«Туған жер – жырым да сен, сырым да сен!»

0 11

Қаратау қаласындағы Ұлбике ақын атындағы аудандық мәдениет үйінде ақын, сазгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Үміт Битенованың «Туған жер – жырым да сен, сырым да сен!» атты шығармашылық кеші өтті. Талас топырағынан түлеп ұшып, қазақ әдебиетінің белді өкіліне айналған шығармашылық иесінің кешіне қаламгердің талантын құрметтейтін, сөз өнерін сыйлайтын адамдар көп жиналды. Жылышырайлы жүздесуде сөз алған Талас ауданы әкімінің орынбасарлары Дулат Оспанов пен Серік Дадабаев, аудандық мәслихаттың хатшысы Арқабек Төлебаев қаламгердің шығармашылығына тереңірек тоқталып, ақынның ішкі жан дүниесін, азаматтық бейнесін айшықтап бергендей болды.

Мұнан кейін Үміт Қыранқызы алқалаған әлеуметке ақ алғысын жолдап, жалынды жырларын оқып, ел арасында кеңінен таралған танымал әндерінің шығу тарихына тоқталды. Сонымен қатар Үміт Битенованың жылдар бойы жүрегін жарып шыққан сырға толы сұлу жырлары топтастырылған «Мендегі іңкәр махаббат» өлеңдер жинағының және «Қай жерден кетті қателік?» прозалық кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Зүбайра Сембина, облыстық ардагерлер кеңесі ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Сайлаухан Ашанов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байұзақ Көлбаев, облыстық «Іскер әйелдер» қауымдастығының өкілі Оразкүл Тастемірова, кәсіпкерлер Туғанай Жолақова мен Клара Кайыпова, ТарМПУ-дың профессоры Клара Көшімбетова, мемлекеттік қызметтің ардагері Гүлнар Тұрсынбекова ақын кітаптарының тұсауын кесіп, кеш иесіне шығармашылық табыс тіледі.
Шара барысында сазгердің «Аққанат көбелек, аппақ қар», «Мама», «Қыздар, қыздар» әндері шырқалып, Қаратау қаласындағы №1 лицей мен Д.Қонаев атындағы мектептің оқушылары Үміт Битенованың өлеңдерін жатқа оқыды.
Мәртебелі поэзия салтанат құрған кеште Үміт Битенова өз өлеңдерін оқып, келген қонақтарға және көрерменге алғысын білдірді.

Талғат НҰРХАНОВ

Талас ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.