Туған ауылын түлеткен түлектер

0 503

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, журналист Қали Сәрсенбай «Ауылға бата жасау үшін барамыз ба?» мақаласында: «Қазір қалаға келіп, бас сұғып алғандар ауылға шекесінен қарайтын болды. Ауылдан шыққанын тез ұмытып кететіндер көбейді. Адам дегеніңіз, дұрысы перзент дегеніңіз топырақтан тамыр үзсе, табаны тимесе Антей секілді жансызға айналмас болар ма?

…Ауылдың аты – бәрібір ауыл. Мал өрістен қайтып, күмпілдетіп сиыр сауып, әр үйдің ошағында сүт пісіп, сүт иісі аңқып, мәре-сәре болып жататын шақ азайғанымен, ауылға сол тіршіліктің түбі қайта оралатынына сенеміз.
Демек, бәрі өз қолымызда. Ол үшін ауылға тек өлім-жітімге бата қылу үшін ғана баратын пиғылдан арылуымыз керек», деп ой толғайды.
Егер белгілі қаламгер Жамбыл облысының, әсіресе Талас ауданының ауылдарын аралап, бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысса, жоғарыдағы ойы, көзқарасы мүлдем өзгерер еді. Таластық түлектердің ел игілігі үшін атқарып жатқан жұмысын қазақстандықтарға өнеге етіп, тағы бір тамаша мақала жазарына да сенімдіміз. Себебі соңғы жылдары Талас ауданының көптеген елді мекендерінде «адамның кіндік қаны тамған жерге маңдайының тері де таму керек» екенін жан-жүрегімен сезінген, ұғынған мектеп түлектері туған жерге тарту жасауды дәстүрге айналдырды. Нәтижесінде алтын бесік – ауылдар сұңқардай сыланып, тотыдай таранып, түрленіп, түлеп сала берді.

АҚКӨЛДІКТЕР ПАТРИОТИЗМНІҢ ҮЛГІСІН КӨРСЕТІП ЖҮР

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың «Жомарт түлек» жобасы да жамбылдық түлектердің жарқын істерге ұйытқы болып, өңірлердің өркендеуіне ықпал етуіне себепкер болуда. Мәні терең, маңызы бөлек жоба аудандарда жалғасып, түлектерді туған жермен қауыштырды.
Кеше Ақкөл ауылында өткен он, жиырма жылдық түлектердің туған жерде кездесуі, «Тәуелсіздік», «Түлектер» аллеяларының ашылуы – жарқын жобаның жемісі екендігіне еш шүбә жоқ.
Ақкөлдегі келелі кездесуге Талас ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек, «Nur Otan» аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Қартабаев қатысып, түлектердің демеушілігімен бой көтерген нысандарды аралап көрді. Алдымен аудан атқамінерлері мектеп бітіргендеріне 10 жыл болған түлектер жөндеу жұмыстарын жүргізген, жалпы құны 4,5 миллион теңгені құраған «Түлектер» аллеясының ашылу салтанатына қатысты. Жөндеу жұмыстарынан кейін қайта жаңғырған саябаққа брусчатка төселіп, декоративтік ағаштар отырғызылған. «Street workout» алаңшасы да жаңадан салыныпты.
Ғалым Тамабекұлы түлектердің жұмысына ризашылығын жеткізіп, мұндай игі істер әр ауылда жалғасуы керектігін баса айтты.
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында әлеуметтік-экономикалық қиындықтардан берекесі қашып, тозығы жеткен Ақкөл ауылының тіршілігіне бүгінде қан жүгіре бастады. Мемлекеттік қолдау артып, бір кездері кері кеткен көші түзелді. Ақкөлге әр келгенімізде жағымды жаңалықтардың куәсі болып жатамыз. Тақтайдай тегіс жолы, самаладай жарқыраған көшесі, жайлы демалыс орындары, жастарға жасалып жатқан жағдай… Бәрі-бәрі жанға ерекше әсер сыйлайды.
Ауыл көркейсе, халықтың әлеуметтік жағдайы да жақсарады. Сондықтан жақсылықтар жалғаса берсін. Елім дейтін ерлеріміз көп болсын, – деді Ғ.Қартабай.

Сол секілді Ақкөл орта мектебінің 2001 жылы бітірген, яғни 20 жылдық түлектері тозығы жеткен ескі саябаққа 7 миллион теңгеге жаңғырту жұмыстарын жүргізіп, «Тәуелсіздік» атауын берген. Саябақтың ортасынан металдан тақтайша орнатып, травертин тастарымен қаптаған. Тақтайшадағы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне – 30 жыл» деген көркем жазу да саябақтың сәнін келтіріп тұр. Сонымен қатар Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған логотип орнатылып, қанатты сөздер де жазылған.
«Тәуелсіздік» саябағының ашылуында құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Қанатбек Қайшыбекұлы түлектердің еңбегін жоғары бағалап, Ақкөл ауылын әлі алда үлкен өзгерістер күтіп тұрғанына сенім білдірді.
– Ұлттық патриотизм – кіндік қаның тамған жерден, туған өлкеге сүйіспеншіліктен басталады. Қалалық болып жүргендердің қай-қайсысы да осы шағын мекендердің топырағы сыйлаған сарқылмас қуаттың күшімен азаматтық болмысын қалыптастырып, өмірлік мақсатын орындап келеді. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» деп тереңнен қозғағаны да сондықтан. Ал ауыл түлесе – қазақ түлейді. Өйткені ауыл мен қазақ ажырамас ұғымдар.
Нұрсұлтан Әбішұлы айтқан ұлттық патриотизмнің айрықша үлгісін Ақкөл ауылының түлектері әр жылдары көрсетіп келеді. Түлектердің ұйымдасуымен атқарылған жұмыстарды дәл қазір бірнеше минутта түгендеп шығу мүмкін емес. Ең бастысы, алдыңғы буын ағалар өздерінен кейін жастарға сөзімен емес, нақты ісімен тәрбие беріп келеді. Ағалардың ақылын тыңдап, тәрбиесін көріп өскен жас кейін қалтасында артық бір шегесі болса да ауылының ауласына әкеліп қағуға тырысады, – деген Қанатбек Қайшыбекұлы ауылдағы өрт сөндіру бекеті, мәдениет үйі күрделі жөндеуді қажет ететінін, алдағы уақытта мәселе оң шешімін табатынын жеткізді.
Салтанатты шара ауыл өнер­паз­дарының концерттік бағдар­ламасына ұласты.
… Рас, жыл сайын облысымыздың кез келген елді мекенінде тұрғындардың жайлы тұрмыс кешуі үшін ауыз толтырып айтуға тұрарлықтай жұмыстар істелуде. Облыстық, республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, бір ауылда спорт кешені, бірінде мәдениет үйі бой көтерсе, енді бірінде сәні келіскен саябақтар салынуда. Ал осы тәрізді ауылдың ажарын ашып, көркін кіргізуді көздеген жұмыстардың көбі Ақкөл ауылында түлектердің күшімен атқарылуда. Ал мемлекет қаржысы елдің басқа игілігіне бағытталуда.
Сөзіміз дәйекті болуы үшін нақты бірнеше мысал келтірейік. 2018 жылы Талас ауданына қарасты Ақкөл ауылында соңғы қоңырау салтанатына орай түлектердің демеушілігімен салынған үш бірдей нысан ел игілігіне берілді. Алғашқысы – ауыл орталығынан бой көтерген, биіктігі 7,5 метрді құрайтын «Бақ құсы» композициялық монументі. Монументтің композициясында жер шары, оның үстінде қалықтаған қыран құс және еліміздің символы – қанатты барыс бейнеленген. Құрылыс жұмыстарына 8,5 миллион теңге жұмсалған. Ал нысанды салуға Ақкөлде туып-өсіп, кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтіп жүрген «Пырақ-құрылыс» компаниясының директоры Талғат Жолтаев, «Талас-құрылыс» компаниясының директоры Әсет Ахатаев, «Даму стройсервис» компаниясының басшылары Нұрлан Бердиев пен Шәріп Әбдірәсіловтер қаржылай қолдау білдірген.
«Даму стройсервис» компаниясының директоры Нұрлан Бердиевке хабарласқанымызда, туған жердің көркейіп, дамуына үлес қосу әрбір азаматтың парызы екенін тілге тиек етті.
– Ауылдың ажары – азаматынан. Егер әрбір қазақ кіндік қаны тамған ауылына қол ұшын созып, қарайласуды басты парызы санаса, талай елді мекеннің еңсесі тіктеліп қалған болар еді. Өкінішке қарай, ауылдан алыстап кеткен, ат ізін салмайтындар қаншама?! Көңілге қуаныш сыйлайтыны ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Туған жер» бағдарламасы талайды туған жеріне қайта жақындата түсті. Бағдарлама ел игілігіне бағытталған құтты қадам болғаны сөзсіз.
Ал осыдан үш жыл бұрын Ақкөл ауылынан шыққан кәсіпкер азаматтар бірлесіп, туған жерімізде «Бақ құсы» монументін салып бердік. Мұндағы мақсат – өткенге тағзым етіп, ертеңге елеулі із қалдыру. Бізден кейін де ауыл түлектері көптеген ілкімді істердің басы-қасынан табыла білді. Яғни көздеген мақсатымызға жеттік. Сенің ісіңнен басқалар тағылым алып, әрмен қарай жалғасып жатса, қандай керемет, – дейді «Даму стройсервис» компаниясының директоры Нұрлан Бердиев.
2018 жылы ашылған тағы бір нысан – Ақкөл және Ы.Алтынсарин атындағы мектептерді 20 жыл бұрын бітірген түлектердің демеушілігімен бой көтерген «Ақкөл спорт кешені». Нысанның құрылысына 15 миллион теңге қаражат жұмсалған. Спорт кешені барлық қажетті құралдармен жабдықталған. Жалпы сыйымдылығы 30 балаға шақталған спорт мектебінде қазіргі таңда ауыл жастары бірнеше спорт түрімен шұғылданып, аудандық, облыстық деңгейдегі турнирлерде топ жарып жүр.
Сол жылы білім ордасын 30 жыл бұрын тәмамдаған түлектер де 5 миллион теңгеге жаздық мәдени-спорттық ашық алаң салып, игілікті іске мұрындық болғаны да есте.
– 2008 жылы 20 жылдық түлектер жиналып, ауыл мешітіне бір «Газель» автокөлігін алып берген болатынбыз. Осылайша өсіп-өнген, қияға қанат қақтырған ауылымыздың қарлығаштың қанатымен су сепкендей әжетіне жарасақ деген оймен жақсылық жасауды алғаш рет біздің сыныптастар бастап, содан бері іні-қарындастарымыз үзбей жалғастырып келеді. Ал мектеп бітіргенімізге отыз жыл толғанда мәдени-спорт алаңын салып бердік. Бұның барлығы өзіміздің туған өлкемізге, тәлім-тәрбие берген ұстаздарымызға деген алғысымыз, – дейді Ақкөл ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің түлегі Айдар Болтаев.
Кезінде Талас ауданының орталығы болған үркердей ғана шағын ауылдың түлектері жасаған жақсылықтың алғашқысы да, соңғысы да бұл емес.
Өткен жылы Ы.Алтынсарин мектебінің 30 жылдық түлектері 5 миллион теңгеге қыр басындағы атшабар алаңын қайта жаңғыртты. Жаңғырту жұмыстары барысында атшабар аумағы тегістеліп, арнайы сахна жасалған. Іргетасы бетоннан құйылып, қабырғалары пескоблокпен көтеріліп, шатыры профнастилмен жабылған. Командалық көкпар шабатын орын да дайындалып, екі қазандық қойылған, – Ақкөл ауылының мектеп бітіргендеріне он, жиырма, отыз жыл толған түлектері жыл сайын соңғы қоңырау салтанаты қарсаңында туған жерге табан тіреп, мерекені абыройлы атап өтуді дәстүрге айналдырған. Бұл той тойлау емес, туып-өскен ауылының көркеюіне өз үлесін қосу.
Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепті және Ақкөл орта мектебін бітірушілер жиырма жылдығымызда ауылға кіреберісте «Бәйтерек» монументінің көшірме үлгісін орнатсақ, 2020 жылы отыз жылдықта атшабарға жаңғырту жұмыстарын жүргіздік.
Біздің алдымыздағы ағаларымыз да, кейінгі інілеріміз де ауылымызға бүгінге дейін көптеген игіліктерді тарту етті. Енді сол сыйларымыз ауылдастарымыздың бір қажетіне жарап, бүтін дүниелер бүлінбей тұрса екен дейміз, – дейді М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Мұнай-газ және механика» факультетінің деканы Кенжеғали Шилібеков.
Ал Ақкөл ауылдық округінің әкімі Жандос Ратов түлектердің «елге болсын» деген адал ниетінен туындаған, атқарылған жүйелі жұмыстар аясында ауылдың көптеген кем-кетігі түзеліп, жоқ-жітігі түгенделгенін айтады.
– Бақ қонып, құт дарыған Ақкөл ауылы бір кездері тоқырауды бастан өткерді. Жұмыссыздық жайлап, ауыл халқы қала жағалады. Халыққа түрлі қызмет ұсынып келген нысандар үйіндіге айналды. Кейін мемлекеттік бағдарламалар, жарқын жобалардың арқасында ғана ауылдың келбеті өзгеріп, халықтың тұрмысы да жақсара бастады. Әсіресе ауылда бақ-береке орнап, ырысы мен ынтымағы жарасып, ризығы тасуына туған жерге кіндігімен байланған түлектер өлшеусіз еңбек сіңірді. Тұрғындарды толғандырып жүрген, жастардың сұранысына басымдық беріліп, сан мәселе шешімін табуда.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасына сай түлектерді тарта отырып, туған жерді түлету бағытындағы жемісті жұмыстарымызды алдағы уақытта да жалғастыра беретін боламыз, – дейді Жандос Аманғалиұлы.

ОЙЫҚ КӨП АУЫЛДАН ОЗЫҚ ТҰР

Сол секілді Талас ауданына қарасты берекесі тасыған Ойық ауылында да түлектердің атсалысуымен қыруар тірлік тындырылған. Осыдан бірнеше жыл бұрын қомақты қаржыға ауылдың кіреберісінде арка бой көтеріп, алыстан менмұндалап тұр. Сондай-ақ тозығы жеткен саябақ күрделі жөндеуден өтіп, ауыл тұрғындарының кешкілік мезгілде сейіл құратын орнына айналған. Ал ауылдың орталық көшесінің бойынан шағын футбол ойнайтын алаңша пайдалануға берілгенде, әсіресе ауыл жастарының қуанышында шек болмаған еді. Айналасы ашық-шашық жатқан Ә.Тәжімбетов атындағы мәдениет үйі де қоршалып, сәні мен салтанаты жараса түсті. Түлектердің демеушілігімен балалар ойын алаңшасы салынып, мешіттің маңы абаттандырылған. Тіпті түлектер тұрмысы төмен отбасылардың үйіне көгілдір отын кіргізіп, ауылдастарының алғысына бөленген. Тізбелей берсек түлектердің ауылға жасаған тартуы тек мұнымен шектеліп қалмайды. Ең бастысы, алдыңғы буын бастап берген мән-маңызы зор дәстүрді кейінгі толқын да сәтті жалғастырып жүргені қуантады. Ойық ауылындағы тарихы терең Д.Қонаев атындағы орта мектепті 2011 жылы бітірген он жылдық түлектері биыл ауылдың аркасының тұсынан 2 миллионға жуық қаржыға киіз үй пішіндес демалыс орнының құрылысын жүргізіп, 23 мамыр күні салтанатты түрде лентасын қиды. Ал аталмыш білім ордасының 20 жылдық түлектері ауылдағы мешітке бұрын болмаған тазалық бөлмесін салып берген.
– Әрқайсысымыз еліміздің түкпір-түкпірінде қызметте жүргенімізбен, кіндік кескен туған жеріміздің біз үшін орны айрықша. Осында өстік, есейдік, үлкен өмірге қанат қақтық. Балалығымыз, шалалығымыз да осы ауылда қалды. Сол себепті мектеп бітіргенімізге он жыл толуына орай құр той тойлап қана қайтпай, ауылымыздың көркеюіне тамшыдай болсын үлесімізді қосуды ұйғардық. Сыныптастарымызбен 120 мың теңгеден жинап, ұлттық нақыштағы демалыс орнын дайындадық. Бүгінгідей қиын кезеңде 120 мың теңгенің де аз ақша емес екендігі айтпаса да түсінікті. Дегенмен сәл ұзасақ сағынатын, киесі өзіне қарай магнитше тартып тұратын ауылымызға, білім алған мектебімізге қандай жақсылық жасасақ та аздық ететіні сөзсіз, – дейді Д.Қонаев атындағы орта мектептің он жылдық түлегі Еділ Ғаниұлы.
Сондай-ақ кеше он-жиырма жылдық түлектердің ұйым­дас­тыруы­мен ұлттық ойындар, футбол, волейбол­дан жарыс өтіп, жеңім­паз­дарға бағалы сыйлықтар да табыс етіліпті.
– Осыдан 10 жылдан аса уақыт бұрын Д.Қонаев орта мектебінің 20 жылдық түлектері ең алғаш рет ауылдың кіреберісіне алыстан көз тартар арка орнатты. Содан бері түлектердің туған жерге тарту жасауы үзілген емес. Әр жыл сайын түлектер «Тұрғындарға не керек? Ауылда не жетіспейді?» деп, ауыл әкімшілігімен ақылдаса отырып өнегелі істер жасауда. Тіпті кейінгі жылдары отыз, қырық жылдық мектеп түлектері де ауылдың абаттандырылуына үлкен үлес қосуда. Яғни Ойық түлектері жақсылық жасаудан жарысуда. Осылайша мемлекеттік қолдаудың, түлектердің тындырымды тірлігімен Ойық көп ауылдан барлық жағынан озық тұр, – дейді Ойық ауылдық округінің әкімі Медет Үрістемов.

БАЯНДЫ БАСТАМА БАЙЗАҚТА ЖАЛҒАСЫН ТАПТЫ

Облысымыз бойынша алғаш рет Таласта басталған түлектердің туған жерге тартуы бүгінгі таңда басқа да аудандарда қолға алына бастаған. Атап өтер болсақ, жуырда ғана Кеңес ауылының мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған түлектері тұрмысы төмен Қайрат Каленовтің отбасына баспана кілтін табыс етті. Каленовтер отбасының қуанышына ортақтасқан аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов «Асарлатып үй салу» жобасының мәні мен мазмұнына екпін сала отырып, аталмыш игі істің ел ішінде қайта жанданып, мұқтаж кісілерге, жетім мен жесірге, аз қамтылған, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға шарапаты тие бастағаны – елдігіміздің үлкен сипаты екеніне тоқталды.
Өз кезегінде сөз алған қуаныш иесі Қайрат Каленов ауылдастарына отбасы атынан шын ниетпен алғысын жаудырды.

Жаңа тұрғын үйдің лентасын ауыл ақсақалдары Әштай Оразов пен Бекжасар Ермаханбетов қиған соң, ақ жаулықты әжелер шашу шашып, қуанышты бөлісуге келген ауылдастар құтты болсын айтысып жатты.
Сонымен қатар түлектер санитарлық талаптарды сақтай отырып, бірнеше спорт түрінен жарыстар ұйымдастырып, ауыл мешітінің асханасында марқұмдарға арнап Құран оқытты. Елді мекендегі екі отбасыға газ жүйесін орнатуға көмек көрсетті. Қатарынан екінші жыл осындай қайырымы мол, игі істі жалғастырып келе жатқан Кеңес ауылы жастарының бастамасы өзгелерге үлгі боларына сенім мол.
Ал Сарыкемер ауылындағы №1 мектеп-гимназияның 20 жылдық түлектері түлеп ұшқан алтын ұяларына қаржылай қолдау көрсетті. Сағынысып қауышқан түлектер білім нәрімен сусындатқан ұстаздарымен емен-жарқын әңгіме өрбітіп, өткен шақтың естеліктерінен сыр шертті. Ұстаздар қауымы бүгінгі таңда еліміздің әр қиырында, сан салада жемісті еңбек етіп жүрген шәкірттерімен мақтанатынын айтып, сый-құрметтеріне алғысын білдірді.

ЖАМБЫЛ АУДАНЫНЫҢ ТҮЛЕКТЕРІ ДЕ ЖАРАДЫ

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев­тың «Жомарт түлек» жобасы аясында түлектердің демеушілігімен жуырда Шоқай ауылында 1,5 миллион теңгеге ауылдың кіреберісіне арка және Шайдана ауылында 10 миллион теңгеге спорт кешені мен ауылдық спорт мұражайы пайдалануға берілді. Сонымен қатар Қарасу ауылдық округіндегі Қ.Сартбаев атындағы орта мектепті 2001 жылы бітірген Ащыбұлақ және Шайдана ауылының 1984 жылғы азаматтары балаларға арналған ойын алаңшасын салып берді.
Мектеп түлегі Олжас Амангелдіұлының айтуынша, құрылыс жұмыстарына 2 миллион теңге қаражат жұмсалған.

– Жылдар өтсе де мектепке, ұстазға деген сағыныш басылмайды екен. Бүгін сыныптастарымызбен бірлесіп, ауылға аз да болсын көмегімізді тигіздік. Арамызда бақилық болған азаматтардың ата-анасы айтулы шараға келіп, ойын алаңшасының кермесін қиып, ізгі-тілектерін білдірсе, ардагер ұстаздар оқушы кезіміздегі естеліктерді айтып, бір сергіп қалдық. Осындай бастама әр ауылда жалғасын таба берсе, туған өлке жасара беретіні сөзсіз,–дейді О.Амангелдіұлы.
Кеше Жамбыл және басқа да аудандарда түлектердің тартуы толастамады. Бәрінен де таластықтардың көпке үлгі болып, айрықша қолдауға ие болған бастамасының арқасында ауылға өлім-жітімге бата жасау үшін ғана емес, туған жерін түлетуді, шекесінен қарап, шіренбей шарапатын тигізуді мақсат еткен түлектердің көбейгені қуантады. Солай болуы заңдылық та секілді. Өйткені «Абайдан алыстап еш кете алмаймыз, планеталар секілді Күнді айналған» (Мұхамеджан Тазабеков) демекші, ауылдан да тамыр үзіп, алыстап кете алмаймыз.

Талғат Нұрханов

Leave A Reply

Your email address will not be published.