Уақыт, заман һәм күнтізбелер хақында

0 9

Жер бетіндегі барша халық өздерінің салт-санасымен жаңа жылды әр кезде әрқалай қарсы алатыны белгілі. Соның ішінде түркі халықтарының жыл басын наурыздың 21-іне белгілеуінің дәлдігі бұлтартпас айғаққа негізделген. Бұл негізінен, астрономиялық тұрғыдан алғанда жыл басы 21 наурыз болып саналуынан. Нақ осы күні күн мен түннің жазғытұрымғы теңесуі өтеді, күзгі теңесу 21 қыркүйекте. Ал 21 маусымда және 21 желтоқсанда тоқырайды (ең ұзақ күн, ең қысқа түн және керісінше). Түркі халықтарының қатарында қазақ халқы да 22 наурызды ежелден жаңа жылдың басы санап, табиғат түлеп, тіршілік оянатын сәтті Наурыз мейрамы ретінде шадыман шаттықпен атап өтіп келген. Оқырмандар үшін осылай Ай мен Күннің қозғалысына байланыстырып, яғни адамзат баласы ойлап тапқан есептеулер, күнтізбелер жайында сөз қозғағанды жөн көрдік.

Ең алдымен уақыт ұғымын алып қарайық. Бір тәулікте 24 сағат немесе 24×60=1140 минут, 1140×60=86400 секунд бар. Сағат тәуліктің 24-тен бір үлесі, сағаттың 60-тан бір үлесі минут, минуттың 60-тан бір үлесі секунд, секундтың 60-тан бір үлесі терция, терцияның 60-тан бір үлесі кварт, ал кварттың 60-тан бір үлесі квинт аталады. Латын тілінде минут «бөлгенде шыққан үлес» деген мағына береді. Осылайша секунд «екінші ретте бөлгенде», терция «үшінші ретте», кварт «төртінші ретте», квинт «бесінші ретте», әрдайым бөлгенде шығатын үлестер. Жер шары 24 меридиан арқылы 24 сағаттық белдеулерге бөлінген. №0 белдеу Англия, Франция меридианында орналасқан. Англиядағы Гринвич обсерваториясы көрсеткен уақыт дүниежүзілік уақыт деп аталады.
«Біздің заманымызға дейінгі» немесе «біздің заманымыздың бәленбайыншы жылы» дегенді жиі естиміз. Ал біздің заманымыз «Христиан заманы» немесе «Христос туғаннан бастап есептелетін заман» деп аталады. Христос – мұсылманша Иса пайғамбар. Ресейдің заманалар бойы пайдаланып келген ескілікті күнтізбесін Бірінші Петр өзгертті. Ол арнайы жарлық шығарып, «дүние жаралғаннан саналатын 7203 жыл» деп есептейтін жылдың басын бұрынғыдай 1 қыркүйектен есептемей, 1 қаңтардан есептейтін етіп, ол жылды «Христос туғаннан басталып саналатын 1699 жыл» деп түзетті. Сөйтіп, 1700 жылды Ресейде алғаш рет 1 қаңтарда қарсы алды. Бұл ескі орыс күнтізбесінің Юлиан күнтізбесіне сәйкестендірілуі болатын.

ЮЛИАН КҮНТІЗБЕСІ

Біздің заманымыздан бұрынғы 46-жылы Римдегі жоғары үкімет билігін Гай Юлий Цезарь қолына алғаннан кейін жасалды. Ол уақыт есебіндегі келеңсіздікті жою мақсатында Мысырдың Александрия қаласында тұратын грек астрономы Созигенді шақыртып алып, Рим күнтізбесін түзуді тапсырды. Ол күнтізбе жарлықпен белгіленіп, халыққа жарияланды. Күнтізбе Юлий Цезарьдің құрметіне «Юлиан күнтізбесі» деп аталды. Тропиктік жылдың ұзақтығы – 365,25 тәулік. Мұны жүйелеу үшін төрт жылдық айналым алынып, оның үш жылы 365 күннен, бір жылы 366 күннен саналды. Кібісе жылдар айналымның төртінші жылдары боп, саны төртке қалдықсыз бөлінді. Ескі римше айлар мартиус, априлис, майус, юниус, квинтилис, секстилис, септембер, октобер, новембер, децембер, януариус, февриуариус деп аталды. Тақ нөмірлі айлар 31 күннен, жұп нөмірлі айлар 30 күннен саналды. Тек жай жылдары февруариус 29 күннен тұрды. Квинтилис айын Юлий Цезарьдің құрметіне «Юлиус» деп атауға жарлық шықты. Кейіннен секстилис айы Цезарьдің орнын басқан Август Октаваның атымен «Август» аталды. Юлиан күнтізбесіндегі жылдың ұзақтығы тропиктік жылдың ұзақтығынан 11 минут 14 секунд артық болды. Осы артық уақыт жинала келе 128 жылда 1 тәулік, 384 жылда 3 тәулік, 1280 жылда 10 тәулік құрайды. Бұл алшақтық күнтізбенің елеулі кемшілігі болды.

ГРИГОРИАН КҮНТІЗБЕСІ

Юлиан күнтізбесіндегі жоғарыдағы кемшілікті түзету үшін Рим папасы Григорий XIII 1582 жылы арнаулы комиссия құрып, күнтізбе жобасын жасауды ұсынды. Италиялық дәрігер және математик Алоизий Лилийдің (1520-1576) жасап келген жобасы мақұлданды. Сөйтіп, бұл күнтізбе де оны жасаған адамның емес, сол тұстағы патшаның атымен «Григориан күнтізбесі» деп аталады. Жаңа күнтізбе бойынша Юлиан күнтізбесінің әрбір 400 жылынан 3 күн шығарылып тасталады. Оның ережесі бойынша жылдың нөміріндегі ғасырдың саны 4-ке қалдықсыз бөлінсе ғана ол кібісе жыл болады, бөлінбесе жай жыл. Мысалы 17, 18, 19, 21, 22, 23 сандары төртке бөлінбейді, сондықтан 1700, 1800, 1900, 2100, 2200, 2300 жылдар – жай жылдар. Ал 16, 20, 24, 28 4-ке бөлінетін болғандықтан, осы санмен басталатын 1600, 2000, 2400, 2800 жылдар – кісібе жылдар. Сөйтіп, төрт ғасырдан соң бір кісібе жыл келіп, 400 жылдан 3 күн кемітіледі. Екі мыңыншы жылы осылай болды.
Григориан күнтіз­бесінде де кемші­ліктер бар. Ол тропиктік жылдан 26 секундтай қысқа. Бұл 26 секундтан бір тәулік жиналғанша 3280 жыл өтеді екен. Сондықтан қазіргі тұрмыста қолдану үшін бұл дәлдік болмашы ауытқушылығына қара­мастан, қанағаттанарлық болып саналды. Патшалық Ресей Григориан күнтізбесін қолданбай келген. Поптар, шіркеу бастықтары қолдамады. Күнтізбені жаңа санатқа көшіру Кеңес өкіметінің алдымен қараған мәселелерінің бірі болды. 1918 жылы 23 қаңтарда (Юлиан күнтізбесі бойынша) Халық Комиссарлары Кеңесі күнтізбе реформасын қарап, келесі күні 24 қаңтарда шешім қабылдады. Сөйтіп, Қазан төңкерісі 1917 жылы 25 қазанда басталған болса, жаңа санат – Григориан күнтізбесі бойынша
7 қарашаға келеді. Екі күнтізбе аралығындағы алшақтық – 12 күн.

ХИДЖРА КҮНТІЗБЕСІ

Ислам діні шыққалы бері арабтардың жыл санау жүйесі «Тарих әл-хиджра» деп аталады. «Хиджра»– «ауып бару», дәлірегі «қашып бару» деген сөз. Діни уағыздарына құлақ аспай, өзін өлтірмек болған арабтардан Мұхаммед 24 сафарда Меккеден жаяулап қашып шығып, екі жұмадан кейін әууәл айының 8-і күні (бізше 622-ші жылы) Ясриб қаласының іргесіне келеді. Ясриб арабтары Мұхаммедті пайғамбар деп таниды. Бұл қала кейін Медине аталады. Мұхаммед өлгеннен соң бес жыл өткеннен кейін, яғни біздің заманымыздың 637 жылы хиджра есебі тағайындалады. Мұхаммедтің Меккеден қашып Мединеге барған жылы (622) хиджраның бірінші жылы деп алынып, жаңа хиджра дәуірі басталады. Араб күнтізбесі күн қозғалысына емес, ай қозғалысына негізделгендіктен, ондағы бір жыл 354-355 күннен тұрады да, біздің жылымыздан (Григориан) 11 күнге кем болады. Хиджраның жаңа жылы біздің жыл есебімізден жыл сайын он бір күн озып ерте келетіні сондықтан. Ол жылжып отырып жазға да, күзге де, қысқа да келеді. Тіпті белгілі бір кезеңде бір жылдың ішінде екі рет хиджраша жаңа жылы тойланады. Мысалға айтсақ, ай хиджрасының 1396 жылы 1976 жылдың 3 қаңтарында басталса, ал келесі 1397 жылы – сол 1976 жылдың 23 желтоқсанында басталған. Осылайша Ораза, Құрбан айт және басқа діни мейрамдар да жыл сайын он бір күн алға жылжып отырады. 2000 жылы 7-8 қаңтарда Ораза айт пен Иса пайғамбардың туған күні (Рождество) бір күнге сәйкес келгенін де айта кетейік. Бұлай сәйкес келу 35 жыл сайын қайталанып отырады.
Қазір мұсылманша 1442 жыл өтуде. Ол былтыр (2020 жыл) 21 тамызда басталған болатын. Келесі 1443 жылдың басы биылғы 10 тамызда туады.
Біздің заманымыз бойынша 622 жылдың 16 шілдесі, жұма күні хиджра дәуірінің басы болып саналады. Арабша ай аттары, Мухаррам (30 күн), Сафар (29), Рәбби-әууәл (30), Рәби-ахир (29), Джумада-әууал (30), Джумада ахи (29), Раджап (30), Шағбан (29), Рамазан (30), Шәввал (29), Зульхада (30), Зулхиджа (29, кейде 30 күн). Араб күнтізбесіне өзек болған синодтық айдың басы – өліара. Өліара ай көрінбейтін кез, ертеңіне айдың жіңішке орағы дөңес жағы оңға қараған жарты дөңгелек болады. Бұл 1-ширек. Толық ай – айдың 14-і. Бұдан соң ай оң жақ шетінен бастап кетіліп, кеми түседі. 7 күн өткенде сол жақ жартысы қалады. Ақыры ескі ай бітіп, өліара туады. Сөйтіп, хиджра айлары айдың жаңа туған сәтінен басталады.

МӘҢГІ ҚАЗАҚ КҮНТІЗБЕСІ

Көзіқарақты оқырман қазақ ғалымы жүйелеген ерекше күнтізбе туралы да естіген болар. Күнтізбені дайындаған кеңестік танымал өнертапқыш, Д.Қонаев атындағы университеттің құрметті профессоры, халықаралық Акмеология ғылым академиясының академигі (Санкт-Петербург) және Платон сыйлығының иегері Сайлыбай Бекболатов деген азамат. Кембридж университетінде әлемнің қырық елінен келген ғалымдар алдында қорғап, «Мәңгі, тұрақты қазақ календары» атты патент алып, айрықша қолдауға ие болған. Оның ширек ғасырдан аса уақытын жұмсап, жасап шығарған күнтізбесінің ерекшелігі – жыл 13 айдан тұрады және әр ай 28 тәуліктен құралады. Жыл он үш айдан тұру себебін ғалым Жер планетасы Күнді айналу жолында 13 шоқжұлдызды жанап өтетіндіктен, қазіргі астрологияда тек он екі шоқжұлдыз есепке алынып, он үшіншісі «ұмыт» қалдырылғанымен түсіндірген. Ай да біз ойлағандай отыз күнде емес, 28 күнде толады деп болжайды. Бұл күнтізбеде әр ай дүйсенбіден басталып, жексенбіде бітеді. Қазақ ұғымында «Он үште отау иесі», «Он үш мүшел жас» деген ұғымдар барын ескерсек, күнтізбе жасаған қазақ ғалымының пікірімен санаспасқа болмайды. Әрі бұл күнтізбе өзгермейтін тұрақты болғандықтан жыл сайын жаңа күнтізбе басып шығарудың қажеті болмайды екен.
Ал біз үйренген нұсқа бойынша Күннің көрінерлік жолында 12 шоқжұлдыз бар. Олар, Тоқты (21 наурыз-21 сәуір аралығы), Торпақ (21 сәуір-21 мамыр), Егіздер (22 мамыр-21 маусым), Шаян (22 маусым-22 шілде), Арыстан (23 шілде-23 тамыз), Бикеш (24 тамыз-23 қыркүйек), Таразы (24 қыркүйек-23 қазан), Бүйі (24 қазан-22 қараша), Мерген (23 қараша-21 желтоқсан), Ешкімүйіз (22 желтоқсан-20 қаңтар), Суқұйғыш (21 қаңтар-18 ақпан), Балықтар (19 ақпан-20 наурыз). Осыған қарап әркім өзінің қай шоқжұлдыз аясында өмірге келгенін біле алады.
Қазақша ай атаулары: қаңтар, ақпан, наурыз, сәуір, мамыр, маусым, шілде, тамыз, қыркүйек, қазан, қараша, желтоқсан.

ҚАЗАҚША ЖЫЛ ҚАЙЫРУ

Түрік күнтізбесіне негізделген ежелгі қазақ жыл санауы бойынша жылдың басы – 22 наурыз. Бұдан әрі күн тез ұзарып, жер беті жылына бастайды. Қазақтың халық тәжірибесінде жыл санауға мүшел алынды. Бір мүшел 12 жылдан тұрады. Қазақша жыл аттары: тышқан, сиыр,барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, ит, доңыз. Осылай алты үй, алты түз жануарының атымен жылдардың аталуы туралы халық аузымен әдемі аңыз-ертегілер жеткен. Он екі жылдық циклмен жыл есебін жүргізуді «Жыл қайыру» деп атайды. Бірінші мүшел 13 жас, содан кейін 12 жылдан қосыла береді. Яғни 25 жас екінші мүшел, 37 – үшінші, 49 – төртінші, 61 – бесінші, 73 – алтыншы, 85 – жетінші, 97 – сегізінші, 109 – оныншы, 121 жас он бірінші мүшел болып есептеледі.
Сонымен, алдағы наурыз айында тышқан жылын сиыр жылы алмастырады. Ел есінде былтырғы ауыртпашылықтар ұзаққа дейін ұмытылмасы анық. Есесіне келе жатқан Сиыр жылы өзінің мінезіне тән халқымызға жайлы, сүтті де майлы болсын деп тілейік.

Құрманбек ӘЛІМЖАН,
журналист

Қордай ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.