Туризм

Туризмді дамытуда ұсақ-түйек мәселе болмайды

Written by Aray2005

Бүгінгі таңда облыс аумағында бар­лы­ғы 46 зиярат ететін орын бар. Олар­дың 11-і туристік бағытта болып са­на­ла­ды. Өткен жылы облысқа 150 мыңға жуық турист келген. «Ежелгі Тараз ес­керт­кіш­тері» тарихи-мәдени қорық-музейі маман­дары­ның айтуынша, тарихи-танымдық туризмге қызығу­шы­лар жиі баратын орынның бірі –Тараз қаласында орналасқан Қарахан мазары, екіншісі – Жамбыл ауданының Айша бибі ауылындағы Айша бибі, Бабаджа хатун кесенелері. Тарихты қойнына бүккен қос мекеннің табиғаты, орналасуы көз тарт­қа­ны­мен мұндағы инфрақұрылымның кемел­сіз­ді­гінен туристерді баурау жағы ақ­сап тұрғаны жасырын емес. Мәселен, атағы алысқа жеткен Қарахан мазарында жібі түзу әжетхана жоқ. Бұл мәселе әлеуметтік желі қолданушыларының да наразылығын тудырған болатын.

Туризм мәселесі облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің де басты назарында тұр. Өткен жылдан бері облыстық әкімдікте зиярат ету орындарына жасалатын жағдайлар жайлы бір емес, бірнеше жиын да өткен болатын. Соның бірінде аймақ басшысы зиярат орындарында тек бір ғана әжетхана емес, бұдан басқа да жүйесіздіктің көп екенін жіпке тізіп, оны шешуді жауапты мамандарға тапсырған еді.
– Туристерді тартатын мұндай орын­дарда қордаланған өзге де мәсе­ле­лер баршылық. Сондықтан нақты жоспар құрып, сол бойынша жұмыс істеу қажет. Егер бар мәселе әлгі айтылған көп­ші­лік орнына ғана тіреліп тұрса, оны шешудің жолы оңай, мұндай тұрмыстық қажеттіліктерге мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде қол жеткізуге болады. Маусым айынан бері арада қаншама уақыт өтті. Салада атқарылған жұмыстардың нәтижесі жоқ, – деген облыс әкімі Асқар Исабекұлы туризм саласына қатысты арнайы сауда орын­да­ры­ның болуын, зиярат етушілердің көп жиналатын нысандарындағы шырақ­шы­лардың сауаттылығын тілге тиек еткен-ді. Сонымен қатар бір Алла­дан ғана емес, әруақтардан да медет сұрайтын келушілерге арнайы тақта орнату қажеттігін және 1 ай уақыт ішінде жүйелі жоспар құрылып, мәселені оңтайлы шешудің жолдарын ұсынуды қадап тапсырған еді. Бірақ былтырғы жылдың қазан айында өткен жиынның нәтижесі әлі көрінер емес. Біз оған «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастырған баспасөз турында көз жеткіздік. Әлгі нысандарда әжетхана тұрмақ, Айша бибі кесенесінің алдындағы қыста суып, жазда адам отыра алмастай қызып кететін тас орындықтардың жөнге келтірілмегені, тіпті нұсқаулықтардың да жаңартылмағаны көзге ұрып тұр. Осыған байланысты облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбековаға хабарласқан едік.
– Бұл мәселелер күн тәртібінен түскен жоқ. Біз айтылған жайттардың бар­­лығын зерделеп, жобалық-сметалық құжат­­тарын дайындап, облыс әкіміне бекітуге ұсындық. Сонымен бірге ми­нистр­­лікке де қосымша эскизін жол­да­дық. Облыс басшысы бекітіп берсе, министрлік қаржыны аударады. Егер бекітіліп, қаржы бөлінсе бұл мәселелер жыл соңына дейін бітеді деп жоспарлап отырмыз. Бұл шаруаларға шамамен 68 миллион теңге керек. Оған заманауи әйелдер мен ерлерге және мүгедектерге арналған 9 әжетхана жуыну бөлмесімен салынатын болады. Зиярат орындарында мал соятын, қоқыс тастайтын орны мен зертханасы бар 3 бөлмеден тұратын бұл ғимарат нысаннан 25 метр қашықтықта орналасуы керектігі де ескерілген, – деді Қарлығаш Әмірқызы.
Яғни басқарма басшысының айтуын­­ша, осыған дейін жыр болып кел­ген мәселеге қаржы бөлінсе нүкте қойы­лады екен. Ал осы тарихи-мәдени нысан­дарға жауапты келесі бір мекеме –
«Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің директорының міндетін атқарушы Нұрлан Бықыбаевтың уәжі тым басқа. Жаңа басшы жаңа жұмыс орнының жұмысына еті үйреніп үлгермеді ме, әлде әкімнің тапсырмасын менсінбеді ме қоңырау шалғанымызда бірден «Әжет­ха­наны ол жерге соғу мә­се­лесі негізге келмейді. Бұл шу көте­ре­тін нәрсе де емес қой. Қазақта «тырнақ астынан кір іздеушілік» деген бар. Біз барынша қамтып жатырмыз», деп 1 әжетхана тұрғызудың патша сарайын салудан да ауыр әурешілігін айтып берді.
– Айша бибідегі әжетхананың жағ­дайы анау айтқандай жаман емес. Жөн­деу жұмыстары жүрді ғой. Ал Қарахан­дағы әжетхананың жағдайы сын кө­тер­мей­ді. Әжетхананы, оған қосымша тағы бір дәрет алатын, жуынатын бөлме жасау үшін оның жан-жағының барлығын тегістеп, кәріз жүйесін дұрыстап жүргізу керек. Арнайы сараптама тобы мен ар­хео­лог­тарды шақырту керек. Ол жердің жан-жағы мазар-мола болғандықтан адам­дардың сүйегі шығып қалса, оны қайта көметін жер табу керек. Ол үлкен еңбек пен қыруар қаржыны талап етеді, –
деді Нұрлан Дүйсенәліұлы.
Мекеме басшысы Айша бибідегі орындықтарды демеушілер сый ретінде орнатып бергенін, биыл тек әсемдік үшін ғана қойылған ол орындықтарды қайта қаптап беру жұмыстары мекеменің өз күшімен жүргізілетінін де жасырмады.
– Осыдан екі жыл бұрын «Жасұлан-флора» жауапкершілігі шектеулі серік­тес­ті­гі­нің жетекшісі Жұмакүл Омарова осындай орындықтарды орнатып, ар­найы қол жуатын крандарды жасатып бер­ген болатын. Ол орындықтың қолай­сыз­­дығын біраз адам айтқан да еді. Біз оны ескеріп отырмыз, яғни адам­ның дене­сіне суық немесе ыстық өт­пей­тіндей етіп ағаштар қойғызуды ойлас­ты­рып жатырмыз. Оны өз қар­жы­­мыз­­ға биыл жасай­мыз бұйырса, –
деді «Ежелгі Тараз ескерт­кіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің дирек­торы­ның міндетін атқарушы Нұрлан Бықыбаев.
Туризм басқармасы «Әжетхана биыл салынады, орындықтар республика­лық бюджеттен қаралады» десе, Нұрлан Бықыбаев әжетхананы алдағы үш жылдың бедерінде соғылатынын, орын­дық­тар­дың республикалық бюджет­тен емес, мекеме мен демеу­ші­лер­дің қар­жы­сынан жөнделетінін айтып отыр. Жауапты мекемелердің екі түрлі жауабына қарап, турист тартуда бір­ле­сіп жоспар құрмақ түгілі, бір-бірінің атқаратын жұмыстарынан бейхабар екен­дігіне көзіміз жетті. Тіпті қай мекеменің басшысына сенерімізді де білмей дал болдық. «Тараз – тарихымыздың темірқазығы» деп Елбасымыздың өзі баға берген Тараздың жауһарларын күтіп-баптауға жауапты деген мекемелер екіұдай жауап беріп отырса, туризмнің түтіні қалай түзу ұшады?..

Айжан Өзбекова

ПІКІР