Сараптама

Тығырықтан шығудың төте жолы – тамшылатып суару

ITAR-TASS: CRIMEA, RUSSIA. APRIL 26, 2014. An empty Northern Crimean Canal which is used for supplying water from the Dnieper to Crimea. (Photo ITAR-TASS / Alexei Pavlishak) Россия. Крым. 26 апреля. Вид на Северо-Крымский канал. Фото ИТАР-ТАСС/ Алексей Павлишак
Written by Aray2005

Әулиеата өңірі егіншілікке қанша жерден қолайлы десек те, суармалы су мәселесінде көрші Қырғыз елінен келетін трансшекаралық өзендердің суына тәуелді. Нақты айтсақ, аймақтың суармалы алқаптарын нәрлендіретін өзен арналарының 80 пайызы сырттан ағып келеді. Сол себепті кей жылдары Талас, Шу және Аса сынды үлкен өзендердің құлағында отырған айырқалпақты ағайындар өздерінің қажеттілігін қанағаттандыру үшін бізге кететін суды қысып қоятыны бар. Ал, етектегі қазақ шаруаларының шілденің шіліңгір ыстығында тамшы суға жарымай, ерте көктемнен бергі есіл еңбегінің еш кетіп жататыны көрші бауырларымызды аса толғандыра қоймасы анық.

Судың тіршілік нәрі екенін кез келген адам жақсы біледі. Ал, егін салып, көкөніс өсірумен айналысатын шаруа үшін бір тамшы судың қадірі алтынмен тең. Осы орайда, облыс әкімі Асқар Мырзахметов сәуір айының соңында Қырғыз Республикасының Талас облысында жұмыс сапарымен болып, тараптар «Киров» су қоймасының жағдайы мен гидроқұрылымнан жамбылдық шаруаларға қажетті мөлшерде су жіберу мәселелерін талқылаған-ды.
Іргетасы 1973 жылы қаланған бұл су қой­ма­сы Жамбыл облысына су жіберетін ең ірі гидроқұрылым. Сыйымдылығы 530 миллион текше метрді құрайтын онда қазір 315 миллион­нан астам текше метр су жиналған. Өткен жылы су қоймасынан Қазақстанға 560 миллион текше метр су жіберіліп, ол өңірдегі 4 ауданның 32,8 мың гектар егістік алқабын суландырған екен. Биыл да облыстағы «Киров» су қоймасы арқылы суарылатын егіс алқаптарының қажеттілігі 560 миллион текше метрді құрап отыр. Ал, негізінен, су екі ел арасындағы арнайы комиссия бекіткен лимитке сай жіберіледі.
Дегенмен, қуаңшылық қысса бұл лимит­ті бекіткен құжаттың да құны көк тиын болып қалады. Өйткені, негізгі нәсібін егін шаруашылығынан тауып отырған түстіктегі туысқан халық та сусыз қалғысы келмей, су қорының басым бөлігін өздеріне бұрып алатыны түсінікті. Мұндай жағдайда қайтпек керек? Қанша жерден жаға жыртысып, жанжал шығарсаң да ғайыптан тайып өзен арналары суға тола қоймасы анық. Сол себепті отандық ғалымдар еліміздің ауыл шаруашылығы саласының басты стратегияларының бірі ретінде су қоймалары мәселесін түбегейлі шешудің маңызы зор екенін айтуда.
Әрине, аймақтың гидролог мамандары да қам-қарекетсіз жатқан жоқ. Суармалы алқабы көп Қордай, Меркі, Шу сынды аудандардағы ірілі-ұсақты өзен суларының арнасын тоғыстырып, оны қоймаға жинау мәселесі төңірегіндегі кешенді жұмыстар бірнеше жылдан бері жүргізіліп келеді. Десек те, үлкен қаражатты қажет ететін нысандардағы жұмыстың нәтижесін әлі көре алмай келеміз.
Аймақтағы су қоймалары мен каналдардың жағдайын бақылап, жөндеу жұмыстарын зерделеп, мәселені төтесінен қоятын мекеме – «Қазсушар» РМК облыстық филиалы. Аталған филиал басшысының орынбасары Берік Нұралиевке хабарласқанымызда, өткен жылдары су мәселесінде ешқандай тапшылық көрмегенімізді айтты.
– Керісінше, былтыр «Киров» су қоймасынан Талас өзеніне молынан тасталған судың салдары Таластың төменгі ағысындағы елді мекендерді әбден әбігерге салғанын білесіздер. Биыл да анау айтқандай су тапшылығы бола қоймас. Соған қарамастан біздің мамандар бүгінде бірқатар су қоймаларының сыйымдылығын арттырып, кейбір аудандарға жаңа су қой­ма­ларын салу мақсатында техникалық экономи­ка­лық негіздемелерін әзірлеуде, – деді Берік Көбейұлы.
Ал, облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Күлкеев қажетті мөлшерде су келіп тұрса, шаруаларға суаруға қолайлы жерлерді дұрыстап игеру, жоғары рентабелді, техникалық басым дақылдарды егудің жобасын, бағдарламасын ұсынып, болашақта мол өнім алу бағытындағы жұмысқа барынша басымдық беретіндерін жеткізді.
– Биыл облыста 184 400 гектар суармалы алқапты игереміз деп жоспарлап отырмыз. Былтыр 172 000 гектар болған. Біраз жылдан бері көп жерлерде каналдар тазаланбай, дренаж жүйесінің сапасыздығынан алқаптарға су толық жетпей келгені жасырын емес. 184 200 гектар деп жалпылама айтылғанымен, оның бәріне толық су бармайды. Бізге каналдар мен лоток жүйесін дұрыстап тазалап, суды молынан жеткізіп берсе, суармалы алқаптың бәрін толық игеруге күш саламыз, – дейді Е.Күлкеев.
Су тапшылығынан келер тығырықтан шығатын тағы бір жол –үнемдеу технологиясын дамыту. Бұл мәселе бойынша Е.Күлкеевтің де айтары бар екен.
– Бір гектар алқапты дәстүрлі әдіспен суару үшін орта есеппен 900 тоннаға дейін су керек. Ол су бір гектар алқапқа толық жайылғанша кейбір жерлеріне су бір метрге дейін сіңіп, артық шығын болады. Ал, тамшылатып суаратын болсақ, су тым тереңге бармай, шамамен 0-40 сантиметр аралығындағы тамырдың нағыз нәр алатын бөлігін ғана ылғалдандырады. Яғни, тамырдың сол аралықтағы бөлігі қоректенсе жетіп жатыр. Бұрынғыдай алқапқа азаннан кешке дейін су салып қойып, тіршілік нәрін тым тереңге сіңдірудің еш қажеті жоқ. Ал, тамшылатып суару әдісімен 1 гектарға шамамен 150-200 тонна ғана су шығындалады. Байқасаңыз 4,5-5 есе ысыраптың алдын алуға болады. Сондықтан, осы технологияны облысымыздың құрғақ, шөлейт­ті аумақтарына енгізу өте қажет болып тұр. Облыста 15 мың гектарға жаңбырлатып және тамшылатып суару технологиялары енгізіл­ген. Биыл тағы да қосымша 3 мың гектар алқап­қа осы технологияны орналастырып, аумағын ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Үкімет тарапынан бұл бағытта Инвестициялық субсидиялау бағдарламасы арқылы 25 пайызға дейін жеңілдік қарастырылған, – дейді ол.
Басқарма басшысының орынбасары қазіргі жағдай дабыл қағатындай емес, ауа райы қолайлы болып тұрғанын айтады. Жауын-шашынның жақсы түскенінен ылғал қоры жеткілікті. Сондай-ақ, Азия даму банкі мен Еуразиялық даму банкі арқылы мемлекет тарапынан қаражат қарастырылып, көп жылдан бері қамыс басып, тазаланбаған, жөндеу көрмеген каналдар мен тоғандарға, лоток жүйелеріне көңіл бөлініп, биыл тиісті жұмыстар басталып жатыр екен.
Қысқасы, Жамбыл облысы су ресурстарының 80 пайызының тағдыры көршілес Қырғызстанға байланысты екені рас. Облысымыздың ау­ма­ғын­да 117 су қоймасы бар болса, оның бесеуі республикалық маңызға ие, алайда, қанша су жинасақ та, жеткіліксіз. Бұл тұрғыда ғалымдар мен жергілікті билік, тіпті, тиісті министрлік бірнеше жылдан бері түйткілді мәселенің түйінін тарқатуға тырысып-ақ келеді. Мәселен, Қордай ауданында 25 миллион текше метр болатын ірі су қоймасын салып, осы аудандағы «Қарақоңыз» су қоймасының көлемін 8,5 миллионнан 18 миллион текше метрге дейін, «Қақпатасты» 10-нан 30 миллион текше метрге ұлғайту да біраз жылдан бері жоспарланып келеді. Алайда…
«Алайда» дейтін себебіміз Қазақстандағы трансшекаралық өзендердің жоғарғы жағында отырған ағайынның жылына үш мәрте өнім жинайтыны біздің шаруаларды қызықтыратыны да, қынжылтатыны да рас. Сол себепті, таби­ғи ресурстарды тиімді пайдаланып, өз су қой­ма­мыз­дың қызығын көргенге не жетсін.

Жасұлан Бақытбекұлы

ПІКІР