Мәдениет

Уақыт ағысына үн қосқан қаламгер

Written by Aray2005

Әлі күні кешегідей есте білім қуып өткен жүзжылдықтың 70-ші жылдарында әсем қала Алматыда жүргенімізде жастардың қолынан кітап түспейтін. Кітапқұмарлар саны едәуір көп еді. Қолымыз сабақтан қалт еткенде қала ішіндегі кітап дүкендерін сүзіп шығатын бір жақсы әдетіміз де бар болатын. Жаңа, қызықты кітап кезігіп қалса, тамақтан тарығып жүргенімізге қарамай, әлгі кітапты сатып алатынбыз. Жаңа бір тартымды кітап шықты десе, бірімізбен біріміз жарысып, оны қолға тигізбей оқитын жағымды әдет барын бұл күндері сағынышпен еске аламыз. Сол студенттік жылдары жинаған кітаптарымыз әлі де үйдегі жеке кітапханамыздың негізі болып қаланғаны жасырын емес. Театрлардағы қойылымдардан, экранға жаңа шыққан кинолардан, жазушылар мен ақындармен кездесу кештерінен жастар қалмайтын.

Қала орталығындағы М.Әуезов мұражай-үйінде академик Рахманқұл Бердібаев ағамыз ұйымдастыратын екі аптада бір рет сол кездегі белгілі жазушылармен, ғалымдармен, өнер иелерімен өткізілетін танымдық халық университетіне де жиі бас сұғатынбыз. Кешке жатақханаға келіп, топ-топ болып түннің бір мезгіліне дейін олардан алған әсерлерімізді талқылайтын, ой-пікір бөлісетін кездеріміз де күні кешегідей көз алдымызда. Сөйтіп алтынға тең уақытымызды барынша тиімді, ұтымды пайдалануға тырысып бағатын едік. Енді ойлап отырсақ, ол да ерекше қызықты, жалындаған жастық жалынымыз суымаған, қайталанбас керемет бір дәурен екен ғой, шіркін?!
Сол жылдары жас қаламгерлердің туындылары топтастырылған «Таңғы шық» (Алматы, 1964) әңгімелер жинағы жастар арасында ең көп оқылған кітап еді десем қателеспеймін. Жастардың көбінің қолында «Таңғы шық» жүрді.Студент жастар оны қолдан-қолға тигізбей жарыса оқып, әсерленіп, қызу талқылап жатты. Енді, қазір қарасақ, сол кітапқа енген біраз талапкерлер бұл күндері қарымды, көрнекті жазушыларға айналыпты. Олар қазіргі белгілі қазақ қаламгерлері Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Дулат Исабеков, Төлен Әбдіков және т.б.
Есімде, «Таңғы шықтағы» ең жас автор – он сегіздегі Елен Әлімжанов болатын. Оның қаламынан шыққан әңгімесі «Ән сыры» еді. Туындының мұңы басымдау лиро-элегиялық шығармадан балғын қаламның табы анық байқалатын.
Жас талапкер-жазушы Елен Әлімжанның қаламынан шыққан бұл алғашқы әңгімесімен танысқан көрнекті жазушы Мағзом Сүндетов: «Осы бағытыңнан тайма. Қазіргі талпынысың мені қатты қуантады. Ең бастысы, жазуға деген қабілетің мен икемің бар. Әңгіме композициясын әдемі ширатып, орынды баяндай аласың. Ерінбегейсің, қалам ұстаған екенсің, көп тер төгуің керек. Түбінде жақсы жазушы боласың…» деп жылы лебіз білдіріпті. «Таңғы шықтың» редакторы болған белгілі қаламгер Сәуірбек Бақбергенов те өзінің оңды пікірін айтып, Еленге алған бағытынан қайтпай, көп ізденіп, жаңа,тартымды туындылар жаза беруіне тілек білдіріпті.
Кейінірек, облыстық ауруханада дәрігерлік қызмет етіп жүргенімде, Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетінің (қазіргі «Aq jol» газеті) редакциясында сақа журналист Елен Әлімжанмен танысып, уақыт келе аға-інідей араласып кеттік. Бірде сөз реті келгенде «Таңғы шық» жинағына енген «Ән сыры» әңгімесі жайлы әңгіме қозғадық. Оның қалай дүниеге келгені жайлы Елекең былай баяндап еді:
– Балалық шағым Талас өңірінің Аққұм ауылында өтті. Мектепті жақсы бітірдім де Алматыға білім қуып бардым. ҚазМУ-ға он алты жасымда түстім. Курстағы ең жас студентпін. Қалғандары өңкей сақа жігіттер. Мұхтар Мағауин, Дулат Исабеков, Ескен Елубаев, Әділ Дүйсенбековтермен бірге филфакта оқыдық. Жатақханада бір бөлмеде тұрдық. Қасымызда журналистика бөлімінің жігіттері де болды. Олар көбнесе Дулатты төңіректеп жүреді. Өйткені, ол біраз әңгімелер жазып, бүкіл факультетке танылып қалған.
Шынын айту керек, филфактың біраз студенті Дулатқа еліктеп, әңгіме жазуға құлшындық. Мен де ешкімге білдірмей бірдеңелерді шимайлап жүргенмін. Үлкендік танытып, әрдайым қамқорлық көрсететін Дулат менің бұл «өнерімді» сезетін көрінеді. Алайда жасытқысы келмей, үндемей сырттай бақылап жүріпті. Бір күні, ұмытпасам екінші курстың аяғында болуы керек? Мені дедектетіп ала жөнелді: «Жүр, кәне! Жазушылар одағына барамыз. Сондағы «Жазушы» баспасында істейтін жазушы Мағзом Сүндетовке әлгі жазып жүрген бір әңгімеңді тапсырайық. Жас жазушылардың жинағын құрастырып жатыр деп естідім. Мүмкін, сәтті әңгімеңнің бірін енгізіп жіберер…».
Сөйтіп, уақыт өткізбей Сүндетовке бардық. Қанша тартыншақтасам да, Дулат жетектегендей алып барды. Мағзомды сырттай танитынмын. Жазғандарын оқып жүреміз. Биязы, аса кішіпейіл жан екен. Екі параққа толар-толмас сықақ әңгімемді оқып шығып «Тәуір екен, бұдан басқа көлемдірегі бар ма?» деді іштарта.
Әлде Дулаттың көңілін қалдырғысы келмеді ме? О жағын елеп-екшеуге мұрша бермеген Дулат:
– Бар. Үлкенірек әңгімесін мәшіңкеге бастыртып жатыр, – деді менен бұрын жауап беріп. – Үш-төрт күннен соң әкелсек қайтеді. Жақсы әңгіме, маған ұнаған…
– Ендеше, жылдамдатып соны әкеліңдерші. Уақыт бар. Үлгереміз. Жақсы болса, кітапқа салып жіберейік…
Мағзом Сүндетов ағаның ілтипаты айрықша қанаттандырған. Дулат досыма да ризамын. Төбем көкке екі-ақ елі жетпегендей. Бірақ… Жазушылар одағының босағасынан шыққан бетте бойымды билеген күдік еңсемді езіп жіберген-ді.
Өйткені, жазылған дайын әңгімем жоқ еді. Дулатты ұятқа қалдырғым келмей, әлгінде бәрін де үн-түнсіз мақұлдағанмын. Тәуекел, үш-төрт күн күшеніп көрермін. «Мұндай мүмкіндіктен айырылып қалмау керек», — дейді ойында ештеңе жоқ Дулат мені қамшылап. – Несіне қорқасың. Тездетіп бір әңгіме жаз. Мен саған сенемін».
– Жарайды! Бағымды сынайын! Сөйтіп, жатақханаға жеткенше жазылмаған әңгімемнің идеясын санамда сұлбаладым. Өткен жазда туып-өскен ауылымда қайғылы жол апаты болып, бір жас жігіт өмірден қыршын кеткен-ді. Артында еңіреп әке-шешесі, жары қалды. Осы оқыс оқиғаны болашақ әңгімеге желі етіп тартып, жанама штрих-детальдарды өзімше қиялмен қиюластыруға ұмтылдым. Түске дейін сабаққа, түстен кейін тапжылмай университет кітапханасында отырдым. Бір жетіде «уһ» деп, «Ән сырын» бітірдім, – деп еске алады Елекең сонау алыста қалған аяулы жастық шағына, қызықпен өткен студенттік жылдарына көз жүгіртіп.
Елен Әлімжан университетті бітіріп, Қазақ телевизиясында үш жылдай тәжірибе мектебінен өтті. Содан кейін Жамбыл облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Aq jol») газетіне қызметке орналасып, қатардағы тілшіден бас редактордың бірінші орынбасары қызметіне дейін өсті. Журналистиканың көрігінде шыңдалған тәжірибелі қаламгер Жамбыл облыстық телерадиокомпаниясының төрағасы сынды жауапты қызметті біраз жыл абыроймен атқарып, көптеген тартымды, қызықты, мәнді хабарлар ұйымдастыра білді. Талапкер ынталы жас қаламгерлерді жанына топтастырып, ағалық ақылын айтып, қанаттандырып, шығармашылық әлемінен өз жолдарын табуға қол ұшын берді.
«Ол (Елен Әлімжан – С.О.) 1980-1991 жылдар аралығында еліміздің бас газеті «Социалистік Қазақстанның» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») облыстағы меншікті тілшісі болды. Басылымның өңірлердегі көзі мен құлағы саналатын меншікті тілшілермен аппараттағы жігіттер секілді қоян-қолтық араласып, бетпе-бет жүздесіп жүрмесек те, олардың қолынан шыққан дүниелермен күн сайын танысамыз. Жазғандары арқылы әрқайсысының ой-өрісін, қабілет-қарымын, жеке-дара қолтаңбасын саралайсың. Әр тілшінің сөз саптауынан, тіл қолданысынан қаламгерлік қуатын да сезесің-ау. Несін жасырайық, кейбір тілшілердің материалдарын қарап шығуға қолың бармайды. Бір қайнауы ішінде шалажансар, татымсыз мақалаларды, очерктер мен суреттемелерді қайта қорыту — азаптың азабы. Осындай қиналыс сәттерінде дайын дүниелерге ұмтыласың. Тіпті, рахаттанып, шөліркеп қызыға оқисың.
Мінеки, мұрты бұзылмай, көбіне сол әуелгі қалпында баспаханаға терімге жіберілетін авторлардың қатарына жамбылдық тілшіміздің жазғандары жататын. Он-он бір жылдың ішінде мен де Еленнің ондаған емес-ау, жүздеген үлкенді-кішілі материалына қол қойдым. Неге екенін қайдам, әр хабар-ошарына дейін газеттің кезекті нөміріне жіберерде, «жазушының жүрегінен сүзілген ғой» деп қарайтыным бар. Неткен сенім, неткен құрмет! Әрине, кез келген жанға көрсетіле бермесе керек», – деп еске алады кезінде «Егеменнің» жауапты хатшысы қызметінде болған жазушы, журналист Жанат Елшібеков.
– Еленнің қай жазғаны болсын назар аудартады, дәні бар. Қара мақаласының өзін оқиғаға құрады. Тілі де көркем. Қанша айтқанмен жазушы ғой…» Осы тақілеттес мерей марқайтар мадақтарды сөз қадірін терең түсінетін замандастар аузынан есту – ғанибет емес пе! Жыл сайынғы меншікті тілшілердің дәстүрлі мәжілістерінде де Әлімжанов атына жоғары баға айтылатын.
…Бүгінгі таңда Елен Әлімжанов – өзіндік дара қолтаңбасы қалыптасқан қабырғалы қаламгер. Жақсы драматург. Әдебиет майданында жарты ғасырдан бері жұбымыз жазылмай қатар келеміз. Қалайша қуанбассың, қалайша шүкіршілік етпессің!..».
Иә, бұл Елекеңнің қанаттас, үзеңгілес әріптесі Жанат Елшібековтің жүрекжарды пікірі, ерекше қуанышы, шын пейілмен берген бағасы.
Газет пен телеарнада, радиода қызмет ете жүріп, қаламын қолынан тастамай ол әркез шығармашылықты жанына серік етті. Жазған тартымды публицистикалық шығармалары мен әсерлі эсселері, қызықты да ойлы әңгімелері республикалық «Жұлдыз», «Жалын» журналдары мен «Қазақ әдебиеті», «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») газеттерінде мезгіл-мезгіл шығып жатты. Оның «Ескі жара», «Тек», «Оралу», «Әкімнің добы», «Тарғыл сиыр», «Төрткүл» атты әңгімелері мен повестері көпшіліктің назарына ілініп, жақсы бағасын алды.
Бүкіл саналы ғұмырын Алматыдан жырақ жерде, яки өз кейіпкерлері ортасында өткізген жазушы Елен Әлімжан қалың оқырман қауым жылы қабылдаған бірнеше кітап жазды. «Оралу», «Көріпкел», «Толық адам», «Тақталас», «Жанұран», «Ақ періште – арманым» т.б әңгіме-повестері мен пьесалар, публицистикалық кітаптары жарық көрген.
Жазушы Ел-ағаның есімі шетелдік оқырмандарға да там-тұмдап жете бастады. Мәселен «Айт күні» атты әңгімесі түрік тіліне тәржімаланып, Ыстамбұлда шыққан түрік халықтары әдебиетінің антологиясына енген. Қазіргі күн тақырыбын арқау еткен «Баймұрза», «Қол арба» әңгімелері жазушының ізденісін байқатады. Автордың өзі сездіргендей, бұған дейін ешқандай кітабына қосуды қажетсіз көрген тұңғыш туындысы «Ән сыры» атауымен жаңа әңгімелер жинағын әзірлемек. Ол драматургия саласында да жемісті қалам тербеуде. «Бір қазаққа бір қатын», «Тақталас», «Жанұран», «Қызыр баба», «Бауыржан Момышұлы», «Ақ періште арманым», «Төле би», «Абылайханның серті» және де басқа комедиялары мен тарихи драмалары талғампаз көрерменнің ілтипатына бөленгені мәлім. Мысалы жазушының «Бір қазаққа – бір қатын» комедиясында көтерген тақырыбы қазіргі күндерге дейін өз өзектілігін жоғалтқан жоқ. Бір қарасаң, барлығы кәдімгі үйреншікті тұрмыстық тіршілік сияқты. Бірақ ой таразысынан өткізсек, бүгінгі қоғамда орын алып отырған демографиялық мәселелер терең қозғалған.
Ал «Жанталас» атты дүниесінеде автор қазан төңкерісінен кейінгі қазақ қоғамының екіге жарылғанының себептерін іздестіріп, көпшілікті ұқтырады. «Жанұран» атты комедиямен таныссаңыз қазіргі қоғамдағы руханият жұтаңдығы суреттеліп, барлығын ақша шешеді деген ұғымның теріс екені айтылады. Бұл пьеса Бішкекте өткен халықаралық театр фестивалінде «Тақырыбының өзектілігімен мен азаматтық позициясы» номинациясы бойынша жүлде алды. Аталған пьесаларының басым көпшілігі орыс, қырғыз, түрік тілдеріне аударылып, республикадағы М.Әуезов атындағы академиялық театрдан бастап көптеген драма театрларының сахнасында қойылды. Драматург Елекеңнің қаламынан шыққан пьесалары бүгінгі өмірді шыншыл бейнелеумен құнды екенін дәлелдеді.
Жазушы Елен Әлімжанның бауыржантану ғылымына қосқан үлесі елеулі екенін де атап өткен жөн. Ол белгілі абайтанушы-ғалым Мекемтас Мырзахметұлымен көп жылдардан бері бірігіп, бауыржантануда көптеген игілікті іс-шаралар атқарды. Бауыржан Момышұлының өмірі мен адами қасиеттерін, мінезін терең зерттеп, ой елегінен өткізіп, сауатты сараптап республикалық басылымдарда бірнеше құнды мақалалар жариялап, тіпті кейінірек жеке кітап болып баспадан шықты. Елекеңнің бауыржантанудағы ерен еңбегін отандық белгілі ғалымдар ерекше атап, орынды бағаларын беріп жүр.
…Бірде көгілдір көктемнің әдемі бір кешінде, жұмыс аяғында Ел-ағамен қала көшесінің бойында жолығып қалып, амандық-саулық сұрастық. «Сағындық, уақытың болса мына алдымызда құлпырып, жайнап, көз тартып тұрған жасыл саябақты аралап, кешкі таза ауамен тыныстып, әңгімелесіп, ой-пікір бөліселік. Дидарласпағанымызға біраз уақыт болыпты. Бұған қалай қарайсың?.., – деп ұсыныс жасады. Менің де сол сәтте асығып бара жатқан жұмысым жоқ болатын. Содан асықпай ілбіп жүріп, әңгімеден әңгіме туындап, ойдан ой қуып, біраз әңгіме көркін қыздырдық. Бұл біздің көп жылдардан қалыптасқан әдетіміз болатын. Кездесе қалсақ, уақыт тығыз болмаса, ой-пікір алысуды ұмытпаймыз. Сөз реті оның республикалық, облыстық басылымдарда соңғы кезде хакім Абай, ержүрек Бауыржан туралы жарияланған шығармалары төңірегінде жалғасты. Одан кейін қазіргі еліміздегі көркем әдебиет жөнінде әңгіме өрбіттік. Әрине, қаламгермен жүздесіп тұрғаннан кейін «Жазушы аға не жазып жүр екен?» деген сұрақ қойылатыны заңдылық емес пе? Менің бұл сұрағыма қашанда салмақты, сабырлы жазушы сәл ойланып барып, былай деді:
«Өткен 2019 жылы республикалық бағдарламаға енген «Анажар» романым Алматы қаласындағы «Дәуір» баспасынан көп тиражбен шықты. Онда қазіргі қоғамдағы күрмеуі қиын проблемаларды басынан кешірген жас қыздың ауыр, трагедиялық, шытырман тағдыры баяндалады. Онымен танысқан оқырман қауымның ой-пікірлері жаман емес. Тағы бір жаңалығым, біраз жыл бойы зерттеп, зерделеп қалам тербеп жүрген еңбегім көрнекті ғалым-абайтанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметов туралы болатын. Сол «Алтын жүлге жыры» романымды жақында бітірдім. Таяу уақытта баспадан жарық көріп қалар. Жазатын мәселе көп қой мына беймаза, аласұрған, қызылды-жасылды дүниеде. Тек, Жаратушы ием әр жазушыға күш-қуат, ой-парасат берсін…
Сондай-ақ қоғамның жаңаруына бай­ла­ныс­ты қазіргі адамдардың психология­сында жүріп жатқан өзгерістерді бейнелейтін жаңадан жазылған әңгімелерім мен уақыт талабына үн қосатын көсемсөздерімнің біразын kіtap.kz сайтына енгіздірдім. Оларға оқушылардың пікірі тәуір, кейде тіпті әлгі интернет арқылы жылы пікірлерін білдіріп жатады. Қазір көпшілік кітап емес, ғаламторға көбірек жүгінетін сияқты. Оған таңғалатын ештеңе жоқ. Уақыт солай болып тұр емес пе?!.»
Қаламы ұшталып, тартымды, сүбелі шығарма жазуға әбден төселген жазушы Елен Әлімжанның шығармашылығына көз жүгіртіп отырып, белгілі жазушы Шерхан Мұртазаның «Мәселе жазушының шығарманы том-том етіп, көпіртіп жазуында емес. Міне, «Тақталастай» өмірлік өзекті дүниенің жүгін көтеріп тұрған бір-ақ дүниемен де әдебиет әлемінен орын алуға болады», – деген пікірі ойыма оралды.
«Әдебиет – ардың ісі» деп жатады көпшілік. Сондықтан болар Ел-аға өзге, базбір жазушылар тәрізді «тисе терекке, тимесе бұтаққа» дегендей бұрқыратып, оңды-солды көпіртіп жаза бермейді, аз жазса да саз жазады. Әсте бұл жазушы не жазса да терең толғанып, түбегейлі зерттеп, барынша зерделеп, әр істің байыбына барып, асықпай-аптықпай ой елегінен өткізіп, барынша қорытып барып жазу үстеліне отыратынынан болу керек, сірә. Бұл – тәжірибелі жазушының өмірлік кредосына айналған шындық. Ол көптің ойынша, әдебиетке ішкі дайындықпен, жауапкершілікпен келген талғампаз жазушы.

Иә, бүгіндері жетпістің бесеуіне келіп отырған жазушы Елен Әлімжан қазіргі қазақ әдебиетінен өз орнын тапқан, шығармаларына қазіргі күнгі қоғамның өзекті мәселелерін өрнек еткен, шырылдаған шындықты ту еткен байсалды, дегдар қаламгер.
Біз Ел-ағаны мүшелтойымен құттықтай отырып, денсаулықтың, қажырлы күш-қайраттың арқасында шығармашылық тың табыстарға жетіп, көпшілік оқырманды жаңа тартымды, қызықты туындылармен қуанта береріне кәміл сенеміз.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

ПІКІР