"Тарих. Таным. Тағылым."

Туған өлке – тұнған тарих

Written by Aray2005

Туған жердің түйір тасы да тұмардай қадірлі, қастерлі һәм қымбат. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Біз – ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген. Біз тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін бұрын-соңды жасаған емеспіз» деп «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты жобаны қолға алуды тапсырған болатын. Жоба бұл күнде жоғары деңгейде жүзеге асып, Елбасы айтқандай ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағына айналған жауһар мұраларға жан бітірді. Киелі жерлердің тізіміне Әулиеата өңірінің бірқатар рухани символдары да енді. Біз осы орайда облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру» дирекциясымен бірлесе отырып, аймақтағы тарихи орындар жайлы деректер мен аңыздарды өздеріңізбен бөлісіп отыруды құп көрдік. Әңгіменің әлқиссасын аталмыш дирекцияның дестелеп берген деректерін діңгек етіп, талай аласапыранның куәсі болған киелі Жамбыл топырағындағы тарихи оқиғалардан бастасақ.

Атышулы Атлах-Талас шайқасы

Мәдениет пен өнердің сан алуан түрі тоғысқан Орта Азия аймағы ертеден-ақ Шығыс пен Батыс елдерінің назарында болып келген мекен. Әлем елдері көз тігіп отырған аймақтың стратегиялық орны бүгінде қаншалықты маңызды болса, ерте және орта ғасырларда да сондай маңызға ие болған. Орта ғасырлардың өзінде еліміздің шығысынан қытайлар жаулауды бастаса, батыста Араб империясының көз құртына айналған еді. Себебі шығыс пен батысты байланыстыратын Ұлы Жібек жолы мен табиғи байлықтар, сәулетті қалалар мен мал-жанға жайлы жерлерді иелену кімді де болса қызықтырмай қоймайды.
Орта ғасырларда Қытай мемлекетінде ішкі таластар пайда болып Хан әулеті Ұлы Қытай қорғанының батыс сыртына қарай бөлініп шығады. Олар бірте-бірте Жетісу аумағына ене бастайды. VІІ-VІII ғасырларда Орталық Азияның тарихында түркі тайпалары өзара қақтығысып, тарих сахнасына шыққан мемлекеттер жеке-жеке бөлініп тұрғандығы тарихтан белгілі. Осындай ұрымтал сәтті тиімді пайдаланған Таң империясы Түргеш қағанатының иелігіндегі аймақтарды басып алады.
Дәл осы тұста Орта Азия даласына Ислам дінінің де дендеп еніп келе жатқан уақыты еді. Арабтар Орта Азияға жорықтары барысында қытайлықтармен шиелініске тап болады. Осындай ірі шайқастардың бірі 751 жылы қазіргі Қазақстан мен Қырғызстанның шекаралас аумағындағы Талас өзенінің аңғарында болған. Қытай әскері мен мұсылмандар арасында жойқын ұрыс болып, мұсылмандар жеңіп шығады. Оқиға тарихта «Атлах шайқасы» деген атпен қалады. Бұл соғыс жайлы әл-Мағдиси өз еңбегінде: «Бес күнге созылған бұл соғыста Қытай әскерінің 45 мыңы өліп, 20 мыңы тұтқынға түсті» деп жазады.
Атлах шайқасы бүкіл Орталық Азияның тарихи, мәдени және саяси картасын өзгеріске ұшыратты деуге болады. Себебі мұсылмандардың жеңісі түркі халықтарын қытайдың басқыншылық саясатынан, идеологиялық қысымдарынан арылуға және ислам өркениетінің дамуына жол ашты.

Сұрапылдың куәсі Сұмқайтты

Қазақ даласында тарихи оқиғаларға, әсіресе жоңғар шапқыншылығына байланысты жер-су атаулары баршылық. Солардың қатарында Т.Рысқұлов ауданының орталығы Құлан ауылынан солтүстік-батысқа қарай 45 шақырым жерде орналасқан Әбілқайыр даласындағы «Сұмқайтты» деп аталатын жазықты алқап бар.
1728-1730 жылдардағы тарихымызда біріккен қазақ қолының жоңғар басқыншылығына қарсы жүзжылдық азаттық соғысында бетбұрыс жасаған ең ірі шайқастардың бірі болған «Сұмқайтты» даласын алғаш 1926 жылы жол құрылысының инженері және тарихшы М.Тынышбаев Шу-Талас өзендерінің аралығында зерттеу жүргізу барысында анықтаған.
1997 жылдары бұл жерді халық жазушысы Ә.Кекілбаев мұқият зерделеп, нәтижесінде «Үркер» романын жазып, Әбілқайырдың жаңаша тарихи образын ашса, тарихшы-ғалым М.Қозыбаев бастаған ғылыми экспедиция шайқас болған жерді жан-жақты зерттеген. Археологиялық зерттеулер барысында сарбаздардың қару-жарағы, ер-тұрман саймандары көптеп табылған.
Қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы күресіне байланысты «Әбілқайыр» атауы халық жасақтарын басқарған Әбілқайыр ханның құрметіне арналған.
1720 жылдардың соңында Әбілқайыр осы жерде болған жоңғарларға қарсы соғысты басқарған және өзенге жақын қалың бұталы, шөбі шүйгін жерді таңдап, тұрақтаған.
Кіші жүздің ханы Әбілқайыр бастаған үш жүздің жасақтары жоңғарларға қарсы қиян-кескі соғыс жүргізген. Кішігірім өзеннің көне арнасының маңында болған қантөгіс ұрыста қазақ батырлары жоңғарлардың шабуылына тойтарыс беріп қана қоймай, оларды өз жеріне қарай қайтуына мәжбүр етті. Ұрыс болған жер «Сұмқайтты», яғни қатыгез жаудың беті қайтты деп атала бастады.
Бұл туралы Ілияс Есенберлин «Көшпенділер» романының «Жанталас» деген бөлімінде «Үш жүздің әскері жауымен алғашқы рет Балқаш көлінің күнгейіндегі Алакөлдің тұсындағы Хан тауы деген жерде кездесті. Үлкен Орда ханы Болат пен бар қазақ әскерін басқарған Кіші жүздің ханы Әбілқайыр үлкен жеңіске жетті. Шұно-Дабо басқарған қалың жоңғар жеңіліп, Іле өзенінің бойымен шығысқа қарай қашты. Бұл жеңісті қазақ жұрты жоңғарлар аңыраған «Аңырақай» жеңісі деп атады. Алакөл жағасындағы ұрыс болған жерде қырқа, белес, асуларға «Әбілқайыр», «Сұмқайтты», соңынан «Сұңқайтты» болып өзгерген ат қойды» деп сипаттайды.

Ойқастаған жау ойран болған Ойранды

Қазақ халқының қилы тағдырында ел есінде мәңгілікке сақталып, ұзақ уақыт аңыз қылып айтып жүретін тарихи жер атаулары да жиі кездеседі. Осындай саяси маңызы бар орындардың бірі – Ойранды даласы. Ойранды жері Т.Рысқұлов ауданы, Жаңатұрмыс ауылының тұсындағы тау шатқалына кіреберістегі жазықты алқап.
Халқымыздың жер, тау, өзен, көл немесе басқа да дүниелерге ат қойғанда оның белгілі бір сыртқы көріністеріне немесе себеп-салдарына, мағынасына қарап қоятындығы ертеден-ақ белгілі. Сондықтан да бұл аумақтың Ойранды деп аталуы бекер емес. Ол қазақтың «ойран болды, ойраны шықты» деген сөздерімен мағыналас. Ескіден жеткен аңыз-әңгімелерде бұл дала қалмақтардың қазақтардан жеңіліп, ойраны шыққан жер еді.
Ойранды аумағындағы соғыс алаңында ірі-ірі тастар қатарынан тізбектеліп қойылған. Осы өңірдегі жергілікті халықтың аузында сақталған естеліктерде тізбектеліп қойылған тастар жоңғарлармен соғыс кезінде жау аттарының екпінін қайтару үшін қойылған деседі.
Көнекөз қариялардың айтуынша, «Ойранды», «Ақсарай», «Қалмаққия» деген жерлерде үлкен соғыс болған. Қалмақтардың соғысы Қазақ елінің тәуелсіздігіне мейлінше қауіп төндірді. Қазақ халқын талқандауды мақсат еткен қалмақтар өздерінің жоспарын тезірек іске асыруға талпынды. Бірақ Тоғызақ батыр жасақшыларымен тізе қоса жауға қарсы ерлікпен шайқасып, тойтарыс берген.
Ел аузында кең тараған әңгімелердің бірінде қалмақтар осы Ойранды даласында жеңіліп, асудан қашқан дейді. Олардың алдынан тойтарыс беріліп, қазіргі «Ақсарай» деген жерде жауды күтіп алып, тағы да соққы берген. Асуға барар жол қазақтардың қолында болғандықтан жаулар «Қаратас» жанындағы бітеу шатқалмен қашуға тура келген. Асу құз, жартасты болғандықтан тұрып қалады. Қашарға жер таппаған жау әскері ойраны шығып жеңілген екен.
Тағы бір аңыздарда Ойранды өзенінің маңында бір кездері қырғыз-қазақтың арасында қарулы соғыс болған көрінеді. Екі жақтан да адам шығыны көп болғандықтан, бұл жер «Ойран болады, Ойранды» деп аталған екен.
Белгілі қазақ қаламгері Әбіш Кекілбаев: «Қалмақпен шешуші соғыс Жамбыл облысы, «Тұтқынсай» деген жерде болған. Бұл жер Әулие бұлақ жеріндегі қазіргі «Ойранды» деп баяндайды.
Бүгінгі таңда шатқалдың етегінде «Әулие бұлақ» деп аталатын бастау ағып жатыр. Жергілікті халық жиі келіп бұлақтың көзін ашып, зиярат жасайды.

Төле би туған текті топырақ

XVIII ғасырдағы ұлт тарихының төрінен орын алатын тұлғалардың бірі – Төле би. Төле Әлібекұлының кіндік қаны тамған, туған топырағы Шу өңіріндегі Жайсаң жайлауы. Ел тағдырын абыроймен арқалаған бидің туған жеріне қойылған ескерткіш белгі Шу ауданы, Жайсаң қыстауынан шығысқа қарай 13 шақырым жердегі Үңгірлі өзенінің сол жағасындағы төбенің басына қойылған. Ескерткіштің биіктігі – 3,2, ені 1 м болатын қызыл мәрмәр тастан өңделіп жасалған.
Төле өз халқының шешендік-поэтикалық өнері мен дәстүрлерін жастайынан бойына сіңіріп өскен, зерделі, сауатты адам болған. 15-20 жасынан билердің бас қосқан жиналыстарына қатысып, өзінің әділдігі мен шешендік өнері арқасында дүйім жұртқа таныла бастайды. Ол өмір сүрген кезең қазақ пен жоңғар хандықтары арасындағы жаугершілік заманға тұспа-тұс келіп, саналы ғұмырын ел тағдырына арнаған. Төле би, Орта жүздің бас биі Қазыбек Келдібекұлы және Кіші жүздің бас биі Әйтеке Байбекұлы үшеуі Тәуке ханның бас кеңесшісі болған. Төле би Тәуке ханның Түркістанды Қазақ хандығының астанасы етіп бекіту, үш жүзді бір орталыққа бағындыру, Қазақ хандығын күшейту, туыс қазақ, қарақалпақ, қырғыз және өзбек халықтарының жоңғар-ойрат басқыншыларына қарсы әскери одағын құру сияқты маңызды мемлекеттік істердің басында жүріп, жүзеге асыруға белсене атсалысты. Тәуке хан өлімінен кейін Қазақ хандығы әлсірей бастайды. Ұлы жүзді басқарып отырған Төле би қазақтардың басын біріктіріп, оларды жоңғар басқыншылығына қарсы ұйымдастыра білген. Кей мәліметтер бойынша Төле би Абылай сұлтанның қайраткер ретінде қалыптасуына да ықпал еткен көреген ұстаз.
Төле би Абылай ханның ақылшы серігі ретінде және Қабанбай, Бөгенбай және Жәнібек батырлармен бірге біртұтас халық майданын құрып, азаттық жолында күрес жүргізген мемлекет қайраткері.
Халық ауыз әдебиетінде Төле би туралы көптеген тарихи аңыздар сақталып қалған. Халық арасында «Төле би айтты» деген мақал-мәтелдер, нақыл сөздер кең тараған. Шымкент, Түркістан және Ташкент қалаларында билік жүргізген Төле би сәулетті ғимараттар салуға да белсене атсалысқан. Төле би есімі күллі қазақ тарихына қатысты ірі оқиғалармен тығыз байланысты. Қазақтың қоғам қайраткері, ақылман, шешен, Ұлы жүздің бас биі, «Жеті жарғы» заңнамалық құжатын жасаушылардың бірі – Төле би 1756 жылы дүние салып, өзі 12 жыл билік жүргізген Ташкентте, атасы Жүніс ханның қасына жерленген.

Хандықтың алтын қазығы – Қозыбасы

Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған қазақ халқы Мойынқұм даласына келіп хандық құрып, ту тіккен Қозыбасы тауы ел тарихындағы маңызы жоғары қасиетті орындардың бірі.
Балқаш көлінен оңтүстікте, Хан тауынан солтүстік-батыста, Жамбыл тауынан шығыста жатқан кең алқаптың ортасындағы жота «Қозыбасы» деп аталады.
Керей мен Жәнібек хандарға қоныс болған құтты мекен – Шу аңғары мен Мойынқұм аймағын байланыстырып жатқан – Қозыбасы өлкесі 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енген.
Тарихи зерттеулерде бірнеше Қозыбасы атауы кездеседі. Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарихи Рашиди» еңбегінде Қазақ хандығының құрылған жері Шу бойындағы Қозыбасы жері екендігі айтылады. Ш.Уәлихановтың еңбектерінде «Қозыбасы» деген екі жердің аты аталған. Оның біреуі Верныйдан екі күндік жерде орналасқандығы көрсетіледі де, екіншісі белгісіз. Белгілі ғалым С.Жолдасбаев «Қозыбасы жайлауында Керей хан болған. Ал Шу деген жері қазіргі Шу теміржол бекетінің аймағында Үлкен Хан таудың шығыс жағында «Хан қорасы», «Хан сатысы», Хантауда «Үлкен хан тағы», «Кіші хан тағы» (немесе Бала хан тағы) деген тас хан тақтарының бар екендігі анықталды» деп жазады.
Мойынқұм жеріне Керей мен Жәнібек сұлтандардың келуіне байланысты бірнеше аңыздар сақталған. Соның бірінде, Сырдың бойынан тышқан жылы қара күзде бір түмен елімен ауа көшкен ағайынды Керей мен Жәнібек сұлтандар қыс түсе Мойынқұмға жетіпті. Құмды қыстап шыққан ел көктемде Тұлпарсазда Керейді ақ киізге көтеріп хан сайлап, өздерін «қазақ» деп атапты. Керей мен Жәнібек сұлтандар Шудың бойына шаһар салдырыпты, олардың жаз жайлауы Қозыбасы, Хан тауы мен Жамбыл тауларында, ал қыстауы Шудың бойы мен Мойынқұм екен. Шудың бойында он жылдай хандық құрған Керей хан Хан тауына жерленіпті. Керей хан дүниеден қайтқанына екі жыл толғанда оның ұрпақтары мен Жәнібек сұлтан Сырға қайта көшіпті. Бұл кезде Жәнібек аты Шу мен Сырға, Арқаға белгілі әрі батыр, әрі ақылды, ел құрметіне бөленген сұлтан екен делінген.
Келесі бір аңыздар Хан сайлауы кезінде ел жабыла қозы сойып топтанып етін жейді, бас сүйектерін бір жерге жинайды. Сөйтіп, бас көп үйілген жер «Қозыбасы» аталған десе, тағы бір аңыздарда аталған шоқы қозының басына ұқсағандықтан «Қозыбасы» – аталып кеткендігі айтылады.

Дайындаған Нұржан ҚАДіРӘЛІ

(Жалғасы бар)

ПІКІР