Қоғам

Төзімі терең, жігерлі жандар жұмыссыз қалмайды

Written by Aray2005

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған «кедергісіз орта» қалыптастыруға зор мән берілуі тиістігін атап өткен болатын. Осы ретте «Nur Otan» партиясы бірнеше жыл бойы «Кедергісіз келешек» әлеуметтік жобасын жүзеге асырып келеді. Партия қызметін жаңғырту аясында бұл жоба жыл санап жанданып, жетіле түсті.

Ағымдағы жылы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды оңалту мақсатында облыстық бюджеттен 793, 6 миллион теңге қаржы бөлініп, 7 342 мүгедек тиісті оңалту құралдарымен қамтамасыз етілген. Облыс бойынша 2 138 мүгедек емдеу-сауықтыру шипажайларына жолдамалармен қамтылған. Сонымен қатар, Тараз қаласы мен аудан бюджеттерінен 1229, 2 миллион теңгеге
8 320 мүгедек әлеуметтік көмекпен қамтылуда. Мүгедектердің өмір сапасын жақсарту мақсатында 2020 жылға облыстық бюджеттен 741,5 миллион теңге қаржы бөлініп, 6 416 мүгедекті қажетті техникалық орнын толтырушы оңалту құралдарымен және емдеу-сауықтыру шипажайларына жолдамалармен қамту жоспарлануда. Сондай-ақ 490 қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға үкіметтік емес ұйымдар арқылы арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсыну мақсатында 79,1 миллион теңге қаржы бөлу жоспарлануда. Яғни бүгінде облысымыздағы 45 235 мүгедек жанның (1-топтағылар – 4 135, 2-топтағылар – 18 422, 3-топтағылар – 16 376 адам, ал 18 жасқа дейінгі мүгедектер саны – 6 302) құқығы мен әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету өңірдің әлеуметтік саясатының маңызды бағыттарының біріне айналып отыр.
Дейтұрғанмен де қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту ең өзекті мәселенің бірі. Өйткені өкінішке қарай, мұндай азаматтарды жұмысқа қабылдай бермейді. Сол себепті де «Nur Otan» партиясының «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында облысымызда бірнеше бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Осы орайда күні кеше ғана «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін айрықша атап өтуге болады. Жәрмеңкеде 24 жұмыс беруші мекемеден 70 мамандық бойынша 166 жұмыс орны ұсынылды. Негізі, аталмыш жәрмеңке партия филиалының ұйытқы болуымен жылына екі мәрте өткізіліп тұрады.
«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат бүгінгі таңда жарқын жоба талайға шарапатын тигізіп отырғанын айтады.
– «Nur Otan» партиясының доктринасына сәйкес, жоғары өмір сүру стандарты бойынша барлық азаматтарға әлеуметтік қызметтер тең қолжетімді болу қажет. Бұл мемлекеттің, азаматтардың және жұмыс берушілердің тілеулес жауапкершілігі арқылы қамтамасыз етілуі керек. «Nur Otan» партиясының Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы – 2050» Жолдауында берген тапсырмасын орындау үшін партия мүмкіндіктері шектеулі тұлғалардың өмір сапасын арттыру жұмысын басқарып, олар үшін кедергісіз орта жасауға аса назар аудару бағытында жұмыстар жүргізіп келеді. Сондай-ақ ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында: «Биыл Елбасының бастамасы бойынша 2 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен, пайыздық алғашқы жарнасы 10 пайыз болатын жаңа «Бақытты отбасы» бағдарламасы іске қосылды. Бұл – өте тиімді жеңілдік. Жыл соңына дейін бұл бағдарлама бойынша кем дегенде 6 мың отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі. Бірінші кезекте көпбалалы және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар қамтылатын болады. 2020 жылдан бастап жыл сайын осындай 10 мың отбасы баспанамен қамтылады. Үкімет бағдарламаға қатысуға арналған айқын критерийлер белгілеп, оны қатаң әкімшілендіруді қамтамасыз етуі керек. Шын мәнінде көмекке мұқтаж жандарға ғана қолдау көрсетілуі тиіс» деген болатын. Сонымен қатар әр сөзінде ел Президенті мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта қалыптастырып, оларға қолдау көрсету қажеттілігін жиі айтады.
Соңғы үш жылда партияның облыстық және аумақтық филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 187 мүмкіндігі шектеулі жан өтінішпен келген. Оның бүгінгі күнге 66-сы оң шешімін тапқан. Ал қалған өтініштер бойынша заң аясында түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Түскен өтініштердің басым бөлігі мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру, материалдық көмек беру, тұрғын үй мәселелері болған. Осы мәселелерді ескере келе, партия облыстық және аумақтық филиалдары «Кедергісіз келешек» партиялық жобасын жүзеге асыру мақсатында жыл сайын мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін ұйымдастырады. Биыл бұл жәрмеңке екінші рет өткізілуде. Соңғы үш жылда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің қорытындысы бойынша 400-ге жуық мүгедек жан жұмысқа орналасқан, – дейді Ш. Тоқтасынұлы.
Ал облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Тимуржан Нұрымбетовтің айтуынша, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту жоспары дайындалып, соған сәйкес 2019 жылы 545 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Ағымдағы жылың 1 қыркүйегіне дейін жұмыспен қамту органдары арқылы республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен 663 мүгедек жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. Олардың 219-ы тұрақты, 310-ы уақытша жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ 134 мүгедек кәсіптік білім алуға жолдама алған.
Сонымен қатар бүгінде жекелеген азаматтар да мүмкіндігі шектеулі жандарға сан түрлі амал-әрекеттер арқылы мол мүмкіндіктер сыйлап, игілікті іс жасауда. 2017 жылы құрылған «Нақты көмек мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі екі жылдың ішінде 40 мүгедек жанды оқытып, өз істерін бастауға себепкер болған.
– Әрине, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға миллиондап қаржы бере алмаймыз. Бірақ тоқыма, тігін тігу, қолөнерге баулып, қолдарына арнайы сертификат береміз. Биылғы жылы 20 мүгедек жан тігін тігудің, ойып-пішудің қыр-сырын меңгеруде. Осы уақытқа дейін білім алып кеткендердің барлығы өз үйлерінде кәсібін бастап, жұмыс жасауда. Қазір ұлттық нақыштағы киім-кешектерге, қолөнер бұйымдарына сұраныс өте жоғары. Сондықтан өнімдерін өткеруде ешқандай қиындыққа кездесіп жатқан жоқ. Алдағы уақытта жұмысымыздың ауқымын бұдан да кеңейтіп, тағдырдың басқа салуымен үйде қол қусырып отырған мүгедек жандарды жеке кәсібі арқылы табыс табуға бейімдеуді жоспарлап отырмыз,– дейді «Нақты көмек мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Шолпан Ахметова.
Міне, әлеуметтік әділеттілікті ту етіп, өзін қоғамның ешкімнен кем емес бір мүшесіндей сезінуіне жағдай жасалуын мақсат тұтқан жарқын жоба облысымызда жүйелі жүзеге асырылуда. Осындай игі бастамалар арқылы нұротандықтар мүмкіндігі шектеулі жандар мен ерекше қажеттіліктерді талап ететін азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуды көздеп отыр.

Талғат НҰРХАНОВ

ПІКІР