Тұрғын үй кезегі қашан азаяды?

0 10

Облысымызда құрылыс саласы қамшы салдырмас екпінмен алға озып, жыл сайын ондаған тұрғын үй пайдалануға беріліп жатқанымен, пәтер кезегінде тұрған азаматтардың қатары азаяр емес. Көпті толғандырған мәнді мәселе облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен әкімдік кеңесінде жан-жақты талқыланды.

Қаржылық институттарды пайдалана отырып тұрғын үй саясатының жаңа тәсілдерін жүзеге асыру жайы қаралған кеңесті ашқан Бердібек Машбекұлы баспана мәселесінің өзектілігіне тоқталып, оңтайлы шешу жолдарын ұсынды.
– Қазіргі таңда облысымызда 30 мыңнан аса адам баспана кезегінде тұр. Өткен жылы 618 мың шаршы метр көлемінде тұрғын үй пайдалануға берілгенін айтып мақтанамыз. Бірақ неге кезек азаймайды? Біз осының тетіктеріне үңілейік. Ол үшін үлкен құрылыс компанияларын тартуымыз керек. Сонымен қатар кәсіпкерлер мен кәсіпорындарды тартсақ, тұрғын үй мәселесі оң шешілер еді,– деді Бердібек Машбекұлы.
Облыс әкімдігі құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жайықбай Шалдаровтың айтуынша, жыл сайын кезек орта есеппен алғанда 2 700 адамға өседі екен.
– Облыс бойынша 30 505 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Ағымдағы жылы алғаш рет кезек өсімінен артық пәтер тапсырылу жоспарланып отыр, яғни 3 590 пәтерді иелеріне тапсыру көзделуде. Өткен 2020 жылы 5 399 пәтер берілген. Тапсырылған пәтер 618 мың шаршы метр көлемін құраса, оның 155 мың шаршы метрі көппәтерлі тұрғын үй, 463 мың шаршы метрі жеке тұрғын үй құрылысы есебінен. 2021 жылға облысқа қойылған меже – 638 мың шаршы метр. Алайда кем дегенде 721 мың шаршы метр тапсырып, межені 116,6 пайызға орындауды жоспарлап отырмыз, – деді Ж.Шалдаров.
Сондай-ақ басқарма басшысының міндетін атқарушы мемлекет тарапынан қарастырылып отырған тұрғын үй құрылыс саясатының жаңа тәсілдеріне тоқталды.
– Мемлекет тарапынан инфрақұрылыммен қамтылған жер телімі мердігерге беріледі, мердігер өз қаражаты есебінен тұрғын үй құрылысын аяқтайды. «Отбасы банкі» мердігерден тұрғын үйді сатып алып, кезекте тұрған азаматтарға сатып алу құқығынсыз жалға береді. Өз кезегінде мемлекет азаматтардың пәтерді жалдау құнының бір бөлігін субсидиялайды. Мұндай ынталандыру тетігі тарапынан ауылдарда да тұрғын үй құрылысын жүргізу енгізілуде. Қызметкермен 5 жылдық еңбек шарты бар жұмыс беруші қызметкеріне тұрғын үй салып берген жағдайда, мемлекет тарапынан оның 5 миллион теңгеге дейінгі құны қайтарымсыз субсидияланады. Аталған бағдарлама аясында аудандардан алдын ала жинақталған мәліметтерге сәйкес, бар-жоғы 43 шаруа қожалықтан 109 тұрғын үй құрылысын жүргізуге өтінім білдірген. Облысымыздың негізгі бағыты ауыл шаруашылығы болғандықтан, аталған бағдарламамен ауыл шаруашылығы саласында қызмет ететін адамдарды тұрғын үймен мейлінше қамтамасыз етуге болады. Алайда аудан әкімдері тарапынан бұл бағдарлама бойынша тиісті жұмыстар атқарылмай отыр. Осыған орай аудан әкімдеріне кәсіпкерлермен жұмыс істеп, ауылдарда тұрғын үй салуды жандандыру бойынша тапсырма беруіңізді сұранамын, – деді Ж.Шалдаров.
Тұрғын үй құрылысын жүргізуге кәсіпкерлерді, кәсіпорындарды тартуды баса айтқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев:
– Осыған дейін облыста бірде-бір кәсіпкер, ешбір құрылыс компаниясы өз қаржысына үй салмаған. Тіпті баспана кезегінде ірі компаниялардың жұмысшылары да бар. Сондықтан үй салуға «Қазфосфат», «Еврохим», «Талас Инвест» секілді алып компанияларды тартсақ, үй кезегінде тұрғандарды азайтамыз. Халық та үйлі болғанына қуанатыны анық,– деп үй-күйсіз жүргендердің мәселесін шешу бағытындағы жұмысты жандандыруды тапсырды.
Жиында «Отбасы банкі» Тараз қалалық филиалының директоры Гүлзат Бекназарова арнайы бағдарламалармен салымшыларға беріліп жатқан несиелерге тоқталды. «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ облыстық филиалының директоры Марат Еспаев пен
ҚР Ұлттық банкі облыстық филиалының директоры Евгений Шарыгин де тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарын айтып, баяндама жасады.

Қамар ҚАРАСАЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.