Сұхбат

«Туризм саласына инвестиция тарту – маңызды мәселе»

«Оқшау ой» айдарының бүгінгі қонағы –
облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы
Қарлығаш АРАЛБЕКОВА

– Қарлығаш Әмірқызы, бүгінде туризм саласы кейбір мемлекеттердің негізгі табыс көздерінің біріне айналып отыр. Елімізде де бұл саланың аяқ алысын жаман деп айта алмаймыз. Бірақ, ішкі туризмнің ақсап жатқаны, оны барынша дамыту керектігі жиі айтылады. Облыста туризм басқармасының құрылуы да тектен-тек емес. Сіздіңше, облыстағы туризмді түлетуді қандай жұмыстан бастаған жөн?
– Туризм саласына соңғы жылдары Елбасы Н.Назарбаевтың өзі көп көңіл бөліп келеді. Және облыс әкімі А.Мырзахметов те туризмді дамытуға көп қолдау білдіруде. Шыны керек, осыдан он-он бес жыл бұрын елімізде туризм мәселесін көтеріп, үлкен деңгейде жұмыстар қолға алынса, ақшаны ауаға шашқандай болар едік. Қарапайым ғана мысал келтірейін. Кез келген отбасы алғашқы жылдары материалдық толығу, бала-шағаны өсіріп-жетілдіріп, киіндіру, уақытылы әрі дұрыс тамақтандыру, сапалы білім беру сынды дүниелерге аса көңіл бөледі ғой. Мемлекет те сондай. Қазақстан алдымен ауыл шаруашылығы мен өндіріске, кәсіпкерлікке баса назар аудару арқылы экономиканы жолға қойып, елдің әл-ауқатын тіктеуге күш салды. Шүкір, еліміздің қазіргі жағдайы тоқсаныншы жылдармен салыстырғанда әлдеқайда жақсарды. Енді қазақстандықтар тек табыс тауып, дүние жинау керек деген ұғымнан арылып, рухани құндылықтарға, дұрыс тынығып, ел аралауға мән бере бастады. Сондықтан, туризмді дамытатын кез енді келді деп айтуға болады. Біз психологиялық тұрғыдан турист ретінде енді ғана дайын бола бастадық. Яғни, Маслоу пирамидасына сай алдымен төменнен басталатын барлық қажеттіліктерге қол жеткізіп барып, біз енді сол пирамиданың шыңындағы өзін-өзі дамыту, білім жинау, рухани баю, таным аясын кеңейту сынды құндылықтарға қадам бастық. Туризм де сол пирамиданың жоғары сатысында тұр. Біріншіден, өзіміздің отандастар да ішкі туризмнің маңызын түсініп отыр. Екіншіден, еліміздің сыртқы танымалдылығының арта бастағаны шетелдік туристерді қызықтыра түсуде. Қысқасы, туристік қозғалыс Қазақстанда енді қалыптасуда.
Ал, енді туризмнен табыс табу мәселесіне келсек, бұл оғаш қарайтын нәрсе емес. Мәселен, Айша бибі кесенесіне он адам келсе де, миллион адам келсе де одан кесене қирап, жоқ болып кетпейді. Туризм, бұл – біздің таусылмайтын байлығымыз. Облысымызға бір тәулікке ат басын бұрған әр шетелдік турист кемінде – 45 000 теңге, қазақстандықтар 30 000 теңге қалдырып кетеді екен. Егер біз жылына 200 мың туристі күтіп алып, қызмет көрсететін болсақ, орта есеппен жылына осы саладағы шағын және орта бизнес субъектілері облысқа 24 миллиард теңге қаржы түсіреді екен. Басқарма жүргізген инвентаризация (түгендеу) нәтижесінде әзірге облыста туризм саласында жұмыс істеп тұрған 582 кәсіпкерлік нысан бары анықталды. Бірақ, олардың көбі шағын бизнес деңгейінде. Олар: қонақүйлер, асханалар, туристік фирмалар, тасымалдаушы компаниялар, т.с.с. Бұлардың бәрі шағын бизнес болғандықтан, бюджетке құятын түсімдері аса қомақты емес. Біздің ендігі мақсатымыз осындай бизнес түрлерінің санын көбейту болып тұр.
Әрине, кәсіпкерлік субъектілерінің санын көбейтіп, мемлекеттік қолдаумен инфрақұрылымын қанттай етіп жүргізіп бере салғанмен жұмыс бітпейді. Туризм бизнесінің алға жылжуына ең керегі сервистің сапалы болуы. Сен қонақүй немесе тамақтану орнын қанша жерден үлде мен бүлдеге орап қойғаныңмен, келген қонағыңды жылы шыраймен қарсы алып, иіліп төсек, жайылып жастық болып қызмет көрсете алмасаң, онда бұл салаға жоламаған жөн. Әсіресе, шетелдіктер мүмкіндігінше қарапайымдылық танытқанымен өте талғампаз, кірпияз келеді. Сондықтан, өкінішке қарай, бізде сервис мәселесінің ақсап тұрғанын мойындауымыз керек. Қонақүйлер мен асхана, мейрамханалар халықаралық талаптар бойынша қызмет көрсету керек. Даяшылардың, қонақүй қызметкерлерінің мейманға құрметі, ізеті үлкен рөл атқарады.
Жалпы, отандық туризмді дамытамыз десек алдымен халық осы бағытқа өзін тәрбиелеуі керек. Мәселен, шетел азаматын таксистеріміз тонап, бұзақылар соққыға жығып кетсе, ол шетелдік көмек сұрап полицейге немесе жедел жәрдемге қоңырау шалғанда оператор оның тілін түсінбесе, бұл да туристердің сенімін жоғалтады. Сол себепті, қоғамдық сананы жаңғыртып, өзге тілдерді меңгерудің кезі жетті деп ойлаймын. Әдетте туристер ағылшын тілін қолданады. Жетік білмесе де жөн сілтеп, бағыт беріп жіберетін деңгейдегі тілдік базамызды қалыптастырсақ жеткілікті. Сервис саласының маңыздылығын ескерсек, бұл тарапта әлі атқаратын жұмыс көп. Мәселен, қазір облыста 22 гид-экскурсовод бар, оның екеуі ғана ағылшын тілін меңгерген. Былтыр мемлекеттік тапсырыспен шет тілдерді білетін 22 гид оқыттық. Кейін мониторинг жүргізсек, олардың бәрі сертификатын алып туризмі дамыған Астана, Алматы сынды қалаларға кетіп қалыпты. Өйткені, ол жақтарда айлық жалақы жоғары. Айталық, біздегі турфирмалар гид-экскурсоводтарға ең көбі 100 мың теңге айлық берсе, Астана, Алматыда 180-200 мыңның төңірегінде жалақы төлеп отыр. Мұндай жағдайда ешкімді күштеп ұстап тұра алмайсың.
«Облыс туризмін түлетуді неден бастау керек?» дегенге келетін болсақ, басқарма құрыла сала жұмысты нысандарды түгендеуден бастады. Бұрын ол болмаған. Түгендеп біткеннен кейін талдау жұмыстарын жүргіздік. Осы талдау нәтижесінде өз бағытымызды айқындап алдық. Түгендеу көрсеткендей, қонақүйлердің саны бізде 154 екен. Бұл туристерді қабылдауға жеткілікті деген сөз. Алайда, олардың 17 пайызы ғана сұранысты қанағаттандырып тұр.
– Негізі, дәл қазір саннан гөрі сапа маңыз­ды ғой бізге. Қонақүйлердегі сер­вис қаншалықты сын көтере алады?
– Әрине, барлық қонақүйдің сервисі, инженерлік-инфрақұрылымы керемет деп айта алмаймыз. Жұлдыз алу олардың өздері үшін де маңызды болып отыр. Өйткені, шетелдік туристер қонақүйлердің жұлдызына қатты мән береді. Кейбірі қалтасына қарай бес жұлдыздысына барғысы келеді. Төрт, үш жұлдыздысына да тоқтайтындар көп. Біздің облыста әзірге бір ғана бес жұлдызды қонақ үй бар, ол – «Arai Plazа». Төрт жұлдыздысы да санаулы-ақ. Ал, үш жұлдыздылары біршама бар. Шын мәнінде жұлдызы төмендеген сайын сервисі нашар деген түсінік болмауы керек. Жұлдыздың төмендігі көрсетілетін қызмет түрлерінің санына байланысты. Мәселен, бес жұлдыздыда фитнес, бассейн, жоғары технологиялы химиялық тазалау сынды комфортты жағдай жасалған болса, одан төменгілерде ондай қызмет түрлері болмайды. Сондықтан, біздегі қонақүйдің бәрі бірдей жоғары жұлдызды болсын деген талап жоқ. Бағасының тиімділігі жағынан, қызмет түрлерінің жеткілікті болуынан үш жұлдызды мейманханалар үлкен сұранысқа ие. Шетелдіктер өте қарапайым келеді. Бізде жай ғана хостел сұрағандары да болды. Сондықтан, біз қонақүй қожайындарына хостел ашуға ұсыныс бердік. Қазіргі таңда облыс орталығында екі хостел ашылды.
– Басқарма қолға алған туризм картасының басты мақсаты қандай?
– Бұл картаның көтерер жүгі өте көп. Өйткені, онда облыстың туризм саласындағы барлық проблема, кедергілер, түйткілді мәселелер жинақталып, енгізілді. Сөйтіп, шешу жолдарын 4 бағыт бойынша жіктедік. Біріншісі – мемлекеттік қолдау. Яғни, мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсіпкерге көмек беріп, істің жүріп кетуіне жәрдемдесу. Сондай-ақ, қаржылық емес қолдаулар да осы бағытқа жатады. Екіншісі – инфрақұрылым мәселесін реттеу. Мамандарымыз бүгінде қай жерге не керек екенін анықтап қойды. Үшінші бағыт – инвестициялық жобалар. Туризмге инвестиция тарту аса маңызды мәселе. Дегенмен, ол бүгінгі таңда өте қиын болып тұр. Өйткені, бұл сала енді дамып келе жатқаннан кейін көбісі тәуекелге барғысы келмейді. Біз 6 туристік аймақ бойынша бизнес жоспарымызды жасап едік, сол аймақтарға алған қаржының қайтарымы 20 жылдан асып кетті. Әрине, бұл инвестор үшін өте тиімсіз жағдай. Бизнеске құйылған қаржы кемінде бес жылда өзін ақтауы керек. Сол кезде ғана бизнес жоба қайтарымды, табысты болып есептеледі. Анығында туризмге 20 жылдық мерзімге қаражат құйып, күтіп жүргенше, одан да сол қаржысын депозитке салып қойып, жиырма жыл бойы үстінен пайда көргені тиімдірек. Соған қарамастан біз отандық инвесторлармен мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында бірлесе жұмыс істеуді ұйғардық. Бірақ, бұл жүйеге де көп кәсіпкерлер күмәнмен қарап жатыр. Сондықтан, мұндай әріптестіктің тиімділігін, пайдасын түсіндіріп, көздерін жеткізу үшін жылдың соңына таман түрлі семинарлар өткізбекпіз. Бұдан бөлек, шетел инвесторларын тарту ісі де күн тәртібінде тұр. Бұл енді отандық инвестициядан қиынырақ әрі күрделі процестерден тұрады. Қазір біз 5-6 ірі инвестормен жұмыс істеп жатырмыз. Олар қазір біздің нарықты, туризм маркетингін зерттеп, заңдарымызды зерделеп өз талдауларын жүргізуде. Ал, төртінші бағыт – жарнамалық-имидждік қызмет. Бұл да өзіндік орны бар жауапты бағыт. Оның аясында жұртты ақпараттандыру, халық көп қамтылған форумдар мен фестивальдер өткізу мәселесі көзделген.
– Сіз басқаратын мекеменің құрыл­ғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Екі ай ішінде қандай жұмыстар атқарып үлгердіңіздер?
– Екі ай ішінде аз ғана жұмыс бітіре алдық деп айта алмаймын. Бір ғана карта құрудың өзі кәдімгідей еңбек, уақытты талап етеді. Еліміз бойынша мұндай дербес карта тек облыстардың үшеуінде ғана бар. Карта тұрмақ, әлі екі облыста туризм басқармасы жоқ. Сондықтан, басқарманың құрылуының өзі бұл салада үлкен жетістік болып тұр. Яғни, қозғалыс пайда болды. Тіпті, біздің жасаған картамыз министрлік деңгейінде де қызығушылық тудырып жатыр. Сондай-ақ, 7 миллиард теңгеден аса қаржыны құрайтын 30 жобамыз дайындалды. Республикалық индикатордың жартыжылдық қорытындысы бойынша біз межелі міндеттерді өзге өңірлерден 5 есе артығымен орындап, оқ бойы оза шаптық. Енді министрлік бізге белгіленген индикаторлық көрсеткішті көбейтіп жатыр. Бір айта кетерлігі, біздің облыста туризмге салынып жатқан жеке инвестицияның көлемі басқа аймақтардан көп. Жетістігіміз ретінде Қаралма шаңғы кешенін айтуға болады. Қазір ол жерде құрылыс жұмыстары жүруде. «Шахристаннан» қолөнер шеберлерінің қалашығын салу бойынша да басқарма көп жұмыс атқарып жатыр. Әрине, қалашық ашып, шеберлерге орын тауып беру қиын болмас. Бірақ, сол қолөнершілердің нарықты меңгеруі қажет. Кәдесыйларды жасап шығара бермей оның өтімділігін арттыру үшін әдемі қорапқа салу, бұйым жайлы үш тілдегі аннотациясын жазу, сапа сертификатын алу, жарнамасын жетілдіру сынды толып жатқан майда әрі маңызды жұмыстарға үйретпекпіз. Өйткені, кез келген турист алған затының мағынасын түсініп, неден жасалғанын білуі тиіс қой. Біз шеберлерді кәсіпкерлікке оқытуға ынта танытқанымызбен, олардың тарапынан талпыныс ойдағыдай болмай тұр. Яғни, олардың көзқарастары бізге де, өздеріне де кедергі келтіруде. Негізінде нарықты, маркетингті меңгергені бізге емес, бірінші кезекте өздеріне керек екенін жеткізуіміз тиіс. Нақтысын айтқанда, қолөнершілер де, турфирмалар да кәсіби туризмге әлі дайын емес. Тіпті, кейбір фирмалар шетелдік визаны қалай рәсімдеуді білмейді.
Алда қазан айында 19 мемлекеттен 3 000-ға жуық қонақ қатысатын бірнеше іс-шара өткізбекпіз. Оның аясында сән апталығы ұйымдастырылады. Бұл сән мерекесі әлемдік кестеге еніп, Еуропа елдері мен АҚШ қызығушылық танытуда. Яғни, мұндай ауқымдағы шара Қазақстан бойынша бірінші рет өткізілмекші. Жасыратыны жоқ, дайындық процесі кезінде біздің қала мұндай жобаны өткізуге әлі дайын емес екенін көрдік. Ары кетсе екі-үш қана гиді бар туристік фирмаларымыз сыр бере бастады. Экскурсовод жеткіліксіз. Сондықтан, барынша күш салудамыз. Бір сөзбен айтқанда, қонақүйлерде де, тамақтану орындарында да, турфирмалар мен гид-экскурсоводтардың жұмысында да, транспорт мәселесінде де қолды байлап тұрған проблемалар жетерлік. Ол білім жағынан да, кадр мәселесінде де, материалдық тұрғыдан да, қаржы жөнінен де. Біз қазір турфирмаларға несие алыңдар деп айтқанымызбен, банкке кепілге қоятын мүлік керек. Мүліктің жоқтығынан олар қомақты несиеге де қол жеткізе алмай отыр. Тығырықтан шығу үшін біз қазір грант, субсидия бөлу шараларын қарастырып жатырмыз. Сол себепті, бізге уақыт керек.
– Облысқа Асқар Исабекұлы әкім болып келгелі Тараз қаласының саябақтары жаңғыртылып, мәдени-көпшілік демалысқа жағдай жасалуда. Киелі шаһарды облыс туризмінің қызған нүктесіне айналдыру үшін тағы қандай жұмыстар атқарылуы тиіс?
– Расымен де біз туризмді дамытамыз десек, ең алдымен басымдықты Таразға беруіміз керек. Өйткені, ежелгі қала болғандықтан мұнда ел қызығатын дүние көп. Соны жарыққа шығарып, кәдеге жаратқанымыз жөн. Дегенмен, бүкіл күшті тек археологиялық-тарихи туризмге бағыттап жіберген тағы болмайды. Мәдени-көпшілік, демалыс орындарының да жанға жайлы, саялы болғаны дұрыс. Бұл тұрғыда облыс әкімінің тапсырмасымен қалада көп тірлік атқарылды. Әлі де көптеген қоғамдық демалыс орындары жаңғыртылуда. Ежелгі Тараздың орнын қызықтап келген турист бүгінгі Таразды араламауы мүмкін емес. Айта кету керек, «Ежелгі Тараз» тарихи кешенінің аумағы әлі де көркейтілмек. «Шахристан» жобасы қазір іске асырылуда. Шағын қалашықтың эскиз жобасына облыс әкімінің өзі тікелей араласып, ұтымды ұсыныстарын айтты. Тараздың әр бұрышында әлі күнге сақталған ескі ғимараттар кірпіштерінің өрнектерін ерінбей қарап шығып, олардың үлгілерін Айша бибі кесенесі кірпіштерінің оюымен астастыру туралы керемет идеялар ұсынды. Бір өкініштісі, көне қаламыз өз тарихында көп соғысты бастан өткергендіктен 7 рет қирап, артынша жойылып, қайта тұрғызылған. Сол себепті, орта ғасырлардан аман жеткен үлкен ғимараттар жоқ. Біз облыс орталығына көп турист тарту үшін бірінші кезекте көне қалашық идеясы төңірегінде жобаларды жүзеге асырмақпыз. Ал, демалыс орындары, қонақүй, асхана, мейрамхана, көлік мәселелері де негізгі жобамен қатар дамитын бағыттар. Бұл тұрғыда Асқар Исабекұлының қала инфрақұрылымы мен саябақтарына көп көңіл бөлуі өте орынды бастама.
– Жасыратын несі бар, жамбылдықтар қарапайым ғана коньки, шаңғы тебу үшін Алматы, Шымкент қалаларына ағылып жатады. Кейбір таныс, туыстарымызды сол жақтардан кездестіріп қалған кезіміз де болды. Таразда салынып жатқан ірі сауда, демалыс орындарымен қаншалықты турист тарта аламыз?
– Өте орынды сұрақ. Шынында да біздің аймақта не коньки, не шаңғы тебетін арнайы орындар жоқ. Бірақ, Еуропа, Қытай, Жапония сынды елдер туристерінің паспортын қарасаңыз олар кемінде әлемнің 5-6 мемлекетінде болып келген. Олар бұрын көрмеген қызықты дүниені іздейді. Құр жүрмей соны зерттеп, тарихына да үңілуді жөн көреді. Ал, ірі сауда орталықтары, «Mega» сынды супермаркеттер арқылы шетелдіктерді таңғалдыра алмаймыз. Өйткені, олар оның зорын көріп қойған. Дегенмен, өзіміздің өңірлік туристік қозғалыс үшін бұлардың қомақты үлесі болары анық. Өйткені, құрылысы жүріп жатқан Жуалыдағы Қаралма шаңғы кешеніне бұйыртса жұрттың, әсіресе, жастардың ағылатыны сөзсіз. Қаладағы сауда орындарынан коньки алаңдары ашылып жатса, сол Алматы мен Шымкентке баратын жерлестеріміздің легі азаятын шығар.
– taraz-turizm.kz сайты жайлы айтып өтсеңіз. Сайттан туристер қандай ақпарат, бағыт ала алады? Бүгінде сайт жұмысы не себепті тоқтап тұр?
– Әрине, бізге сайт міндетті түрде керек. Себебі, кез келген турист бір жерге бармас үшін ол жақтың жер жағдайымен, инфрақұрылымымен, қонақүй, тамақтарының сапасы, құны жайлы ақпараттармен қанығып алады ғой. Біздің сайтты ашудағы мақсатымыз – туристерге керекті барлық ақпаратты қолжетімді ету еді. Әзірге сайт уақытша жұмыс істеп тұрған жоқ. Өйткені, оған ойдан құрастырып, «бізде бәрі керемет, тамаша» деп кез келген ақпаратты тықпалай беретін болсақ, ертең турист келгенде сайттағы жарнамамыз бен нақты көрініс сәйкес келмей ұятқа қаламыз. Істелген жұмыс пен ақпараттың арасы алшақ болмауы үшін біз әзірге сайтты жетілдіріп жатырмыз. Одан бөлек, ағылшын, қытай тілдерін жетік білетін маман тапшы болып тұр. Егер қазақ және орыс тілінде ғана жұмыс істейтін болса, ол сайт арқылы шетелден турист тартудан еш пайда жоқ.
– Облыстағы тарихи кешендер мен киелі жерлерге кіруді ақылы жүйеге көшіргенде халық қабылдамай, айқай-шу да шығарғанын білесіз. Жалпы, мұндай жүйе несімен тиімді, әлемде, еліміздің ішкі туризмінде қаншалықты тәжірибеден өткен?
– Қай елге барсаңыз да көне тарихи ғимараттар мен киелі орындарға кіру ақылы. Бұл әлемдік тәжірибеде бар жүйе. Әрине, одан түскен қаржымен мемлекет байып кетпес. Бірақ, жұрт оның қадірін түсінуі де керек. Яғни, ақы төлеп кіріп жатқан соң бірінші кезекте сұрауы бар орын екенін сезінсе, екіншіден жауапкершілігі артады, оның сақталып, қорғалуына үлес қосады, мүдделі болады. Былайша айтқанда, түскен ақша сол кесенелердің күтіміне жұмсалатынын түсінуі тиіс. «Судың да сұрауы бар» дегендей, әр нәрсенің сұрауы бар. Біздің облыста кіруі ақылы етілген нысандар Мәдениет және спорт министрлігіне қарайтындар. Сондықтан, біз бұл мәселеде қандай да бір әрекет ете алмаймыз. Соған қарамастан, келіп-кетушілердің өтініші бойынша біз тиісті министрлікке арнайы хат жазып, Қарахан мен Айша бибі кесенесіне кіруді тегін қылуды сұрадық. Күтіп отырмыз, бірақ, әзірге еш жауап келмеді.
– Енді туризм тақырыбын осымен жауып, еркін сұрақтарға көшсек. Екі айдың ішінде туризм төңірегіндегі әңгімелерден шаршаған шығарсыз…
– Шаршадым деп айта алмаймын. Бірақ, лифтіде болсын, қонаққа барсақ та жақын танитын, мені сырттай білетін кісілер «Ой, сіз туристермен араласып, рахаттанып демалып жұмыс істеп жүрген шығарсыз? Сіздердің жұмыстарыңыз күшті ғой, мынаны былай істеп, ананы бүйте салмайсыз ба?» деп таңырқап, арасында ақыл айтып жататындары да бар. Елдер туризм қауымдастығын демалумен уақыт өткізеді деп түсінеді екен. Шын мәнінде олай емес. Туризм саласын дамыту – өте күрделі іс. Мойындауымыз керек, бізде жиырма жылдай уақыт бұл сала «ұйықтап» жатты. Ал, шетелде әлдеқайда дамып, жүйеге түсіп алған. Сондықтан, отандық туризмде күн құрғатпай атқаратын жұмыс аз емес. Халықтың өзі осы саланың дамуына мүдделі болу керек. Осы орайда, басқарма турфирмалармен, туристермен жұмыс істеуден бөлек, халықтың олармен қарым-қатынасын, сөйлесу мәдениетін қалыптастыру бағытында да көп тер төгетін болады.
– Жақында «turanInfo» сайты әлеуметтік желі арқылы үш критерий бойынша сауалнама ұйымдастырып, облыс басқармаларының тамыз айындағы рейтингісін шығарды. Осы рейтингте туризм басқармасы қоғаммен байланысы төмен мекемелердің тізіміне еніпті. Бұған не дейсіз? Жалпы, осы сауалнама нәтижесімен келісесіз бе?
–Жалпы, мұндай рейтингілердің пайдасы болмаса, зияны жоқ деп ойлаймын. Себебі, «Сын түзелмей – мін түзелмейді» деп өзімізді қамшылайтын халықпыз ғой. Рейтингтің белгілі бір дәрежеде бізге стимул беруі де мүмкін. Өзіңіз білесіз, біздің басқарманың жұмыс істеп жатқанына екі айдан енді асты. Біз үшін қоғаммен байланыс орнатудан да маңызды жұмыс шаш етектен. Сол екі айдың ішінде туристік нысандар мен қызмет көрсету орындарының инвентаризациясын жүргіздік, карта әзірледік. Басқарманы тіркеу, өзге де құжаттарын тиянақтау сынды ішкі жұмыстармен бас қатырдық. Оның үстіне қоғамға, халыққа «Міне» деп көрсете қоятын тындырылған әлі нақты жұмысымыз жоқ. Қоғаммен байланыс негізінен әлеуметтік желі арқылы іске асатынын ескерсек, бізге өз жұмысын жетік білетін баспасөз хатшысын табу да оңайға соқпады. Жақында баспасөз саласында, оның ішінде баспасөз хатшысы қызметінде тәжірибе жинақтаған маманды таптық. Қоғаммен байланысымыз енді жандана түспек.
– Туризм басқармасына дейін сіз банк саласы, кәсіпкерлер палатасы сынды қоғамның түрлі бағыттағы қызметінде ысылдыңыз. Сізді мемлекеттік қызмет несімен қызықтырды? Бұл жүйеге өз қалауыңызбен келдіңіз бе, әлде шақырту болды ма? Әдетте көпшілік адамдар мемлекеттік қызметтен жеке кәсіпке кетіп жатушы еді…
– Мен өз өмірімде бірнеше құрылымда жұмыс істеген адаммын. Банк саласында еңбек еттім, қоғамдық жұмыста да болдым, бизнесті де көрдім, қазір мемлекеттік қызметке келіп отырмын. Байқағаным, әр қызметтің өз ерекшелігі, өз мәселелері бар. Бір саладан мүлдем бөлек салаға бейімделу өте қиын екен. Дегенмен, табиғатымнан кез келген жұмысқа бейіммін, меңгеріп кетуге қабілетім бар. Қиналсам да көп тәжірибе, өмірлік сабақ алуға мүмкіндік ашылды. Қаншама білім жинақтадым. Дегенмен, жауапкершілікті еш ұмытқан емеспін. Әрине, түбі мемлекеттік қызметке келетінімді мен о баста сезіп жүрдім. Себебі, менің мансаптық жолым солай қозғалып келе жатты. Мемлекеттік қызметке келерде оның оңай емес екенін, талап жоғары болатынын да білдім. Мәселен, кәсіпкерлер палатасында жүргенде ол жердегі көп жұмыс қоғамдық ортамен, әлеуметтік желідегі белсенділікпен байланысты еді. Өйткені, ол қоғамдық жұмыс. Яғни, сен жоба туралы әртүрлі ой айтып, түрліше қиялға берілуің мүмкін. Ал, мемлекеттік қызметте мүлдем кереғар. Не айттың – сол өзіңе заң. Әр айтқан сөзің үшін ертең үлкен жауапкершілік арқалайсың. Бір жұмысты ақырына дейін жеткізу – бұлжымас қағида. Себебі, ол нағыз мемлекеттік жүйе. Мемлекеттік қызметте түрлі ой-пікір айта алмайсың. Бір ғана жол – айттың ба, орындауың керек.
Шыны керек, банктен палатаға ауысқанда да, палатадан әкімдікке ауысқанда да таныстар, әріптестер арасында «Осы саған керек пе еді? Не қыласың басыңды қатырып, тып-тыныш банкте отыра бермедің бе?» деп жанашырлық танытқандары болды. Әрине, жалақысы аз ғой дегендер де жоқ емес. Бірақ, материалдық құндылық, дүние жинау деген көзқарастан мен әлдеқашан өтіп кеткенмін. Жасырмаймын, банктегі қызметімнен аз жалақы алмадым. Бизнесте де табыссыз болған жоқпын. Қазір мен шын мәнінде қоғамның ортасында, елге пайдалы іспен айналысқым келеді.
– Әйел адам табиғатынан отбасы, ошақ қасының тірлігіне бейімделген, бала тәр­биесіне жауапты ана ғой. Деген­мен, қазіргі қоғамдық құрылым нәзік­жан­ды­ларды да қызметке аралас­тырып отыр. Отбасы мен орынтақ арасын­дағы міндет­тер­ді қатар алып жүру қиын­дық ту­дыр­май ма?
– Әрине, оңай дүние жоқ. Әйел адамның басшы болып қызмет етуі бөлек нәрсе, сол орынға жетуі нағыз қиын жол. Сенің әр күнгі, әр айдағы, әр жылдағы еткен еңбегіңе қарай мансап жолың қалыптасады. Сол жолда кім қалай жұмыс істейді, қандай тәжірибе жинайсың ол әркімнің өз шаруасы. Бірақ, «Генерал болуды армандамаған солдат, солдат емес» деген сөз бар ғой. Сол сияқты мен өзімнен кейінгі қыз-келіншектерге айтарым, егер басшылық қызметті армандаған болса жұмысқа кірген күннен бастап алға ұмтылу керек. Ұмтылу керек дегенім, жұмысын тиянақты атқарып, тапсырмаларды неғұрлым сапалы орындау. Жас кезде, бойда энергия бар уақытта барыңды салсаң ғана жеңіске жетесің. Ол үшін әрине, білімнің алар орны ерекше. Мен мектепті жақсы оқып, қызыл аттестатқа бітірдім. Университетте де білімге құштар болдым. Қай жұмыста да көшбасшы болуға тырыстым. Сол еңбегімнің жемісі жаман болмады. Әрине, дәл қазір сағат түнгі 22.30-да сізге сұхбат беріп отырғаным сияқты, мен 23 жылдан бері үйге кеш қайтамын. Жұбайыма да үлкен рақмет айтамын, жұмысыма түсіністікпен қарайды. Мен түннің бір уағында үйге келгенде кейде балаларым ояу жүреді, кейде ұйықтап қалады. Көбіне мені күтіп, сарғайып отырады. Балаларым алдымнан жүгіріп шыққанда күні бойғы шаршағаным ұмытылады. Көп уақытым жұмыста өтетіндіктен, мен бала тәрбиесіне көп көңіл бөле алмадым. Айына бір күн үйде болсам мен үшін сол үлкен демалыс. Құдайға шүкір, енемнің арқасында балаларым зерек, тәрбиелі, сыпайы болып өсті. Анамның да көп көмегі болды. Менің ол кісілерге деген ризашылығым шексіз.
– Өнерге, шығармашылыққа қанша­лық­ты жақынсыз? Кітап оқып тұратыны­ңыз­дан да хабардармыз…
– Енді «Әу» демейтін қазақ жоқ қой. Менің ойымша, кез келген қазақтың бойында әйтеуір бір өнер жатыр. Аздап ән айтатыным, домбыра шертетінім, көңілге түрлі ойлар келгенде қойын дәптерге өлең түртіп қоятыным да бар. Әрине, өлеңдерім кәсіби деңгейде деп айтпаймын, бірақ, ішкі көңіл күйіммен кейде осылай да сырласқанды қалаймын. Оқушы кезімде балетпен де айналыстым. Бір сөзбен айтқанда, өнер мен шығармашылықтан алшақ емеспін. Сізге бір қызықты айтайын. Кезінде мені ата-анам бар ынтасымен оқытты. Соның арқасында мектепті өте жоғары бағамен бітірдім. Менің болашағымды ол кісілер үлкен қызметпен, ғылыммен байланыстырғысы келіп, барын аямады. Ал, аттестатты қолға алған соң «Мен енді театр факультетіне оқуға түсемін» дегенде әке-шешем талып қала жаздады. Сөйтіп, ол кісілердің айтқанынан әрі аспай экономист мамандығын меңгеріп шықтым.
Жалпы, мен жоғарыда айтқандай қызмет етуге баратын салаларымды алдын ала сезіп жүргендеймін. Мен ендігі еңбек жолымды білім саласымен байланыстырамын. Болашақта ғылыми дәреже алып, шәкірттерге кәсіпкерлік, банк, мемлекеттік басқару салалары бойынша дәріс беретін жол шығып келе жатқандай сезінемін.
Кітап оқып тұратыным да бар. Ұйықтар алдында ең болмаса кітаптың екі парағын оқымасам, жата алмаймын. Енді уақыты келгенде өзімнің өмірім, еңбек жолым, ғұмырлық сабақтар жайлы кітап жазатын шығармын, шамам келгенше. Соған қазір іштей дайындалып жүрмін.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ

ПІКІР