Uncategorized

Төл тарихымызды түгендейтін сәт туды

Written by Aray2005

Қазақ шежіресінің тамыры тереңде жатқанына тағдырлы тарихтың өзі куә, сөзі дәлел. Және ол тарих кеше басталған жоқ. Күлтегін, Атилла мен Томиристің заманындағы көне түркі дәуірі, орта ғасырдағы Әбу Насыр әл-Фараби, Мырза Хайдар Дулати, Алтын орда мен қазақ хандығы кезеңдеріндегі Ақназар хан, Еңсегей бойлы Есім ханның ескі жолы, Қасым ханның қасқа жолы, Тәуке ханның тура жолы, ел билеген Төле би, Әйтеке би, Қаз дауысты Қазыбек би һәм Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбайлар, Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық көтерілісі, Ағыбай, Бұғыбай, Бұхарбай батырлар осынау қасіретке толы қарт тарихымыздың мәңгі ұмытылмас кейіпкерлері. Соңғы кеңестік заманда бізді осындай сом тұлғалы сұрапыл батырлар мен билерімізді жыршылардың ойдан шығарғаны деп оқытты. Қиындықта елі үшін жан берісіп, жан алысқан қазақтың хандарын үстем топ, халықты қанаушы деп құлаққа құйды. Тәубе, тәуелсіздік алғалы бері жоғалтқанымызды таптық, ұмытылғандарын еске алдық, санамыз жаңғырды.
Бұл тұрғыда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы тарихымызды түбегейлі тінтіп, тапталғанымызды табуға түрткі болды. Санада сең қозғалды. Соның жалғасы болған Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын елдің рухани шамшырағы, нұсқауы десек, артық айтқандық емес. Біздің бұрыннан өркениеті мен өнері, өнеркәсібі дамыған, кең байтақ жері бар еңселі ел екенімізді паш етті. «Қазақтың тарихында ұялатын ешнәрсе жоқ» – деген еді Елбасы бір сөзінде. Қазір тарихымызбен қалай мақтансақ та жарасады. Жылқыны ауыздықтап, шойын қорытудың өзі бізден басталғаны елге аян болды. Қазақ елі бүкіл түркі тілдес адамзаттың Отаны, үлкен қуатты мемлекет болғанын әлемге айшықтап айтты. Қазақ хандығын құрып, өр Алтайдан Маңғыстауға дейін, батысы Еділ мен Дон, Дунайға дейінгі жерді билеп, үстемдік еткеніне қалай мақтанбасқа. Әлемнің екінші ұстазы аталған Әбу Насыр әл-Фараби, тал бойына даналық пен батылдық тұнған Мөңке, Майқы би, Қобыланды, Жалаңтөс батырлар ел бірлігін сақтап, қуатты мемлекетке айналдырса, Абылай хан айбарлы елін абыройға бастады. Ата-бабаларымыздың осыншама жерді сақтап қалуының өзі көзсіз ерліктің сөзсіз дәлелі емес пе?
ХІХ-ХХ ғасырларда Құрманғазы, Дина, Абай, Мәшһүр Жүсіп, Махамбет пен Исатай, Сұлтанмахмұт, Жамбыл, Сүйінбай, Біржан сал, Ақан серілер бүгінгі Мәңгілік ел болуды мақсат еткен марғасқа мемлекетіміздің мәдениеті мен руханиятының іргетасын қалап кетті. Алаш арыстары Алашорда үкіметін құрып, тәуелсіз, дербес мемлекет болуға талпынды. Бүгінгі күні біздің алдымызда үлкен мақсат тұр. Ол –
жастарға өткен тарихымызды танытып, насихаттай білу. Себебі бүгінгі ғасырда әрбір ауылдың, ауданның, облыстың, мемлекетінің тарихын терең біліп, құтты құндылықпен сусындаған жастар ғана елінің нағыз патриоты бола алады. Болашақ үшін еңбек етіп, күресе біледі. Бұл – әрбір перзенттің парасатты парызы.

Москау Ноқрабеков

ПІКІР