Топ болып төбелесудің төркіні неде?

0 44

Соңғы жылдары Тараз қаласы әкімдігінің №11 аумақтық округі Шөлдала алқабы жасөспірімдерінің тәртіпсіздігі жиі көзге түсіп жүргені белгілі. Анығын айтқанда, елімізді елең еткізерлік оқушылар арасындағы топтық төбелес, бір баланы бірнеше бала жабылып соққыға жығуы секілді қылмыстар осы алқапта орын алумен келеді. Тіпті атыс-шабыс барысында жеткіншектердің ауыр жарақат алуы немесе пышақ сілтеуден оқиғаның соңы адам өлімімен аяқталу іспетті жантүршігерлік қылмыстар шөлдалалықтарға тән болып бара жатқандай. Біріне-бірі пышақ сілтеп, қару қолданатындай ондағы жастарға не жетпейді? Оларды алып бара жатқан ненің кегі? Топ болып төбелесудің төркіні неде?

Жалпы Тараз қаласы әкімдігінің №11 аумақтық округі «Құмшағал», «Шөлдала», «Казарма», «Көлтоған», «Қызыл-Абад», «Жиделі», «Шаңырақ» алқаптарынан тұрады. Аталған округ бойынша 28 саяжай бар болса, оның ішінде «Химик», «Береке», «Финансист», «Юбилейный», «Ветеран» секілді 14 саяжай осы алқапқа тиесілі. Аталған аумақтық округ бойынша 20 мың 868 тұрғын бар болса, оның 13 мың 400-і шөлдалалықтар. Бұл елді мекеннің қалаға қосылған аты болмаса, тыныс-тіршілігі, бет-бейнесі кәдімгі ауыл тіршілігінен еш өзгешелігі жоқ. КСРО дәуірінде қалалықтардың жаз айында демалатын саяжайы болып, кейіннен жұртшылықтың жыл он екі ай тұрағына айналған бұл жер бөлек-бөлек елді мекеннен құралғандықтан мұндағы тұрғындардың өздері бірін-бірі жіті тани бермейді. Бейсенбай Құтышев есімді «Береке» саяжайының тұрғыны балалар елді мекенге, ұлтқа бөлініп, төбелесетінін айтады.
– Бұл жақта өзге этнос өкілдері де көп. Түрлі ұлт өкілдерінің балаларымен біздің қаракөздеріміз сөзге келіспей, төбелесіп қалып жататын кезі де болып тұрады. Мұндай жанжал әсіресе ымырт үйірілгеннен кейін туындайды. Түнделетіп көшеде жүретін, топ-топ болып темекі, наша тартатындар – «бесіктен белі шықпаған» сарыауыздар. Мен екі мәрте 7-8-сынып оқитын 5-6 баланы ұстап алғанмын. Оларға үй жағымда наша тартпау жөнінде ескерту бергенмін. Ол балалардың бірінің әкесі жоқ болса, тағы бірінің анасы ажырасып кеткен. Тағы бірі ата-әжесі секілді қарт адамның қолында тұрады. Осының барлығы балаға үйде «әй дейтін әже, қой дейтін қожаның» жоқтығынан. Білім мекемесінде де тәртіп оңбай тұр. Мектеп әкімшілігі қай баланың тәртіпті, қай баланың басбұзар екенін жақсы біледі. Сондай жасөспірімдерді түнгі сағат 11-ден кейін аңдып жүріп ұстап алса, бір мәрте ата-анасына ескерту берсе, одан кейін көзге түссе айыппұл салса, тіпті жаза қолданса, суыт жүріс азаяр еді.
Жасыратыны жоқ, Шөлдала алқабында үлкендердің өзі кей жағдайда іштей «сырттан келген» (қандас), «жергілікті тұрғын» болып екіге бөлініп жатады. Ата-анасының бөлініп отырғанын көрген бала үйден ұзап шыққаннан кейін бір-бірін күндеп, түртпектемеуі мүмкін емес. Сондықтан тәртіпті бірінші ата-ана өзінен бастауы керек. Баласын күндіз де, түнде де қадағалауы тиіс.
Менің бес балам бар. Солардың тағдырына алаңдаймын. Өйткені осыдан бір жыл бұрын үлкен ұлым топтық төбелестен көз жұмды. Жанжал балалардың тұрғын алқапқа бөлінуінен туындаған, – деді Бейсенбай Кетебайұлы.
Егер балалардың ұлтқа, елді мекенге бөлінетіні рас болса, бұған билік дер кезінде назар аудармаса болмайды. Өйткені ертеңгі күні Қордайдың күйін кешпесімізге кім кепіл? Әдетте алыпқашпа сөздің ақиқаттан алшақ болатыны белгілі. Бірақ мұны жергілікті тұрғын айтып тұрғандықтан сенбеске амалымыз жоқ. Әйтсе де 24 жастағы шөлдалалық Жаңабай Қыдырбаев есімді жігіт жастардың ұлтқа бөлінуін жоққа шығарды. Дегенмен ол жасөспірімдердің елді мекенге бөлінуі мүмкін екенін тұспалдады. Бір саяжайдың балалары келесі саяжайдағы шағын футбол алаңына доп тебуге барса, ол жақтың балалары ойын алаңын қызғанатын көрінеді.
– Мемлекет тарапынан халықтың тұрмыстық жағдайын жақсартуға, әсіресе жастарды жұмыспен қамтуға, кәсіппен, спортпен, ғылыммен айналысып, шығармашылығын шыңдауға, дамытуға баса көңіл бөлініп отырғаны белгілі. Бірақ шөлдалалық жастардың түрлі спорт түрімен айналысуына, рухани тұрғыда азықтануына еш мүмкіндігі жоқ. Өйткені мұнда жастардың бір мезгіл доп тебетін кіші футбол алаңы, не бір мезгіл көңіл көтеретін клуб немесе түрлі үйірмелер мен денсаулығын шынықтыруға арналған спорттық секциялар болған емес. Ондай жерде жастар тарапынан бос жүріс, құр сандалыс көбейетіні анық. Бойындағы жастық жігері мен күш-қуатын қайда жұмсарын білмеген балалар осындайдан кейін бір-бірімен төбелесіп, насыбай атып, темекі шекпегенде қайтеді?
Кейде жастар мектептің спортзалын пайдаланғысы келеді. Бірақ оған рұқсат жоқ. Өзіміз де жақын орналасқан бірді-екілі саяжайдағы шағын футбол алаңына барып, бір мезгіл доп тепкіміз келеді. Мұндай сәттерде ол жақтың жастары «өзіміз де бір қауым елміз» деп бізді жақындатпайды. Екі-үшке бөлініп алып, стадионды босатпауға тырысады. Сондай сәтте арада түсінбеушілік туындайды. Бірақ барлығын ақылға салып, мәселені ушықтырмай шешеміз. Кей саяжайлардың жастарымен келіскенімізбен, команда көп болғандықтан кешке дейін сарылып кезек күтіп, босқа қайтқан кезіміз де болған. Сол үшін де біз жақтың допқұмар жастары қалаға барып, ақылы стадионды белгілі бір уақытқа жалға алып, доп тепкенді қолайлы санайды. Бірақ бұған екінің бірінің жағдайы келе бермейді, – деді Жаңабай Жүсіпұлы.
Бір айта кетерлігі, Шөлдаладағы көрші ауылдың жасөспірімдерімен болған топтық төбелеске қатысты соңғы оқиға осындағы №55 орта мектептің оқушыларының қатысуымен болған еді. Жасөспірімдердің төбелеске неліктен бір иығын беріп тұратынын осы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлмира Сәдібековадан да сұрап көрдік. Ол мұндағы саяжайлардан орын тепкен баспаналар арзан болғандықтан жағдайы төмен отбасылардың дені осы жаққа қоныстанғанын, сондай отбасының ата-аналары күндіз ауыр жұмыстан шаршап келіп, балаларының тәрбиесіне көңіл бөле бермейтінін жеткізді. Олар тіпті баласының түнде көшеге шығып кететінінен де бейхабар болуы мүмкін екенін айтты. Шөлдалада ойдан-қырдан қашқан, ішкілікке салынған, түрлі себептермен отбасылық ұрыс-керіс жиі орын алып тұратын отбасылар да бар екенін жасырмады. Ондай отбасының балалары күйзелісте жүретінін, мектеп әкімшілігі олардың көңілін аулау үшін оқушыны әдеби кітап оқуға және басқа да үйірмеге тартатын акцияларды тұрақты түрде ұйымдастырып отыратынын, ол өз нәтижесін беріп жатқаны жөнінде тәптіштеді. Ал соңғы оқиға балалардың біріне-бірі сәлем бермеуінен туындапты. Олармен Г.Сәдібекова жеке-жеке сөйлескенде балалар жағдай осылай ушығады деп ойламағанын айтқан екен. Олар қазір өз істеріне өкініп, іштей ұялып жүрген көрінеді.
– Мына пандемия жеткіншектердің тәртібіне де кері әсер етті. Оқушылар үйде онлайн оқығандықтан балаларды бақылауда ұстай алмай қалдық. Мұндағы тұрғындар да, оқушылар да ұлтқа, елді мекенге бөлінбейді. Барлығы балалықпен, біместіктен болатын іс. Тек ата-ана үйде, мектепте ұстаздар бала тәртібін қадағалауды күшейтуі керек, – деді Гүлмира Қалиқызы.
Ел іші болған соң, жас болған соң естісі де, есерсоғы да болатыны белгілі. Ал мұнда тентегін тыятын, желөкпелерді жөнге салатын жасы үлкендер жоқ болғаны ма? Демеушілердің көмегімен болса да жастар үшін спорттық алаңшалар салуға не кедергі? Біз осыны аталған аумақтық округтің бас инспекторы Мұрат Аққұлиевтен сұрадық.
– Қазір осы аумақтық округтің картасы жасалып жатыр. Шөлдаланың өзінде 176 үй бар болса, қалған маңайындағы «Ветеран», «Победа» секілді саяжайлардағы түтін саны 500-ден басталады. Соның әрқайсысында, яғни әр саяжай атынан сайланған төрағалар бар. Осы төрағалар арқылы «22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні», «1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні» секілді мерекелерді атап өту мен басқа да шаруалар ақылдасып отырып шешіледі. Осындағы кілең қандастар көшіп келіп қоныстанған аумақтан аузы дуалы бір ақсақалды төраға, жастарға сөзін өткізетін, оңды іске үйіріп әкететін бір жас жігітті көшбасшы етіп сайладық. Олар өз жұмысына енді кірісіп жатыр.
Ал мәдени ошақ мәселесіне келер болсақ, мұның шешімі әзірге табылмай тұр. Шағын футбол алаңы әр алқапқа қажеттілігіне қарай ретімен салынып жатыр. Тараз қаласы әкімдігіне бірді-екілі шағын футбол алаңын салу жөнінде тағы да ұсыныс бердік. Былтыр «Құмшағал» алқабынан ашылған аула клубы індет салдарынан жұмыс істеген жоқ, жақын арада жұмысы қайта жанданады деген сенімдемін. Мұнда кейбір саяжайлар газ, ауызсу тартуды қажет етіп отыр. Тағы бір мәселе – қалалықтар электр энергиясының
1 киловатын 14 теңгеден тұтынса, біз жақта оның құны 25 теңге. Себебі саяжайлар заңды тұлға есебінде тұр. Ал электр энергиясының бағасы қалтасына ауыр соғатын отбасылар баршылық. Негізінен тұрғындардың 30 пайызының жағдайы тым төмен. Бірақ бұзықтықты сол отбасының балалары жасайды деген жаңсақ пікір. Әңгіме ата-ананың баланы еркіне жіберуінде болып тұр. Өйткені төбелес ылғи түнгі 11-ден кейін орын алады, – деді Мұрат Нұрзайымұлы.
Бір қызығы, «Шөлдала» алқабының тұрғындар саны белгілі болғанымен, мұндағылардың қанша пайызы жастар екенін Мұрат Аққұлиев те, Тараз қаласы Жастар ресурстық орталығының мамандары да білмейтін болып шықты. Демек, бұл ол жақтың жастары немен айналысып, олардың нені қажет ететіні белгісіз деген сөз. Әйтсе де Тараз қалалық Жастар ресурстық орталығының директоры Абзал Есіркепов бұған дейін шөлдалалық жастар үшін тындырылған ауыз толтырып айтарлық игі істерді атай алмаса да, атқарылған ұсақ-түйек істер мен алдағы жоспарын бөлісу арқылы көңілімізді демдеді.
Болар іс болғаннан кейін мүдделі тараптың бірін-бірі кінәлағанынан еш пайда жоқ. Ең ұтымдысы – жағдайдың алдын алу. Топтық төбелестің қайта-қайта орын алуына не түрткі боп жатқанына үңілу. Бұл жөнінде облыстық полиция департаменті, жергілікті полиция қызметінің Ювеналдық полиция бөлімшесінің бастығы, полиция полковнигі Қуанышбек Қалжановтың да айтары бар.
– Шөлдалалық жасөспірімдердің барлығына бірдей сырттай бұзақы, қылмыскер деп баға беруге болмайды. Мысалға алсақ, былтыр облыс бойынша жалпы жеткіншектердің қолымен 33 қылмыс жасалса, биыл есепті мерзімде 30 қылмыстық оқиға тіркелді. Соның ішінде ең аз қылмыс жасап, тәртіп бұзғандар осы шөлдалалық жасөспірімдер. Ашығын айтқанда, ол жақ тым-тырыс болып тұрады да, жылына бір мәрте елді елең еткізерлік жағдай «бұрқ» ете қалады. Біз былтырғы 16 бала 5 балаға жабылып, салдарынан пышақ тиген баланың көз жұмуын, биыл жасөспірімдердің бір-біріне қару кезенуінің неден туындағанын бес саусақтай біліп отырмыз. Бір жасөспірім бір қызға тиіседі. Ол ағасына шағым айтады. Одан кейін қарындасын қорғаушы да, қызға тиісуші де бір-бірімен есеп айырысуы үшін достарын ертіп келіп, кездеседі. Төбелес барысында қарсы тарап сілтеген пышақ қызға тиіскен баланың досы ретінде сөзін сөйлеуге барған жасөспірімге тиеді. Кейінгі оқиға бойынша да шөлдалалық 9-сынып оқушысы Жамбыл ауданына қарасты көрші ауылдың 11-сынып оқушысына әлімжеттік жасап, тиіскен. Ол ағаларына шағымданғаннан кейін 20 жасар бір топ жігіт шлюз жақтан келіп, алыстан топтанып тұрған бергі жақтағы жасөспірімдерге қарата оқ атқан. Салдарынан бірнеше бала ауыр жарақат алды. Екі жағдайда да тиісуші тарап шөлдалалықтар болса, қару қолданып тұрған сырттан келген балалар. Екі оқиға да сағат тура түнгі 23.00-ден кейін болып отыр. Көбіне жасөспірімдер өздерін полиция қызметкерлері түнгі 23.00-ге дейін тексеріп-тінти алмайтынын біліп, бұзақылықты осы уақытта жасап үлгеруге тырысады. Сол үшін ата-ана кеш батқан соң баласын бақылауда ұстауы қажет. Айналып келгенде жасөспірімдердің тәртіпсіздігі ата-ананың жауапсыздығынан болып отыр, – деді Қ.Қалжанов.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.