Диагноз

Тұмауға қарсы екпеден ел неге қашады?

Елбасының күні кеше ғана жариялаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында медицина саласын дамытуға айрықша көңіл бөлінгені белгілі. Яғни, саланың тынысын кеңейте отырып, халықтың өмір сүру жасын ұзартуға барлық жағдай жасалуы қажеттігі баса айтылды. Әрине, бұның барлығы ұлт саулығы үшін жасалып жатқаны ақиқат. Алайда, бұқара арасында мемлекет тарапынан көрсетілетін осындай қамқорлықтардан бас тартып жататын жағдайлар кезігуде. Мәселен, күн райы күрт суытқан кезеңде осал топтағы адамдарға тұмауға қарсы салынатын екпені көпшілік тегін ектіруге құлық танытпауда. Әсіресе, мұндай жағдайлар балабақшаларда көптеп орын алып жатыр. Сонда ата-ана өз баласының денінің саулығын ойламағаны ма? Әлде, бұған басқа да себептер бар ма? Міне, осы сауалға жауап іздеп көрген едік.

Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Күмісбек Рахимовтың айтуынша, 2018-2019 жылдардың эпидмаусымына Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымы бойынша Қазақстанда қолданылатын үшвалентті вакцинасы бекітіліпті. Осылайша жыл сайынғы тұмауға қарсы вакциналар штамы жаңара түскен. Ал, жаңа екпе өткен маусымда айналымда болған вирустардың штамына қарай жасалып отыр.
– Тұмау бей-жай қарайтын сырқат емес. Сондықтан, қазір облыстағы барлық медициналық мекемелер жедел респираторлы вирусты жұқпамен ауырған науқастарды қабылдауға және ауруханаға жатқызуға сақадай сай дайын тұр. Облыстағы дәріхана жүйелері дәрі-дәрмектермен, оның ішінде вирусқа қарсы препараттар мен бірреттік бетперделермен толық қамтылған. Сондай-ақ, 1 қазаннан бастап медициналық мекемелер күшейтілген жұмыс режиміне көшіп, науқастардың еркін қатынауына шектеу қойылды. Бұдан бөлек, балалар тәрбиеленіп жатқан мекемелерде фильтр, санитарлық пост, залалсыздандыру режимі және санитарлық түсіндіру жұмыстары күшейтілді.
Екпе жұмыстарына келер болсақ, қазан айынан ел тұрғындарының 10 пайызын вакцинациялау жұмыстары басталды. Биыл бұл бағыттағы жұмыстарға бюджеттен
1 миллиард 200 миллион теңге бөлініп, Ресейде өндірілген «ГРИППОЛ +» вакцинасының 1,5 миллион дозасы сатып алынды. Вакцина A (H3N2) және A (H1N1) және В тұмау штамдарының антигендерін қамтиды. Одан басқа, Қазақстанда 3 өндірушінің тұмауға қарсы тағы 4 вакцинасы тіркелген. Бұл «Ваксигрип» және «Ваксигрип Тетра» (Франция), «Инфлювак» (Нидерланды) және Қытайдың тұмауға қарсы вакцинасы. Оларды аурудың алдын алуға пайдалануға болады, – дейді К.Рахимов.
Негізі, өткен маусымда тұмау вирустарының алғашқы айналымы қазан айында тіркелген екен. Нәтижесінде 2017-2018 жылдардың эпидмаусымында облыс бойынша 20 мың адам тұмаумен ауырған. Осыған байланысты биыл екпе жұмыстары ерте басталып, облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа халықтың ең әлсіз тобына 115 мың доза вакцина сатып алынған. Және қауіп-қатер тобындағы бұл азаматтарға екпе жұмыстары тегін жүргізілуде. Бірақ, «әттеген-ай» дейтіні жоғарыда айтқанымыздай кейбір ата-аналар балаларына екпе салдырудан бас тартуда.
– Жасыратыны жоқ, биыл мұндай фактілер көптеп тіркелді. Олардың дені былтыр салдырған екпеден баласының ауырғанын алға тартып, тұмауға қарсы вакцинаны қолданғысы келмейтіндерін айтты. Десе де, біз ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, аллергия сынды вакцинадан туындауы мүмкін кері әсерлер кез келген өзге фактордан да орын алуы мүмкіндігін ұғындырдық. Нәтижесінде қазір екпеден бас тартқан ата-аналардың басым бөлігі вакцина салдыруға қайта келісім беріп жатыр. Діни наным бойынша екпеге түбегейлі қарсы болған тұлғалар да кезікті. Оларға да егер тәннің саулығы үшін жасалып жатса, вакцина салдыру Ислам шариғатында рұқсат етілгенін түсіндіріп, аталмыш топтағы азаматтардың да біразының келісімін алдық.
Құдайға шүкір, қазан айының басынан жүргізілген екпе жұмыстарының арқасында қазір облыста тұмаумен ауырған адамдардың бірде-бір фактісі тіркелген жоқ, – дейді облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары.
Әрине, бұл жанға жылу беретін ақпар. Екпеден бас тартқан ата-аналар келісімге келіп, балаларына қайта вакцина салдырып жатқаны қуантады. Осы орайда, облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұловтан екпе салдыруға енжарлық танытып отырған ата-аналармен мекеме тарапынан қандай түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатқанын сұраған едік.
– Бұл бағыттағы жұмыстар бүгінде күшейтілген. Әрине, әркімнің түсінігі әрқалай болғандықтан, ешкімге екпені міндеттеп салдыра алмаймыз. Десе де, басқарма тарапынан қажетті шаралардың барлығы қолға алынып, балабақшаларда тәрбиеленіп жатқан балалардың ата-аналарымен жіті түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Діни наным бойынша екпеден бас тартқан азаматтарды да бақылауымызға алып отырмыз. Бұның барлығы өңір тұрғындарының денінің саулығы үшін жасалып жатқандықтан түсінікпен қарап, тегін екпеден қашпауға шақырамын, – дейді басқарма басшысы.
Әрине, тегін екпеге теріс қарамаған жөн. Өйткені, вакцинаның саны шектеулі. Ал, ертең ақылы екпеге жүгінетін болсаңыз, оның бағасы әр жерде әрқилы. Мәселен, Тараздағы «Қоныс Б» дәріханасында тұмауға қарсы бір вакцина 1 900-2 000 теңгеден сатылып жатса, «Садыханда» 2 500 теңге тұрады. Кейбір дәріханаларда 3 000 теңге көлемінде. Бағаның не себепті әр жерде әртүрлі екенін облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті мамандарынан сұрағанымызда ондағылар бұл министрлікпен бекітілген меже екенін айтты. Яғни, бекітілген талап бойынша бір вакцинаның құны 3 000 теңгеден аспауы тиіс. Десе де, бұл соманың өзі көпбалалы отбасыларға оңай тимеуі мүмкін. Сондықтан, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымымен Денсаулық сақтау министрлігінің шешімімен бекітілген вакцинадан бас тартпауға шақырамыз. Сіздің шешіміңіздің артында жақыныңыздың денінің саулығы тұрғанын ұмытпағайсыз, құрметті ата-ана!

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР