Мәдениет

ТӨЛ НАУРЫЗ ТОҒЫЗ КҮН ТОЙЛАНДЫ

Күн мен түн теңеліп, ел ырысқа кенеліп, топырақ түгіл Самарқанның көк тасын жібіткен әз Наурыз мерекесін жамбылдықтар парасатты парқымен, дәстүр салтымен дүркіретіп атап өтті. Қаз-қатар қаздай тізілген киіз үйлер, театрландырылған көрініс, кең жайылған ақ дастархан мен бата жарысын тамашалауға орталық «Достық» алаңына жиналған халықтың қарасында қисап болмады.

«Менің Жарлығым бойынша, Наурызды үш күн тойлайтын боламыз. Бағзы заманнан келе жатқан мереке Тәуелсіздікпен бірге қайта оралды. Мінеки, Тәуелсіздікті алғалы бері осы Наурызды атап келе жатырмыз. Түбінде бұл біздің негізгі жаңажылдық мерекеміз болады. 1 қаңтарды Бірінші Петр батыс Еуропадан алып келген еді. Оны да тойлаймыз. Бірақ біздің негізгі мерекеміз – күн мен түннің теңелетін, табиғаттың барлығы оянатын кез», – деп Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Астанадағы салтанатты шара барысында өзінің ізгі лебізін жеткізген биылғы әз Наурыз мейрамы Қазақ хандығының қазығы қағылып, тұңғыш рет туы тіктелген Жамбыл жерінде ерекше тойланды. Ежелгі түркілер тоғыз күнде тоғыз түрлі күй тартып, ән мен жырдан шашу шашып қарсы алатын науша Наурыз мерекесі ағымдағы жылы алдын ала ауқымды шаралармен басталды. Өңір бойынша тоғыз күн бойына атауына сәйкес түрлі шаралар ұйымдастырылды.

Ал, 21 наурыз күні облыс жастары орталық алаңға жиналып, күн мен түннің теңелуін күтті. Жай ғана күткен жоқ, ата-бабалардың ардақты салты бойынша «Селтеткізер», «Ұйқыашар» сынды дәстүрлерді жаңғыртып, алтыбақан теуіп, шаһарды ән мен жырға бөлеп күтті. Ұлттық ойындар мен салт-дәстүрлер алаңды ерекше атмосфераға айналдырды. От жағып, ұлттық киімдегі ұл-қыздар дәстүріміздің ажарын арттырып, әзілі жарасып, сауық құрса, киіз үйлер қалашығында жыл басын қарсы алуға қызу дайындық жүріп жатты. Ақ жаулықты әжелер қазан көтеріп, наурыз көже әзірлеп, ет асып, бауырсақ пісіріп, тіл үйірер тәттілерін ұсынған ақ дастарханда ине шаншыр орын болған жоқ. Нағыз қазақы ауылдың исі аңқып тұрды.

Думанды мереке күні орталық алаңда 10 мыңнан астам адамға наурыз көже мен бауырсақ тегін таратылды. Бұл күні бағзы заманнан тамыр тартатын бабаларымыздың мәдениеті мен өнері, салт-дәстүрі, тұтастай алғанда тұрмыс-тіршілігі бүгінгі күндермен ұштасып, салтанат құрды. Сауықшыл қала тұрғындары мың бұралған бишілер мен жезтаңдай әншілердің өнеріне, қобыздың қоңыр үні мен қара домбыраның күмбіріне қанықты. Сонымен қатар, әрбір ақшаңқан үйдің маңында бір-бірін қайталамайтын дәстүрлі ойындар ойнатылып, мәдени-көпшілік шаралар өткізілді. Жергілікті жоғары оқу орындарының студенттері қолға домбыра алып, айтыс ұйымдастырса, бірі би, бірі ән, енді бірі жырдан шашу шашып, көпшіліктің көңіліне ерекше әсер сыйлады. Барша қазақстандықтарға ортақ, бірлігіміз бен берекемізді ұлықтайтын Ұлыстың ұлы күні орталықта тек жастар ғана емес, қала тұрғындары, батагөй қариялар да төбе көрсетті. Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Асқар Мырзахметов жиналған жұртшылықты Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, тарихи мейрамның халықаралық маңызын ерекше атап өтті.

– Наурыз мейрамы тек қана қазақ халқында емес, әлемнің көптеген елдерінде бар. Әрі күні бүгінге дейін біраз әлем халықтары бұл мерекені өзіндік сән-салтанатымен тойлап келеді. Адамзат баласына ортақ құндылық – Ұлыстың ұлы күні биылғы жылы елімізде ерекше тойлануда. Наурыз мерекесі біздің өңірде биыл 9 күн тойланды. Оны өздеріңіз көріп, куә болдыңыздар. Осы күндерде облыста 1,5 мың іс-шара өткізіліп, оған 350 мың адам тартылды. Көктемнің жайдары күнінде аулаларға көшеттер егіліп, сауапты істер жасалды.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы рухымызды көтеруді көздейді. Біздің өңірде қолға алынып жатқан шаралар Ұлт Көшбасшының рухани-идеологиялық, саяси талаптарымен үндеседі. Президенттің жақында жариялаған 5 әлеуметтік бастамасы да көпшілікті шын қуанышқа бөлеп отыр. Бұл орайда Жамбыл жерінде де игі жұмыстар атқарылатын болады. Жыр алыбы Жамбыл бабамыз «Жаңа жылдың келгенін, Шаттықпен қарсы ала білгейсің» деп жырлаған екен. Сіздердің барлықтарыңыздың шаңырақтарыңызға амандық, дендеріңізге саулық, абырой тілеймін. Шуақты күндер көп болғай! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, ағайын! – деді Асқар Исабекұлы.

Облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, басқармаға қарасты мекемелер, жоғары оқу орындарынан бөлек, ауқымды шараға өңірдегі банктер де өз үлестерін қосты. Ел назарына облыстық қазақ, орыс театрлары, Ассамблея және жамбылдық жастардың «Наурызға тарту» мерекелік қойылымы көрсетілді.

Ал мерекелік концертке жерлесіміз, танымал эстрада жұлдызы Мөлдір Әуелбекова арнайы қатысып, әннен шашу шашты. Жартығасырлық тарихы бар облыстық филармония өнерпаздары халық әндерінен бастап, халқымыздың белгілі композиторларының шығармаларын, тіпті мексикалық композитор Консуэло Веласкестің «Бесаме Мучо»-сын шырқап, көпшілікке шаттық сыйлады.

Ы.Сүлейменов көшесінде ұйымдастырылған шараның бірі «Наурыз-бата» байқауы болды. Орталыққа жиналған қариялар арасында өткен бата жарысына қатысуға ниет білдірген аузы дуалы батагөйлер елдің амандығын, мемлекетіміздің мәнді ғұмыр кешіп, Мәңгілік елге айналуын тіледі. Бұл байқауға атсалысқан жігерлі жастар да аз болған жоқ. Кешегі Жиренше мен Тазша баладай балауса тілегін салмақты сөзбен өрнектеген жамбылдық жастар да жүлдеден шет қалмады. Ал қариялар арасында берген батасына мыңдаған жамбылдық қол жайған қажы Дүрәлі Аманжол жеңімпаз атанды. Байқау жеңімпазы мен жүлдегерлеріне облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Мейрамбек Төлепберген қаржылай сыйлық табыс етті.

Сол секілді, салтанатты шара барысында ұлттық ойындарымызды ұлықтауға да айрықша басымдық берілді. Әсіресе, бала кезімізде баршамыздың түбін түсіріп ойнаған асықтың маңайына үйірілген жеткіншектердің қарасы көп болды. Балалықтың базарынан алыстағаннан бері асықты да ұмытқалы қашан?! Ойынға сырттай қарап тұрып, біздің де делебеміз қозды. Кейінгі кездері осы ойын түрі халқымыздың асыл мұрасы ретінде кеңірек насихатталып, жер-жерде сайыстар өткізіліп, жасөспірімдер арасында үлкен қызығушылық туғызған өнерге айналды. Бозкілемге шыққан балуандардың өнері де төл спортымызды дамытуға баса назар аударылып, көкжиегі жыл санап кеңейіп келе жатқандығын дәлелдеп тұрғандай.

Мерекелік шараны аралаған облыс әкімі Асқар Мырзахметов орталық алаңдағы жауырыны жерге тимеген балуандардың бәсекесін де тамашалады. Кіл мықтылар бақ сынасқан бозкілем үстіндегі нағыз жігіттер додасының финалында «Қазақстан барысы» турнирінің қола белбеу иегері Айбол Айтбек пен қазақ күресінен Әлем чемпионы Дәулет Пахриденов белдесті. Тартысқа толы болған белдесуде тәжірибелі балуан Айбол Айтбек ұпай санымен жеңіске жетіп, тағайындалған 200 мың теңгені қанжығасына байлады. Ал, сәл ғана сәттілік серік болмай, екінші орынды қанағат тұтқан Дәулет Пахриденов 75 мың теңгені олжалады. Сондай — ақ, Бегімхан Әділбеков үздік үштікті түйіндеп, 25 мың теңге қаржылай сыйлыққа ие болды.

Бұдан бөлек, орталықта он саусағынан өнер тамған, темірден түйін түйіп, жаңқаға жан бітірген қолөнер шеберлері өз туындыларын көпшілік назарына ұсынды. Қала тұрғындары қолөнершілердің қолынан шыққан сан түрлі бұйымдарды қызықтап, сатып алуға да мүмкіндік алды. Сол секілді Жамбыл ауданы, Өрнек ауылынан келген құсбегі Бауыржан Ешметов құсбегілік өнердің қыр-сырына қанықтырды. Жыл он екі ай құс салып, құмай жүгіртуді әдетке айналдырған қария екінің бірі айналыса бермейтін кәсіптің қызығы мен қиындығы турасында кеңінен әңгіме өрбітті.
Сонымен қатар, «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз» атты жас өнерпаздардың мерекелік концерті өтіп, Әулиета аспанын әсем әуен шарлады.

Ал, Тұңғыш Президент атындағы саябақта өткен мерекелік кеште М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті «Жар-жар», «Тараз-Парасат» колледжі «Сүйінші», Жамбыл медициналық колледжі «Тұсаукесер», «Астана» колледжі «Бесікке салу» секілді салт-дәстүрлерімізді сахналап, қала тұрғындарына шат-шадыман көңіл-күй сыйлады
Осылайша, Әулиеата жерінде әз Наурыз ырысы мен ынтымағы жарасып, жоғары дәрежеде аталып өтті.

БАЙЗАҚ
Құт-береке бастауы – Наурыз мерекесі ауданда лайықты деңгейде ұлықталды. Салтанатты шара шымылдығы Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназия, аудандық балалар мен жасөспірімдер орталығы және «Шолпан» халық ән-би ансамблінің бишілері дайындаған «Наурыз» композициясымен ашылды.
Мерекеге орай құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Р.Рахманбердиевтің жылы лебізі мен ыстық ықыласы да шара шырайын арттыра түсті. Одан кейін сахна төріне көтерілген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Беспаев аталық ақ батасын берді.

ЖАМБЫЛ
Мерекелік шара «Бәйдібек» мешітінің жанына тал егуден басталды. Аудан әкімі Бақыт Қазанбасов, бөлім басшылары, ауданның Құрметті азаматтары мен ақсақалдары мешіт маңына көшеттер отырғызып, игілікті іске өз үлестерін қосты.
Ақжарма тілектерден соң ортаға шыққан «Аса сазы» фольклорлық ансамблі көпшілікке ерекше көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ, өзара 8 ауылға бөлінген мекемелер мен ұйымдар ұлттық дастарханды әзірлеуден сынға түсті.
Стадионға жиналған көпшілік концерттік бағдарламалардан бөлек, қол күресі мен қазақша күрестен өткен бәсекелерге куә болып, мерекенің басты тағамы – наурыз көжеден дәм татты.

ЖУАЛЫ
Б.Момышұлы ауылының орталық алаңында өткен мереке «Тойбастар» қойылымымен ашылды. Бұдан соң Жуалы жұртшылығын Наурыз мерекесімен аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов құттықтады.
Алаңда қатарымен сән түзеген ақшаңқан киіз үйлерден де Ұлыстың ұлы күнінің иісі аңқып тұрғандай болды. Мерекелік шара аясында білекті де белді жігіттер салмағы 75 келі тартатын қошқарды көтеруден сынға түсті. 20-ға жуық үміткердің арасынан Қайрат ауылының тұрғыны Мұхтар Сәдірмек қошқарды 36 мәрте көтеріп, жеңімпаз атанды.

ҚОРДАЙ
Күн мен түн теңелген, іргемізді ізгілікке бөлеген Наурыз мейрамын тойлау сәрсенбінің сәтті күні орталық алаңда таң ата басталып, жиналған жұрт бір-бірін құттықтап, ізгі тілектерін айтып жатты.
Мереке барысында көпшілік қауым ауданның этномәдени орталықтары дайындаған ақ дастарханнан дәм татып, өнерлерін тамашалады. Ал, ауданның мейрамханалары көпшілікке мерекелік дастархан жайып, ауыл жұртының ыстық ықыласына бөленді.
Мекелік іс-шара «Ноғайбай би» атындағы атшабарда жалғасын тауып, онда көкпар, бәйге сынды ұлттық ат спорты түрлерімен қатар, қазақ күресі, қол күресі, аударыспақ сынды басқа да ұлттық ойындар өтті.

МЕРКІ
Бұл күні орталық саябақта ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, берекелі ақ дастархан жайылды.
Дәстүрлі мерекеге көпшілік қауыммен бірге Қордай жерінің тумасы, филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашев та қатысты. Белгілі ғалым жерлестерін ұлық мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

МОЙЫНҚҰМ
Ақ түйенің қарны жарылған айтулы мереке күні аудан әкімі Бақытжан Нүркенов жұртты жыл басымен құттықтады.
Алаңда құрылған «Ырыс», «Береке», «Бірлік», «Жасампаз», «Дәстүр», «Келісім», «Еңбек», «Парасат», «Молшылық» үйлерінің бәрінде тегіс қазан көтеріліп, наурыз көжеден бөлек, қазақтың басқа да ұлттық тағамдары мен сусындары мерекелік дастарханнан орын алды.

Т.РЫСҚҰЛОВ
Орталық алаңға бұл күні халық көп жиналды. Дала сахнасы алдына орнатылған алтыбақан, әр ұлттың киімін киген өнерпаздар Наурыз мейрамын ұлықтап, Қыдыр атаны қарсы алды. Сахна төріне наурыз шашуын алып шыққан жергілікті сазгер, жыршы, ақын, ҚР Мәдениет қайраткері Бейбіт Шошабаев елдің еңсесін көтеріп, келген жұртқа арнау өлеңін тарту етті.
Мереке күні 15 киіз үй тігіліп, үй иелері халықты ақ дастарханға шақырды. Ауданның ауыл-аймақтарында да мереке өз жалғасын тапты. Мәселен, Жаңатұрмыс ауылында кең көлемді концерт қойылып, киіз үйлерде наурыз көже берілді. Сондай-ақ, көкпар, бәйге сияқты ұлттық ойындардан жарыс өтті.

САРЫСУ
Ұлттық құндылықтар, ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени мұралар көрініс тапқан салтанатты шара күй атасы Құрманғазының сыры мен сипаты тарихпен астасып жатқан көшелі күйлерінен бастау алды. Аудан өнерпаздары дәулескер күйшінің ұлттық рухты асқақтатып, жігеріңді жанып, намысыңды қамшылайтын төкпе күйлерін бірінен соң бірін төгілтті. Мың бұралған бишілер қазақ халқының ежелден салты мен санасына сіңіп, тарих тамырымен ұштасып жатқан «Қара жорға» биін билеп, мерекелік шараның сәнін келтіре түсті.
Ал, аудан жұртшылығын мерекемен құттықтаған Балабек Нарбаев Ұлыстың ұлы күнінің мән-маңызына тоқталып, ізгі тілегін жеткізді. Мұнан кейін, екі жүз метрден астам ұзындыққа жайылған дастарханнан жиналған жұрт наурыз көже ішіп, қазы-қарта, ұмытыла бастаған жаужүрек тағамынан ауыз тиіп, қымыз-қымыран ішіп, мәре-сәре болды.

ТАЛАС
Қаратау қаласындағы сәні мен салтанаты келіскен ұлық мерекеде жиылған көпшілікті құттықтаған аудан әкімі Досмаханбет Алиев ардагерлер арасында Қарағанды қаласында өткен Қазақстан чемпионатында топ жарып, жеңімпаз атанған жергілікті «Намыс» командасына сый-құрмет көрсетіп, құрама мүшелеріне Алғыс хат пен арнайы сыйлықтар табыстады.
Мәдениет бөлімі қызметкерлерінің Жер Ана мен Қызыр атаны сомдаған сахналық көрінісі мен мектеп оқушыларының өнерлері айтулы мерекенің шырайын келтірді. Мерейлі мейрамға орай ұлттық спорт түрлерінен ұйымдастырылған жарыстар көпшіліктің көңілінен шықты.

ШУ
Көгілдір көктем мерекесінде Наурызтөбе алаңына жағалай жиырма төрт шатырлы және екі киіз үй тігіліп, ұлттық дәмге толы кең дастархан жайылды. Ал, қолөнер шеберлерінің «Шеберлер қаласы» көрген жанды тамсандырмай қоймады.
Жақсылықтың жаршысымен жергілікті тұрғындарды аудан әкімі Қайрат Досаев құттықтады. Тұрғындар үшін тосынсый – қазақ эстрадасының жұлдызы Нұрлан Албанның ән шашуы болды. Ұлан-асыр тойға жиналған қалың жұрт та би билеп, қосыла ән шырқап, мереке көркін қыздыра түсті.
Мемлекет және қоғам қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Сайлау Батыршаұлы да жерлестерін Ұлыстың ұлы күнімен құттықтауға арнайы келді.

«АРАЙ»-дың тілшілер тобы

 

ПІКІР