Төртінші тоқсан: оқушылар мектепке оралады

0 13

Осыдан 1 жыл бұрын, дәл осындай наурыз айының соңында оқушы, студенттің бәрі онлайн оқуға көшкен еді. Індетпен күреске барлық сала мамандары жұмылып, ел болып бірігіп, шүкір, соның арқасында жағдай жақсарып келеді. Соның бір айғағы – оқушылардың мектепке қайта оралатыны. Яғни 1 сәуірден бастап
IV тоқсан­ды барша оқушы дәстүрлі оқумен жалғас­тырғалы отыр.

Біздің облыс жасыл аймақта болғандықтан еліміздің Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 25 наурыздағы №12 Қаулысына сәйкес, 2020-2021 оқу жылының төртінші тоқсанында оқу дәстүрлі және аралас форматта ұйымдастырылады. Жалпы облыстағы 442 мектепте 238 682 оқушы оқиды. Оқу жылының үшінші тоқсанында оқушылардың 51 пайызы дәстүрлі форматта оқыса, 49 пайызы қашықтықтан білім алды. Ал облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенованың сөзіне сүйенсек, төртінші тоқсанда санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, 229 мектепте сабақ дәстүрлі форматта ұйымдастырылмақ.
– Үшінші тоқсанда қашықтан оқыған 213 мектепте «Бір оқушы – бір сынып» принципі сақтала отырып, сабақтар аралас форматта ұйымдастырылады. Яғни оқу пәндерінің 70 пайызы дәстүрлі форматта, қалған 30 пайызы (денешынықтыру, АӘД, өзін-өзі тану, кәсіпкерлік негіздері, көркем еңбек) қашықтан оқытылады. Тағы бір айта кетерлік жайт – сыныпта балалар саны 25-тен және сабақ уақыты 40 минуттан аспайды. Мектептерде ыңғайлы сабақ кестелері жасалып, сабақтар арасындағы үзілістер әр сынып үшін әртүрлі уақытта ұйымдастырылады. Сабақтан тыс уақытта 15 адамнан аспайтын топтарда оқушыларды жеке оқытуға болады. Кабинеттер арасында жүру, мұғалімдер бөлмесіне бару, сыныптан тыс іс-шаралар мен ата-аналар жиналыстарын өткізу шектеледі. Балаларын мектепке алып келген ата-аналар (заңды өкілдері) кіреберістен ары аспайды. Бұған дейін ҚР Білім және ғылым министрлігі хабарлағандай, пандемия жағдайында бірыңғай мектеп формасын кию талап етілмейді. Оқушылардың мектепке таза, ұқыпты киім киіп баруларына рұқсат етілген, – дейді басқарма басшысы.
Сол секілді ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернаттарда (оның ішінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған), дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттарда, жалпы үлгідегі мектеп-интернаттарда, мектеп жанындағы интернаттарда оқу үрдісі барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып ұйымдастырылмақшы. Осы аталған білім мекемелеріндегі жатақханалар жұмысын жалғастырады. Алайда жатақханаларға бөгде адамдардың кіруіне тыйым салынады.
Ал оқушылардың тамақтануы облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің рұқсаты болған жағдайда жүзеге асырылмақ. Онда да кәсіпкерлер ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 14 қаңтардағы №2 қаулысының 1-қосымшасындағы қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын талаптарды қатаң сақтаулары қажет.
Бұл жаңалық оқушылармен қатар, ата-аналарға да зор қуаныш болды. Бұған «Оқушымның білімі төмендеп кететін болды-ау…» деп уайымдаған мұғалімдер де қуануда.
– Оқушылардың мектепке қайтарылғаны өте құптарлық жағдай. Мен бастауыш сыныптың мұғалімімін. Бұл әсіресе мектепті, білім алу жолдарын енді ғана танып келе жатқан бастауыш сынып оқушылары үшін тиімді дер едім. Бала деген күнделікті қадағалап отырмасаң ойынға алаңдап кететіні белгілі. Онлайн оқу кезінде қаншалықты «Сабаққа уақытылы қатысып отырыңдар, тапсырманы орындап, кешіктірмей маған жіберіңдер» десек, ойын баласы емес пе, кейде ұмытып кететіні де кездесетін. Онлайн оқуға мектепте педагогтар, үйде ата-аналар барынша қадағалап отырса да мұғалім мен оқушының бетпе-бет отырып дәріс жүргізгеніндей болмайтынына көзіміз жетті. Адамға ақ-қараны танып, саналы өмір сүру үшін алдымен білім керек. Сондықтан да білім беру ісін кейінге шегермей, жағдай сәл де болса оңалса, мектептің жұмысын жандандырғаны жөн болды. Өзім оқушыларымның сыныпқа оралатындарына бек қуаныштымын, – дейді Тараз қаласындағы №58 бастауыш мектептің мұғалімі Ақмарал Даукуова.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 24 маусымдағы №264 бұйрығы және Жамбыл облысы әкімінің 2021 жылғы 6 қаңтардағы №2 қаулысына сәйкес, 2021-2022 оқу жылына 1-сыныпқа құжаттарды қабылдау 2021 жылдың 1 сәуірінен басталады. Ол Үкіметтің egov.kz электрондық порталы арқылы жүзеге асырылады.
Білім басқармасы басшысының айтуынша, баласын келесі жылы 1-сыныпқа беретін ата-аналар порталдың «Білім» бөлімінен «Орта білім» бөліміне өтуі қажет. Ары қарай «Білім беру ұйымдарына құжаттарды қабылдау және оқуға қабылдау» қызметін таңдап, қажетті құжаттарды қоса жолдай отырып өтініш берсе жеткілікті.
– Бірінші сыныпқа өтініштер ағымдағы жылдың 1 сәуірінен 1 тамызына дейін қабылданады. Бастауыш білімнің жалпы оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары дайындық деңгейіне қарамастан, білім беру ұйымы қызмет көрсететін аумақта тұратын барлық балалардың қолжетімділігін қамтамасыз ете отырып, алты жастағы және күнтізбелік жылда алты жасқа толатын балаларды бірінші сыныпқа қабылдауды қамтамасыз етеді.
Балаларды бірінші сыныпқа қабылдау үшін ата-аналарынан өтініш (немесе оларды алмастыратын тұлғалардан), баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі, денсаулығы туралы анықтамасы (медициналық паспорт) және 063/у нысаны бойынша денсаулық жағдайы туралы құжат болуы керек. Сонымен қатар оқушының 3х4 фотосуретінен 2 данасы қажет болады.
Жекелеген мектептерге сұраныс көп болған жағдайда құжаттар мектептің қызмет көрсету аумағынан алғашқы
3 өтініш берушіден, одан кейін басқа шағыну учаскеден 1 өтініш берушіден (3:1 қағидаты бойынша) қабылданады, – дейді Гүлнар Махақызы.
Ал мамандандырылған мектептерге қабылдау ағымдағы жылдың 1 наурызынан бері жүргізілуде. Алдағы 15 сәуірге дейін жалғасады. Конкурсты өткізу мерзімі ағымдағы жылдың 1-20 маусымына жоспарланған. Үміткерлер офлайн форматта тест жазады. Конкурс өткізілетін орында барлық санитарлық талаптар қатаң сақталатын болады.

Қамар ҚАРАСАЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.