Рухани жаңғыру

Туған өлке тарихы – ұрпаққа тағылым

Written by Aray2005

Мойынқұм ауданында белгілі ғалым Жұлдыз Саурықова өзі оқыған мектепке «Рухани жаңғыру» орталығын ашып берді

Туған жер – ұстанымы ұлағат болған ұлтымыздың ғана емес, мың нәубетке мойымаған асқақ рухымыздың алтын бесігі. Тектіліктің төрі, тәлім-тағылымның тұғыры, адами құндылықтардың «құбыласы», перзенттік парыздың шұғыласы да өмірдің өзегіне айналған өскен өлке. Халықтың қалыбынан шыққан перзенттік парыз үшін оның құны жақұттай, бағасы бақыттай қымбат. Алғаш рет ауасын жұтып, кіндік қан тамған туған өлкенің кіршіксіз киесінен асқан құдірет жоқ та шығар, сірә. «Бақыттың мәні – парасаттылықта, әркімнің өз алдына игілікті мақсат қоя білуінде. Адамның өз мінез-құлқын, іс-әрекетін ерікті түрде өзгертіп, игілікке бағыттап отыруында» деп әлемге әйгілі ойшыл бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби айтқандай, өз жемісін рухани нәр алған туған өлкесіне бағыттап жүрген игі жандар да аз емес. Солардың бірі – белгілі ғалым Жұлдыз Саурықова жуырда өзіне қара танытқан қарашаңырақ Мойынқұмдағы жыр алыбы Жамбыл атындағы мектеп-гимназияға «Рухани жаңғыру» орталығын ашып берді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты өзекжарды мақаласында: «Қазақ «Туған жерге туыңды тік!» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» дей келе: «Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу –
шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі. Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті», деп жүрек сөзін жеткізген еді. Бұл күнде:
Көз жасын тағдыр-дауыл үріп төккен,
Адасқан талай бұлақ,
Құрып кеткен…
Бөгде елдің мұхитына құйылғанша,
Арман жоқ,
Өз шөліме сіңіп кетсем, – деп ақын Марфуға Айтқожина айтпақшы, түйір тасы мен топырағы тұмардай қадірлі туған жерге, қойнауы қазыналы тарихқа толы Мойынқұм ауданында өсіп-өнген өлкесіне, аяулы ауылына, алтын ұя мектебіне жыл құсындай қайта оралып, қанатынан қайырымдылықтың лебі ескен түлектер тобы да аз емес деп айта аламыз. Оған дәлел ретінде жуырда ғана өзі білім алған аудандағы Жамбыл атындағы мектеп-гиназияға өз қаражаты есебінен «Рухани жаңғыру» орталығын ашып берген ғалым Жұлдыз Саурықованың ілкімді ісін айтуға болады.
Мен де өзіңдей байтақ едім, кең едім,
Қызығыңды көріп еркін келемін.
Сен де аямай бердің маған барыңды,
Мен де аямай барым саған беремін, – деп қазақтың қаранар ақыны Қасым Аманжолов айтқандай, орталықтың ашылуына 3 миллион теңге көлемінде демеушілік жасап, қажетті құрал-жабдықтардың соңғы үлгідегі сапалысын сыйға тартқан ғалымның әрекеті әсте әр азаматқа үлгі. Жаңа орталықтың ашылуына аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев қатысып, Жұлдыз Мейірханқызының тартуына алғысын жеткізді.
– Әрбір перзент өзінің туып-өскен жерінің тарихын білу арқылы оның жауһар қадірін де жүрек пен санаға сіңіреді. Осы тұрғыда өскелең ұрпақтың игілігіне беріліп отырған «Рухани жаңғыру» орталығының жарқын болашақ, кемел келешегіміз үшін берері мол. Мұнда бұрынғыдай құр стендтер түрінде ғана емес, интернетке қосылған интерактивті тақта арқылы кез келген оқушы өзіне қажетті ақпаратты ала алады. Ауданның тарихы, аңыздары, мектептің шежіресі, онда әр жылдары қызмет атқарған және ел үшін еңбекпен із қалдырған тұлғалар туралы да толыққанды мағлұмат алуға мүмкіндік жасалған. Арнайы көрме, оқушылардың жайлылығына орай жиһаздармен де жабдықталған. Сонымен қатар Жұлдыз Мейірханқызы өзінің атасы, Мойынқұм жерінде зұлмат жылдар мен солақай саясат кесірінен есімі ел арасында ғана сақталып, еңбегі еленбеген, алайда сын сағатта туған еліне қорған болған, турашылдығы мен қамқорлығы үшін елі ардақтаған Сиха болыс туралы жазған кітабын да сыйға тартты. Әрине, ауданда бұған дейін Мағжан Жұмабаев, Қайрат Рысқұлбеков атындағы білім ошақтарында осындай орталықтар ашылып, оқушылардың ортақ мүддесіне қызмет етуде. Бұл орталық та өскелең ұрпақтың өрісін кеңейтер өнеге алаңына айналады деп сенеміз, – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Ж.Жазықбаев.
Бұл күнде 800 баланы білім нәрімен сусындатып жатқан мектеп-гимназияның директоры Нұртас Ұзақұлының айтуынша, оқушылар енді сабақ кестесіндегі Қазақстан тарихы пәнімен ғана шектеліп қалмай, өлкетану, Мойынқұм ауданының тарихнамасы, Қазақ хандығынан бастап, аудандағы елеулі тарихи оқиғалар, жергілікті тұлғалар туралы да мол мағлұматқа қол жеткізбек.
– Оқушылар үшін ғана емес, осында еңбек етіп жүрген 160 маман мен ауыл тұрғындары үшін де орталықтың пайдасы зор. Әсіресе, жас ұрпақтың таным көкжиегін кеңейту бағытында таптырмас тағылым құралы. Әрине, Мойынқұм жері тарихи мұраларға өте бай. Өкініштісі, олар жайлы жергілікті тұғындардың өзі, әсіресе жастардың көбі білмейді. Қазір жаңа орталыққа әдебиет, тарих пәні мұғалімдерінен құралған арнайы мамандар тобын бекітіп қойдық. Олар тарихи кинофильмдер көрсетіп, арнайы дәріс оқитын болады. Қазір орталық 40 оқушыға бір мезетте қызмет көрсетуге сақадай сай. Қыркүйек айынан бастап оқушылар игілігіне жұмыс жасайтын болады. Сонымен қатар біз мектепішілік радио жұмысын жүзеге асырмақпыз. Яғни апта сайын мектептегі, облыстағы жаңалықтарды, Биназар ата, Құралай сұлу секілді аудандағы тарихи орындар жайлы тағылымды мәліметтерді таратып отырсақ дейміз. Ол әсіресе шалғай ауылдардағы оқушылар үшін тиімді болмақ, – дейді аталмыш мектеп-гимназия директоры Нұртас Ұзақұлы.
Ұлт көшбасшысының еліміз тәуелсіздік алғалы бері өзінің әрбір Жолдауында ұлт болашағы, жастардың бәсекеге қабілетті болуы мен сапалы білім алуына барлық жағдайды жасауға үнемі басымдық беріп келе жатқанына куәміз. Жұлдыз Мейірханқызы да ел келешегіне зор үміт артатын даладай дархан жүректі жан. Ілім қуып, білім іздеп әлемнің қай төңірегі, қандай төрінде жүрсе де олардың ешқайсысын туған жердің босағасынан биік қойған емес. Оған туған ауылының тілеулес халқы мен аталған мектеп-гимназиядағы білім бәйгесіне бел буған оқушылардың ақжарма алғыс-тілегі-ақ дәлел.
– Ұлттық сананы жаңғыртатын уақыт жетті. Өткенімізге салауат айтып қана қоймай, ұлы өнегесін тарихи жадыға сіңіріп, кейінгі дамуымызға бағдаршам етіп ұстау қажеттілігі туындауда. Ең бастысы, ашылмаған ақтаңдақтар әлі көп. Әлемдік жаһандану жағдайында тұрған тәуелсіз мемлекетіміз үшін де тектілікті дәріптеу, яғни халқына рухани қолдау беріп, ұлттық-мәдени құндылықтарға аса мән беру – маңызды іс. Бүгінде ұлтын ұлықтауға бар күш-жігерін сарқа жұмсайтын ұрпақ тәрбиелеу ісі терең мазмұн мен қажеттілікке ие болуда. Ұлт көшбасшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылғандай, біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта тірілтуіміз керек. Сонда ғана бүгінгі алпауыт жаһандану дәуірінде өзіндік болмыс-бітімін сақтаған зайырлы мемлекет болып, рухани мәдениетінен нәр алған «Мәңгілік ел» бола аламыз. «Рухани жаңғыру» орталығын ашу идеясы осы мақсаттан туындаған болатын. Соған мол үлес қосады деп санаймын, – дейді үлкен жүректі Жұлдыз Мейірханқызы.
30-дан астам ғылыми-зерттеу мақалаларының авторы, ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері жоғары көрсеткішке ие, шетелдік һәм отандық білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті тізбесіне енетін басылымдарда жарияланып жүрген ілкімді ісі де, ізгі ізденісі де ғибратқа толы.

Ұлт көшбасшысы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», деп бекер айтпаса керек. Аталмыш орталық осы бағытта тікелей жұмыс жасайтын таным ошағы болмақ.

Нұржан Қадірәлі,

Мойынқұм ауданы

ПІКІР