Тәжімет Әлмұхамедовтер болса, одан беріде Сәдуақас Ирғалиев, Әбіл Төлебаев, Тұрар Дүйсебаев, Әлібек Әмзеұлы, Шопан Кәрібаев, Атахан Апсаматов, Сыпатай Өсербаев, Талғат Сұлтангереев, Құрманғазы Демешов, Қуандық Қасымов, Асқарбек Сейілхан, Ғани Садырбаев, Болат Бекжановтар басқарды. Жақында ғана белгілі актер, режиссер, Халықаралық және республикалық театр және өнер фестивальдарының дипломанты, ҚР Мәдениет саласының үздігі Мәлік Ақүрпеков аталмыш ұжымның басшылығына тағайындалды. Халықтың мәдениетін, өнерін дамытуда елеулі еңбек етіп келе жатқан 85 жылдық тарихы бар театр алдағы уақытта көрермендерін жаңашыл, тың туындылармен қуантпақ. Өнерпаздар ұжымына сәттілік тілейміз.

Қамар Қарасаева

Leave A Reply

Your email address will not be published.