Туған жерге тарту

0 5

ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі екеніне кеңінен тоқталған.

Елбасы аталған мақаласында: «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, «Туған елге» ұласады.
…Екінші, басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек.
…Осы арқылы қалаларды көгалдандыруға, мектептерді компьютерлендіруге, жергілікті жоғары оқу орындарына демеушілік жасауға, музейлер мен галереялар қорын байыта түсуге болады. Қысқаша айтқанда, «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналады. Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады», – деп атап көрсетті.
Бүгінде өзі түлеп ұшқан мектебіне, туған ауылына қол ұшын созған қалталы азаматтардың қатары еселеп артып келеді. Олар ел-жұртына деген жанашырлық, қамқорлық кейпінен айнымай, шамасы келгенінше ағайынға болысып, бірі мектеп, спорттық кешен немесе мешіт салдырса, тағы бірі баспанаға мұқтаж жандарды қуантып немесе ауруханаға шетелдік құны қымбат медициналық құрылғы әперіп, қайырымдылық жасаумен айналысып жүр. Өзі туып-өскен ауылына қолдау көрсету арқылы өңір экономикасының көтерілуіне тамшыдай болса да үлес қосып жүрген азаматтар Байзақ ауданында баршылық. Аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Салтанат Иманованың айтуынша, былтырдың өзінде аталған бағдарламаның «Туған жер» жобасы аясында көптеген игі істер атқарылыпты. Мәселен ауданның жеке кәсіпкері, «Алди и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жамалбек Есенқұлов Бәйтерек ауылдық округіне қарасты Қосақ ауылының тұрғыны Талғат Бұралқиевтің отбасына 1,5 миллион теңгеге тұрғын үй сатып алып берген. Мәдімәр ауылының тұрғыны, «Рахымбек» шаруа қожалығының төрағасы демеушілік көрсетіп, ауылындағы «Мәдімәр» мешітіне құны 1 миллион теңгеге қоршау жұмыстарын жүргізіпті. Талас ауылының тұрғыны, «Ағали» шаруа қожалығының төрағасы Нәби Ағалиев өз қаражаты есебінен демеушілік көрсетіп, Базарбай ауылында мешіт құрылысын жүргізген. Жобалық құны 20 миллион теңгені құраған мешіт былтыр күзде салтанатты түрде ашылып, жамағатқа пайдалануға берілген екен.
– Байзақ ауданының Бурыл ауылында кәсіпкер Таласбек Шертаев 4,5 миллион теңгеге кіші футбол алаңын салып, қазір ауыл жастарының қажетіне жарап отыр. Сондай-ақ аудандағы жас еріктілердің қолдауымен «Асарлатып үй салу» жобасы қолға алынып, бірқатар жұмыстар атқарылды. Нақты айтқанда, «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша кәсіпкерлердің көмегі­мен 17 ауылдық округте тұрмыс жағ­дайы төмен отбасына, жалғызбасты анаға, мүгедек баланы асыраушыға,
ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі тұрғынға баспана салу ісі қолға алынып, 17 ауылдық округтің 9-ында жаңа баспана иелеріне табысталса, қалғаны осы жылы пайдалануға беріледі. Сонымен қатар биыл Темірбек ауылдық округіне қарасты екі ауылда «Жомарт түлек» жобасы аясында шағын футбол алаңы салынып жатыр, – деді Салтанат Бәйтеліқызы.
Темірбек ауылдық округінің әкімі Артур Өтебаевтың айтуынша, Шахан, Сарбарақ, Тегістік ауылын қосқанда округке қарасты осы үш елді мекендегі 2 195 адамның 33 пайызы әртүрлі спортпен шұғылданады екен. Оның ішінде 269-ы 14-29 жас аралығындағы, 235-і одан жоғары жастағы тұрғындар көрінеді.
– Ауылдық округ бойынша 11 спорттық нысан бар болса, оның ішінде үш ауылда да үлкен футбол алаңы бар. Тегістік ауылының жастары Ә.Жанқұлиев атындағы орта мектептің спортзалы мен баскетбол, волейбол алаңын және бір көше жаттығу алаңын пайдаланып жүр. Осындай волейбол, баскетбол алаңы қалған екі ауылда да бар. Енді демеушілердің көмегімен салынып жатқан ауылдық округтің орталығы – Тегістік ауылындағы және Сарбарақтағы шағын футбол алаңы іске қосылса, спортпен айналысу­шы­лардың саны өседі деген ниеттеміз. Әрбір ауылда жасөспірімдер мен тұрғындарды спортқа тарту мақсатын­да әртүрлі іс-шаралар тұрақты өткізі­ліп келеді. Былтыр округ бойынша ұйымдас­тырылған 29 іс-шара­ның дені індетке байланысты онлайн режимде өтті. Жастардың спортпен, оның ішінде шағын футбол­мен айналы­суына қолайлы жағдай жасап отырған атымтай жомарт азамат­тарға айтар алғысымыз шексіз, – дейді Артур Тұйғынұлы.
Тегістік ауылындағы құны 8 миллион теңгелік шағын футбол алаңының құрылысы осы ауылдағы «АС» шаруа қожалығының демеушілігі есебінен жүргізіліп жатыр екен. Аталған қожалықтың иесі Айдос Амиров атадан алтау туған бауырларының ішінде көзі тірісі бес ағайынды жігіт екенін айтады. Олар ақылдаса келе, Ә.Жанқұлиев атындағы орта мектеп ауласынан шағын футбол алаңын салып беруді жөн санапты. Бүгінде мұнда 3 миллион теңгенің жұмысы атқарылған.
Туған ауылының түлеп, түрленуі жолында адал еңбегі мен маңдай терін төгіп жүрген азаматтың бірі – Атырау қаласының тұрғыны Нұржан Сембеков. Ол Шахан ауылында туып-өскенімен, бастауыш сыныпты Сарбарақ негізгі мектебінде оқыған екен.
– Туған ауылыңа, ағайын-туысқа қол ұшын беріп, құрмет көрсету өскен ортаңа да байланысты. Біз ел десе елжіреп тұратын пейілді ауылдың үлкендерінен, туған жердің топырағынан бойымызға сіңіріп өстік. Атырауда күн кешіп жатқаныма биыл 21 жыл болады. Жырақта жүрген соң әркез туған ауылыма келіп, мауқымды басып кететінім бар. Сондай сәттерде сылағы түскен үй, тозығы жеткен бұйым көрсем қабырғам қайысады. Құдай пейілді тарылтпаса, жоқ-жітікті түгендеп, кем-кетікті бүтіндеуге болады. Осындай ұстаныммен бұдан бұрын да мектепке музыкалық аппарат әперу, мешітке қол ұшын созу секілді майда-шүйде көмегімді беріп жүрдім. Елге болысу қабырғасына шыр біткен әр қазақтың міндеті болуға тиіс. Бір жолы өзім бастауыш сыныпта оқыған Сарбарақ ауылындағы білім ошағының маңынан өтіп бара жатып, қалың ойға баттым. 9 жылдық білім мекемесінде біздің кезімізде де спортзал болмаған еді. Ең болмаса шағын футбол алаңын салып берейін деген оймен арнайы бұрылып, мектеп директорына жолықтым. Одан кейін аудандық білім бөлімінен мектептің қарама-қарсы бетінен шағын футбол алаңын салуға рұқсат алдым. 8 миллион теңгелік нысанның қазір шеті қоршалып, қақпалары орнатылып қойды. Енді құм мен арнайы газон төсеу жұмыстары қалып отыр. Өз өлкеңнің өркендеуіне, туған жеріңнің түлеуіне атсалысу – азаматтықтың белгісі. Мұндай игі іс жасау кез келген кәсіпкер не қомақты қаржысы бар адам үшін үрдіске айналуы керек, – деді Атырау облысының «Ескерткіш қызмет Қазақстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылыс менеджері Нұржан Әлиұлы.
Кім бай сол туған жеріне көмектесуі керек деп міндеттеу адамшылыққа жатпайтыны белгілі. Әйтсе де осындай жомарт жандардың қатары көбейсе, өзгелер содан үлгі алса деп тілейтініміз анық. Бастысы әр адамның жүрек түкпіріндегі туған ауылына, еліне деген сағынышы, мейірімі, қамқорлық пейілі сөнбесе екен.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ,

Байзақ ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.