ҰБТ-ны ұтымды ұйымдастырған ұтылмайды

0 11
Бір айдан астам уақыттан соң биылғы оқу жылы да өз мәресіне жетпек. Расын айту керек, бұл жыл онлайн оқытудың қиындығы мен машақатын оқушыға да, мұғалімдерге де барынша сездірді. Қашықтан білім алудан кім ұтты, кім ұтылды, оның 11 жыл білім теңізінен маржан теріп, мектеп қабырғасынан түлеп ұшқалы отырған болашақ талапкерлерге зияны тимеді ме? Әрине, бұл сауалдардың жауабын алда келе жатқан Ұлттық бірыңғай тестілеу көрсетеді. Ал оған дейін түлектердің маңызды сынақты барынша жайлы әрі қауіпсіз жағдайда тапсыруы үшін тыңғылықты әзірлік қажет. Тестілеу жүйесіне енгізілген жаңа технологияның да сыр бермей жұмыс істеуі назарда болуы шарт. Сынақ барысында санитарлық талаптардың сақталуы, індетті індетіп алмаудың жолдарын да алдын ала ойластырған жөн. Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында білім беру саласындағы осы және өзге де өзекті мәселелер сөз болды.
– Өздеріңізге белгілі, еліміздегі эпидемиологиялық ахуалдың күрделенуі мен оқушылар арасында COVID жұқтырғандардың артуына байланысты Тараз қаласы мектептерінің 9 және 11-сынып оқушыларынан басқалары онлайн білім беруге қайта көшірілді. Биылғы түлектердің Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсыратын уақыты да таяп қалды. Осы мәселелер Парламент Мәжілісінде өткен жиында да қаралды. Бұл ретте аймақта аталған мәселелерді назарда ұстау – сіз бен бізге артылған үлкен міндет, – деген аймақ басшысы алғашқы сөзді облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергеноваға берді.
Өз баяндамасында басқарма басшысы биыл ҰБТ электронды форматта компьютерлік тест түрінде өтетінін жеткізді. 30 сәуір мен 30 маусым аралығында ұйымдастырылатын сынақты түлектер Тараз қаласы мен Шу ауданында орналасқан тестілеу пункттерінде тапсыратын болыпты.

– Аталған мерзім аралығында талапкерлер 2 рет тестілеуге қатысуға мүмкіндігі болады. Екі сынақтың қайсысынан жоғары балл жинаса, сол нәтижесімен мемлекеттік білім грантының конкурсына қатыса алады. Мектеп түлектері тест тапсыру уақыты мен орнын өздері таңдайды. Ал тест нәтижесі жұмыс күнінің соңында емес, тест аяқталған бойда жарияланады. Жалпы компьютерлік тестілеудің артықшылықтары да бар. Ең әуелі бұл жүйенің қағазбен сынақ алуға қарағанда уақыт үнемдеу тұрғысынан тиімділігі жоғары. Атап айтар болсақ, түлектер бұрынғыдай шеңберлерді бояуға уақыт жұмсамай, қажетті нұсқаларды шерту арқылы белгілей алады. Қажет болған жағдайда, алдында таңдаған жауаптарын өзгертуге де мүмкіндіктері бар. Екіншіден, тест аяқталған соң нәтижесіне келіспейтіндей тұстар туындаса, жарты сағат ішінде аппеляцияға беріп, оның да шешімін жылдам ала алады.

Тағы бір айта кететін жайт, тестілеу барысы ұдайы бақылауда болады. Ол үшін әр компьютердің үстіне камера орнатылған. Балалардың бір-біріне кедергі келтірмей, еркін жұмыс істеуі үшін әр орын арнайы шынымен қоршалған.
Тест тапсыруға төрт сағат беріледі. Ал пәндердің саны бұрынғыдай қалады. Олар – үш міндетті және екі таңдау бойынша бейіндік пәндер. Тестілеу тапсырмаларының саны да өзгермейді, бары – 120 тапсырма. Ең жоғарғы балл – 140, – деген облыстың бас ұстазы мемлекеттік грант алу үшін белгіленген шекті балдар жайында да түсінік беріп өтті.
Гүлнар Махақызының айтуы бойынша, бұл меже 50 балл деңгейінде бекітілген. Дегенмен ұлттық университеттерге түсу үшін және медициналық мамандықтар бойынша білім алуға ниеттілерге 65 балл жинау міндеттеледі. Ал ветеринарлық мамандықтарды меңгеретіндер 60 сұраққа дұрыс жауап беруі қажет.
Бұл жылдың басты жаңалығы – педагогикалық мамандықтарға қойылатын талаптардың жоғарылауында болып отыр. Жасыратыны жоқ, бұған дейін төменгі балл жинап, қалаған мамандығына түсе алмағандар мұғалімдікке бет бұрып кететін болса, енді ұстаздық секілді жауапты мамандықты тек білімінің сай келетінін дәлелдегендер ғана игере алады. Ол үшін талапкерлер кем дегенде 75 балл жинауы керек.
– Ағымдағы оқу жылында 11 250 оқушы түлек атанады. Алдын ала жоспар бойынша күндізгі бөлімде білім алған 10 834 түлек толықтай Ұлттық біріңғай тестілеуге қатысады деп күтілуде.
Сондай-ақ індет жұқтыру деректерін болдырмау мақсатында тестілеу өтетін ғимаратқа кіргізу маскалық режимде, 2 метр арақашықтық сақталып іске асырылады. Барлық оқушылар ҰБТ басталар алдында санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкес дезинфекциядан өтеді. Аудиториялар желдетіліп, дезинфекциялық құралдармен өңделеді. Санитарлық нормаларға сай ата-аналар мен мұғалімдерге ҰБТ өткізу пунктінің аумағында болуға тыйым салынады. Олар үшін аудиториядан бейнетрансляция қамтамасыз етіледі, – деді Г.Ходжабергенова.
Баяндама барысында басқарма басшысы 11 мыңға жуық түлекке
2 тестілеу пунктінің жеткіліксіз болуы мүмкін екенін де айтып өтті. Олардың облыс орталығы мен Шу ауданында орналасуы шалғай ауылдардан келетін оқушылар үшін де едәуір қиындық туғызбақ. Бұл мақсатта Білім және ғылым министрлігі мен Ұлттық тестілеу орталығына қосымша 2 пункт ашу туралы сұраныс жолданған екен. Егер өтінім қолдау тапса, Меркі ауданы мен облыс орталығындағы Жамбыл политехникалық колледжінде де тестілеу нүктелері пайда болуы мүмкін.
Гүлнар Махақызы қауіпсіздік талаптарының сақталуына да алаңдаулы екенін жеткізді. Оған тестілеу кезінде сынақ тапсыру пункттеріне әр ауданнан, әр мектептерден келген балалар жиналуы себеп болып отырған көрінеді.
– Бұрынғы жүйе бойынша бір мектептің оқушылары сынақты тобымен келіп, бір күнде, өз аудандарында тапсыратын болса, жаңадан енгізілген өзгерістерге орай әр оқушы тест тапсыру күні мен уақытын өзі таңдайды. Осылайша бір оқу ордасының оқушылары бірнеше топқа бөлініп, тіпті жекелей келуі де ықтимал.
Екіншіден, ауылдардан балаларды тасымалдау мәселесі де қиындық туғызғалы отыр. Себебі оларды жеткізіп, алып қайтуға мемлекеттен қаржы қарастырылмаған. Бұл орайда барлық жауапкершілік ата-аналар мен мектеп әкімшілігіне жүктелмек.
Осы ретте тәртіптің сақталуы мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында полиция және медицина қызметкерлерінің тұрақты кезекшілігін ұйымдастыруды, сондай-ақ электр энергиясының үздіксіз берілуін қадағалау бойынша тапсырмалар берсеңіз деген өтінішіміз бар, – деді басқарма басшысы.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ауыл балаларының тестілеу пунктіне қатынауын қатаң қадағалауға алу қажеттігін ескертіп, ата-аналарға қаржылық мәселелер жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуді нықтап тапсырды. Сонымен қатар мектептен жауапты маманның бекітіліп, оқушылардың елді мекеннен шыққанынан қайта үйіне жетуіне дейін толық бақылауда болуы керек екенін атап өтті.
Келесі кезекте техникалық және кәсіптік білім беруге арналған мемлекеттік тапсырысты орындау мәселесі қаралды. Гүлнар Ходжабергенованың сөзіне сүйенсек, келер оқу жылына техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар мамандарды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру мақсатында өңірдің мамандарға қажеттілігін анықтау жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде 850 кәсіпорынға 3 216 маман қажеттігі анықталған. Сонымен қатар облыстағы 12 ірі кәсіпорыннан 38 мамандық бойынша 1 852 маманға қажеттілік анықталған.
Өз кезегінде Бердібек Машбекұлы мемлекеттік тапсырысты орындау мақсатымен техникалық және кәсіптік білім орындарына студенттерді артығымен қабылдап, олар оқу бітірген соң жұмыс тауып бере алмай, тығырыққа тірелмеу қажеттігін ескертті.
– Жоспарды орындаймыз деп жұмыссыздар санын қолдан өсіріп алмауымыз керек. Бұл мақсатта аймақтағы кәсіпорындармен, өнеркәсіп ошақтарымен байланысып, нақты қай мамандыққа сұраныс барын анықтап алу маңызды. Аталған деректер түзілген соң ғана қажетті мамандарды даярлауымыз қажет, – деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ жиын барысында оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру жайы сөз болды.
– Биыл жазғы демалыс маусымында 1 мен 10-сынып аралығындағы 223 432 баланы толық сауықтырумен қамту жоспарланып отыр. Оның 70 пайызы жазғы сауықтыру және демалыс шараларымен қамтылса, қалған оқушылар еңбек және демалыс жұмыстарына тартылмақ.
Сонымен қатар көпбалалы, аз қамсыздандырылған отбасы балаларының жазғы сауықтыру демалысына жергілікті бюджеттен 555 миллион 877 мың теңге қарастырылған. Оның 305 миллион 911 мың теңгесі қала сыртындағы лагерьлерде, 249 миллион 966 мың теңгесі мектеп жанындағы сауықтыру шараларына қарастырылып отыр. Жалпы облыс бойынша қала сыртындағы 11 сауықтыру лагері жұмыс істейді деп жоспарлануда, – деді Гүлнар Махақызы.
Бердібек Машбекұлы бұл ретте де баса назар аударатын бірқатар жайтқа жекелей тоқталып өтті.
– Қазіргідей эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз болып тұрған жағдайда балалардың бос уақытын барынша таза ауада өткізуіне көңіл бөлу қажет. Ол үшін палаткалық, киіз үйлік демалыс орындары көптеп ұйымдастырылуы керек. Сонымен қатар қала балаларының ауылға барып, ата-әжелерінің қолында болуының да маңызы зор. Бұл бір жағынан денсаулыққа, танымының кеңеюіне пайдасын тигізсе, екінші тұсынан аға ұрпақтан тәлім-тәрбие алуына да септігі зор. Үшіншіден, жоғары сынып оқушыларының еңбекпен қамтылуы да аса маңызды. Бұл да болашақ ұрпақ үшін пайдасы зор шаралардың бірі болмақ. Бір сөзбен айтқанда, қолда бар мүмкіндіктерді толық пайдалану мақсат болып отыр, – деді Б.Сапарбаев өз сөзінде.
Жиын барысында Бердібек Машбекұлы жоғарыда қозғалған мәселелерге байланысты Тараз қаласы мен аудандардың әкімдерінен жауап алды.
Басқосу соңында аймақ басшысы мектеп бітіруші түлектердің Ұлттық бірыңғай тестілеуге толық қатысуын қамтамасыз етуді, сынақ нәтижесінің жылдағы көрсеткіштен төмендемеуіне көңіл бөлуді және тестілеу пункттерінде санитарлық талаптардың қатаң сақталуын қадағалауды нықтап тапсырды.

Мұратхан Әлімхан

Leave A Reply

Your email address will not be published.