«Төтенше» тоқсанның тосын өзгерістері қандай?

0 0

Төтенше жағдай режимімен тұспа-тұс келген ағымдағы оқу жылының соңғы тоқсаны өзгерістерге толы болды. «Төтенше» тоқсанның тосын өзгерістері мектептермен бірге арнаулы және жоғары оқу орындары жүйесіне де өз әсерін тигізіп үлгерді. Білім беру ұйымдарын тәмамдаушылар үшін қорытынды аттестаттаудың жаңа тәсілі енгізілді. ҰБТ сынды қолданыстағы сынақ түрлерін өткізудің алгоритмі өзгерді. Осы орайда қашықтықтан қорытындылануымен тарих қойнауына енгелі тұрған ағымдағы оқу жылы мен әне-міне басталғалы тұрған жаңа оқу жылындағы жаңашылдықтар жайында сөз қозғамақшымыз.

Тестілеуде санитарлық талаптар қатаң сақталады

Өңір мектептерін тәмамдаған 7 181 талапкер Ұлттық бірыңғай тест тапсыруға ниет етіп отыр. Түлектердің 11 жыл бойғы жиған білімі мен мемлекеттік білім беру грантын иелену мүмкіндігі сыналатын тестілеу 20 маусым мен 5 шілде аралығында өтпек. Жамбылдық түлектер үшін тестілеу өңірдің әр аймағында орналасқан 10 тестілеу пунктінде өтеді.
– Ұлттық бірыңғай тестілеудегі биылғы жаңашылдық ретінде ҰБТ сертификаты мен білім грантын тағайындау туралы куәліктің электронды түрде берілуін айтуға болады. Оқушылар аудиторияларға бет-бейнесін тану жүйесі (Face ID) арқылы ғана кіргізіледі.
Оған қоса өз қарым-қабілетін халықаралық дәрежеде дәлелдеп SAT, ACT, IB сертификаттарын иеленген дарынды оқушылар тестілеуден босатылады. Олардың дәл осы сертификаттарындағы ұпайлары ҰБТ балына теңестіріліп, білім грантын тағайындау конкурсына қатыса береді. Айта кетерлік тағы бір жаңалық тестілеу уақытына 15 минут қосылды. Әрі түлектерге сынақ тапсыру кезінде калькулятордың көмегіне жүгінуге рұқсат та берілді. Аудиторияларға алып кіруге рұқсат етілген есептеуіш құралдың қарапайым түрі тестілеу пунктінде беріледі, – Ұлттық тестілеу орталығы облыстық филиалының жетекшісі Жамбыл Ізтұяқ.
Сондай-ақ болашағын педагогикамен байланыстырып отырған талапкерлер өзі таңдаған мамандыққа түсу үшін 70 балл жинауы керек. Бұған дейін тестілеу пунктінің жанында баласына болысып, жанкүйерлік ететін ата-аналар мен туыстардың бұл әрекетіне биыл тыйым салынады. Керісінше олар білім бәсіне түскен балаларының тақымын қысуға ниет танытса, тестілеу аудиторияларын онлайн көрсетілім арқылы бақылай алады.
Бір сөзбен айтқанда тестілеу өткізудің негізгі алгоритмінен бөлек санитарлық-эпидемиологиялық жағдай да қатаң сақталатын болады.

Оқуға қабылдау онлайн жүргізілмек

Ұлттық бірыңғай тестілеуден бөлек жоғары оқу орындарына құжат тапсыру режимінде де биыл өзгерістер болуы мүмкін. Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің қабылдау комиссиясы «Электронды Үкімет» порталы арқылы онлайн құжат қабылдау мүмкіндігіне жол ашылғанын мәлімдеді.
– Өтінішті талапкердің өзі немесе ата-анасы бере алады. Құжаттарды тапсыру кезінде талапкерге жатақханадан орын беру қажеттігін көрсету мүмкіндігі де қарастырылған. Онлайн режимде түскен өтінішті жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясы бір жұмыс күні ішінде өңдеп, шешім шығарады. Талапкердің құжаттары қабылданбаған жағдайда оған нақты себеп көрсетілген хабарлама жөнелтіледі, – дейді Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті қабылдау комиссиясының хатшысы Мұхаметжан Нұрпейісов.

Жаңашылдық білім берудің барлық буынын қамтиды

Өткен аптада онлайн режимде халыққа есеп берген Білім және Ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те білім беру жүйесіндегі жаңашылдықтарға айрықша тоқталып өткен-ді. Ал жоғары білім беру жүйесіндегі мұндай өзгерістер оқытушылардың айлық жалақысын көтеру, білім сапасы төмен оқу орындарын оңтайландыру шараларынан көрінбек. Көпшілік бұған дейін де сапалы білім беріп, бәсекеге қабілетті маман даярлаудың орнынан дипломды оңды-солды таратумен айналысқан бірнеше жоғары оқу орнының жабылып, кейбір университеттердің бірқатар мамандықтар бойынша лицензиясынан айырылғанынан хабардар.
Айтпақшы, жоғарыда аталған жиында елдегі білім мен ғылым жүйесіне жауапты ведомство басшысы саладағы өзгерістердің тек мектептер мен жоғары оқу орындарына ғана қатысты еместігін айтқан-ды. Заман талабына сай саладағы соны серпінді білім беру жүйесінің барлық буыны сезіне бастамақ.
Мәселен қазақстандықтар үшін бүлдіршіндерін мектепке дейінгі тәрбиелеу және білім берудің қолжетімділігі арта түспек. Сәйкесінше балабақша кезегіне тұру, жолдама беру ресімдерінің барлығы дерлік автоматтандырылды. Бала тәрбиесінің ең жауапты буынын мойнына алған мектепке дейінгі ұйым қызметкерлерінің де еңбекақысына үстемеақы қосылады. Мұндай үстемеақы мектеп директорлары мен олардың орынбасарларына да берілмек. Ол үшін мектеп басшыларына өз кәсібиліктерін арнайы аттестаттау сынағы кезінде дәлелдеуі қажет.
Өз кезегінде кəсіптік-техникалық оқыту мекемелеріне өндіріс сұранысына сай келетін қабілетті маман даярлау үшін академиялық еркіндік берілмек. Ал жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы ең басты жаңалық докторантураға бөлінетін гранттар санының 2355-ке дейін өскенін айтуға болады. Докторанттарға грант бөлудің рекордтық көрсеткішке көтерілуін елдегі ғылым көкжиегін кеңейтудің нақты қадамына санауға болады.

Бір сөзбен айтқанда отандық білім жүйесінде орын алып жатқан өзгерістердің мән-мазмұны астарында бәсекеге қабілетті, дені сау зиялы ұрпақ қалыптастыру жатқандығы даусыз. Ендеше заман талабынан туған ортақ міндетті абыроймен жүзеге асыру барша қазақстандық қоғамның ортақ міндетіне айналмақ.

Шынболат Күзекбаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.