"Заң және біз"

Той тоқтатылуы тиіс!

Written by Aray2005

Ескертуді елемегендер жауапкершілікке тартылады

Өткен жексенбіде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикада төтенше жағдай жариялау туралы Қаулыға қол қойды. Әлемді алаңдатып отырған коронавирус пандемиясының таралуын болдырмау және алдын алу шараларын одан әрі күшейту мақсатында енгізілген Қаулының бір тармағында «Сауда ойын-сауық орталықтарының, кинотеатрлардың, театрлардың, көрмелердің және адамдар көп жиналатын басқа да объектілердің қызметін тоқтата тұрсын» делінген.

Төтенше жағдай енгізілуіне байланысты қазіргі уақытта облысымызда да тиісті жұмыстар жүргізіліп, жағдай жіті бақылауға алынды. Мамандар күн-түн, ерте-кеш, демалыс-мереке демей жанталаса жұмыс жасауда. Әсіресе қазір көпшілік бас қосатын, демалатын орындар қатаң бақылауға алынды. Сол мақсатта сейсенбі күні Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай және Тараз қаласы әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Нұржан Бекежанов шаһардағы бірқатар мейрамхана, кафелерді аралады. Өз жұмысын Ташкент көшесінен бастаған Нұржан Балтабайұлы басқарған топ ең алдымен «Impereal» мейрамханасына ат басын бұрып, есігіне қара құлып салынғанына көз жеткізді. Сол секілді аталмыш көшедегі «Жетісу» және «Golden Hall» мейрамханалары да өз жұмысын уақытша тоқтатқан екен. Алайда төтенше жағдай енгізілуіне қарамастан жұмыс істеп тұрған кафелер де бар болып шықты. Мәселен жарығы сөндірілгенімен, ауласындағы көліктің шектен тыс көптігінен күдіктенген топ өкілдері «Бек» мейрамханасына келгенде үлкен қуаныштың үстінен түсті. Топ мүшелері тойхана әкімшісіне түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тағы бір мәрте қайталанған жағдайда айыппұл салынатынын ескертті. Сол секілді сағат тілі түнгі 23:00-ден асып кеткеніне қарамастан «Хачапури» мейрамханасында, «Мята» кальян-барында, «Трактир на Фонтанке» кафесінде де демалушылардың қатары тіптен қалың екен. Барлық мейрамхана, кафе әкімшілеріне ескерту жасалып, тұрғындардың қауіпсіздігіне бей-жай қарамау керектігі айтылды.
Рейд барысында осы уақытқа дейінгі түсіндіру жұмыстарының да дұрыс жүргізілмегені белгілі болды. Мәселен бірқатар мейрамхана, кафелердің әкімшілері келген тиісті мамандар түнгі 23:00-ге дейін ғана жұмыс істеуге болатынын ескерткенін айтып, ақталып бақты. Жалпы көзбен көргеніміздей кафелердің көпшілігі коронавирус инфекциясының алдын алатын барлық қажетті дезинфекциялық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліпті.
Ал облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Темірбек Оразымбетовтің айтуынша, тәртіпке бағынбағандар жауапкершілікке тартылатын көрінеді.
– Елімізде төтенше жағдай жариялануына байланысты бірқатар шектеулер қойылғаны белгілі. Яғни ірі сауда нысандарында жұмыс тәртібі таңғы сағат 10:00-ден кешкі 18:00-ге дейін, киім базарларында сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін, келушілер саны 50 адамнан асатын кафе мен мейрамханалардың жұмыс уақыттары 22:00-ге дейін шектелген. Аталған шектеулерді орындамаған жағдайда заң шеңберінде әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады немесе 15 тәулікке қамауға алынады. Сонымен қатар төтенше жағдай кезінде билік өкілінің заңды талабына бағынбағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертеміз. ҚР Қылмыстық Кодексінің 379-бабына сай 2 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады немесе 2 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қолданылады.
Облыс орталығында рейд жұмыстарын жүргізу барысында полиция қызметкерлері жергілікті атқарушы органмен бірлесіп, төрт жүзден аса мейрамхана мен кафенің иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ескерту берді. Сондай-ақ төтенше жағдайға қарамастан жұмыс істеп тұрған 176 нысан анықталып, заң аясында шаралар қолданылды.
Бүгінгі күні халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында атқарылып жатқан іс-шараларға тұрғындардың түсіністікпен қарауын және заң талаптарын сақтауды сұраймыз, – деген Темірбек Асылбекұлы аудандарда да бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.
Ендеше «Сақтансаң – сақтайды» демекші, жергілікті атқарушы орган, денсаулық сақтау, полиция қызметкерлері айтқан ескертулерге құлақ асып, әрқайсымыз мейлінше алдын алудың қамын жасауымыз қажет.

Талғат Нұрханов

ПІКІР