Мәдениет

Тұсауын Елбасы кескен Абылайхан

Дархан даланы мекендеп, табиғат тылсымынан сыр ұққан халқымыз өмірдегі әрбір сәтті жақсылыққа ырымдайды. Жаңадан бастар ісін де ізгі ниетке жорамалдайды. Әсіресе, бала тәрбиесіне негізделген дәстүрлерімізде «Жақсының шарапаты тисін» деген ырымшылдық басым. Перзентіне еңбегімен еліне еленген азаматтың атын қойып, алтын құрсақты аналарға бесікке салдыртады. Тәй-тәй басқан сәтінде көпті көрген, көкірегі шежірелі жасы үлкенге тұсауын кестіреді. Дәл осындай ниетпен алты Алаштың басын біріктірген Абылай ханның есімі берілген баланың тұсауын кезінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі кескен-ді. Бүгінде сол Абылайхан Астанадағы Назарбаев университетінің үздік студенттерінің бірі.

Жер беті жанданатын көктемнің шуақты мерекесі, жыл басы Наурыз тойында Елордада ұйымдастырылған той салтанатында Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы екі жарым жасар Абылайханның тұсауын кесіп, алғашқы қадамын өзі жетелеп, бастырған болатын. Жақсының шарапаты болар, кешегі қазақ ханының есімін иеленіп, бүгінгі қазақ көшін бастаған тұлға тұсауын кескен ұланның бойынан елін сүйген, ұлтын құрметтейтін патриоттық рух байқалады.

Нағашы әжесі Мәрия Күзенбаева да баланы кішкене күнінен игі жақсылардың өнегесімен өсіргенінің зор әсері барын айтады.

– Халық даналығында «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді емес пе? Жолдасым Тастайбек екеуміз балаларымызға жақсылардың әңгімесін тыңдатып, үлгілі ісін көрсетіп өсірдік. Шүкір, бүгін қызығын көріп отырмыз. Сол тәрбиемен бойжеткен қызымыз Нұргүл мен күйеубаламыз Нұржанның тұңғыштары – бұл бала. Қазақтың басын біріктірген ханның атын қойған өз атасы Сатылған. Алмағайып замандағы Абылай ханның қазақ елін басқарған нәтижелі еңбегі бізге тарихтан белгілі. Сондай ханның атын арқалау балаға да үлкен жауапкершілік жүктейтінін немереміз де ұғынып жүр. Астанадағы Наурыз тойында Елбасы тұсауын кескеннен кейін үйге келген Абылайхан 2 сағаттай ұзақ уақыт ұйықтады. Әшейінде тынымсыз сәбидің бұлай ұзақ ұйықтағанын алғаш рет көруіміз. Таңдана қарасақ та, жақсылыққа жорыдық. Сол баламыз ержетіп, мектепті озат тәмамдады. Өз білімімен сынақтардан сүрінбей өтіп, Назарбаев университетіне түсті. Әрбір әрекетінен терең ойлылық, басқаларға деген жанашырлық байқалады. Ұйымдастырушылық қабілеті де жоғары. Артынан ерген қарындасы Аяжан қазір 10-сыныпта оқиды. Оған деген ағалық қамқорлығы ерекше. Өзіне міндеттелген істі тиянақты орындағанша тыным таппайды, – дейді Мәрия Бейбітқызы.

Отбасында қазақы тәрбиемен өскен бала орта білімді орысша алып, кейін қазақ-түрік лицейінде оқыған. Астанадағы Назарбаев университетіне түсу үшін Америкаға барып, ағылшын тілін үйреніп келген. Ізденіс жолында жалықпайтын жас өрен алға қойған мақсатына жету үшін барын салып, бүгінде беделді оқу орнының озат студенттерінің қатарынан көрінуде.

Атақты ханның атын арқалап, алғашқы қадамын басқанда күрмеуін Елбасы кескен бала мұның бәрін өзіне жүктелген үлкен жауапкершілік деп біледі. Сол үдеден шығуды көздейді. Талабы таудай жалынды жастың болашақта атпал азамат атанып, еліне еңбегі сіңетініне кәміл сенеміз.

Ұлыстың ұлы күніне баланған әз Наурыздағы бата мен айтылар тілек те халқымыздың дәстүр-салтымен астасып, сабақтасып жатады. Жақсылыққа жорып, ырымға балап осы тойдың аясында талай жас өскіннің тұсауы кесілетіні күмәнсіз және келешекте кесіле де бермек.

Қамар Қарасаева

ПІКІР