«Төрткүл» керуен сарайы туристік нысанға айналуы керек

0 40

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласындағы құрылысы жүріп жатқан бірқатар әлеуметтік және тарихи-мәдени нысанды аралады.
Облыс әкімі алдымен Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақ маңында, Қазыбек би көшесінің бойында салынып жатқан «Анаға тағзым» ор­та­лы­ғы­ның құрылысымен таныс­ты. Жалпы аумағы 32 сотық жерді алып жатқан үш қабатты нысанның құрылысын «Арайстроймаркет – 2003» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп жатыр.

Аталған серіктестіктің прорабы Қайырбай Күлімбетовтің айтуынша, өткен жылдың тамыз айында қазығы қағылған ғимарат келесі айдың соңында пайдалануға беріледі екен.
– Қазіргі таңда бетоннан құйылатын негізгі жұмыстары және электрмен жабдықтау жұмыстары аяқталды. Кірпіші де қаланып, шатыры жабылып қойды. Бүгінде ғимараттың іші-сыртын сылау жұмысы басталып, 30 пайызы еңсерілді. Құрылысқа жергілікті 40 адам жұмылдырылған. Жұмысшылар жұмыс көлеміне қарай айына 150 мың теңгеге жуық еңбекақы алуда. Сондай-ақ отандық өнімдер пайдаланылуда, – дейді Қайырбай Нұрышұлы.
Келешекте нысаннан би, бейнелеу өнері іспетті бірнеше үйірме ашылмақ. Нысан ішін аралап, құрылыстың сапалы жүргізіліп жатқанына көз жеткізген облыс әкімі әлі де болса қосымша жұмыс күшін тарту қажеттігін жауаптылардың есіне салды.
Бұдан кейін Бердібек Машбекұлы Төле би көшесінің бойында Қарахан кесенесіне жақын орналасқан ерте Ислам дәуіріндегі мешіт пен керуен сарайға барды. Жалпы бұл нысан ежелгі Тараз қаласының орта ғасырлардағы сәулетті құрылыстарының бірі болған. Облыстық музейдің директоры Сейтжан Ілияс тарихи деректерден мәлімет келтіре отырып, ІХ ғасырда ерте Ислам дәуірінің мешіті болғанымен, бір кездері несториандық-христиандық шіркеу болып, Ұлы даламызға ислам діні келгеннен кейін мешітке айналғанын сөз етті. Ал жанындағы керуен сарай VIII-XII ғасырларға тән. Аталған ескерткіш 2017 жылы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енген екен.
– Тараз – бекiнiсi үлкен, бау-бақшалы, халқы көп, айнала ормен қоршалған, төрт қақпасы және рабады бар шаһар болған. Ал базардың ортасында үлкен мешiт айналаға менмұндалап тұрған. Мұндай мешіттер ортағасырлық Дихнуджикес, Хамукет, Атлах, Жікіл, Бехлу қалаларында да болған. Бұл кезең жазба деректердегі ІХ ғасырдың аяғында Таразды саманидтердің жаулап алған уақытына тұспа-тұс келеді. Жазба деректер бойынша, 893 жылы Саманид патшасы Исмаил ибн Ахмад Таразға әскери шабуылдар жасап, көптеген қиындық туғызады. Тараз әмірі елін аман алып қалу үшін соғыссыз беріліп, 10 мың қала жұртымен бірге ислам дінін қабылдайды. Осы кезеңнен бастап басқа діндегі ғибадатханалар мен христиандық шіркеулер толығымен исламдық мешіттер ретінде қайта жасақталған, – деді Сейтжан Рысбекұлы.
Жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының барысында 8 бөлмеден тұратын керуен сарай ғимараты үш рет шапқыншылықа ұшырап, бұзылған көрінеді. Тіпті өртеніп, қалпына қайта келтірілгені де анықталыпты. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде бұл жерден тиын, қыш құмыра, тұрмыстық бұйымдар мен өзге де тарихи жәдігерлер табылыпты. 2016 жылы нысанда уақытша сақтау және музейлендіру жұмыстары жүргізіліп, сол кезден бастап бұл жер жергілікті тұрғындар мен туристердің келіп тамашалайтын тарихи орнына айналған.
– Мешіт пен керуен сарай біздің тарихымызды айғақтайтын көнеден қалған қасиетті нысан. Бір айта кетерлігі, мұндағы жаңғырту жұмыстары толық бітпегендігі аңғарылып тұр. Мұны бұл күйінде қалдыруға болмайды. Кезінде «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешеніндегі «Ашық аспан астындағы музейдің» де жұмыстары толық бітпей қалған екен. Осы нысандардың жаңғырту жұмыстарын аяқтап, туристер тамашалайтын орынға айналдыруымыз керек, – деді облыс әкімі.
Қаланы аралау барысында «Төрткүл» керуен сарайы­на да атбасын бұрған аймақ басшысы 18 мамыр –
Халықаралық музей күніне орай ұйымдастырылған концерттің үстінен түсті. Шерхан Мұртаза атындағы облыстық «Руханият және тарихтану» орталығының директоры Сауран Қалиев жаз айларында облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты мекемелері тарапынан тұрғындар үшін тегін концерттік бағдарлама апта сайын ұсынылып тұратынын жеткізді. «Төрткүл» керуен сарайының тарихымен де таныстырды. Бердібек Машбекұлы нысан ішін аралап, қамалдың үстіне де шығып көрді. Бір жылдары өзінің Венгрияға сапарлап барғанын, ондағы қыпшақтардың сақ, ғұн секілді көшпенді халықтарға тән құндылықтарды сырттан келген туристерге насихаттау мақсатында жыл сайын арнайы іс-шара өткізетінін мысал етті. Қазақтың да тарихын, салт-дәстүр, әдеп-ғұрпы мен басқа да ұлттық құндылықтарын төрткүл әлемге танытуға «Төрткүл» керуен сарайы таптырмайтын орын екенін атап өтті. Сонымен қатар концерттік бағдарлама тамашалап отырған жұртшылықпен тілдесті.
– Тарихсыз болашақ болмайды. Тарихты сақтайтын –
музей. Қазақтың тарихы өте бай. Оны біз өзге этнос өкілдеріне насихаттап, сырттан келетін туристерге танытуға тиіспіз. Осыны жүзеге асыру жөнінде ойға алған жоспарларымыз бар. Індеттен құтылсақ, ол жоспар да жүзеге асатын болады.
Музей қызметкерлерінің ұлттық құндылықтарымызды насихаттап жатқанына рақмет! Аталған сала қызметкерлерін 18 мамыр – Халықаралық музей күнімен құттықтаймын! Еліміз тыныш, жұрт аман болсын! – деді Бердібек Сапарбаев.
Осыдан кейін аймақ басшысы орынбасары Дәулет Кәрібек пен облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы Жалғас Мұртазаға «Төрткүл» керуен сарайын туристік нысандардың тізіміне енгізу, аталған нысанның тарихи келбетін сақтай отырып, жаңғырту жұмыстарын жүргізуді қолға алу тұрғысында арнайы тапсырма берді.
Келесі кезекте Бердібек Сапарбаев Құлжабаев көшесіндегі «Тоқта бибі» мешітіне ат басын бұрып, «Бәйтерек» ықшамауданындағы құрылысы жүріп жатқан теннис орталығының және Төле би көшесіндегі мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылық орталығының құрылыс жұмысымен танысты.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.