Облыстық әкімдікте

Тұрғын үй құрылысы жанданады

Written by Aray2005

Аймақта тұрғын үй құрылысының көлемін арттыру бойынша барлық тетіктер қарастырылып, қажетті шаралар атқарылуда. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен жиында бұл туралы жан-жақты айтылды.

Өңірде ағымдағы жылға 28 тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарланған десек, бүгінде оған қоса тағы
6 үйдің құрылысын осы жылы аяқтау көзделіп отыр. Ол жергілікті тұрғын үй комбинатының есебінен бой көтермек. Бұл бір жағынан кәсіпкерлікті қолдау мақсатында комбинаттың жүктемесін ұтымды пайдалану болса, екінші жағынан халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін барынша жеделдетіп шешудің жүйелі жолы болмақ. Оның негізгі тиімділігі– құрылыс құнының тиімді бағада әрі қысқа мерзімде аяқталатындығында. Нақты атап айтар болсақ, ірі панельді құрылыс бөлшектерінен соғылатын ол тұрғын үйлердің бір шаршы метрінің құны 135 мың теңгеге айналып, аяқталу мерзімі 3-7 айды құрайды. Ал нарықтағы тұрғын үйдің бір шаршы метрінің құны 170 теңгені құрайды.
Жиында «Бином» ЖШС-нің директоры Серік Олжабеков сөз алып, өз компаниясының мүмкіндіктері мен ағымдағы жылғы жоспарымен бөлісті. Ол тиісті қолдаулар көрсетілген жағдайда өздерінің жүктемелерін барынша арттырып, өңірдегі құрылыс саясатын дамытуға ықпал ете алатындықтарын жеткізді.
Өз кезегінде Асқар Исабекұлы құрылыс жұмыстарының тек уақытылы ғана емес, барынша сапалы атқарылу керектігіне де жіті назар аудартты.
Сонымен қатар өңір басшысына өңірдегі тұрғын үй кезегінде тұрған аз қамтылған және көпбалалы отбасылар үшін соғылатын жатақханалардың жайы да кеңінен баяндалды. Биыл бұл бағытта облыс бойынша 11 нысан бой көтермек. Оның 8-і Тараз қаласында, қалған 3-еуі аудандардан берілетін болады. Айта кету керек, жатақхананың ішкі құрылысы ортақ дәлізге емес, көппәтерлі тұрғын үйлердегідей жекелеген кіреберістерге (подъезд) ыңғайластырылмақ. Сондай-ақ әр пәтердің өз асүйі, әжетханасы мен жуынатын (санузел) бөлмесі де болады деп күтілуде.
Басқосуда «7-20-25» бағдарлама­сының облыста жүзеге асырылу барысы қаралып, ондағы кездесіп отырған мәселелер жан-жақты талқыланды. Асқар Исабекұлы бұл бағытта Ұлттық Банктің облыстық филиалының жұмысын ширату керектігіне баса көңіл бөліп, өзге де екінші деңгейлі банктер мен бағдарлама аясында құрылған арнайы орталықтың сылбыр жұмысын сынға алды. Бағдарлама аясында түскен өтініштердің тиісті орындар тарапынан уақыт созбай тезірек қаралуын баса айтып, алғашқы жарнаны субсидиялау шараларын тағы бір пысықтау бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР