Тұрғындар ескі аккумуляторлардан неге үрейленіп отыр?

0 2

Автокөліктерге арналған ескі аккумуляторларды арнайы сауда нүктелері немесе қызмет көрсету орындары қабылдайтыны белгілі. Батареялардың қолданыстан шыққан мұндай түрін кез келген жерде жинауға, сақтауға, қоқыс орнына тастауға болмайтыны даусыз. Себебі оның құрамында қорғасын, күкірт қышқылы, мышьяк, марганец, сынап, азот оксиді, темір, мыс, хлорлы қосылыс секілді денсаулыққа зиянды химиялық элементтер бар. Сондықтан да мамандар жарамсыз аккумуляторлардың арнайы белгіленген қоқыс орнына тастау қажеттігін ескертеді. Тіпті ескі аккумуляторларды бұзып-жаруға, шағып, ішін ақтарып көруге, жалаң қолмен ұстауға болмайды. Қолданыстағы аккумулятордың өзін арнайы сұйықтық құя отырып, қуаттандыру қажеттілігі туындағанда да денені ашық қалдырмай, қолғап пен көзәйнек киіп жұмыс істеу қажет. Бірақ осындай ескертпелер бола тұра, Тараз қаласындағы «Қаратау» ықшамауданындағы №11 тұрғын үйдің астыңғы қабатында орналасқан «Қайнар» автокөлік акуммуляторлар дүкені көп жылдан бері жаңа аккумуляторларды сатумен қатар, ескісін де қабылдап, жинап, сақтаумен айналысып келеді. Редакциямызға хабарласқан аталған тұрғын үйдің тұрғындарымен кездесіп, жұртшылықтың айтар уәжін тыңдап көрдік.

– Бұл үйде мен 1970 жылдан бері тұрып келемін. Жаңадан ашылғанда осы үйдің тұрғындарына Сапар есімді дүкен иесі «Бұл келешекте автобөлшек сататын дүкен болады» деп қол қойдырып алыпты деген әңгімені естігенім бар. Себебі әу баста бұл дүкенде көлік доңғалақтарының резеңкесі де қоса сатылды. Оның иісі де қолқаны қабатын. Жылдар өте келе біз дүкен қожайынына шағымымызды айтқан соң, көп ұзамай ол кетіп, орнына басқа жігіт келді. Естуімізше, дүкенді бұған Сапар сатып кеткен көрінеді. Осыдан біршама жыл бұрын, дүкеннің кейінгі иесіне де аккумулятор сатпау, сақтамау жөнінде тұрғындар өтініш жасаған еді. Бірақ, бұған ол құлақ аса қоймады.
Бүгінде менің басым жиі ауыратынды шығарды. Күн ұзаққа делі-салы күй кешемін. Бойымда әлсіздік бар. Шашым, тырнағым өзінен-өзі түсіп жатыр. Көпшілік мұны аккумулятордан зиянды заттар бөлінетінімен байланыстыруда. Бұл сөздің жаны бар секілді. Өйткені Алматы қаласында ұлым тұрады. Сол жаққа немесе басқа туыстарыма қыдырып барып, екі-үш күнге қона жатып, үйге келсем қайтадан еңсем басылып, тынысым тарылады. Соншама жыл улы зат жұту оңай ма, мұндайды тұрғындар қоныстанған үйден аулақ жерде сатуға болмай ма, – деді Мухабат Аманқызы.
Руслан Елемесұлы есімді тағы бір тұрғын өзінің үш бөлмелі пәтері ескі аккумуляторды сақтайтын қойманың дәл үстінде орналасқанын айтады.
– Қоймадағы ескі аккумуляторларда міндетті түрде тотығу, булану сынды үдерістер жүріп жатуы мүмкін. Одан бөлінген улы зат тыныс алу жолы арқылы ағзаға түседі. Ал қорғасын секілді ауыр металл бүйректе жиналатыны, сынап, кадми тектес басқа да зиянды металдар мен сұйықтар миды, жүйкені зақымдайтыны белгілі. Қазір біз жаспыз. Әзірге ештеңе сезбеуіміз мүмкін. Уақыт өте келе зардабын тартарымыз анық.
Себебі мұндай улы заттарды жұтудың соңы ұзақ жылғы аурудан кейінгі өлімге алып келетіні дәлелденген. Аккумулятор шығаратын зауыттарда түрлі сұйықтықтарды дайындау, оны батареяларға құю ісімен айналысатын мамандарға зияндылық үшін артық ақы төлейді. Осыдан-ақ мұның ағзаға зиянды әсері барын ұғынуға болады. Сонымен қатар аккумуляторлардың қоршаған ортаға тигізетін зияны да бар болғандықтан, оны лақтыруға, жерге көмуге, суға тастауға болмайтыны жөнінде ереже бар. Ол арнайы қоймаларда сақталып, қайта өңдеуге жарамайтыны қауіпсіз әдістерді қолдану арқылы жойылуы керек. Сондай-ақ батареяларды жабық бөлмеде қуат көзіне қою да өте қауіпті. Себебі аккумуляторлардың құрамында қауіпті жарылғыш заттар да бар. Сутегі мен оттегінің өзара әрекетінен де қатты жарылыс пайда болатыны белгілі. Сондықтан бұл дүкеннің тұрғын үйде орналасуы заңсыз деп санаймын, – деді ол.
Тұрғынның бірі – Айсара Тоқманбетова осыдан он жыл бұрын өзіне тұрғын үй басқарушысы міндеті жүктелгенін, кейіннен тұрғындар өтінішімен дүкен иесіне аккумулятор сатпау, қабылдамау немесе кәсіптік әрекетін басқа бағытқа бұру жөнінде өтініш жасағанын, алайда, ұсынысы аяқсыз қалғанын айтты. Ол дүкенде «күндіз-түні аккумуляторлар үздіксіз қуатталады-ау» деген күдігін де жасырмады. Өйткені түсініксіз бір дыбыс пайда болғанда, оның басы шыңылдайтын көрінеді. Бұдан өзге де бірді-екілі тұрғындар да көздерінің ашуы, бастарының ауыру, шаршау, жүректерінің айну, іш ауруы секілді түсініксіз дерттерді бастарынан өткеріп жатқанын айтып, «бұл акуммуляторлардың әсері» деген байлам жасады. Біз тұрғындардың сөзіне иландық. Өйткені кез келген адам «мен аурумын» деп жамандық шақырмайтыны белгілі.
Осыдан кейін бізге дүкен иесімен жолығып, оның да пікірін тыңдауға тура келді. Оның айтар уәжін білуді мақсат тұтқан бірнеше тұрғын бізбен бірге дүкенге ілесе барды. Өзін Ерлан Танимбеков деп таныстырған жігіт ағасы дүкен ішіне кірумізге рұқсат берді. Дүкенде жап-жаңа аккумуляторлардың түр-түрі самсып тұр екен. Келесі бөлмеде бірнеше аккумуляторларды біріне-бірін жалғап, қуат көзіне де қойып қойған. Дүкен иесінің айтуынша, автокөлік аккумуляторлары тек күндіз ғана қуатталады екен. Бір қызығы бізден «Ескі аккумулятор сақтайтын қойманы көресіңдер ме?» деп те сұрамады. Қуат көзінде тұрған құрылғыдан белгісіз дыбыс шығып тұрды. Оның әлдебір бұрандасын бұрағанда дыбыс күшейіп, не бәсеңдейді екен. Мұны арнайы мамандар сараламаса, оның зияны бар-жоғын біз айыра алмадық. Кезі келгенде дүкен қожайынына «бұл автобөлшек сататын дүкен бе әлде аккумулятор сатуға арналған ба? Құжатта ескі аккумуляторларды қабылдауға, жинауға, сақтауға рұқсат берілген бе?» деген сұрақ қойдық. Ол бізге «Автобөлшек дүкені болғаннан кейін, мынаны сатуға болады, мынаны сатуға болмайды деп құжатта атап көрсетілмеген» деген сырғытпа жауап берді.
Бұл сауда орнында шынында 23 жылдан бері да аккумулятор сатылып келіпті. Дүкен иесі кім қорғасынмен тікелей қарым-қатынаста болса, зиянды зат соның ағзасын зақымдайтынын айта келе, «бұл тек өндіріс орындарына ғана қатысты. Ал бұл жерде біз тек дайын өнімді ғана сатамыз, оның ағзаға еш зиянды әсері жоқ» деген пікірін білдірді. Дүкен иесі ескі аккумуляторларды сақтап, тиісті орынға жөнелтетінін растады. Алайда ол қабылдау бары­сында тозығы жеткен тауарды қабылдау­дан бас тартатынын айтып ақталды.
– Мен тозығы жеткен аккумулятор­лар­ды жинауды 20 тоннаға дейін азайтуға, иісі шығып тұрғанын, бүлін­генін бұл маңға жолатпауға және бір жылдың ішінде жаңа нысан салып, сол жерге көшуге уәде беремін. Өйткені жолдың бойы тауарымызды сатуға, алымсақтардың келуіне ыңғайлы. Бүгінде ол жерді сатып алу келіссөздерін жүргізіп жатырмыз. Әлемдік пандемияға байланысты бірқатар тірліктеріміздің шешімі кешеуілдеп жатыр. Жердің құжаты қолға тисе, сол жерден ғимарат тұрғызуға ниеттіміз, – деді Е.Танимбеков.
Бір айта кетерлігі, тұрғындар мен дүкен иесі өзара мәмілеге келгендей, болғанымен, жұртшылық былай шыға бере, көкейлерінде күдік басым екенін аңғартты. Ашығын айтқанда, Ерлан Танимбековтің «бір жылдан кейін көшемін» деген сөзіне олар сенгілері келмеді. Дүкен иесі өз қаржысы есебінен арнайы мамандар шақыртып, «Ескі аккумуляторлар шынында да ағзаға зиянды улы зат бөле ме, бөлмей ме?» осыған сараптама жасатып, қорытындысымен тұрғындарды таныстыратынын айтқан еді. Бұл жөнінде тұрғындар өзара «Ескі аккумуляторларды ол тиісті орынға артып жіберіп, сараптаманы содан кейін жасатса, улы заттың бар екенін анықтау қиынға соғады. Өйткені аккумуляторларды бір аптада екі мәрте жүк көлігіне артып жіберді. Сол үшін облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау департаменті және Тараз қаласы әкімдігіне шағымданып, дүкен иесінің әрекеті заңсыз болса, жұмысын тоқтаттыруымыз керек», десті.
Осы орайда біз облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау департаментіне барып, бұқараның базынасын жеткіздік. Аталған департаментің бас маманы Анна Машнеева жағдайды зерделеу үшін алдымен тұрғындар тарапынан арыз-шағым түсуі қажет екенін айтты. Сонымен қатар ол аккумуляторлардың қақпақшалары ашық-шашық болса, зиянын тигізетінін, ал жабық болса қауіп жоқ екенін жеткізді.
Мұндайда қазақ «Көлеңкеге қарап, көйлек пішпейді» дейді. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс оны уақыт екшей жатар. Біз тек көзбен көрген жайтты газет бетінде жариялауды жөн көрдік. Бәлкім тиісті орындар біз арқылы мәселеден хабардар болса, жағдайды зерделер. Өйткені біздің Ата Заңымызда мемлекеттің ең қымбат қазынасы «Адам және оның өмірі» екені нақты атап көрсетілген. Ал бұл жерде тұтас бір тұрғын үй тұрғындарының денсаулығы тағдыр таразысына түсіп тұр.

Бет қаталып жатқанда: Бізге «Қайнар» автоаккумуляторлар дүкенінің иесі Ерлан Танимбеков хабарласып, облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасын бақылау департаменті тарапынан дүкен мен ескі аккумуляторлар сақтайтын қоймаға зерделеу жұмыстары жүргізілгенін айтты. Сараптама қорытындысы бойынша нысаннан адам ағзасына зиянды ешқандай улы зат табылмапты. Айтуынша, аталған тұрғын үй басқарушысы А.Тоқманбетова сараптама қортындысымен танысқан көрінеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.