Uncategorized

Толағайлар тұғырынан түспейді

Written by Aray2005

Бүгінде Жамбыл спортының жұлдызы биік екені белгілі. Оған дәлел, өңір спортшылары байрақты бәсекелерде ел, облыс намысын абыроймен қорғап келеді. 2018 жыл да аймақ спорты үшін табысты болғаны даусыз. Осы орайда, өткен жылдың жетістіктері мен алдағы мақсатты міндеттерге тоқталғанды жөн көрдік.

Облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы берген мәліметке сүйенсек, ит жылында өңірде спортпен жүйелі түрде шұғылданушылардың саны 327,4 мың адамға жетіпті. Бұл тұрғындардың 29,1 пайызы. Яғни, алдыңғы жылмен салыстырғанда салауатты өмір салтын қалыптастырғандар 0,5 пайызға артқан. Сондай-ақ спортты жанына серік еткен мүмкіндігі шектеулі жандардың да саны 3,6 пайызға өсіп,
2 860 адамды құрап отыр.
Жалпы, қазіргі таңда облыста 47 спорт мекемесі бар болса, соның алтауы спорт клубы және 35-і балалар-жасөспірімдер спорт мектептері. Сондай-ақ бұқаралық-спорттық шаралар өткізетін орталықтар бар.
Ал спорт мекемелерінде спорттың 43 түрі қамтылған. Оның 24-і олимпиадалық болса,
12-сі олимпиадалық емес және жетеуі ұлттық спорт түрлері. Сондай-ақ Тараз қаласы мен аудандардағы 26 аула клубында түрлі спорттық секциялар ұйымдастырылған. Онда 48 жаттықтырушы
3 мыңнан астам баланы футбол, волейбол, баскетбол, асық ату, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы сынды спорт түрлеріне баулуда.
– Өңіріміздегі спорт мектептері мен аула клубтары бұқаралық спортты дамытуға барынша демеу болуда. Десе де, біз былтыр Астана қаласының 20 жылдығына орай 5 спорт нысанын қосымша ашып, ел игілігіне бердік. Сондай-ақ Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауынан туындаған 2022 жылға дейін 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу тапсырмасына сай, облыста 6 жоба іріктелініп алынып отыр. Яғни, биыл Жамбыл, Байзақ, Т.Рысқұлов, Шу, Қордай және Меркі аудандарында жаңа спорт кешендерінің құрылысы басталады. Аталмыш жобалар республикалық және жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын болады.
Тағы бір айта кетерлігі, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында былтыр «Алаңдағы тоғызқұмалақ» және «Аула ойындары» фестивальдерін ұйымдастырдық. «Алаңдағы тоғызқұмалақ» ойынын өңіріміз республика бойынша алғаш болып қолға алып отыр. Қазір бұл спорт түріне барлық аймақтар қызығушылық танытуда. Бұдан бөлек «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында «Алтын сақа», спорт қайраткері Нәби Момыновты еске алуға арналған ұлттық ат спорты ойындары, «Құсбегілік және тазы иттер» атты облыстық ашық турнирі сынды додалар ұйымдастырылды, – дейді облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков.
Былтыр сондай-ақ облыс спортшылары халықаралық және ел біріншіліктерінде 1 547 медальға қол жеткізген. Байрақты бәсекелерде 225 алтын, 177 күміс және 194 қола медаль алса, ел чемпионаттары мен кубоктарында 335 алтын, 250 күміс және 366 қоланы қанжығаларына байлаған. Сондай-ақ жыл ішінде 983 спортшы ұлттық құрама сапына алынып отыр.
Өткен жылдың ірі жетістіктеріне келсек, Мейіржан Аширов еркін күрестен Бішкек қаласында өткен Азия чемпионатында алтыннан алқа тақса, Аида Карчаева дзюдодан Ливанда өткен Сары құрлық бәсекесінде топ жарды. Бейбарыс Жексен бокстан Тайландта жалауы желбіреген аламанда Азия чемпионы атанса, Жансая Абдраймова осы турнирде жүзден жүйрік шықты. Дінмұхамад Қошқаров болса, грек-рим күресінен Азияда үздіктер қатарынан көрінсе, Юнус Гафуров еркін күрестен Ташкент татамиінде күміспен күптелді.
Бұдан бөлек Ақбала Айнабекова, Айша Мұхамеджан, Дамир Бижанов, Асел Сейдалиева карате-до-шотоконнан жасөспірімдер арасында әлем чемпионы болса, А.Абрахманова, Т.Абдрахманов, Н.Мәлім таэквондодан Азия биігін бағындырды. Ал Е.Ляхова, А.Лисанская, М.Жүсіпов, В.Фараджов және Д.Трубин Әлем кубогын жеңіп алды.
Өткен жылдың басты оқиғасы саналған Индонезия мемлекетінде алауы тұтанған Азия чемпионатында ұлттық құрама сапында жамбылдық 26 спортшы өнер көрсетсе, олар жалпы жиынтығы 22 медаль еншілеп, мерейімізді тасытты. Бұл көрсеткіш Алматы мен Түркістан облыстарынан кейінгі үздік үштікті түйіндеп тұр. Сондай-ақ былтыр Пара Азия ойындарында да өңір спортшыларының шоқтығы биік болып, ел мақтанышы Зульфия Габидуллинаның бір өзі
1 алтын, 2 күміс және 1 қола медальмен қуантты.
Иә, бұл Жамбыл спортының жыл ішінде жеткен жетістігі. Табалдырықтан аттаған доңыз жылы да жампоздарымызға сәтті болады деп тілейміз. Алда Токио Олимпиадасына лицензиялық жарыстар күтіп тұрғанын ескерсек, өңір спортшылары осы биіктерінен түспейді деп сенеміз.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР