Қоғам

«Төзім тілекке жеткізеді»

Written by Aray2005

Бүгін Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға еліміздегі Төтенше жағдайға байланысты өз Мәлімдемесін жасады. Мемлекет басшысының бұл Мәлімдемесін халық тағатсыздана күтіп жүрген болатын.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Мәлімдемесінде елдегі барлық жағдайды қамти отырып, алдағы міндеттерді жүйеледі.
«Қазіргідей күрделі кезеңде әрбір азамат біздің назарымызда болады. Мемлекет ешкімді қиындыққа қалдырмайды»,- деді. Төтенше жағдай кезеңінде қаншама азаматқа қаржылай көмек көрсетілді, азық-түлік таратылды. Енді сәуір-мамыр айларында 1,6 миллионнан астам адамға коммуналдық төлем үшін көмек көрсетілмек. Еліміз бойынша 700 мыңнан астам компания мен жеке кәсіпкерлерге салықтық жеңілдіктер жасалды.
Президент Мәлімдемесінде Үкімет тарапынан табысынан айырылған азаматтарға 42 500 теңге көлеміндегі көмек келесі айда да төленетінін айтқан.
Халықтың Президенттен қатты күткен шешімі — Төтенше жағдайдың режімінің қашан аяқталуы жайлы еді. Бұл туралы Президент «Заңға сәйкес 11 мамырда Төтенше жағдай режімі аяқталады» деді.
«Карантин режімін бітіндеп жеңілдету дегеніміз – өзіміз үйренген күнделікті тіршілікке қайта оралу емес екенін ұғынғанымыз жөн»- деп Мемлекет басшысы халықты адам денсаулығына қатер төндіретін бұл жұқпалы індеттен өте сақ болуға да шақыры. Елімізді пандемиядан құтқару – баршамызға ортақ міндет. Ең бастысы – халықтың денсаулығы. Сондықтан төтенше жағдай режімі аяқталды деп арқаны кеңге алып, жайбарақат жүруге болмайды. Бұл індеттің қауіптілігін бүкіл әлем мойындап отыр. Бұл жайдан жай емес. Сол себептен де індетті жоққа шығарып, артық әңгіме таратудың халық үшін еш пайдасы жоқ.
Президентіміз төтенше жағдай кезінде алдыңғы шепте қызмет етіп жүрген барлық мамандық иелеріне де алығысын білдіріп, орын алған кемшіліктер алдағы уақытта ескерілетіні жайлы да айтты.
Иә, «Кемшілікті сын түзейді. Көп болып біріккен ой түзейді» деп Мұхтар Әуезов айтқандай, ел болып, кемшіліктерімізді түзеп, сабырмен, ақыл-оймен, еңбекпен осы қиын кезеңнен сабақ алып, елімізді бұдан да жоғары мәртебеге жеткіземіз деген сенімдемін.

Перизат Шымыртайқызы,
«Nur Otan» партиясы аудандық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі

ПІКІР