"Кәсіпкерлік"

Тұрмысты түзеудің тиімді жолы

Written by Aray2005

Әлемді алаңдатқан індеттің салдарынан орын алған карантин көптеген елдерде экономикалық дағдарыс тудыруы мүмкін екенін сарапшылар айтуда. Әрине, біраз ірілі-ұсақты компаниялар уақытша жұмысын тоқтатып, көздеген толайым табыстан қағылғаны белгілі. Мұндай сәтте біздің елде экономикалық-әлеуметтік жағдай қандай болмақ? Қазір әркімнің де көкейінде осы сұрақ тұрғаны анық.

Дегенмен, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған мәлімдемесінде «Шағын және орта бизнеске тиімді несие беру үшін қаражат бөлінді. Жұмысшы санын және еңбекақы көлемін азайтпау мақсатында ірі компанияларға тиісті қолдау көрсетіледі. Қазір олардың тізімі жасалуда. Оған ел экономикасы үшін аса маңызды компаниялар ғана енгізіледі. Жалпы, азаматтар мен бизнесті қолдау үшін 6 триллион теңгеге жуық қаржы бөлініп отыр» дегені көңілге медеу болды. Яғни, бірқатар мемлекетте карантиннен кейін болуы мүмкін жұмыстан қысқартулар, табыстың азаюынан туындайтын жұмыссыздықтар біздің елде орын алмайтынын білдірсе керек-ті. Керісінше, тұрғындардың тұрмысын тұралатпау мақсатында мемлекеттік бағдарламалар қолға алынып, тиісті қаржы қарастырылуда. Мәселен, биыл мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасы мен Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы аясында 58662 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылмақшы. Бұл туралы облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сейдахмет Сейтбеков құлағдар етті.
– Азаматтарды жұмыспен қамту шараларына 85,3 миллиард теңге бөлініп отыр. Барлығы 52473 адам жұмысқа орналастырылып, оның ішінде 22664 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасы аясында 16,8 миллиард теңге қаржы қаралып, жеке қаржыландыру жоспарымен көзделген 6,9 миллиард теңге толық игеріліп отыр. Барлығы 33206 адам қамтылады. Есепті кезеңде Жұмыспен қамту орталықтарына қайырылған адамдардың 80 пайыздан астамы жұмыспен қамтылуда. Бағдарламаның 1-ші бағыты аясында техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға барлығы 2291 адамға 1,9 миллиард теңге бөлінді. Соның ішінде 770 адам қыркүйек айынан бастап техникалық және кәсіптік оқуға жолданады. Ал қысқа мерзімді кәсіптік оқыту жоспары 1521 адам болса, бүгінгі күнге 171 адам оқуға жолданды, – дейді Сейдахмет Сейткерімұлы.
Пандемияның салдарынан орын алған елдегі төтенше жағдай оқу процесіне де өз әсерін тигізді. Сейдахмет Сейткерімұлының айтуынша, қалған адамдарды оқытуға қатысты барлық құжаттар дайындалған. 11 мамырда комиссия отырысы өткізіліп, 18 мамырдан бастап оқу жұмыстары басталатын болыпты. Бірінші бағыт бойынша оқу жұмыстарын 37 мамандықпен 14 колледж және 14 оқыту орталықтарында жүргізу жоспарланған.
«Еңбек» мемлекеттік бағдар­ла­ма­сы­ның 2-ші бағыты бойынша барлығы 6274 адамды қамтуға 7,3 миллиард теңге қаржы қаралған. Соның ішінде ауыл мен қалада барлығы 5,4 миллиард теңгенің шағын несиесін 1326 адамға беру жоспарланған. Оның 4939,7 миллион теңгесі ауылдағы 1290 адамға, 416,1 миллион теңгесі қаладағы 36 адамға арналған. Соңғы мәліметтер бойынша 232 адамға 912,1 миллион теңгенің несиесі беріліпті. Оның ішінде 802,1 миллион теңгесі 223 ауыл тұрғындарына бұйырса, 110 миллион теңгесі 9 қалалықтың қолына тиген.
Осы бағыт аясында «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 1602 адамды кәсіпкерлікке оқыту жоспарланған. Оқу операторы болып белгіленген облыстық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп жатқанымен оқу әлі басталған жоқ.
Биыл 3346 адамға грант беруге 1773,8 миллион теңге қаралып, алғашқы 4 айға жеке қаржыландыру жоспарымен қаралған 69,9 миллион теңгенің барлығы толық игеріліп, 131 адам қайтарымсыз грант алыпты.
Бағдарламаның 3-ші бағыты бойынша әлеуметтік жұмыс орындарына 1191 адам жолданған. Олардың 121-і жұмысын аяқтап, солардың ішіндегі 68-і тұрақты жұмысқа орналастырылған.
Жастар практикасына жіберілген 856 түлектің 56-сы тұрақты жұмысқа орналасқан. Ал ақылы қоғамдық жұмысқа 3872 адам жолданған.
Мемлекеттің халқына деген қамқорлығы мұнымен тоқтамақ емес. Дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру үшін республикалық бюджет есебінен облысымызға қосымша 6,9 миллиард теңге берілді. Оның ішінде ақылы қоғамдық жұмыстарға 4,08 миллиард теңге 12 мың адамды, жастар практикасына 1,2 миллиард теңге 2,9 мың адамды, қайтарымсыз гранттарға 1,6 миллиард теңге 3 мың адамды қамтуға арналған. Бұған қоса 18 мыңнан астам адамға қолдау көрсетілмекші.
Биылғы жылы жұмыс күші тапшы өңірлерге барлығы 180 отбасын көшіру көзделіп, бүгінге дейін 54 отбасы, 152 адам қоныс аударыпты. Оның ішінде 11 отбасы Павлодар облысына, 17 отбасы Қостанай облысына, 20 отбасы Солтүстік Қазақстан облысына, 6 отбасы Шығыс Қазақстан облысына көшкен.
Осыншама қыруар қаржымен жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың бәрі де әлеуметтің әлеуетін әлсіретпеудің қамы екені анық.

Қамар Қарасаева

ПІКІР