Сараптама

ҰБТ-ға дайынсың ба, жас түлек?

Frustrated student

Мектеп бітіруші түлектердің он бір жылдық білімі сараланатын Ұлттық бірыңғай тестілеуге санаулы күндер қалды. Нақтырақ айтқанда, биылғы білім сынағы 20 маусым мен 1 шілде аралығында өтпек. Бұл, әрине, мұғалім үшін де, ата-ана үшін де, жастар үшін де ең маңызды кезең.

Облыстық білім басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, 2017-2018 оқу жылында облыстағы 352 жалпы білім беретін орта мектепті 9 611 оқушы бітіріпті. Оның 6 082-сі ҰБТ тапсыруға өтініш білдірген. Бұл мектеп бiтiрушiлер санының 69,2 пайызын құрайды. Талапкерлердің 5 386-сы тестті қазақ тілінде, 714-і орыс тілінде тапсырмақ. Айта кетсек, биыл ҰБТ форматына өзгеріс енгізілмеген, тек оқушыларға сынақты ағылшын тілінде тапсыруға мүмкіндік беріліп отыр. Алайда, облыс бойынша шет тілінде тест тапсыруға оқушылардың арасында ниет білдірушілер болмапты.
Облыстық білім басқармасының орта білім бөлімінің басшысы Айдын Досыбаеваның айтуынша, ҰБТ-ға дайындық барысында оқу жылының басында төмен нәтижелер көрсеткен мектептер арнайы зерделеніп, талдау жүргізілген екен.
– Былтыр төмен нәтиже көрсеткен 57 мектеп, соңғы үш жыл бойы көштің соңында келе жатқан 6 мектеп, екі жыл қатарынан оқу деңгейі көтерілмеген 13 мектеп анықталды. Оларға көмек көрсететін 12 ресурстық орталық құрылды.
Облыстық оқу-әдістемелік кабинетінде ҰБТ-дан төмен нәтиже көрсеткен мектеп директорлары мен олардың орынбасарларына арналған шеберлік сыныптары өткізілді. Тестілеуде қамтылған пән мұғалімдеріне арналған 242 іс-шара ұйымдастырылып, 8 954 мұғалім дайындық курстарынан өтті, – дейді Айдын Орынбекқызы.
Бұдан бөлек, бөлім басшысы мектеп оқушыларының бағамдау тестіне қатыстырылуы мен осы кезеңге дейінгі нәтижесіне де тоқталды. Мәселен, былтырғы желтоқсан айынан бастап әр мектепте «Тестцентр» бағдарламасы іске қосылып, 11-сынып оқушылары білім ордаларында онлайн түрде күнделікті сынама тест тапсыру мүмкіндігін алған. Сондай-ақ, өткен жылдың қыркүйек айынан бастап республикалық USTADI онлайн тестілеу орталығы, «Информационные технологии 5 плюс» компаниясы, «125» орталықтары арқылы байқау тесттері алынған.
– Ай сайын 11-сынып оқушылары арасында алынған тестке мониторинг жүргізілуде. Мысалы, 2017 жылғы қазан айында алынған тест нәтижесі 66,3 орташа баллды құраса, биылғы сәуір айында өткен тесттің қорытындысы 88,3 баллды құрады. Осы сынама тест қорытындыларының мониторингісі бойынша Тараз қаласы мен 10 аудандағы жалпы орта мектептердің 128-інің «қауіпті аймақта» тұрғандығы анықталды. Биылғы оқу жылында ҰБТ көрсеткішін 78,2 пайызға жеткізу межесін қойып отырмыз, – дейді А.Досыбаева.
Жауапты сәт жақындаған сайын жас түлектер де дайындығын пысықтай түсуде. Мысалы, Жамбыл ауданы, Гагарин атындағы мектептің түлегі Айдана Мәлік ҰБТ-ға сақадай-сай екенін жасырмады. «Тест, әрине, оқымағандар үшін қиын, ал зейінділер үшін білімді саралайтын кезекті сынақ қана», – дейді жас түлек.
– Мен міндетті пәндерден бөлек, қосымша ағылшын тілі мен дүниежүзі тарихынан тест тапсырмақпын. Жоғары балл алатыныма сенемін. Қазіргі таңда «125» орталығына барып дайындалып жүрмін. Алғашында төмендеу балл алсам, кейіннен 120 баллға дейін жеттім. Тест орталықтарында тыңғылықты дайындалуға барлық мүмкіндік жасалған, – дейді ол.
Көңiлге бiр үмiт, бiр күдiк ұялатқан ҰБТ ата-ананы да алаңдататыны заңдылық. Осы орайда, білім сынағына қазір­ден уайымдап жүргендердің бірі – тараздық Шолпан Нұрғалиқызы. Оның қызы Айман биыл Тараз қаласындағы №39 мектепті тәмамдапты. «Қызым маркетинг саласының маманы болғысы келеді. Күні-түні дайындалуда. 11 жыл бойы оқыған білімін дәлелдеп, грантқа түседі деп үміттеніп отырмыз. Әрбір ата-ана секілді мен де қызымның шекті баллдан төмен алып, сағы сынбаса екен деп тілеймін», – дейді Ш.Нұрғалиқызы.
Әрине, әрбір түлектің тестілеуден жоғары балл жинауға талпынатыны түсінікті. Дейтұрғанмен, таяуда өткен Үкiмет отырысында ҚР Бiлiм және ғылым министрi Ерлан Сағадиев ведомствоның ҰБТ нәтижелерi бойынша мектептердiң рейтингiн жүргiзбейтінін тілге тиек етті. Сондай-ақ, ол әкiмдердің назарына ҰБТ нәтижелерi бойынша жергiлiктi жерлерде жазалау шараларын қабылдамау қажеттiгiн арнайы жеткізді.
Сөз соңында білім бәйгесіне түскен түлектердің айы оңынан туып, абыройы асқақтай түсуіне тілектеспіз.

Айжан Өзбекова

ПІКІР