Жамбыл жаңалықтары

Тұрағымыз – татулық, тұмарымыз – тәуелсіздік

Written by Aray2005

«Баласағұн» орталық концерт залында ұйымдастырылған шараның сән-салтанатына сүйсінген жұрт алдымен үлкен экраннан облыс туралы арнайы әзірленген бейнефильмді тамашалады. Ал мерекелік жиын Мемлекеттік Әнұранмен ашылды. Мемлекетіміздің мызғымас беріктігінің, баянды болашағы мен кемел келешегінің символына айналған қастерлі тәуелсіздік ұғымы жайлы жүргізушілер әңгіме өрбітіп, алғашқы сөз кезегін облыс әкімі Асқар Мырзахметовке берді.
Аймақ басшысы Ұлы даланы мекендеген байтақ ұлыста осы күннен қасиетті, осы күннен қастерлі мереке жоқтығын, тәуелсіздік жолында қасық қаны қалғанша күрескен бабалардың ерлігін, кешегі тарихтың өнегесін келешек ұрпаққа үлгі еткен Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мән-маңызын, тарихын тасқа қашаған Тоныкөктен Ахмет Байтұрсынұлына дейін жалғасқан ұлы мұраттың ақиқатқа айналғанын, Мемлекет басшысы айтқандай «қазақтың тұтас тарихы –
бірігу тарихы» екендігін жеткізіп, бұл күннің жауапкершілігін де тілге тиек етті.

– Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Дербес мемлекет құру қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы еді. Міне, енді сол күнге де жеттік!» деген тұжырымды сөзінің мәніне бүгінде барша қазақстандықтың көзі жетіп отыр. Бабалар арманына жеткен тәуелсіз жаңа Қазақстанның жаңаша тарихы мен жаңа дәуірі 1991 жылы 16 желтоқсаннан бастау алды. Тәуелсіздікті жер жүзіне жариялап, егеменді еркін ел екенімізді паш еттік. Сондықтан да ардақты ағайын, Ұлы дала елінің ең ұлы мерекесі – Тәуелсіздік күні құтты болсын! Бүгінде біз – өткені өнегелі, бүгіні берекелі, бірлігі бекем, тірлігі табысты, болашағы баянды көпұлтты халықпыз. Елбасы саясаты – еңселі ел болуды армандаған бабалар мұратын «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясына айналдырып, сан ғасырлық тарихи тамырымызбен сабақтастырып, болашағымыздың бағдары болып отыр, – деп облыс басшысы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында орныққан жаңа мемлекеттіліктің барлық институттарын, аяулы да айбынды Астанамызды, ел дамуын айқындайтын «Қазақстан – 2030», «Қазақстан – 2050» Стратегияларының қабылданғанын, осынау аз уақытта еліміздің бейбітшілік пен келісімнің бітімгерлік алаңына айналғанын, Қазақстан халқы Ассамблеясының маңыздылығын, «ЭКСПО–2017» көрмесінің салмағын айта келе, бұқараны берекелі тірлікке шақырды.
– Қазақстан баршамыздың қасиетті Отанымыз болса, Тәуелсіздік – тірегіміз. Ұлан-байтақ Қазақ елі тәуелсіздіктің 27 жылында дамудың өзіндік жолын тауып, өркендеу белестерін бағындырды. Елмен бірге Жамбыл облысы да өсуде. Тәуелсіздіктің нығаюына киелі Әулиеата жұрты да өздерінің үлестерін қосып келеді. Алда тұрған міндеттер де аз емес. Ағымдағы жыл – еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өркендеу жолында оң қадамдар жасалған тағы да бір жыл болды. Жыл ішінде 179 әлеуметтік-экономикалық нысан ашылып, бірқатар нысандар қайта жаңғыртылды. Облыс орталығы – Тараз қаласы түрлене түсті. Жаңа өндірістік, ауыл шаруашылық нысандар ашылуда. Тәуелсіздік пен елдігіміздің арқасында алдағы уақытта да ортайғанымыз толып, ырысымыз еселене түсері хақ. Ендеше, осы қастерлі ұғымдарды бағалай білейік. Бір болып, берекелі жұмыс істей білейік. Алдағы атқарылатын жоспарларымыз табысты болсын! – деді Асқар Исабекұлы.
Сөз соңында аймақ басшысы адал еңбегімен, ілкімді ісімен ізгілікке із салып жүрген игі жақсыларды, әр саланың тізгінін ұстаған майталмандарды мемлекеттік наградалармен марапаттады. Ең алдымен Мемлекет басшысының 2018 жылғы 5 желтоқсандағы №798 Жарлығымен Қазақстан Республикасын экономикалық, әлеуметтік-гуманитарлық дамытудағы аса үздік жетістіктері үшін жоғары дәрежелі ерекше белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын иеленіп, Алтын жұлдыз, «Отан» орденімен марапатталған Т.Рысқұлов ауданы, «Шәушен» шаруа қожалығының басшысы Сайрамбай Дөненбаев салтанатты түрде сахна төріне шақырылып, жамбылдық жерлестерінің атынан құрмет көрсетілді.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жуырда ғана ұйымдастырылған республикалық «Жомарт жүрек» байқауының лауреаты атанған Сайрамбай Әліқұлұлының ел мен жерге, өскелең ұрпаққа жасаған қамқорлығы мен жанашырлығы жан-жақты айтылды. Бұдан әрі Мемлекет басшысының аталмыш Жарлығымен мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін қоғам қайраткері Амангелді Карентаев, «Әмір және Д» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Қарлығаш Қаймолдаева «Парасат» орденімен, «Вынхуа» дүнген мәдени орталықтарының қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Лугмар Буларов II дәрежелі «Достық» орденімен, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев, Қордай ауданының әкімі Болатбек Байтөле, Ақкөл ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінің орманшысы Ақынбек Бектай, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің оқытушысы Күлжамила Жолдасова «Құрмет» орденімен, ал «Алтыналмас» АҚ Ақбақай филиалының маманы Байсерік Бақбергенов, «Жамбыл электр жүйесі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің электромонтері Асан Құрманалиев, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің аппаратшысы Лесбек Өтеғалиев, «Сыпатай батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің механизаторы Асқар Тілеубаев III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды. Дәл осылай сан салада сүбелі еңбек етіп жүрген тағы 22 азаматқа «Ерен еңбегі үшін» медалі, 14 азаматқа «Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы», Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Маржан Қожаева мен «Радонеж» орыстар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Владимир Сорокинге «Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалі» салтанатты түрде табыс етілді. Сондай-ақ тұңғыш рет облыс әкімінің өкімімен бекітілген «Жамбыл облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен 15 азамат марапатталды.
Салтанатты шара мәртебелі мерекеге орайластырылған Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Н.СЕРІКХАНҰЛЫ

ПІКІР