Сараптама

Туризмді түлетуге не кедергі?

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстанның бай табиғаты, қайталанбас тарихи-мәдени ескерткіштері елімізде туризм индустриясын өркендетуге мол мүмкіндік беретіндігін ұдайы айтып келеді. Бұл бағытта мемлекет тарапынан тиісті шаралар қолға алынып, арнайы тұжырымдама да бекітілді. Соған сәйкес ішкі жалпы өнім құрылымындағы туризм саласының үлесін 2025 жылға қарай 8 пайызға дейін арттыру көзделуде. Әрине, бұл бағытта атқарылуы тиіс шаруа шаш-етектен. Ең бірінші кезекте назарға ілінген нысандар тартымды болуы тиіс. Сонымен қатар инфрақұрылым мен сервистік қызметтің сапасы да маңызды рөл атқарады. Туроператорлардың да тірлігі тындырымды болуы тиіс. Сонда ғана туризмнің түтіні түзу түтемек. Есесіне, мұндай аумақтарда шағын және орта кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп, әлеуметтің әлеуеті арта түседі. Қазынаға да қыруар қаржы құйылады.

Жаңа басқарманың жұмыс жоспары қандай?
Шүкір, Жамбыл облысында туристердің таңданысын тудырып келе жатқан тарихи-мәдени ескерткіштер жетерлік. Сонымен қатар, тұмса табиғатымен көздің жауын алатын аумақтар да аз емес. Міне, осындай орындарды кәдеге жарату бағытында қолға алынған шаруалар көңіл қуантады. Облыста өз алдына туризм басқармасының құрылуы да осы сөзімізді қуаттай түскендей. Бұрындары әр басқарманың қол астында жұмыс істеп келген құрылымның құрығы ұзарып, құзіреті кеңейді. Осы орайда жаңа мекемеге жүктеліп отырған жауапкершілік жүгі жеңіл емес.

Жуырда өткен облыстық мәслихаттың кезекті XXII сессиясында облыс әкімдігі туризм басқармасының алдағы жоспарлары, салада кездесетін мәселелерді шешу жолдары кеңінен талқыланды. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша басқарма басшысы Қарлығаш Аралбекова баяндама жасады. Қарлығаш Әмірқызы дүние жүзі бойынша туризмнен түсетін табыс мұнайдан кейін екінші орын алатынын айта келе, саланы дамытудың маңызы зор екеніне тоқталды.

– Туризм – әлемдегі ең ірі және қарқынды дамып отырған салалардың бірі болып табылатындығы баршаңызға мәлім. Ол адамдардың қарым-қатынасын, танымдық қабілетін арттырып, мәдениет пен өнердің дамуына, ел экономикасының өркендеуіне өзіндік үлесін қосып, ел мәртебесін әлемге танытуға мүмкіндік туғызады. Және де, тура немесе жанама түрде экономиканың 32 саласының дамуына ықпалын тигізеді.

Еліміздегі ахуалға тоқталатын болсақ, былтыр туризм саласы бойынша көрсетілген қызметтен Қазақстан 316,4 миллиард теңге табыс тапса, облысқа 27 миллиард теңге пайда түскен. Сондай-ақ, еліміз бойынша 11 миллиард теңге, облыс бойынша 343,7 миллион теңге көлеміндегі салық түсімдері қазынаға құйылған. Міне, осыдан-ақ, саланың еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қаншалықты үлес қоса алатынын байқауға болады.

Облыс бойынша туризм саласында халыққа қызмет көрсететін 44 туристік ұйым тіркелген. Оның 21-інің туроператорлық қызметпен айналысуға рұқсат беретін лицензиясы бар. Қалған 23-і туристік агенттік ұйымдар болып табылады. Туристік фирмалар туризмнің барлық түрін қамтып отыр.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, 2017 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында резидент емес келушілердің саны – 1 997 адам, ал резиденттер бойынша — 74 567 адам болған. Бұл облысымызда орналасқан 152 қонақ үйде қызмет көрсетілген адамдардың саны.

Қазіргі кезде елімізде Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіту туралы» Жарлығына сәйкес туристік кластерлерді құру мен дамыту қолға алынуда. Республикалық деңгейдегі кластерлердің бірі «Ұлы Жібек жолын жаңғырту» болып табылады. Ол Қызылорда облысының орталық және шығыс бөліктерін, Оңтүстік Қазақстан облысының оңтүстік-шығыс және солтүстік-батыс бөлігін, Жамбыл облысының оңтүстік-батыс бөлігін қамтитын кластер, – деген Қарлығаш Әмірқызы алдағы уақытта атқарылатын жұмыстармен таныстырды.

Саладағы жұмыстарды жандандыру мақсатында туризм инфрақұрылымын қалыптастыру, оның даму жағдайына талдаулар жүргізу, өңірлік туризмді дамыту стратегиясын анықтау, облыс аумағындағы туризм саласына қатысы бар нысандарға, мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелерге инвентаризация жасау шаралары жүргізілетін болады. Сонымен қатар, инвесторлар тарту, инвестициялық жобалар тізімін жасақтау, туристік аймақтар құру, жол бойындағы сервистік кешендер қызметін бір жүйеге келтіру де басты назарда.
Бүгінгі таңда «Меркі», «Жайсан», «Ақыртас», «Баласағұн», «Айша бибі», «Бабаджа хатун», «Әулиебастау» сынды туристердің қызығушылығын тудыратын тарихи-мәдени ескерткіштерді «Ұлы Жібек жолын жаңғырту» кластеріне енгізу бойынша жұмыстар атқарылуда.

Сол сияқты, Ұлы Жібек жолын қайта жандандыру мақсатында Түрік қауымдастығымен бірлесіп, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Қазақстан елдерінің мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарының өкілдерімен туристік маршрут әзірленген. Осы уақытқа дейін аталған туристік маршрут бойынша халықаралық деңгейде 3 ақ­параттық тур ұйымдастырылған екен.
– Бүгінге дейін Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ұлттық маңызы бар бірқатар тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Атап өтер болсақ, Тараз қаласындағы «Төрткүл» керуен сарайы, ежелгі Ислам мешіті, Жамбыл ауданындағы Бектөбе қалашығы, Талас ауданындағы Тамды қалашығы, Сарысу ауданындағы Саудакент қалашығы жаңғыртылды. Сонымен қатар, туристік нысандарға көлік қатынасын реттеу мақсатында автожол құрылысын салуға облыстық бюджеттен 534,4 миллион теңге қаражат бөлініп, тиісті жұмыстар толықтай аяқталды. Мәселен, «Ақыртас» сарай кешеніне алып баратын 8 шақырым, «Тау самалы» туристік кешеніне жеткізетін 4 шақырым жолға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ағымдағы жылы «Баласағұн», «Шәушен», «Әулиебастау» туристік нысандарына автожол салу, «Ақыртас» сарай кешеніне ауыз су кіргізу жоспарланып отыр.

Және негізгі 33 туристік нысанды қамтитын 8 маршрут әзірленді. Туристік нысандарға халықаралық стандарт талаптарына сай келетін қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ақпараттық тақтайшалар мен жолсілтегіштер орналастырылды, – деді Қ. Аралбекова.

Басқарма басшысы өз сөзінде туризм саласын дамытуда кездесетін бірқатар кедергілерді де атап өтті. Баяндамашы келтірген мәліметке сүйенсек, туристер бас сұғатын орындардағы инженерлік, көліктік инфрақұрылымның дамымауы, сервис деңгейінің төмендігі, білікті кадрлардың тапшылығы саланы тұралатып тұрған көрінеді. Ендігі жерде осындай түйткілдердің түйінін тарқату мақсатында жергілікті туризм саласында қызмет көрсететін ұйымдармен семинар-кеңестер жиі өткізілмек.

– Облыста туристік логотип пен брендбук жасалды. Туристік логотипті жарнамалау, көпшілікке насихаттау мақсатында РR стратегиясы әзірленіп, соған сәйкес логотип Тараз қаласындағы билбордтарға орналастырылды.

Аталған іс-шаралар шет мемлекеттермен қарым-қатынастардың жақсаруын жеңілдетіп, облысқа туристердің келу қарқынын ұлғайтатынына сенімдіміз, – деді басқарма басшысы.

Ұтымды ұсыныстар ұшпаққа шығарады
Баяндама аяқталған соң, халық қалаулылары көптің көкейінде жүрген сауалдарды жолдады.
Мәселен, облыстық мәслихаттың депутаты Алтай Райқұлов жасөспірімдер туризмін дамыту жайына тоқталса, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Мұқаш Ескендіров облыс аумағында орналасқан туристік нысандарда және «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автожолында санитарлық тораптардың жағдайы сын көтермейтінін тілге тиек етті. Сол секілді облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Мейрамбек Төлепберген облысымыздағы туристердің қызығушылығын тудыратын тарихи ескерткіштер туралы сөз етіп, бірқатар ұсыныстарын жеткізді.

–Жалпы, туризм саласы өркениетті елдер үшін қоғамдық мәдениет пен ұлттық құндылықтардың биік деңгейі болып табылады. Әрі экономикалық жағынан табыс көзі екенін айтып жатудың өзі артық. Сол себепті де, облысымызда туризм саласын дамыту толғандырған тақырып. Жасыратыны жоқ, өңіріміздегі туризм назар аударуға зәру сала. Осы күнге дейін тұралап қалған туризмді түлету мақсатында кешенді жұмыстар жүргізілді. Бірақ, нәтижеге келгенде тіліміз күрмеліп қалады. Мәселен, «Ақыртас» сарай кешеніне облыстық бюджеттен 320 миллион теңге жұмсалып, жол салынды, келушілерге қолайлы жағдай жасалды. Жүргізілген жұмыстардан кейін осы тарихи орынға туристердің келу көрсеткіші жақсарды ма? Өкінішке қарай, бұл мәселеде ешқандай айқындық жоқ. Себебі, тарихи кешенге келіп-кетіп жатқандар есепке алынбайды. Және де билет сатылмайды. Яғни, бір сөзбен айтар болсақ, мемлекеттің қыруар ақшасы далаға шашылды.

Одан кейін Тараз қаласындағы «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешені жайында республикалық, облыстық бұқаралық ақпарат құралдарында көп жазылды, айтылды. Сол салынған музей әлі күнге дейін жұмыс жасамайды. Санамаласаңыз, себебі көп. Төбесінен су ағады. Жылу жүйесінде ақау бар. Кейбір техникаларды іске қосу үшін шет елден арнайы мамандар алдыру керек екен. Қазір онда 2 237 көне жәдігер тұр. Егер жағдай дәл осылай жалғаса беретін болса, көптеген құнды жәдігерлерімізден айырылып қалуымыз ғажап емес. Сондықтан, қаламыздағы көрікті жерлеріміздің бірегейі, ертеңгі күні туристердің назарын аудартатын «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешеніндегі жұмыстарды жүйелеу керек тәрізді.

Сол секілді, Шу ауданы аумағында орналасқан, 40 жылдан бері зерттеліп келе жатқан Ақтөбе-Баласағұн кешені аралығына 3,5 шақырымдай жол салу керек. Ал, VI ғасырдан бері Меркі деген түпкі атауы еш өзгермеген тарихи орынға кезінде әртүрлі себептермен көкбазар салынып кеткенін білеміз. Тарихи қаланың аумағы 10 гектарды құраса, бүгінде оның 2-3 гектарында базар саудасы қызып тұр. Тағы бір айтайын дегенім, тарихи-мәдени ескерткіштерге үш тілде анықтамалық қойылса, нұр үстіне нұр болар еді. Міне, туризм саласындағы кездесетін мәселелердің бірсыпырасы осылар, — деді Мейрамбек Мылтықбайұлы.

Сессияда облыстық мәслихаттың депутаты Бақтыбай Саудабаев, Қордай ауданы әкімінің орынбасары Азамат Есполов өңірлерде атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етсе, облыстық мәслихаттың депутаты, «Луговой жылқы зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Халит Базаралиев салаға серпін беру мақсатында білікті мамандардан арнайы комиссия құру туралы ұсынысын жеткізді.

Сессия жұмысына қатысқан облыс әкімі Асқар Мырзахметов айтылған ұсыныстардың барлығы ескерілетінін жеткізіп, алда тұрған жоспарлармен таныстырды.
–Біз қазір көптеген жобаларды қолға алып отырмыз. Ең алдымен, облысымыздағы демалыс орындарының әлеуетін біліп алмақпыз. Осыған байланысты қазіргі таңда демалыс орындарының бірегей базасы жасалуда. Бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін облысымыздағы кәсіпкерлерді жинап, туризмді дамытуға байланысты жобаларымызды ұсынатын боламыз. Мүмкін, кейбірі кәсіпкерлердің қызығушылығын тудырар.

Облысымызда Бұқара немесе Самарқандтағыдай үлкен туристік нысандар жоқ. Сондықтан, келген қонақтардың барлығын бір нысанда бірнеше күн ұстап отыра алмаймыз. Әрі бір-бірінен қашықта орналасқан. Сол себепті, туристік маршрут жасауымыз керек. Бұл да басқарманың алдында тұрған өзекті мәселенің бірі. Облысымыздағы тарихи-мәдени ескерткіштердің жұмысын жүйелеу мақсатында тарихтану немесе өлкетану ғылыми-зерттеу орталығын да ашуымыз қажет.
Және ішкі туризм жайында да ойланатын кез жетті. Ішкі туризмді дамытуға байланысты басқа өңірлермен байланыс орнатуымыз керек. Сол секілді, кәдесыйлар мәселесі де назардан тыс қалмағаны жөн. Тіпті, кәдесыйларды сататын арнайы орындар ашу қажеттігі де туындауда.

Бір сөзбен айтар болсақ, алдымызда үлкен міндеттер күтіп тұр. Сіздердің де жанашырлықпен айтып отырған ұсыныстарыңыз ескерусіз қалмайды,- деді Асқар Исабекұлы.
Сессия барысында өзге де бірқатар мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.

Тұрғындарды толғандыратын түйткілдер
Әрине, туризмді түлету мәселесі бір ғана жиынмен түгесілмейтіні белгілі. Бұл мәселе төңірегінде тұрғындардың да айтары аз емес. Осы орайда, біз бірқатар оқырмандарымызбен байланысқа шығып, ұсыныс-пікірлерін, тақырып төңірегіндегі ойларын тыңдап көрген едік.

Жарас МҰРАТАЙ, Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Кезінде Асан қайғы бабамыздың назарына ілініп, тамсандырған Жуалы жері бүгінде таңғажайып табиғатымен талайдың көз жауын алып отыр. Жалпы, қазақтың қай атырабы болмасын, әсем көркімен көз тартады.

Алатаудан Арқаға, Алтайдан Атырауға дейін созылған ұлан-ғайыр даламыздың әр аймағында ұлтымыздың өткен жолынан сыр шертетін, шетелдіктер көріп-қызықтайтын, қарап-тамсанатын жерлері жетіп артылады. Табиғаты көркем, тарихы терең, шежіреге бай киелі жерлеріміз көп бола тұра, елімізде туризм саласының өркен жаймауына не себеп?

Меніңше, біріншіден, бізде әлі де болса, туристер шақыруға қолайлы қоныстарды өз дәрежесінде көрсетіп, насихаттай білу үрдісі жақсы жолға қойылмаған. Егерде өңірімізге туристердің ағылып келгенін қаласақ, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі арқылы көрікті жерлерімізді насихаттай білуіміз керек деп ойлаймын. Екіншіден, сондай мәртебелі мекендерімізге алып баратын жолдарымыздың барлығының дерлік жағдайлары сын көтермейді. Бұл мәселе де билік назарынан тыс қалмаса жарар еді. Үшіншіден, мұндай жерлерде қонақтарға көрсететін сервистік қызметтің сапасы талап деңгейінен тым төмен. Бізде сырттан келетін туристерге мәдениетті қызмет көрсете білу мәселесі әлі де жетілдіре түсуді қажет етеді. Туризмді табыс көзіне айналдырғымыз келсе, ең алдымен осы аталған кемшіліктермен күресуден бастауымыз керек деп есептеймін.
Әлемдік тәжірибеде туризмнің мұнай мен газдан кейінгі мол табыстың көзі саналып отырғанын ескерсек, бұл бағыттағы шаруаларды сағызша соза беруге болмайды.

Ғалымжан ҚАЛАУБЕКОВ, мұғалім, Талас ауданы:– Мемлекетіміздің қарқынды дамуы мен әлемге танылуына ықпал ететін салалардың бірі — туризм екені даусыз. Отандық туризмнің жандануына соңғы жылдары үкіметтік деңгейде көңіл бөліне бастады. Себебі, Қазақстанның көрікті жерлері мен тұмса табиғатын тамашалауға келгендер ел экономикасына миллиардтаған қаржы әкеледі. Осының өзі көп жайттан хабар берсе керек.

Шындығында өзгелер қызығатын жерлер елімізде көптеп саналады. Мәселен, Талас ауданының өзінде қатпар-қатпар тарихымыздан сыр шертетін, саяхатшылардың қызығушылығын тудыратын тарихи ескерткіштер жетерлік. Аудан облыстағы тарихи көне жәдігерлері мен мәдени ескерткіштерінің саны жағынан жоғары орында.

Бір ғана қойнауы құтқа толы Қаратау қаласының маңайында ғұн, сақ, үйсін, қаңлы тайпаларының өмір сүргенін дәлелдейтін орындар бар. Сондай-ақ, Ақкесене күзет мұнарасынан бастап, Үшарал ауылындағы Абдолла ишан, Ойық ауылындағы Қарақожа, Ноғай ишан мешіттерін, Тәңірқазған, Бөріқазған, Ақкөл тұрақтары да тарихи мәнге ие. Сол секілді, Кеңес ауылындағы Тектұрмас, Атбайлар, Қаратау қаласындағы Тамды, Қызыләуіттегі Ақтөбе мекені, аталған ауыл төңірегіндегі тас жазулар, «Тоғызқұмалақ» тас тақтасы мен қыштан өрілген тас көпірлер де тұнып тұрған тарих. Бөлтірік шешен, Саңырық батыр, Көшек батырға арнап салынған, тағы басқа кесенелердің де кереметі көп. Тұтастай алғанда, Талас ауданы адамзат дамуының бүкіл болмысын айғақтайтын жәдігерлерге тұнып тұр.
Өкініштісі, осы тарихи нысандардың көпшілігіне туристер былай тұрсын, аудан тұрғындарының өзі бара бермейді. Себебі, бір-бірінен аралары шалғай және жолдың сапасы нашар. Сондықтан, аудан көлемінде туристік маршрут жасалып, автожолдар ретке келтірілсе дейміз. Одан бөлек, қонақүйлер, дәмханалардың қызмет көрсету сапасын да ұмыт қалдырмағанымыз жөн.
Жалпы, облыс орталығына ғана көңіл бөлініп, аудандар назардан тыс қалып кетпесе жарар еді.

Айгүл ҚУАНДЫҚОВА, жас кәсіпкер, Тараз қаласы:
– Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы облысымызда туризм саласын дамытуға басымдық беріліп жатқанын оқып, көңілім көкке көтеріліп қалды. Тіпті, туризм басқармасы құрылып, нақты жоспарлар бекітілген көрінеді. Жасыратыны жоқ, қанша жылдан бері саланы дамыту керектігі айтылып, ұрандатып жүргенімізбен оң нәтиже болмаған еді. Десе де, туризм басқармасының арнайы мекеме болып өз алдына бөлек шығуы сөзден іске көшкенімізді дәлелдеп тұрса керек.

Баршамызға белгілі, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының өзі «Тараз — тарихымыздың темірқазығы» деп атап көрсетті. Тарихи шаһарымыз туралы бұдан артық не айтуға болады?! Ал, осы сан ғасырлық тарихты қойнауына жасырған көне қаламызға күллі әлемнің назары ауып жатса қанекей?! Қала көшелерінде шетелдік саяхатшылар ағылып жүрсе… Әрине, айтуға ғана оңай. Себебі, ондай деңгейге жету үшін біршама уақыт және нәтижелі жұмыстар жүргізілу қажет. Алдағы уақытта салада кездесетін түрлі мәселелер құзырлы мекеменің табанды еңбегінің нәтижесінде шешімін табады деп білемін.
Қазірдің өзінде облысымызда туризмді дамыту мақсатында кешенді жұмыстар басталып кетіпті. Алайда, білікті мамандар тапшылығын ұмыт қалдырмасақ екен деймін. Мәселен, ертеңгі күні саяхатшылар келген жағдайда оларға кім қызмет көрсетеді? Кімдер жол көрсетіп, жөн сілтеп жүрмек? Әрине, ол үшін бір емес, бірнеше тіл білетін мамандар даярлағанымыз жөн. Әлемнің түкпір-түкпірінен қонақтар келгенімен, бар мұрамызды насихаттай алмасақ, тарихымызбен таныстыра білмесек, не болмақ? Сол себепті, қазірден бастап осы мәселені де күн тәртібіне шығаруымыз керек.

Түйін

Дүниежүзілік туризм ұйымының деректері бойынша саладағы табыс әлемдегі жалпы ұлттық өнімнің оннан бір бөлігін, халықаралық инвестицияның 11 пайыздан астамын құрайды. Әлемдік өндірістің әрбір тоғызыншы жұмыс орнын туризм қамтамасыз етеді екен. Сондықтан да, бұл саланың болашағы өте зор. Ал, оны дамытуға біздің өңірімізде тарихи һәм табиғи алғышарттар жетерлік. Ең бастысы сең қозғалды. Ендігі кезекте серпіліс қажет.

Талғат НҰРХАНОВ

ПІКІР