"Тарих. Таным. Тағылым."

Тұрсынбала Әбдіраманова жайлы не білеміз?

Written by Aray2005

Қазақ қоғамында әйел-аналардың алатын орны айрықша. Тегінде, ұрпақ қамы үшін керек жерінде атойлап атқа қонып, ерге бергісіз ерлік істер тындырған ақжаулықтылардың бұрыннан болғаны тарихтан аян. Әсіресе Кеңес дәуірінде еңбегімен ел алдына шыққан қарапайым колхоз жұмысшысы, түрлі салаларда белді қызмет атқарған білімді, білікті, елдің саяси ісіне етене араласқан немесе Екінші дүниежүзілік соғыста Отан қорғаған, не болмаса жемісті еңбегімен жеңісті жақындатуға зор үлес қосқан аяулы аналарымыз көп-ақ. Олардың өмір жолы біз үшін қашанда үлгі. Біз осындай жандармен мақтанамыз.

Тағдырдың сан қилы соқпағынан өтіп, өз қажыр-қайраты мен білім-білігінің арқасында қол жетпес биікті бағындырып, елге, Отанға адал қызмет еткен нәзікжандылардың бірі – Мойынқұм өңірінің тумасы, бүгінде Алматы қаласында тұратын 96 жастағы Тұрсынбала Әбдіраманова. Кезінде облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне дейін көтерілген кейіпкеріміздің еңбек жолы журналистика саласымен де тығыз байланысты екенін біреу білсе, біреу білмес. Бұл кісі жайлы тебірене қалам тербеуіміздің де сыры осында. Шынымызды айтсақ, жалынды жастық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген абыз ана жайлы қағазға жазба түсіру оңайға соқпады. Себебі ол кісімен қанаттас, қатарлас қызмет атқарған көзкөргендер бүгінде жоқтың қасы.
Сол себепті біз бір кездері Шу ауданының және Жамбыл облыстық «Сталиндік жол» газетінде (қазіргі «Aq jol») жауапты хатшы болып еңбек еткен Тұрсынбала Қасенқызының өмірбаяны мен қызметтегі жүріп өткен жолы туралы қандайда бір мәліметке қол жеткізу мақсатында облыстық мемлекеттік архивтің есігін қақтық. Аталған мекемеден Тұрсынбала әжейдің шыр етіп өмірге келген сәби күнінен бастап, мұндаға дейінгі өмірін қамтитын мол деректерді таптық. Қол жеткізген №1358 қор сол кісінің өмір дерегіне арналыпты. Оның мұқабасында «Республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер, журналист Тұрсынбала Қасенқызы Әбдіраманованың жеке ісі 1923-2009 ж.ж» деп жазылған. Суреттер мен қызметке тұру, шығу секілді бұйрықтарды қоса есептегенде бас-аяғы 81 парақтан тұратын құжаттарды ақтара отырып, жастайынан тағдыр теперішін көргенін, қаршадай кезінен жауапты қызметтер сеніп тапсырылып, соның үдесінен шыға білгенінің куәсі болдық. Десе де «ол кісінің өзін немесе байланыс нөмірін тауып сөйлессек, мақаламыз жанды шығар еді» деген ой маза бермей, Тұрсынбала әже жайлы республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінде арнайы мақала жариялаған журналист Берікбай Қадықовқа хабарластық. Сол кісінің арқасында Тұрсынбала Әбдірамановамен телефон арқылы тілдесудің сәті түсті. 1923 жылы қараша айында туылған ол 4 жасында шешесінен, Қазақстанда қолдан жасалған ашаршылық кесірінен 9 жасында әкесінен айырылыпты.
– Әкем өмірден озғанда Қырғыз еліндегі жамағайынымыздың қолында болдым. Тұл жетім болғаннан әрі ел ішін ашаршылық жайлаған қасіретті жылдары маған ешкім қарайласа алмады. 1933 жылы әкемнің таныстары Шу ауданындағы Новотройцк балалар үйіне өткізді. Онда 1937 жылға дейін тәрбиеленіп, сол балалар үйіне қарайтын қазақ орта мектебінде оқып білім алдым. 7-сыныпты бітіргеннен кейін 1939 жылдың күзінде Алматы қаласындағы Крупская атындағы педагогикалық училищеге оқуға түстім. 1941 жылы оқу орнымды жалғастырамын деген ақ арманымды Екінші дүниежүзілік соғыс күл-парша етті. Бірақ бұл арманым 1953 жылы ақыры орындалды. Осылайша Мәскеу қаласындағы жоғарғы партия мектебінде білімімді шыңдадым. Еңбек өтілім 35 жылдан жоғары. Оның ішінде 27 жылым партия және басқа да жауапты қызметтерді атқаруға арналды.
Негізгі еңбек жолым Шу аудандық газетінде басталды. 1941 жылы аудандық «Кировшы» газетіне әдеби қызметкер болып қабылдандым. Соғыстың алғашқы жылдары штат қысқарғанымен, Шу аудандық комсомол комитетінде сектор меңгерушісі болып, арада бір жыл өткенде осы басылымға қайта жұмысқа тұрып, жауапты хатшы, 1944 жылдан 1946 жылдың қараша айына дейін облыстық «Сталиндік жол» газетінде жауапты хатшы болып қызмет атқардым. 1938-1943 жылдар аралығында комсомол құрамында, 1943-1945 жылдары Коммунистік партия мүшесі болдым. Қазақстан Компартиясы ХІ съезінің, Оңтүстік Қазақстан өлкесі Партия комитетінің мүшесі және делегаттығына ендім. Облыстық және қалалық партия комитетінің, аудандық бюроның, пленумның мүшесі және делегаты болып бірнеше мәрте сайланғанмын.
І Республикалық, І, ІІ, ІІІ Облыстық әйелдер съезінің делегаты болғанмын. 1940 жылдан бастап кәсіподақ мүшелігіне енген едім,– дейді абыз ана.
Біз архив құжаттарын ақтара келе, бір кездері кейіпкеріміздің редакторы болған Ғайса Сармурзиннің 1972 жылы «Еңбек туы» газетінде осы басылымның «Құрмет белгісімен» марапатталуына орай жарияланған «Шын жүректен» атты шағын құттықтау мақаласын тауып алдық. Ғ.Сармурзиннің әлгі жазбада атаған газет қызметкерлерінің ішінен Т.Әбдіраманованың есімін кезіктіргенде көмбенің үстінен түскендей күй кештік. Себебі облыстық газетке жауапты қызметкер етіп қабылдаған Ғ.Сармурзиннің арада 30 жыл өтсе де Тұрсынбала Қасенқызын ұмытпауы бекер емес. Демек, біз сөз етіп отырған кейіпкер тегін адам, жай маман болмаған. Бұл оның белді кадрдың бірі болғанын көрсетсе керек. Ол мақалада Ғайса Сармурзин: «Мен бұдан 30 жылдай уақыт бұрын, 1943 жылдың февраль айында Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің қаулысы бойынша Жамбыл облыстық «Коммунист» газетінің (сол кездегі аты) редакторы болып тағайындалған екем.
Сол он жеті жылдың ішінде…
Редакцияда менімен бірге қызмет істеп, сұрапыл соғыс кезінде де, соғыстан кейінгі жылдарда да газет жұмысының ыстығына күйіп, суығына тоңған, оның бар жақсылығын бірге көріскен Төленді Оңғарбаев, Баттал Жаңабаев, Рахмет Омаров, Сағат Арынов, Кәрім Баялиев, Анарбек Айтбаев, Тұрсынбала Әбдіраманова, Халида Шакирова сияқты іскер жолдас, аяулы достарымды шын жүректен құттықтап, олардың әрқайсысына жақсы денсаулық, ұзақ өмір, зор абырой тілеймін…» – депті.
Өзінің журналистік жолында Тұрсынбала Қасенқызы аудандық, облыстық газетке әдеби тақырыптардан бөлек, ауыл өмірі, колхоздың тыныс-тіршілігі, соғыс жылдарында ел-жұртқа жігер дарытарлық тұшымды материалдар жариялап отырған. Қылышынан қан тамған қызыл империядан қаймықпай, қазақтың салт-дәстүрі, әдеп-ғұрпы, қазақ ұлтының болмысының қалыптасуына, отбасы, ұлт тәрбиесіне қатысты тақырыптарды шығармашылығына арқау еткен. Ол кісі зейнетке шыққаннан кейінде қоғамдағы өзекті мәселелерге бейжай қарай алмайтын. 2009 жылға дейін «Мойынқұм таңы», облыстық «Aq Jol» газеттеріне әртүрлі тақырыпта жылына кемі 10-15 мақаладан жариялап отырған.
Біз облыстың Құрметті азаматы, ардагер журналист Баттал Жаңабаевтан Т.Әбдіраманова жайлы сыр тартқанымызда, онымен журналистика саласында тағдыры тоғыспаса да, өзімен, кейінгі өмірлік серігі, Кеңес Одағының батыры Кенжебек Шәкеновпен дәмдес, сыйлас болғанын айтып берді.
– Мен Семейдің облыстық бас басылымынан Жамбыл облысының қазіргі «Aq jol» газетіне 1957 жылдары ауысып келдім. Тұрсынбала Әбдіраманова жайлы тек сол жылдардан бері қарай ғана айта аламын. Ол 1956-1957 жылдары облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары болды. 1957-1961 жылдары Жамбыл қалалық кеңесінің атқару комитеті төрағасының орынбасарлық қызметін атқарды. Одан кейін 1961-1962 жылдары Көктерек аудандық (Мойынқұм ауданы) атқару комитетінің төрайымы, 1962-1965 жылдары Шу ауылдық өндірістік партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысының орынбасары болып еңбек етті. Ол кезде облыстың түкпір-түкпірінде бір колхоз немесе совхоздың жұмысы жүрмей жатса, облыс немесе аудандағы білікті маманды сол шаруасы тұралаған кеңшардың еңсесін тіктеуге партия жолдайтын. Оның қандай қызметкер, кім екеніне қарамайтын. Бастысы – ол сол сенімді ақтауы керек. Ол кездегі жұрттың «партия қайда болса, біз сонда» деп әндетуі осындайдан шыққан. Тұрсынбала Қасенқызы да сондай талап, сондай сенім үдесі жетегімен ойдағы-қырдағы шаруаларға аттанып кете барғаны анық. Ол Тұрар Рысқұлов аудандық атқару комитетінің насихат және үгіт бөлімін де басқарған. Облыстық кәсіподақ кеңесі апаратының мәдениет бөлімінде, одан кейін 10 жыл зейнетке шыққанға дейін облыстық атқару комитетінің қамсыздандыру бөлімінің басшысы қызметін абыройлы атқарды.
Соғыстан кейінгі жылдары еліміздің партиялық-саяси жұмыстарына белсенді араласқанға дейінгі оның журналистика саласындағы қызметі де бір төбе. Ол қолына қаламды қару етіп ұстаған алғашқы әйелдер легінің жалғасы. Бүгінгі буын «Қазақта не көп, журналист қыз көп. Осы да жаңалық боп па?!» деуі мүмкін. Ал мәселенің мәнісіне тереңірек үңілсек, ертеректе қазақ әйелдерінің ішінде журналист болғандар некен-саяқ. Мәселен, қазақ әйелдерiнің арасында қолына қаламын алып, ұлттың жоғын жоқтаған нәзікжандылардың тарихы еліміз бойынша ары кетсе соғысқа дейінгі 1920 жылдардан бастау алады. Бір кездегі Нәзипа Құлжанова, Ләзиза Серғазина секілді бұрымдылар арасынан шыққан алғашқы журналист, әрі оқулық жазып, ағартушылықпен айналысқан қазақ қыздары санаулы ғана. Ал соғыс жылдарында елге қаламымен рух сыйлаған Т.Қасенқызын солардың ізі деуге толық негіз бар,– дейді Баттал қария.
Жалпы, Тұрсынбала Әбдіраманова қазақ, орыс, неміс тілдерін жетік біледі. Облыстық еңбекші депутаттар кеңесінің, бұрынғы Көктерек аудандық еңбекші депутаттар кеңесінің төрағасы болған кейіпкеріміз уақытында қоғам тарапынан ескерусіз, марапатсыз қалмаған. «1941-1945 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен еңбегі үшін», «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медальдарымен марапатталып, ҚазССР Жоғарғы Кеңесі президиумының екі мәрте грамотасын иемденген. Облыстың Құрметті азаматы Лидия Ахметованың да ол кісі жайлы айтары бар.
– Тұрсынбала Қасенқызымен қызметтес, сыйлас болмасам да, бір кездері қазіргі облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасын басқарып тұрған шағында жақсы тани түстім. Мен ол кездері қазіргі Тараз қаласындағы орталық партия комитетінің хатшысы едім. Ол сауатты, салиқалы, ұстамды, адамгершілігі мол кісі, нардың жүгін көтерген қазақ әйелдерінің бірі деп айтуға әбден болады. Бізден кемі бір мүшел жас үлкендігі бар. Оның сөйлеген сөзі, қызметтегі этикасы, ұжымды басқарушылық кабілеті өзінен кейінгілерге үлгі еді. Оның үстіне қазақ әйелдерінің арасынан шыққан сауатты қыз-келіншектердің алғашқы легіне жататын Тұрсынбала Әбдіраманова өзінің еңбек жолы арқылы ерлерге тән, тіпті ер азаматтардың қолы жетпеген қызметті абыроймен атқарып, саяси қызметті алып жүру ақжаулықтылардың да қолынан келетінін көрсетіп берді, – дейді Лидия Әбілғазықызы.
Тұрсынбала Әбдіраманова бір кездері өзі қызмет еткен облыстық «Aq jol» газетін құтты шаңыраққа балайды. Оның айтуынша, 1946 жылдары журналистикадан саяси қызметке ауысқанда арада 2-3 жыл өтпей осы басылымға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі Кемел Тоқаев тілшілік қызметке қабылданып, еңбек еткен көрінеді. Әжей өз сөзінде алдағы бір ай көлемінде тағы бір кітабы жарыққа шыққалы жатқанын, сол кітапта өзінің өмірдегі көргені мен түйгені, еңбек жолы толық қамтылатынын айтып, бізді бір қуантты. Сөз соңында денсаулығына байланысты үйінен шыға алмай қалғанын, туған жері Мойынқұм өңіріне де ат ізін салмағанына он жылдан асқанын айтып қамыққанымен, Мария, Сәуле, Зәуре есімді үш қыздан көрген немере-шөберелері көзқуанышы екенін тілге тиек еткенде, діріл қаққан даусы түзеліп сала берді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР