«Төтенше жағдай ұтқырлықты талап етеді»

«Оқшау ой» айдарының бүгінгі қонағы – облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру мекемесінің бастығы Мансур Шайкрамов.

0 39

– Мансур Закирұлы, төтенше жағдайлар кезінде көмекке алғашқы болып жететін сала қызметі қауырт екені белгілі. Күтпеген жерден туындаған қатерді сейілтуге сіздердің мамандарыңыз қалай дайындалады?
– Аты айтып тұрғандай, біздің қызмет халыққа төтенше жағдай кезінде көрсетіледі. Яғни бізге тез шешім қабылдап, қайткен күнде де алдымен адам өмірін құтқарып қалу, одан кейін шығын болдырмау міндеті жүктеледі. Міне, сондықтан сала мамандары барлық жағдайға әрдайым сақадай сай тұрады. Сондай-ақ ешқандай сылтау қабылданбайды.
Төтенше жағдайлар департаментінде қауіптің алдын алу шараларын ұйымдастыратын бір бөлім, болған оқиға орнына барып, құтқару жұмыстарын жүргізетін тағы бір бөлім және дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Қауіптің түрі көп болғандықтан арнайы бөлімдер тармақтап, талдай отырып жұмыс жүргізбесе, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүмкін емес. Ал жалпы елге 112 нөмірімен алдын ала ескерту хабарламасын ұялы байланыс арқылы тарататын біздің саланың бірыңғай қызметі бар.
Мұндағы әр қызметкерге тапсырылған қызметтік міндетіне сай әріптестеріміз күнделікті дайындық жаттығуларын жасайды. Әр күн сайын сабақ өтеді. Мамандарымыз арнайы оқу орнынан білім алып, тәжірибесін шыңдап, жаттығып келсе де бізде күнделікті дәріс, жаттығу өткізіліп тұрады. Себебі саланың қызметкерлеріне бір сәтке де босаңсуға болмайды.
Егер ешқандай төтенше жағдай туындамай, ешбір шақырту түспеген кезде қызметкерлер сабағын оқып, жаттығуын жасап, мекемедегі өзге де жұмыстарымен айналысады. Кез келген сәтте әлдебір жағдай туындап, шақырту түссе, сол мезетте істеп отырған ісін тастай салып, алдымен қауіпті сейілтуге даярланған арнайы автокөлікке жүгіреді. Оқиға орнына жеткенге дейін алдын ала белгілі болған ақпаратқа қарай көлік ішінде әркімге тапсырма беріледі. Әрқайсысының өзіндік атқаратын қызметімен қоса, сондай-ақ тұратын орны да болады. Сондай дайындықты оқиға орнына жеткенше-ақ лезде жасап, бара салысымен өте жылдам әрекет етуі керек.
– Мұндай жауапты қызметке кез келгеннің қабылдана салмасы анық. Осы орайда мамандарға қандай талаптар қойылатынын айтып өтсеңіз…
– Әрине, әбден шыныққан, түрлі жағдайларға піскен, өте шыдамды, төзімі берік әрі шапшаң қимылдай білетін нағыз жігіттің сырбаздары қабылданады. Жасөспірімдер мектепті бітірген соң Ұлттық бірыңғай тестілеуден алған балына қарай Көкшетаудағы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғаныс академиясында білім алады. Онда жекелеген пәндер арқылы саланың барлық қыр-сыры түсіндіріліп, физиологиялық жағынан да тынымсыз дене жаттығуларын жасап, кәсіби түрде дайындалады. Оқу орнын тәмамдап келгеннен кейін жұмысқа қабылданар кезде ең алдымен денсаулығы тексеріледі. Бойының ұзындығына қойылатын талап та бар. Және физикалық тұрғыдағы шымырлығы да назарға алынады. Жоғарыда айтып кеткенімдей, жұмысқа алынғаннан кейін де білім алуы жалғаса береді. Әсіресе жаңадан жұмысқа қабылданғандарды белгілі бір уақытқа дейін тәжірибелі мамандар тағы оқытады. Содан кейін ғана төтенше жағдай туындаған оқиға орнына жіберіледі.
– Осындай талаптарға сай келіп, өзіне тапсырылған міндетті абыроймен атқарып, өзгенің өмірі үшін басын бәйгеге тігіп, сертіне адал болған бейбіт күннің батырлары да мекемеде аз емес болар…
– Дұрыс айтасыз, бұл қызметтің өзі көзсіз ерлікке баулиды және сондай жүректілікті талап етеді.
Біздің жауынгерлердің қатарында керек кезде дұрыс шешім қабылдап, одан ұтымды нәтиже шығара білген, әлі де сол қызметін жалғастырып жүрген батырларымыз баршылық. Ал енді басқаны құтқарамын деп өзінің өмірін қиған әріптестеріміздің есімі әрдайым есімізде. Мәселен, 2019 жылы Талас ауданының Қаратау қаласындағы пошта ғимаратының шатыры өртенгенде тілсіз жаудың бетін қайтару кезінде қаза тапқан Ержан Ахметовтің көзсіз ерлігін атап өткім келеді. Артында жұбайы мен 5 баласы қалды. Ел ешқашан ерлерінің есімін елеусіз қалдырмайды. Ержан бауырымызға да «Айбын» ордені берілді. Әрине, «өмірден өзі өткен соң марапаттың қандай қажеті бар» деген пікірлер туындауы мүмкін. Мұндағы мақсат – батырға құрмет көрсете отырып, көзсіз ерлігін өзгелерге үлгі ету.
Қызметтік міндетін атқару кезінде қаза болған тағы бір батырымыз – сүңгуір Жұмағали Әбдрахманов. Жұмағали біздегі жедел құтқару жасағының іздестіру тобында жұмыс істейтін. Өздеріңіз де жақсы білесіздер, өткен жылдың ақпан айында Шу ауданында бір жас қыздың жоғалып кеткені хабарланды. Қыздың суға ағып кетуі мүмкін деген болжам болды. Сол себепті іздестіруге жедел жасақтың іздеушілері жіберілген еді. Іздеу барысында кенеттен тұрған қатты желдің салдарынан сүңгуірдің қайығын асау ағыс алып кетіп, әріптесіміз оралмады. Жұмағали Әбдрахмановқа ресми түрде заңды марапат беру мақсатында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Ержан, Жұмағали секілді қызметтік міндетін орындауда батырлық танытқан ерлерімізді атай берсек, тізім ұзын сонар болады.
– Биылғы жаз ерекше ыстығымен есте қалатын секілді. Ал аптап ыстық тұрмыстық жағдайдағы өрттен бөлек, дала өртінің туындауына да кейде сеп болып жатады. Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында департамент тарапынан қандай жұмыстар қолға алынған?
– Иә, табиғаттың әрбір құбылысы бізді алаңдатып, сақтықты бір сәтке де саябырсытпай, сергек болуға жетелейді. Егер қыста күн бұзылса, қардың қалың түсу мүмкіндігін, көктем-күзде жаңбырдың арты селге айналмауын, жел тұрғанда дауылдатып кетпеуін қатаң қадағалаймыз. Тіпті өрт болған жағдайда жаңбыр жауса, бізге қосымша үлкен күш, көмек. Ал жел тұрса, одан ары үдетіп әкете ме деген күдікпен жұмысымызды күшейтеміз. Біз ауа райын баса назарға аламыз. Әрбір ісімізді табиғатпен үндестікте атқарамыз.
Сол секілді қазіргі ыстықта да өрттің алдын алуға барынша күш салып отырмыз. Далада өрт болмауын қадағалауда бізбен бірге жергілікті атқарушы орган да кезекшілікпен сақтық шараларын қолға алады.
Ағымдағы жылдың 6 айында облыс аумағында жалпы 284 өрт оқиғасы тіркеліп, салдарынан 14 адам қаза тапқан, 5 кісі жарақат алған.
Ал ашық жерлерде 30 өрт оқиғасы болған. Бұдан бөлек 15 жану оқиғасы орын алған. Тағы бір өрт оқиғасы мемлекеттік орман шаруа қожалығында болды.
Осы тұста біздің қызметте өртену және жану деп екі бөлек қарастыратын оқиғаларға түсінік бере кетейін. Мысалы, өртену көбімізге белгілі, әлдебір шығын әкелетін, адам өміріне қауіп төндіретін жағдай. Ал жану дегеніміз – ешбір нәрсені өртемей, яғни сол аймақты ғана жандыратын жағдай. Мұндай жағдайлар неден туындайды дегенге тоқталайық. Шөпке біреу толықтай сөнбеген темекі тұқылын тастаса немесе табиғат аясында демалғанда от жағып, шоғын өшірмей тастап кетсе, тұтанып кетуі әбден мүмкін. Далалықта найзағай түсіп немесе жерде жатқан шишаға күн сәулесі шағылысып та от пайда болады. Сондай-ақ өрт ток сымдарының салдарынан туады. Өртті тілсіз жау деп осыдан атаса керек-ті. Аяқ астынан, ойламаған жерден тұтанып кетеді. Міне, сондықтан біздің қызметкерлерге оқиға орнында тез шешім қабылдап, шапшаң әрекет ету міндеттелетіні. Әйтпегенде орны толмас өкінішке ұрындырады.
Өткен жылдардың есепті кезеңімен салыстырып талдасақ, 2020 жылы 229, 2019 жылы 254 өрт оқиғасы болған. Биыл өткен жылдармен салыстырғанда көбейгенін байқаймыз.
Тарқата айтсақ, тұрғын жайларда болған 176 өрттің негізгісі, яғни 109-ы аула ішіндегі сарай, монша, шөпқора, гараж, бастырма секілді қора-жайлардан шыққан екен. Ал 49 оқиға салынғанына 50 жыл болып қалған 1 қабатты үйлерде болса, 19 өрт 5 қабатты көппәтерлі үйде болған. Өрт оқиғаларының шығу себептерін анықтай келе, бәрінің де себеп-салдары бейқамдықтан шыққаны белгілі болды.
Жыл басынан бері облыс аумағында болған өрттен 247 адам құтқарылған. Оның ішінде 10-ы балалар. Өрт оқиғасы орнынан қауіпсіз орынға 291 адам көшірілсе, олардың 58-і балалар.
Орын алған оқиғалардың көбі тұрғын жайларда және автокөліктерде болыпты. Осы тұста барша халыққа қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескертеміз. Әсіресе балаларға сақ болу керек. Баланың аты бала, олар үшін барлық нәрсе қызық. Бәрін өз қолымен жасап көргісі келеді. Алайда оның арты орны толмас өкінішке әкеп соқтырады. Сіріңке секілді заттарды баланың қолы жетпейтін жерге қойыңыздар. Электр энергиясын, газ құралдарын қолданғанда өте мұқият болсаңыздар екен. Үйді егесіз қалдырарда бәрін қайта-қайта қарап, қадағалаған жөн. Кейбір жұмысбасты кісілер кішкентай балаларын үйге қалдырып, сыртынан құлыптап кетеді. Бұл өте қауіпті. Мүлде қарайтын адам болмаса да балаларды ересек адамдардың қарауынсыз қалдыра көрмеңіздер.
Біз мұндай ескертулерді үйме-үй аралап та жүргізіп келеміз. Ағымдағы жылдың 6 айында жергілікті полиция қызметкерлерімен және еріктілермен бірге 174 мыңнан аса тұрғын жайларды аралап түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, 1016 жиын ұйымдастырдық. 214 мыңнан аса ескертпе хат, жадынама тараттық. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да хабарламалар жариялап отырамыз. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде де көпшілікке газ, электр құралдарын пайдаланғанда және от жағу кезінде қауіпсіздік шараларын мұқият сақтауды ескертіп келеміз.
Ең бастысы – «Сақтансаң – сақтайды» дегенді естен шығармасақ екен!
– Ел ішінде өрт сөндірушілерді шақырғанда көп күттіріп жететіндері, сулары тез бітіп қалатыны жөнінде айтылып жатады. Шақырту түскеннен соң оқиға орнына қанша уақытта баруға міндеттісіздер?
– Бір нәрсені естен шығармайық, өртті мейлінше тез ауыздықтау – біздің өзімізге де жақсы. Біздің жұмысымызды бағалайтын бірден-бір нәтиже. Ал қиын сәттегі күту өте ұзақ болып сезілетіні де бар.
Әрбір құтқару қызметінде тәулік бойы үш қоңырау қабылдайтын кезекшілер отырады. Мамандар екі телефонға қатар жауап береді. Айталық, 1 оқиғаны бір емес, бірнеше адам хабарлауы мүмкін. Солардың бәріне де біздің кезекшілер жауап беріп, нақты ақпараттарын алады. Ал үйі өртеніп жатқан адам үшін мұның бәрі де үлкен уақытты алады. Ал енді бірде кейбір кісілер өтірік ақпарат беріп хабарласады. Оны анықтамаса, бірнеше маман біріккен бригада, су толтырылған арнайы көлік жіберілсе, әрі уақыт жоғалтып, әрі бекерге күш жұмсап аламыз. Сол сәтте басқа бір мекенжайда расымен сондай көмекті қажет ететін оқиға болып жатуы да мүмкін. Сондықтан хабар берушіге қоңырауды қабылдаушы бірнеше сұрақ қояды. Сол берілген мекенжай бойынша қайта қоңырау шалып, оқиғаның растығын анықтайды. Міне, бұған 1 минут уақыт арналады. Содан соң әр мекенжайға қарасты өрт сөндіру мекемесіне анықталған мәлімет беріледі. Мысалы, біздің Тараз қаласында 4 өрт сөндіру мекемесі бар. Әрқайсысының өзіне міндеттелген аймақтарына қарай шақырту беріледі. Осы мекемелерге түскен хабарды жеткізуге тағы 1 минут беріледі. Келген хабар бойынша жасақталған топ арнайы көлікпен мекеме аймағынан
1 минутта шығып кетуі керек. Көлігіміз өте шұғыл жағдайда тапсырма алып кетіп бара жатқанымен, басқа да көлік жүргізушілерімен теңдей жол ережесін сақтауы керек. Бағдаршамдарда тоқтауға міндетті. Дегенмен жол кептелістерінде жүргізушіміз өзгелерден «Құрметті көлік жүргізушілері! Арнайы автокөлікке жол берулеріңізді өтінемін» деп сұранады. Егер жол берсе өтеді, болмаса күтуге мәжбүр. Ал сол сәтте көлік ішіндегі құтқарушы жасақ мүшелері өртті қалай мейлінше тезірек ауыздықтауға болатынын нақтылап, өзара ақылдасып, әрқайсысы өзіне тиесілі тапсырмаларын алып, сақадай сай отырады.
Өрт сөндіруге арналған көліктеріміз күнделікті жұмысын су қоймасынан бастайды. Ал көлігіміздегі судың сыйымдылығы 2 жарым мың литрдан басталады. Оттың жылдамдығына қарай апарылған су жұмсалады. Және артынан тағы өрт сөндіру көлігі жіберілгені ескертілсе, соған қарай қолындағы суды қолданады.
Біздің қызметкерлердің санасында көмектесу кезінде тек апаттан адамдарды құтқару ғана тұрғандықтан қауіптің ішінде адам барын білсе немесе бала дауысын естісе, алапат оттың ортасына сусыз да өздері қойып кете береді. Сондықтан ондай жағдаймен бетпе-бет кездеспейінше сырттан сөз айту кім-кімге де оңай.
– Қазір шомылу маусымы қызып тұр. Бұл да қатаң қадағалауды қажет ететін тілсіз жау іспетті. Осындай шақта сіздер қандай қызметтерді атқарып отырсыздар?
– Адам өміріне, тұрмысына, шаруашылығына қауіп төндіретін жағдайлардың бәрі де біздің қызметке қарасты болғандықтан қазіргі шомылу маусымы да біздің қатаң бақылауымызда. Күнделікті құтқаруға көмек сұрап, түскен шақыртумен суға батқандардың өмірін ажалдан арашалауға барлық сәтте даяр тұрамыз. Шақырса, сол мезетте жетіп, көмектесеміз. Және шомылу маусымы басталғалы бері тұрғындар шомылады-ау деген орындардың бәріне барып, ескертулер жасаймыз. Рұқсат етілмеген орындарды аралап, рейд барысында кездескендерді үйлеріне қайтаруға тырысамыз.
2021 жылдың 6 айында жүргізілген рейдтер барысында Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 440-бабы бойынша 163, 364-бабымен 46 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Бұл көрсеткіштер өткен 2020 жылға қарағанда 2 есе көп.
Мұнда да баса айтарымыз – шомылу кезінде барынша сақ болыңыздар! Тіпті ағын су емес, бассейнге шомылғанда да масайған күйде суға түсуге, алаңсыз адамды суға лақтыруға және балаларды су жағасында қараусыз қалдыруға мүлдем болмайды.
Әркімнің өмірі өз қолында. Қызық қуып, қайғы жұтып қалудан сақтасын!
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Қамар ҚАРАСАЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.