Жамбыл жаңалықтары

Тұғыры биік, тірлігі мығым Таластың…

Written by Aray2005

Қойнауы қазынаға толы қарт шаһар Қаратауға жол түспегелі де артық-кемі жоқ тұп-тура бір жылдың жүзі болған екен. Әлеуметтік желі және баспасөз арқылы Талас ауданының бүгінгі тыныс-тіршілігіне сырттай қанығып отырып, қаланың қарышты қадамы, қарқынды қарымы көңілді өсіріп-ақ тастайтын. Таяуда жұмыс барысымен Қаратау қаласына арнайы ат басын бұрып, жыл ішінде жүзеге асқан жарқын жобаларды, игілікті істерді көзбен көрудің сәті түсті.
Иә, заманында өрлеуді де, тоқырауды да бастан кешкен Қаратау қаласының бүгінде әл-қуаты жыл санап артып, даму көкжиегі кеңейіп келеді. Шаһардың шырайы кіріп, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өсіп-өркендеуде. Халқының саны да бұрнағы жылдармен салыстырғанда едәуір артып, ел-жұрттың тұрмыс-тіршілігі де жақсара түсуде. Төрт түлік мал өсіріп, дала төсінде еңбек көрігін қыздыруға әбден машықтанған аудан тұрғындарының бүгінде ырысты тірлігі жалғасын тауып келеді.

ӨНДІРІС ӨРКЕНДЕСЕ, ӨҢІР ДЕ ӨРГЕ БАСАДЫ

Қашанда қаланың өркендеуі өндірістің өрге басуына тікелей байланысты. Бұл күнде аудан орталығындағы бірқатар ірі және орта өндірістік кәсіпорындар шаһар бюджетін еселеп келеді. Есепті мерзімде 14 миллиард 777 миллион 900 мың теңгеге өнеркәсіп өнімдері өндіріліп, көрсеткіш 114 пайызға орындалыпты. Атап өтер болсақ, елімізде баламасы жоқ кәсіпорын «Talas Investment Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жыл басынан бері 5 722 тонна натрий цианидін және 1 869 тонна аммоний сульфатын өндірген. Сол секілді «Жамбыл Недр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 7,481 мың тонна клинкер шикізатын және 5 015 тонна цемент, «Қаратау ПРО» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 43 327 тонна ұнтақталған мәрмәр, «Амангелді ГАЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 172,2 миллион текше метр табиғи газ және 8,8 мың тонна газ конденсатын, «Шолақтау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 53,5 мың тонна ұсақталған фосфат шикізатын өндіріпті.
Негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі болжаммен 10 миллиард 126 миллион 500 мың теңгені құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 1 миллиард 850 миллион теңгеге артық орындалған.
Талас ауданының әкімі Досмаханбет Алиевтің айтуынша, индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының ықпалымен өңір тұрғындарының табысы артып, жұмыссыздық деңгейі төмендеген.
– Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының бірінші және екінші бесжылдығында жалпы құны – 374 миллиард 811 миллион 700 мың теңгені құрайтын
4 ірі инвестициялық жоба жоспарланып,
18 миллиард 211 миллион 700 мың теңгеге 3 жоба іске асырылды. Мәселен, 2014 жылы бағдарламаның бірінші бесжылдығында жүзеге асқан, жалпы құны 22, 6 миллиард теңгені құраған «Talas Investment Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қазіргі таңда аймақ экономикасының өсуіне сүбелі үлес қосуда. 2015 жылы екінші бесжылдықта жалпы құны 3,4 миллиард теңгені құрайтын жылына 300 мың тонна цементін өндіретін «Жамбыл Недр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылысы аяқталды. Өндіріс орнында қазіргі таңда 173 адам жұмыспен қамтылған.
2016 жылы жалпы құны 1 миллиард
946 миллион теңгені құрайтын 1 инвес­тициялық жоба өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізіліп, жылына 110 мың тонна мәрмәр тасын өңдеп шығаратын «Қаратау Про» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылысы аяқталды. Бүгінде аталған зауытта 96 адам жұмыспен қамтылған.
Сонымен қатар ағымдағы жылы «ЕвроХимТыңайтқыш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Минералды тыңайтқыштарды өндіру Химзауытының құрылысы» жобасы республикалық индустрияландыру картасына енгізілді. Бұл жобаның жылдық қуаты
1 400 тонна минералды тыңайтқыш өндіруге негізделген. Жобаның құны – 365,5 миллиард теңге. Жоба іске қосылғанда 2 000 жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде, – деген Досмаханбет Қасымұлы келесі кезекте индустриалды аймақ аясында атқарылған кешенді жұмыстарды тілге тиек етті.
Өңірде индустриалды аймақ құру үшін Талас ауданы әкімдігінің 2014 жылғы 15 тамыздағы №299 қаулысымен
20 гектар жер учаскесі бөлініп, қосымша Талас ауданы әкімдігінің 2017 жылғы 17 шілдедегі №219 қаулысымен тағы 20 гектар жер учаскесі берілген екен. Аудандағы 40 гектарды құрайтын индустриалды аймақтан құны 1 миллиард 867 миллион 600 мың теңгені құрайтын, қуаттылығы 4,5 мВт болатын жел электр энергиясын өндіру мақсатында «Wind Power city» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне
10 гектар жер учаскесі берілген. Сонымен қатар қуаттылығы 4,5 мВт болатын, құны 1 миллиард 867 миллион 600 мың теңгені құрайтын жел электр энергиясын өндіру мақсатында «Wind Electricity» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне де 10 гектар жер учаскесі берілген. Аталмыш екі жобаның жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, келісу және бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда «Wind Power city» ЖШС тарапынан ауданға 1 миллиард 142 миллион 200 мың теңге инвестиция тартылған.
Қалған 20 гектар жерге алдағы уақытта аграрлық сала немесе басқа да бағыттар бойынша жобаларды шоғырландыру көзделуде.

БАЯНДЫ БАҒДАРЛАМАЛАР ЖЕМІСІ

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей қолдауымен елімізді өркендету мақсатында бірқатар баянды бағдарламалар мен жемісті жобалар жүзеге асырылуда. Әсіресе, кәсіпкерлік саласын дамыту басым бағыттардың біріне айналып, бүгінде осы салада бағын сынап жүргендер толағай табысқа кенеле бастады. Мысалы, «2017-2021 жылдарға арналған «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасы» аясында көп шаруа қолға алынған. Сондай-ақ «Бизнестің жол картасы – 2020» секілді бағдарламалар да бүгінде бизнесті дамытуды қолға алғандар үшін нағыз көмекші әрі демеуші құралға айналды. Жұмыс сапарымыз барысында Қаратау қаласында да түрлі бағыттағы мемлекеттік бағдарламалардың жемісті жүзеге асып, шарапатын көріп, шалқып отырғандардың аз емес екеніне көзіміз жетті. Мәселен, «Бизнестің жол картасы– 2020» бағдарламасының бірінші және екінші бағыттары бойынша биылдың өзінде 152,5 миллион теңгеге 9 жоба жүзеге асырылған. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының көптеген жемісті жобалары мен қолдауының арқасында аймақтағы іскер азаматтар ел сүйсінер тірлікті қолға алыпты. Олардың қатарында табыстың кілтін кәсіпкерліктен тапқан Аманжол Бекбергенов те бар.
– Үкімет қазір кәсіпкерлікпен айналысамын деген жанның бетін қағып жатқан жоқ. Керісінше жан-жақты қолдау көрсетіп, түрлі жеңілдіктер ұсынып отыр. Үлкен мүмкіндіктер беріліп тұрғанда неге өз қажетімізге жаратпасқа?! «Кедейдің кербезінен сақта» демекші екі қолға бір күрек таппай жүріп, мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие алғысы келмейтіндерді де кездестіремін. Дегенмен, пайыздық жеңілдіктердің өзі жаңадан ісін бастаған кәсіпкерге үлкен демеу емес пе? Әрине, миллиондаған қаржыға кәсібін ашып, жүргізіп кету оңай емес. Сондықтан алдын ала нақты жоспар құрып, барлығын есептеп барып, шешім қабылдаған дұрыс.
Өзім биылғы қаңтар айында мейрамхана ашу мақсатында «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 29,5 миллион теңге несие алдым. Жыл бойы аянбай маңдай терімізді төгіп, еңбек еттік. Нәтижесінде жүз елу адамға қызмет көрсететін «Хан сарайы» мейрамханамыз жұмысын бастады. Мұнда 5 жаңа жұмыс орны ашылды, – дейді таластық кәсіпкер Аманжол Бекбергенов.
Сол секілді аталған бағдарлама аясында Нұрбол Байжанов 8 миллион теңге несие алып, «Нұр Дос» жиһаз дүкенін ашса, Алтынбек Сарсалиев несиеге алған 16 миллион теңгеге азық-түлік дүкенінің құрылысын жүргізіп, қазіргі таңда кәсібін дөңгелетіп отыр. Сонымен қатар «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында ауданда 47,1 миллион теңгені құрайтын 6 жоба оң шешімін тапты.
Сондай-ақ Еуразиялық қайта құру және даму банкі, ҚР Білім және ғылым министрлігінің бірлесуімен жүзеге асқан «Zhas Project» жобасынан таластық жастар да қалыс қалмапты. Бұл бағытта ауданнан барлығы 33 жоба ұсынылып, оның бесеуіне қолдау көрсетіліпті.
– Аспаздық өнер бойынша тегін шеберлік сыныбын өткізуге негізделген жобам
1 миллион теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа ие болды. Жоба туралы алғаш рет естігенде «Неге бағымды сынап көрмеске?!» деген ой келді. Сөйтіп өзім шамалас, бала күтімімен үйде отырған 3 келіншекпен бірлесіп, жобамызды дайындадық. Жалпы, жобаға қатысудағы мақсатым – өзім секілді жұмыссыз жас аналарға мүмкіндігімнің жеткенінше көмектескім келді. Жобаға қатысардың алдында тұрақты жұмысым болмағандықтан тапсырыс қабылдап, тәттілерді үйден пісіріп жүрген едім. Сондықтан бұл саланың қыр-сырына жете қанықпын десем де болады. Ал қазір ниет танытушыларды аспаздыққа баулудамын. Мен алдағы айларда 100 адамды аспаздық өнерге үйретемін деп алдыма мақсат қойдым. Қазір аптасына 4 мәрте шеберлік сабақтарын өткізу арқылы айына
20 адамды оқытудамын, – деген «Zhas Project» жобасының жеңімпазы Динара Әбдікерімва еңбек етемін, табысқа кенелемін дегенге жұмыс та, бастапқы қаржы да табуға болатынын айтады.

АСЫРАУШЫ САЛА АЛШАҢ БАСУДА

Асыраушы сала алшаң баспай, дәулетті бола алмайтынымыз анық. Сондықтан да Елбасының агроөнеркәсіп кешені ел экономикасын дамытудың драйвері болуы керектігі туралы тапсырмасын орындау мақсатында ауданда ауыл шаруашылығы саласын әрі қарай дамытуға айрықша басымдық берілуде. Биылғы жылы аймақта 9 миллиард 135 миллион 900 мың теңгеге ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, 101,9 пайызға орындалған. Аудан халқының жан басына шаққандағы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 165,5 мың теңгені құрайды.
– Ауданда соңғы жылдары саланың әр бағыты бойынша нәтижелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Әсіресе, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту ешқашан күн тәртібінен түскен емес. 2018 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау бойынша қабылданған 264 өтінім облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына өткізілді. Жалпы, есепті жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша шет елден 103 бас ірі қара малын сатып алу жоспарланған болатын. Есепті мерзімде Аққұм ауылдық округі, «Байбакир» шаруа қожалығы 25 миллион теңгеге 40 бас ірі қара малын сатып алды. Жоспар әзірге 40 пайыз орындалды. Қазіргі таңда Үшарал, Қызыләуіт, Ойық ауылдық округтеріндегі
5 шаруашылықтан 172 миллион теңгеге 407 бас мүйізді ірі қара сатып алуға құжаттары несие серіктестіктеріне өткізілді. Яғни, меже жыл соңына дейін толығымен орындалады. Сонымен қатар аталған бағдарлама бойынша 3 530 бас Шопан ата төлін сатып алу жоспарланған. Бүгінгі күнге 6 шаруашылық 75,6 миллион теңгеге 2 675 бас қой сатып алды.
Қысқы мал азығын дайындау бойынша да жыл бойы жұмыстар жүргізіліп, жоспар артығымен орындалды. Ауданда ағымдағы жылы 123 300 тонна ірі сабақты мал азығын дайындау межеленіп, 132 825 тонна ірі сабақты мал азығы дайындалды. Жем-шөп қоры артығымен жиналғандықтан, қыстан қысылмай шығамыз деген ойымыз бар.
Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы ағымдағы жылы 15 техника алу және 137 техниканы есептен шығару межесін қойған болатын. Қазіргі уақытта 9 техника алынып, 86 техника есептен шығарылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.
Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасымен суармалы егіс алқабын ұлғайту бойынша да нақты жұмыстар жүргізілді. 1991 жылдан бері айналымнан шығып қалған егістік алқабын ұлғайту бағытында жоспардағы 500 гектар белгіленіп, ол меже 800 гектарға орындалды. Сондай-ақ облыс әкімінің 2018 жылғы 16-қаңтардағы қолданыстан шығып қалған егістік жерлерді қайта айналымға қосу жөніндегі №10 хаттамалық тапсырмасын орындауға бағытталған іс-шаралар жоспарын орындау мақсатында Берікқара ауылдық округіндегі 592,5 гектар, Қаратау ауылдық округіндегі 2 621 гектар жерге қолданыстан шығып қалған егістік жерлерді зерделеу жұмыстары жүргізілді, – дейді Талас ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ауданбек Ерубай.
Ауданбек Тәжібекұлының сөзіне сүйенсек, күзгі жиын-терімде жылдағыдан да мол өнім алынып, көрсеткіш еселене түскен. Жалпы, биылғы жылы 3 500 гектар күздік бидай және 712 гектар жаздық арпа, 380 гектар дәндік жүгері орналастырылған. Биылғы науқанда 4 212 гектар масақты дәнді-дақылдардың әр гектарынан 18 центнерден өнім алынып, барлығы 7 582 тонна астық жиналыпты.

АЛДАҒЫ МІНДЕТ АУҚЫМДЫ

Жастарға айрықша көңіл бөлген мемлекет қана саяси және экономикалық табысқа жете алатынын жете түсінген аудан басшылығы өзге салалармен қатар, жастар саясатын да назардан тыс қалдырмаған. Нәтижесінде бүгінгі таңда аймақта жастарға қатысты түйіні тарқатылуға тиіс мәселелер оң шешімін тауып, ел мүддесін асқақ ұстайтын дарыны мен қарымы келіскен жастар тәрбиелеу мақсатында жасалып жатқан жүйелі жұмыстар да жетерлік.
Бүгінгі таңда аудандағы жастар халық санының 25, 5 пайызын құрап отыр. Талас аудандық жастар ресурстық орталығы қызметкерлерінің жауапты сала мамандарымен бірлесе атқарған жұмыстарының нәтижесінде өткен жылдармен салыстырғанда аймақта жастар арасындағы қылмыс әлдеқайда азайған. Сонымен қатар жұмыссыз жастардың дені тұрақты жұмыспен қамтылып, бүгінгі таңда ел игілігі үшін аянбай еңбек етуде.
Аудандағы мұнан өзге де жетістіктер жемісін тілге тиек еткен аудан әкімі Досмаханбет Алиев биылғы табыс пен алдағы атқарылатын жұмыс жоспары туралы әңгіме өрбітті.
– 2018 жылдың басынан қаңтар-қазан айларында ауқымды міндеттерді жүзеге асырып, барлық сала бойынша жақсы көрсеткіштерге қол жеткіздік. Бұл табысымыз арқылы біз еліміздің экономикасы мен халықтың әл-ауқатының көтерілуіне тамшыдай болсын үлес қосып отырмыз.
Әрине, бір жыл ішінде атқарылған жұмыстардың барлығын тізбелеп шығу мүмкін емес. Дегенмен, бірқатар негізгі салаларға тоқталып өткенді жөн көріп отырмын.
Биыл құрылыс жұмыстарының көлемі
4 миллиард 58 миллион 600 мың теңгені құрап отыр. Аудан бойынша пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі 35 727 шаршы метрге жетті. Бұл көрсеткіш 2017 жылдың есепті айымен салыстырғанда 28 822 шаршы метрге немесе 5,1 есеге артық орындалды.
Ауылдық округтердегі медициналық мекемелер телефон желісімен толығымен қамтылған. Аудандағы барлық 7 дәрі­герлік амбулатория, 6 ФАП компьютер техникасымен жабдықталған және ғаламторға қосылған. Елді мекендердегі
7 амбулаторияда санитарлық автокөлік бар. Аудандық аурухана дәрі-дәрмектермен 100 пайыз республикалық бюджеттен қамтамасыз етілуде.
Елбасының алға қойған үлкен міндетінің бірі – электронды оқытуды дамыту. Бұл жобаға елімізде 600-ге жуық мектеп қосылса, 2012 жылы ауданымызда Ахмет Байтұрсынұлы атындағы гимназия, Ақкөл, Дінмұхамед Қонаев атындағы орта мектептері қосылып, қажетті ақпараттар электрондық оқыту порталына енгізілуде.
«Жамбыл облысында туристік саланы дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған бағдарламасын» Талас ауданында іске асыру жөнінде іс-шаралар жоспары дайындалып, осы бағытта жұмыстар жасалуда. Ауданда туристік инфрақұрылымды дамыту, оның ішінде Билікөл көлінің Талас ауданына қарасты жағынан, Ақкөл көлінің жағалауынан демалыс базаларын салу, Жұрындысай демалыс лагері жанынан тұрақты демалыс базасын ашу жоспарлануда. Сонымен қатар аудан жастары мен оқушылары үшін республиканың туристік объектілері бойынша тақырыптық автобус және жаяу экскурсиялар ұйымдастыру, ауданның туристік мүмкіндіктері туралы бейнефильм түсіру, фотоальбомдар мен буклеттер шығару секілді көптеген шаралар енгізілді. Аудандық тарихи-өлкетану музейі тарапынан арнайы туристік бағыттар көрсетілген брошюра және тарихи орындардың картасы әзірленген.
Аудан аумағында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 650,2 шақырымды құрайды. 2018 жылы аудан аумағындағы автомобиль жолдарын қайта жаңғырту, орташа және ағымдағы жөндеу, қысқы күтіп ұстау жұмыстарына барлығы
1 миллиард 76 миллион 907 мың теңге бөлінді. Облыстық мәндегі автомобиль жолдарын орта жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржы 395 миллион 484 мың теңге, – дейді Талас ауданының әкімі Д.Алиев.

Ауданда атқарылған жұмыс аз емес. Аудан басшысы алда тұрған міндеттердің де ауқымды екенін айтады. Ең бастысы, аймақ тұрғындарының көңілі жай. Аудан басшылығына алғыстан басқа айтарлары жоқ. Тұрғындардың қамсыз тірлік кешуі үшін қолға алынған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, Талас өңірінің қанат жайып, гүлденуіне қозғау салмақ.

Талғат НҰРХАНОВ
Талас ауданы

ПІКІР