Төрт индикаторлық көрсеткіштің орындалуы төмен

0 21

Облыс халқының жағдайын жақсарту, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін ілгерілету мақсатында әрбір сала бойынша белгіленген индикаторлық көрсеткіштерге қол жеткізудің маңыздылығы айрықша. Қандайда бір индикаторлық көрсеткіштің орындалмай қалуы жөнінде қауіп туындаса, жағдайдың алдын алу, реттеу, кеткен кемшілікті жою ең басты талап. Олай болмаған жағдайда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына кері әсерін тигізетіні белгілі.

Облыс әкімдігінде аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы мен бюджеттің игерілуі екшелген жиында осы мәселелер сөз болды. Аталған басқосуда Бердібек Машбекұлы облысты дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша белгіленген индикаторлардың ішінде төртеуінің елдік деңгеймен салыстырғанда орындалу барысы төмен екеніне тоқталды.
– Негізінен өңіріміздің экономикалық көрсеткіші былтырғы жылмен салыстырғанда жоғары. Жылдың төрт айында аталған межелердің орындалуы облыс бойынша көңіл көншіткенімен, 4 индикатор республикалық межемен салыстырғанда төмен. Атап айтқанда, жеке тұрғын үй құрылысы, көлік, бюджеттің кіріс бөлігі секілді кейбір салалар бойынша әлі де жүйелі жұмыс жүргізуіміз керек, – деді Б.Сапарбаев.
Облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекованың айтуынша, аталған бағдарлама бойынша белгіленген нысаналы индикаторлардың жоспарлы мәндерінің орындалуына жүргізілген тұрақты талдау нәтижесінде 40 индикатордың
14-інің жоспарлы мәндері тиісті орталық мемлекеттік органдармен келісіле отырып, қайта қаралыпты. Дегенмен 4 индикатор орындалмай қалса, екі индикатордың орындалуы бар-жоғы 25 пайыздан асқан.
– Атап айтқанда, денсаулық сақтау, білім, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармалары жетекшілік ететін «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде іске асырылатын жобалардың жалпы санынан жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді талап етпейтін жобалар үлесі» индикаторы орындалмады. Денсаулық сақтау басқармасы жетекшілік ететін «Аналардың өлім-жітімі» индикаторы коронавирус инфекциясы, экстрагениталды аурулар, акушерлік қиындықтарға байланысты орын алған ана өлімі есебінен орындалмады. Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы жетекшілік ететін 1000 адамға шаққанда мәдениет ұйымдарына келушілердің орташа саны бойынша көрсетілген межеге пандемия кезінде іс-шаралардың онлайн режимінде өтуі салдарынан қол жеткізілген жоқ, – деді Гүлдана Әлімжанқызы.
Бұдан кейін облыс әкімдігінің қаржы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әкек Батырхан баяндама жасады. Айтуынша, Шу ауданы бойынша жоспар 95,6 пайызға орындалып, 55,8 миллион теңге жоспардан кем түскен. Кірістердің орындалмауы амортизацияға байланысты үлкен салық төлеушілердің мүліктерінің құнының азаюынан болған екен. Жалпы облыс бойынша бюджеттік қаражаттар 99,8 пайызға игеріліпті. Бір айта кетерлігі, Сарысу ауданы бойынша 62,8 миллион теңге, оның ішінде 60,6 миллион теңге ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің шоты жабылуына байланысты игерілмепті. Ә.Батырхан өз сөзінде осы тектес кейбір салалар бойынша игерілмеген қаражат көлемін жеке-жеке атай отырып, облыс бойынша көрсеткіші жоғары болуы үшін бюджет қаражаттарының жоспарланған мерзімдерге сәйкес игерілуін мүдделі мекемелер тұрақты бақылауда ұстауы керектігін еске салды.
Бұдан кейін облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев 2020-2021 жылғы қысқы жылыту маусымының аяқталуына орай қорытынды есеп берді. Жылыту маусымында атқарылған жұмыстар мен алда қолға алынатын шаруалар жайын егжей-тегжейлі баяндаған Құдайберген Нұрсерікұлы тамыз айының 1-15 аралығында жылу жүйесіне жөндеу жұмыстары жүргізілетініне байланысты Тараз қаласында ыстық су беру уақытша тоқтатылатынын атап өтті. Өз кезегінде облыс әкімі Меркі ауданында жеке үй құрылысы, Шу ауданында сауда саласы ақсап тұрғанын сынға алып, Меркі ауданы әкімі Руслан Нұрсипатовқа бұл мәселені жеке үй салуға өтінім берген тұрғындарға жер телімін беру арқылы шешуді тапсырды. Шу ауданы әкімі Нұржан Календеровке де сауда-саттық саласын ретке келтіруді міндеттеді. Сонымен қатар Құдайберген Қорғанбаевқа өткен жылыту маусымында орын алған кемшіліктерді саралап, орын алған қателіктердің қайталануына жол бермеуді жүктеді. Жиын соңында Б.Машбекұлы бұдан да басқа тақырыпқа қатысты негізгі мәселелер бойынша жауаптыларға арнайы тапсырма берді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.