Тұқым шаруашылығы неге тұралап тұр?

0 1

Кезінде қырда мал бағып, соның есебінен ырзығын айырған қазақтың бүгінгі ұрпақтарына диқаншылық кәсіп жат емес. Әйтсе де таңнан қара кешке дейін иығына кетпенін асынып, бейнетке белшеден батқан ауыл еңбеккерлерінің кез келгені аз шығынмен мол өнім алуды көздейді. Бірақ егіс алқаптарын игеруде мол табысқа кенелу тек тынымсыз еңбекпен өлшенбейтіні белгілі.

Ол үшін жердің құнарлылығы, егіс алқаптарын суаруда заманауи технологияларды қолдану, әсіресе тұқымның сапалы болуы аса маңызды. Демек суармалы егіншіліктің тиімділігін арттыру үшін ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі жоғары болуы шарт. Егер жерге дән себуде сапасыз дақыл немесе тұқымның тиімсіз сорттары пайдаланылса, еңбектің еш кеткені. Сондықтан да Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жасаған Үндеуінде биыл егіс науқаны үшін 200 миллиард теңге бөлінгенін, оның 70 миллиард теңгесі тұқым өндірісін дамытуға, тыңайтқыштар сатып алуға жұмсалатынын айтқан еді. Осы орайда біз облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының мемлекеттік астық, тұқым және теникалық инспекциясы бөлімінің басшысы Баймахан Пірімбаевқа хабарласып, өңірде тұқым шаруашылығын дамытуда қандай шаруалар атқарылып жатқанын сұраған едік. Ол дақылдың 100 пайыз өнімділігі бірінші кезекте сапалы тұқымға байланысты екенін айтты.
– Ауыл шаруашылығы саласында өндірілетін жалпы өнімнің басым бөлігі егін шаруашылығына тиесілі болғандықтан, тұқым шаруашылығын да дамыту аса маңызды. Өйткені егіс алқаптарынан мол өнім алу ауыл шаруашылығы дақылдарының сапасына байланысты. Бүгінде ауыл шаруашылық дақылдарының жоғары өнімділігін қалыптастыру жүйелі жолға қойылған. Әрбір ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің егістік көлемдеріне қажетті тұқымдық материалдарының сапасын анықтау мақсатында өңірде «AgroЭксперт — AS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмыс істейді. Оның аудандарда орналасқан тұқым зертханалары арқылы дайындалған тұқымдардың шығымдылығын және өсу әнергиясын және тағы басқа сапа көрсеткіштерін тегін анықтау қарастырылған. Бұл бағытта жергілікті бюджеттен тұқым зертханалары қызметі үшін 60,0 миллион теңге бөлінді, – дейді Баймахан Мәделіұлы.
Агроөнеркәсіпке қатысы бар егістік көлемін арттыру және тұқым шаруашылығын дамыту мақсатында орындалуы тиіс белгілі бір талаптар бар екен. Мәселен облыстағы жалпы егіс көлемінің 65 пайызына ІІІ репродукциядан төмен емес тұқым себу көзделсе, оның ішінде «Элита» тұқымын қолдану — 5 пайыз, І репродукциялы тұқым – 15, ІІ репродукциялы тұқым – 20, ІІІ репродукциялы тұқым себу — 25 пайыз болып белгіленіпті. Бүгінде бұл талаптар қажетті деңгейде орындалуда.
Осы жылы аймақта 84 300 тонна жаздық ауыл шаруашылығы дақылдарын себу қажет етілсе, бүгінде бұл меже 91 700 тоннаға артығымен орындалған. Оның ішінде барлық ауданды қосқанда егілетін жаздық дәнді дақылдар бойынша 56 000 тонна (115,2 пайыз), майлы дақылдар бойынша 3 100 тонна, мал азығы дақылдары бойынша 600 тонна, картоп дақылы бойынша 32 000 тонна (100,0 пайыз) тұқым дайындалыпты.
Жалпы «AgroЭксперт» – AS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өңірде тұқым сапасын анықтаумен айналысатын жалғыз мекеме. Аталған мекеме кез келген өсімдік тұқымының сапасына зерттеу жүргізумен қатар, топырақтың құнарлылығын анықтаумен де айналысады екен. Оның директоры Нұрлан Әлімбетовтың айтуынша, тұқымның өнімділігі, оның құрамы арам шөп тұқымы немесе басқада зиянкестер мен аурулардан тазалығы жіті тексеріледі.
– Зертханаға келіп түскен тұқымдардың сапасын тексеруде алдымен дақыл жиынтығының құрамында арам шөптердің ұрығы бар ма, жоқ па осыған мән беріледі. Сол секілді зерттеу тұқымның топырақты зақымдайтын зиянкестер мен аурудан тазалығы, өнімділігі, салмағы, ылғалдылығы секілді алты бағыт бойынша жүргізіледі. Тұқым сапасын зертханадан өткізу үшін бізге облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы тапсырыс береді. Біздің мекеменің әрбір ауданда өз зертханасы бар, – деді Н. Әлімбетов.
«AgroЭксперт — AS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің зертханаларына сәуір айында жеткізілген тұқымның көлемі 34430,57 тоннананы құраса, оның 34430,57 тоннасы 100 пайыз тексеруден өткізіліпті. Зерттеу қорытындысының нәтижесі бойынша тұқымның кондициялығы жағынан 1 сыныпты – 13314,69 тоннаны құраса, (41 %). 2 сыныпты тұқым – 14278,6 тонна (44%). Ал 3 сыныпты тұқымның көлемі – 4837,28 тонна (15 % ) мөлшерінде екен. Тексеруден өткен тұқымдардың репродукциялары бойынша Р2 — 2 тонна, супер элита – 155,9 тонна (0,4%), элита – 2243,06 тонна (6,5 %), I репродукция – 8521,95 тонна, II репродукция – 14603,9 тонна, III репродукция – 5278,8 тонна, IV репродукция – 601,2 тонна, жаппайы – 1023,76 тоннаны құрапты.
Жалпы, облыста 8 тұқым шаруашылығы бар болса, оның кейбірі жеміс-жидек тұқымын өсірумен айналысады. Ал масақты дәнді дақыл тұқымын өсірумен айналысатын шаруашылықтың бірі – Меркі ауданындағы «Сыпатай батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Оның директоры Қанат Шайхиев былтыр шаруашылық күздік бидайдың 1 500 тонна «Элита» сұрпын, жаздық арпадан 53 тонна «Супер арна», 300 тонна «Элита арна» 1000 тонна І-репродукциялы тұқымын дайындағанын айтады. Осы өнімдерді алу үшін егістік жерлерден күздік бидай үшін 1 100, жаздық арпа үшін 500 гектар жер пайдаланылыпты. Өз сөзінде ол тұқым шаруашылығына мемлекет тарапынан ешқандай қолдау көрсетілмей отырғанын, жалаң ұраннан жаны қажығанын айтты.
– Жай өнім алу үшін егіс алқабының 1 гектарына 15 мың теңге шығын кетсе, жоғары сұрыпты тұқым алу үшін 1 гектарға 50-60 мың теңге қаражат жұмсалады. Сонымен қоса сапалы тұқым алу үшін жерді 1 жыл пайдаланбай, тыңайтамыз. Ол жерге арамшөп қаптап кетпес үшін топыраққа агротехникалық, химиялық өңдеу жүргіземіз. Мәселен, осындай шығын, еселі еңбек жұмсап дайындаған «Элита» тұқымының бір келісін 100 теңгеге өткере алмаймыз. Ал бізге аталған сұрыпты тұқымның бір келісін Алматы қаласындағы «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 360 теңгеден сатады. Ал «Элита» сұрпын дайындап, сату үшін «Супер элита» тұқымы қажет екені белгілі. Оның бағасы бұдан да қымбат. Олар тұқымның қымбатқа саудалануын мемлекет тарапынан қолдау көрмейтіндерімен байланыстырды.
Негізінен мемлекет тарапынан нақты қолдау болмағандықтан, тұқым шаруашылығымен айналысу ісі өзін-өзі ақтамай отыр. Бұрын қолдау болған, қазір жоқ. Ашығын айтсақ, мемлекет тарапынан ешқандай да субсидия берілмейді. Ең болмаса біз дайындап шығарған жоғары сұрыпты тұқымды өткізіп берудің тетіктері де қарастырылмаған. Осы күнге дейін аудан басшыларының өтінішімен осы істі шығынға батсақ та қосымша жүргізіп келдік. Дәл осылай патриот болу кімге керек? Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмысымды тоқтатамын деген шешімге келдім. Жалғыз мен емес басқа да тұқым шаруашылықтары осындай көзқараста. Оданда жай ғана егіншілікпен айналысқанымыз тиімді, – деді ол.
Ал, ауыл шаруашылығы басқарма­сы­ның бөлім басшысы Баймақан Мәделіұлы тұқым шаруашылығында бұрын болмаған қолдауларға биыл қол жеткізілгенін айтып отыр. Биыл тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялау үшін қазына қаржысынан 1050,0 миллион теңге бөлініпті. Оның ішінде 900,0 миллион теңгесі жергілікті бюджеттен қаралса, қалғаны республикалық бюджетке тиесілі. Тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялауға арналған бюджет қаражатының көлемі субсидияланатын тұқымдардың әрбір санаты бойынша төленбек. Нақты айтқанда, қолдау қаржысы ауыл шаруашылығы дақылдарына қажетті сатып алынған бірегей, элиталы және І репродукциялы тұқымдарына, сонымен қатар бірінші ұрпақты будандар мен жеміс-жидек көшеттеріне төленетін болыпты.
Бұрын тұқым шаруашылықтарына субсидия тек өздері дайындаған тұқымдарын сатқанда ғана төленген екен. Ал ол тұқым сатылмаса бұл құр шығын еді. Енді мемлекет сатып алынған тұқым сортына қарай шаруалардың шығынын 50-70 пайыз көлемінде өтеп бермек. Осы арқылы алдағы уақытта егіс алқаптары ескі сұрыптан арылатын күн жақын.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.