"Тарих. Таным. Тағылым."

Тұла бойы тұнған тағылым

Written by Aray2005

Менің анам Сәрсенкүл Нақысбекқызы Байзақ ауданы, бұрынғы Ленин ауылында дүниеге келген. Биыл Алла қаласа, 72 жасқа келеді. Әкем екеуі шаңырақ көтергенде 19 жаста екен. Бабаларымыздың қанша қызы болса да ұлды болмай көңілі көншімеген. Себебі, шежірені жалғастырушы – ер бала. Әкем дәл сондай, қыздарды қоспағанда әулет мұрасын жалғастырушы жалғыз ұл. Анам оң аяқпен босаға аттап, келін атанған сәттен бастап, ата-әжесінің арманы «Жалғызымның тамыры тереңге жайылып, осы келінім көп перзентті дүниеге әкелсе екен» деген дұға-тілекке ұласқан секілді. Сол кісілердің ниеті қабыл болғаннан шығар, анам сегіз перзент сүйді. Төрт қыз, төрт ұл. Сүт кенжелері менмін. Мені туғанда анамның жасы 37-де екен.
Ұстаздар әулетінен шыққан анам өзі де әке жолын қуып, саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнады. 1963 жылы Абай атындағы Алматы педагогикалық институтына оқуға түсіп, 1967 жылы тәмамдаған. Осы жылы менің әкеммен табысып, шаңырақ құрған екен. Талас ауданының Үшарал ауылына келін болып түскен анам осы өңірдегі мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек жолын бастаған. Сонымен қатар, 1973-1975 жылдар аралығында Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласындағы Октябрьдың 50 жылдығы атындағы институтты математика-физика пәндерінің оқытушысы мамандығы бойынша тәмамдаған.
Анам Үшаралда төрт перзентін дүниеге әкеліп, әкемнің жұмысына байланысты Жданов (қазіргі Сәду Шәкіров) ауылына қоныс аударған. Таңсәріден сиыр сауып, сүт қайнатып, ата-енесінің шайын қамдап болып, мектепке кетеді. Келе салып, білек сыбанып, құрт жасап, үй шаруасы мен мектеп жұмысын қатар істейді. 1994 жылы тағы да әкемнің қызметіне байланысты қалаға көшіп келеді. Айтуынша, мектептегі ашық сабақтар, тәрбие сағаттарына көп ынта-жігерін салып, мақтаулы ұстаз болған. Еселі еңбек ескерусіз қалған жоқ.
1969 жылы «Комсомольская правда» газетіне жемісті жұмысы туралы мақала жарық көрді. Бұл уақытта мұндай ірі басылымдарға жеке суретімен шығу деген айтулы оқиға болатын. Ал 1978 жылы озат тәжірибесі аудандық газетте жарияланды. Аудан мектептеріне бұл бағдарлама плакат түрінде шығарылып таратылды. Сондай-ақ, аудан орталығындағы Ы.Алтынсарин атындағы мектепте панорамалық сабақ өткізді. Мектепте аудан мектептері директорлары мен мұғалімдерінің алдында ашық сабақ ұйымдастырылып, творчестволық есеп берілді. Анам бірлестік жетекшісі ретінде де өзінің жан-жақты қалыптасқан маман екендігін көрсетті. «Сабақ үстінде жүргізілетін өзіндік жұмыстар», «Сабақтағы ойын элементтерінің тиімділігі», «Баланың жазу сауаттылығын арттыру», «Баланы еңбекке тәрбиелеу», «Баланың тілін дамытудағы ерекшеліктер» және тағы да басқа баяндамаларын дайындады. Бұл баяндамалар аудандық, облыстық педагогикалық оқуларда жақсы бағаланып, марапатталды. Облыстық мұғалімдердің бесінші съезіне делегат болып қатысуы да осы бір еңбектің жемісі болса керек-ті. Тіпті Сәрсенкүл ұстаздың шығармашылық есебі мектепте, аудандық конференцияда тыңдалды. «Жыл мұғалімі» конкурсына қатысып, жоғары бағаға ие болды.
Сол жылы жасөспірімдерге білім және тәрбие берудегі табыстары үшін Қазақ ССР Оқу министрлігінің Құрмет грамотасымен, 1981 жылы «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен, одан кейінгі уақыттарда мектеп, кәсіподақ ұжымының бірнеше мақтау қағазы, диплом, құрмет грамоталарымен марапатталды. Ал 2010 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгісі салтанатты түрде табыс етілді.
Анам ақ қағаздай таза, шаруаға келгенде кірпияз кісі. «Сегіз перзент өсірсем де, бірде-біреуінің үсті кір болып жүрмепті» деп отырады. Тағы бір қызық мінезі – үй жиһаздарын жиі ауыстырғанды жаны сүйеді. Ол енді уақытқа сай жан-дүнием де, үйім де жаңарып тұрса деген заманауи жетістікке ұмтылуынан деп ойлаймын. Сосын саяси оқиғаларға да сергек. Мазмұнды кітаптар оқып, танымдық хабарларды қарағанға әуес. Естіген сөздерін өзінің қойын дәптеріне жазып алатыны тағы бар.
«Өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялай білген» аяулы анам тұтас буынды ғана тәрбиелеп қойған жоқ, өз перзенттерінің бойына да өр рух пен намысшылдықты, иман мен ибаны сіңіре білген адам. Бүгінде 17 немере,
1 шөбере сүйіп отырған оның тағдыр жолында көрген тауқыметі де аз емес. Анамды ауық-ауық күрсіндіретін кеудесінде өкінішке толы үлкен өксік бар. Ол – екі ағамның мезгілсіз қайтыс болуы. Үлкен ағам ел ағасы болып, енді ғана үзеңгіге аяқ іліндіріп келе жатқан қара жолда қапияда мерт болды. Араға алты ай салып, жиырмаға кірген шағында екінші ағам ой-арманның теңізіне малтып бара жатып, көз жұмды. Екеуі де артындағыларды боздатып кетті. Ол кезде мен небәрі он бірінші сыныпта оқитынмын. Жан анамның жүрегін жаралаған сол сәттерді есіме алсам, менің көз алдыма қос құлынынан адасып қалып, тау ішінде аласұрып жүгірген марал елестейді. Анам ауыр қайғыны көтере алмай ұзақ ауырды. Айлап, жылдап емханаларда жатқан кездері де болды. Сөйтіп мен таңдайымнан уыз дәмі кетпеген кезден бастап үлкен сынақпен бетпе-бет келдім. Мүмкін мен сәби жүрегіммен қос ағамның қайғысының салмағын дәл сезінбеген болармын. Ол кезде мені мазалаған қорқыныш «Анамнан айырылып қалсам қайтем?» деген сұрақ болатын.
Бүгінде ол күндер де артта қалып, аяулы анам әулетінің ортасында, әкемнің иығына басын сүйеп Тәңір берген ғұмырды мейлінше мағыналы етіп сүруде. Халқымыздың демографиялық дамуына өзіндік үлесін қосқаны үшін «Күміс алқа», «Алтын алқа» алқаларымен марапатталды. Бүгінде ұл-қыздарының барлығы да өмірден өз орнын тапқан азаматтар. Жоғары білімді мамандар. Тіпті анасының жолын қуып, мұғалім болып жүргендері де бар. Үлкен қызы, әпкем – Бекзат Сембаева мектепті алтын медальға, қазіргі Тараз мемлекеттік педагогикалық университетін үздік дипломмен бітірді. Бүгінгі таңда Тараз қаласындағы №8 Төле би атындағы мектеп-гимназиясының «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің жоғары санатты мұғалімі болып еңбек етуде. Ал, жоғары оқу орындарын үздік дипломдарымен тәмамдаған Гүлзат Сембаева әпкем М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың «Педагогика және психология» кафедрасының ұстазы болса, Жібек Сембаева әпкем Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ұстазы, биология ғылымдарының кандидаты. Сонымен қатар анам тәрбиелеген шәкірттер де қызметке араласып, ұлт болашағы жолында аянбай еңбек етіп келеді.
Менің түр-келбетім анама тартқан. Адам айнаның алдында өзін көреді ғой. Аққұба өңді жүзіме, жұқа еріндеріме қарап өзімді анамның көшірмесімін деп ойлаймын. Анаммен дүкен аралап, киім қарау менің ең сүйікті жұмыстарымның бірі. Ол етек-жеңі кең көйлектерді кигенді ұнатады. Мен оған көнемін бе? Сымбатты әйелдер секілді сәнділерін кигізіп жатамын. Үстіне сәнді көйлек, аяғына биік өкшелі аяқ киім алып беремін. Бұл мәселеге келгенде әй-шайға қаратпаймын.
Ал зейнетақысының қызығын немерелері көреді. Қонақжай, көпшілдігі ерекше. Бұрыннан бері келе жатқан дос апалармен зейнетақы түскенде кезекпен алатын «алтын сандықтары» бар. Ай сайын сол құрбыларымен дәмханада бас қосады.
Жаз айларында анамның ерекше дәмді етіп дайындайтын сусыны –ашымық. Бұл ашымықтың дәмі отбасымыздың мүшелеріне өте қатты ұнайды. Мен қолына қалам алып, нәсібін жазудан тапқан ақын да, жазушы да емеспін. Бірақ өз анам жайлы толғану перзенттік парыз деп білемін. Ес білгелі анамнан басқа ешкімді езіліп жақсы көріп, хат та жазып көрмеппін. Оның үстіне біздің заманымыз «сымсыз байланыстың» дәуірі болған соң ба, жазғаннан гөрі сөйлесе салғанды қалаймыз. Қанша дегенмен ақ параққа қара сиямен жазылған ішкі толғаныстың жөні бөлек екен. Әкем әрдайым «Аналарыңды 250 қыздың ішінен таңдап алғанмын» деп айтып отырады. Екеуінің сүйіспеншілігі мен ұзақ жылға жалғасып келе жатқан сыйластық сезімдері туралы да тереңірек толғануға болатындай. Лайым дендері сау болып, бақыттың базарында шалқып жүргей!

Еркежан Сембаева,
облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бас маманы

ПІКІР