«Тұлға еді ізгіліктен із қалдырған»

0 13

Дәл осындай тақырыпта кеше Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында белгілі қоғам қайраткері, публицист, ақын-драматург Арғынбай Бекбосынның туған күніне орайластырылған «дөңгелек үстел» отырысы өтті. Мазмұнды басқосу барысында қаламгердің қадір-қасиетін айшықтайтын сан қыры жайлы тағылымды естеліктер айтылып, ұсыныстар талқыланды.

Шараны ашып беріп, жүргізіп отырған белгілі журналист Ерман Әбдиев ең алдымен қазақ журналистикасында өзіндік орны, қолтаңбасы, биігі бар, артында өлмес мұра қалдырған, алғаш рет алаш перзенті Дінмұхамед Қонаевқа «Алатау адам» деп анықтама берген, көлеңкесін ұзаққа түсіріп, мәңгі өшпейтін мән-мағыналы із қалдырған Арғынбай Бекбосын жайында өз ойын ортаға салды. Басқосуға арнайы ат басын бұрған ел ағалары да өз естеліктерімен бөлісіп, қайраткердің азаматтық, жазушылық, журналистік қырларына кеңінен тоқталып өтті. Келер 2022 жылы қаламгердің 85 жылдық мерейтойын ұйымдастыру бойынша ұсыныстарын, ел аманатын жеткізді.
– Арекең екеуміз бір ауданнанбыз. Бір-бірімізді көптен білеміз. Зейнетке шыққанымда ол кісі облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі болды. Ол кезде көптеген Ұлы Отан соғысы ардагерінің көзі тірі еді. Сол кезде кеңес жұмысының алға басуына үлкен ақыл-кеңесін тиянақты түрде айтып отыратын. Үлкен-кішіміз ұйып тыңдайтынбыз. Өзі өте патриот адам. Айтар ойын жетер жеріне жеткізіп, тіпті түсінбейтін адамның өзіне санасына салып беретін сөздері бар. Себебі ол елдің сөзін сөйлейтін халықтың азаматы еді. Құдайға шүкір, артында қалған үлкен мұралары, ұрпағы бар. Бұл кісіге облыста үлкен құрмет көрсетуіміз қажет. Керек болса облыс орталығына, болмаса өзінің ауылына ескерткіш бюст орнатылса деген ұсыныс айтар едім. Біздің облыстан шыққан тау тұлғалар аз емес. Арекеңді мен сол кісілердің қатарына қосамын. Арекең әлі де көп зерттеліп, жазылуы тиіс, – деді облыстың Құрметті азаматы, еңбек ардагері Нәрейім Сейдуалиев.
Көзі тірісінде ел үшін жасаған игі істері, көңіл көкжиегінде, жүрек тұғырында қалған парасатты болмысы сөз болды. Бір ғана адамның емес, бір қауым елдің аманаты айтылды.
– Жас кезімізден бірге жүрдік. Зейнетке шыққаннан кейін де Аманжан деп қасында ертіп жүретін. Арекең шынымен мақтанып айтатын тұлға, жазушы, драматург. Төрт ауыз өлеңмен-ақ талай дүниені айта салатын. Туған, туысқан, жақын деп қарамайтын. Шындықты бетке айтатын. Мысы, мінезі бар ерекше жан еді. Қарасу деген ауылға Қосы батыр есімін беру туралы да бастаманы алғашқылардың бірі болып көтерді. Сол ауылға жүгіріп жүріп мектеп ашқызды. Ауыл тұрғындарының бүгінде сол мектепті Арекеңнің атына берсек деген талап-тілегі бар. Ұсынысқа қол қойып, аудан әкімшілігіне де жолдады. Ары қарай қалай шешіліп жатқанын білмейміз. Бірақ Арекең кетер алдында да «Мені сол мектептің тұсына жерлеңдер» деген. Ол аманатын орындадық. Сондықтан ендігі тілегіміз сол мектепті Арекеңнің есімімен атау, – деді облыстың Құрметті азаматы Аманкелді Карентаев.
Арда туған қаламгер һәм қайраткердің қарағаймен теңесер, бәйтерекпен белдесер, теңізді бойлап, асуларға асқақтаған сан қырының арасында ақындығы да ерекше аталды. Бұл тұста жиынды жүргізіп отырған журналист Ерман Қанжанұлы бір ғана фәнилік драмасына 3504 тағаннан тұратын өлеңдері енгенін тілге тиек етті.
– Бәріміз де өмірге лайықты келуіміз мүмкін. Бірақ соның ішінде ел үшін ерекше еңбек етіп, бүкіл ғұмырын соған арнайтын азаматтар болады. Соның бірі осы Арғынбай Бекбосынов. Журналистік, депутаттық қырларының өзі бір төбе. Мұның барлығы бір адамның басындағы үлкен салмақ. Сол салмақты ауырсынбай, қайыспай, ел үшін ақтық демі қалғанша адал еңбек еткен атпал азамат еді. Поэзияда шығыс шайырларының небір жауһар жырларын, маржан дүниелерін бізге аударып берді. Арекеңді қалай мақтасақ та, ескерткіш қойсақ та, есімін мектепке берсек те жарасады. Арғынбай секілді азаматтарды кейінгі ұрпаққа үлгі етуіміз керек. Сондықтан Тараз қаласының бір көшесіне Арекеңнің есімін берсе деген ұсынысым бар, – деді белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов.
Сонымен қатар шараға онлайн форматта қатысып отырған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың докторанты, журналист Дәрмен Смаил қазақ журналистикасында өзіндік мектебін қалыптастырып кеткен қайраткердің атында келер 85 жылдықта республикалық сыйлық тағайындалса деген ұсынысын жеткізді.
– Сөз өнерінің шебері Зейнолла Қабдоловтың өзі суреткерлігіне үлкен баға берген Арғынбай ағамыздың 85 жылдығында журналистер арасында республикалық байқау ұйымдастырылып, арнайы сыйлық тағайындалса һәм оған Жамбыл облысының әкімдігі тарапынан қолдау болса нұр үстіне нұр болар еді, – деді Д.Смаил.
Басқосу барысында ардагер журналистер Болат Жаппаров, Тұрсынхан Толқынбайұлы, белгілі сазгер Дүйсенәлі Бықыбаев секілді көзкөргендер қайраткер туралы құнды естеліктерімен бөлісті.
Бұдан әрі қаламгердің туған күніне арналған шара кіндік қаны тамған Байзақ ауданында жалғасты.

Нұржан Қадірәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.