"Шамшырақ"

ҰБТ-2020: түлектерді қандай өзгерістер күтуде?

Written by Aray2005

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылдың 5 мамырында «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында карантинге байланысты оқу үдерісінде орын алған өзгерістер жайында:«Биылғы оқу жылы ойдағыдай аяқталады деп ойлаймын. Оқу үлгерімін бағалауға қатысты еш қиындық туындамауы тиіс. Әрине оқушылардың өз мұғалімдерімен және құрбыларымен жүздесіп, әдеттегідей сабақ оқығанына не жетсін. Бұл-уақытша қиындық. Бұған түсіністікпен қарап, шәкірттеріне қашықтан білім беріп жатқан ұстаздар қауымына ризашылық білдіремін» деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Мемлекет басшысы сұхбатында атап өткендей ерекшелігі мен жаңалығы көп биылғы оқу жылы аяқталып, соңғы қоңырау үні сыңғырлайтын кез де жетті. Алайда бұл оқу жылы бұрынғы оқу жылынан өзгерек болғалы тұр. Әлемді әбігерге салған коронавирус індетінің одан әрмен таралуына жол бермеу мақсатында ҚР Білім және ғылым министрлігі мәжбүрлі түрде бірқатар шешімдер қабылдап отыр. Мәселен, дүйсенбі күні ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова Facebook-тегі парақшасында: «Жыл сайын 11 сынып түлектеріне аттестат тапсыру маусым айының ортасында өткізілетін. Бірақ мектеп бітіруші түлектерге қорытынды аттестаттау емтихандары өткізілмейтінін және ҰБТ-ға қашықтан дайындалу қажеттілігін ескере отырып, бұл іс-шараны маусым айының басында, яғни 3-4 маусымда өткізу туралы шешім қабылдадық. Іс-шара аясында салтанатты түрде аттестаттар тапсырылып, 11-сынып түлектері үшін соңғы қоңырау соғылады», – деп мәлімдеді вице-министр. Министрлік аталған іс-шараның міндетті түрде мектеп аумағында, ашық ауада, қонақтарсыз, тек түлектердің қатысуымен және санитарлық нормаларды сақтай отырып өтуі тиіс екенін және аттестат тапсыру рәсіміне мектеп формасында келу ұсынылатынын мәлімдеді. Ведомство сондай-ақ, салтанатты жиыннан кейін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, ағаш отырғызу акциясын өткізу жоспарланып отырғанын хабарлады.
Алайда дәл қазіргі уақытта ұстаздар қауымын, ата-аналарды және де әні-міне өмірдің жаңа баспалдағына қадам басқалы отырған мектеп бітіруші түлектерді қорытынды аттестаттау емтихандарының өткізілмейтіні, соңғы қоңыраудың жалпы мектеп оқушылары үшін соғылмайтыны емес, бәрінен де алда келе жатқан үміт пен үрей сынағы – Ұлттық бірыңғай тестілеудің қалай өтетіні қатты толғандырып отыр. Ендеше Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізуге дайындық барысы, карантин режиміне байланысты орын алған өзгерістер, талапкерлерді тосқан жаңалықтарға тоқталып, көптің көкейіндегі сан сауалдың жауабын іздеп көрсек.
Жалпы түлектердің он бір жыл бойы алған білімдері таразыға түсетін, биыл 17 мәрте өткелі отырған сынаққа онлайн қатысу үшін облыс бойынша биыл мектеп бітіруші түлектердің 78, 3 пайызы (7 181 оқушы) өтініштерін тапсырған. Айта кетейік, Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу үшін өтініштер 10 мамырға дейін ent2020.testcenter.kz сайтында онлайн қабылданған.
Облыс әкімдігі білім басқармасының орта білім бөлімінің басшысы Айдын Досыбаеваның айтуынша, ҰБТ тапсыруға ниетті мектеп бітірушілердің белсенділігі былтырғымен деңгейлес.
– Облыс бойынша ағымдағы жылы мектепті 9 171 түлек бітіреді. 383 түлек «Алтын белгі» төс белгісіне және 366 оқушы үздік аттестатқа үміткер (2019 жылы «Алтын белгі» төс белгісінің иегерлері-328, үздік аттестатқа ие болғандар-246). 9, 11 сыныптарда қорытынды аттестаттау ағымдағы оқу жылының жылдық бағаcы негізінде жүргізіледі.
Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық мақсатында облыс әкімдігі білім басқармасының сайтында арнайы парақша ашылып, педагогтардың онлайн сабақтары мен вебинарлары күнделікті өткізілуде.
Мектеп бітірушілер қашықтықтан оқытуға көшкелі Ұлттық тестілеу орталығының www.testcenter.kz. сайты, «Daryn.online», BilimLand порталында iTest виртуалды кешенінде орналасқан онлайн тест тапсырмалары арқылы тегін байқау сынақтарынан өтуде. Онда тесттің 70 нұсқасы берілген. Сонымен қатар Тараз қаласының мектеп бітірушілері мамыр айынан бастап «PyVela» көпфункционалды мобильді қосымшасы арқылы Ұлттық бірыңғай тестілеуге тегін дайындалуға мүмкіндік алды. Оқушылардың дайындығы әрбір мектеп басшылығының, аудандық білім бөлімі басшысының жеке бақылауында.
Сынақ маусымның 20-ы мен шілденің 5-і аралығында 10 ҰБТ өткізу пунктінде өткізіледі. Тестілеудің ұзақтығы – 3 сағат 50 минут. Барлығы –120 сұрақ, максималды 140 балл. Тест сұрақтары ішінде төртінші тоқсанға қатысты сұрақтар жоқ.
ҰБТ-ның қорытындысы бойынша бейнежазбаларға талдау жасалады. Пайдалануға тыйым салынған заттарды қолданған жағдайда ҰБТ нәтижелері жойылады.
Мемлекеттік гранттар оқыту тілі есепке алынбай тағайындалады. ҰБТ қорытындысы туралы сертифакат пен Білім беру грантының тағайындалуы туралы куәліктер электронды түрде беріледі, – дейді А. Досыбаева.
Сонымен қатар биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеудегі өзгешеліктің бірі – пилоттық негізде тестілеу аудиторияларынан онлайн-трансляция жүргізілетін болады. Осылайша кез келген адам процесті бақылап, тестілеу кезінде ереже бұзу фактілерін бақылай алады. Ал анықталған жағдайда Ұлттық тестілеу орталығына хабарлауға болады.
Коронавирус пандемиясына байланысты биылғы ҰБТ-да санитарлық шектеу шараларына да айрықша көңіл бөлініп отыр. «Тестілеуде әдетте бір аудиторияда 100-150 адам отыратын. Қазір 50 адамнан отырғызуды ұйғардық. Эпидемиологиялық жағдай қиындаса, 30 адамнан, тіпті 25 адамнан қалдырамыз. Әр түлектің айналасында 2-2,5 метр қашықтық сақталуы керек», – деді жуырда ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов.
Коронавирус індетінің салдарынан туындаған қиын жағдайға қарамастан елімізде ҰБТ-ға дайындық қызу жүргізілу үстінде. Әзірлік барысында үлкен сын болғалы тұрған сынақты ойдағыдай өткізу, қандай да бір кеткен кемшіліктерді жою жолдары қарастырылып, тәртіп бұзушылықтың алдын алу шаралары жан-жақты ойластырылғанына көзіміз жетіп, көңіл сенді. Ал қашанда білім бәсекесінде бәсі биік болып, жұлдызы тек жоғары жарқырайтын жамбылдық жас түлектердің бұл сынақтан да сүрінбей өтіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізеріне кәміл сенімдіміз.

Талғат Нұрханов

ПІКІР