ҰБТ:Дене қызуы жоғары үміткерлер тамызда тапсырады

0 0

Студенттік құрылыс жасақтарының жұмысын ұйымдастыруда әлі де аудан әкімдіктері тарапынан жүйелілік керек. Себебі былтырғы еңбек маусымында олардың жатын орны, тамақпен қамтылуы және жалақысы көңіл көншітпеген. Студенттердің қауіпсіздігі де басты назарда. Сонымен қатар биылғы карантин режимінде  ұлттық бірыңғай тестілеуден өту кезінде дене қызуы көтерілген мектеп бітірушілер білім сынағын тамыз айында тапсыратын болады. Бұл жайында облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаевтың төрағалық етуімен өткен басқосуда жан жақты  айтылды.

Ең алдымен сөз алған облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа жастардың бос уақытын тиімді пайдалану бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды жіпке тізіп атап өтті. Биыл да жазғы еңбек маусымына орай жоспарланған жұмыстар аз емес. Дегенмен, осы бағыттағы жұмыстың жүруіне кейбір аудан әкімдіктері белсенділік танытпай отырған көрінеді. Жұмысты кешіктіріп отырған Байзақ, Жамбыл, Т.Рысқұлов, Меркі аудандарымен Ержан Жұматұлы онлайн байланысқа шығып, мән жайды білді. Белгілі болғандай Жамбыл, Т.Рысқұлов және Меркі аудандары қаражат қарастырып отыр. Ал әлі де қаржы қарастырмаған Байзақ ауданына облыс әкімінің орынбасары жұмысты жеделдетуді тапсырды. М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің директоры Махметғали Сарыбеков былтырғы жұмыс берушілер тарапынан кеткен кемшіліктер биыл қайталанбаса деген ұсынысын ортаға салды. Атап айтқанда өткен жазғы еңбек маусымында 13 нысанда тер төккен студенттердің жататын орны, тамақпен қамтылуы және жалақысы көңіл көншітпеген. Тіпті 50 мың теңге еңбекақыны қанағат еткен студенттер де аз болмапты. Осы ретте ТарМУ ректоры жалақыны 70 мың теңгенің төңірегінде болуын сұрап,  еңбек маусымының ашылуы мен жабылуын  жастар арасында үлкен мерекелік шара ретінде салтанатпен атап өтуді ұсынды. Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Ержан Әмірбекұлы еңбек жасақтарының базасын ертерек жасақтаудың қажеттілігін айта келе, оқу орнынан баратын студенттердің негізгі құрамы, яғни 70 пайызы қыз балалар болғандықтан, қауіпсіздік басты орында болуын тілге тиек етті. Жиын барысында үлгілі ауылдардың жайы да айтылды. Қазіргі таңда бұл жұмыс екі бағытта, яғни идеологиялық, рухани құндылықтар арқылы және инфрақұрылым, әлеуметтік тұрғыда жүріп жатыр екен. Ержан Жұматұлы бұл жұмысты да жүйелеуді тапсырды. Карантин кезі болғандықтан биыл оқушылардың жазғы лагерлері жұмыс жасамайды. Дегенмен оқушылардың демалысында тарихи танымдық экскурсиялар ұйымдастырылмақ. Облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмилә Бекбатырова биылғы жазғы демалыс кезінде 5 мыңнан астам оқушы экскурсияға қатысатынын жеткізді. Сонымен қатар жазғы тіл үйрету курстары да жоспарланып отыр екен. Онда оқушылар қазақ тілімен бірге ағылшын, француз тілдерін меңгермек. Бұған қоса басқосуда ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық жұмыстары, ондағы карантиндік талаптардың сақталуы да сараланды. Айта кетерлік жай, Жәмилә Елеуқызының айтуынша, білім сынағы кезінде дене қызуы көтерілген үміткерлер қажетті емін алып болғаннан кейін тамыз айында ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыса алады. Ержан Жұматұлы білім басқармасы басшысының орынбасарына ҰБТ кезеңінде оқушылардың қауіпсіздігі мен санитарлық талаптардың сақталуын  басты назарға алып, жаңа оқу жылындағы мектептердің материалдық техникалық базасын жақсартуды тапсырды. Бұл бағытта tylek.kz сайтын пайдаланып, демеушілерді тартуға болатынын да еске салды. Карантин кезінде тұралап тұрған туризм саласына қатысты да тапсырмалар берілді. Айталық  «Джип-сафари» шарасын өңірде тұрақты түрде ұйымдастыру арқылы туристердің қызығушылығын қалыптастыруға болатынын жеткізді. Және Қазақ хандығы ескерткішінің артқы жағындағы жазық далаға этноауыл жобасын ұйымдастырудың маңыздылығы да айтылды. Жиын барысында шаруашылықты дамыту бағытындағы гранттардың мәселесі де талқыланды. Басқосу соңында Ержан Жұматұлы жиынға қатысып отырған бірқатар басқарма басшылары мен аудан әкімдіктеріне шаруаны ширатуды тапсырды.

Н.Қадірәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.