"Заң және біз"

Учаскелік инспекторыңызды танисыз ба?

Written by Aray2005

Осы күні ел ішінде әзіл-шыны аралас «Полиция мен дәрігердің қолына түспе» деген сөз жиі айтылып жүр. Қазақ нені айтса да дөп айтатын сөз дарыған халық. Осы тілекті тура мағынадан емес, астарына үңілсе, «ауырмай, аман жүр, жазалы болмай, тыныш жүр» деген тұжырым шығатыны белгілі. Кеңес Одағы кезінде тәртіп сақшыларын «милиция» десе, қазір әлемдік стандарт бойынша «полиция» деп атайды.
Көп салалы заң қызметінің ішінде «рақметі» аз осы полициялар. Себебі қылмыс болған жерге ең бірінші баратын да, оны тіркеп алатын да осы сала мамандары. 23 маусым – Полиция күні кәсіби мерекесіне орай, «Мамандығымызды өзгертеміз» айдарында халықпен ең жақын байланыста жұмыс істейтін учаскелік полиция қызметінің бір күнін сөз етпекпіз. Сонымен…

Иә, уәде етілген уақытта Тараз қалалық полиция басқармасы 1-полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция капитаны Бауыржан Иманбековпен учаскелік пункте кездесуді уағдаласқанбыз.
Айтылған жерге межелі мерзімде жеткен бізді күтіп алған Бауыржан Смайылұлы мен әңгімеміз оның өмір жолы турасында өрбіді. Ол құқық қорғау қызметкерлерінің сапын құрамына 2008 жылы алыныпты. 4 жылдан кейін Бауыржан Тараз қалалық полиция басқармасы 1 полиция бөлімі жергілікті полиция кызметінің учаскелік полиция инспекторы атанады. Міне сегіз жылдан бері Бауыржан Иманбеков Тараз қаласының Жамбыл даңғылы мен Ниетқалиев, Қойгелді батыр көшелеріндегі қоғамдық тәртіпке жауапты. Осы аймақта тұратын 3500 тұрғынмен тікелей жұмыс жасайды.
– Өзіме бекітілген аумақтағы жалға берілетін пәтерлерді анықтау, азаматтық қару иелерінің қару-жарақты сақтау талабының орындалуын қадағалау, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды тұрақты немесе уақытша тіркелген мекенжайы бойынша тексеріп, заңды рұқсат бұзылған жағдайда миграциялық полицияға арнайы рапортпен хабарлау учаскелік полиция инспекторының басты міндеті болып табылады. Ауланың тыныштығы мен тұрғындардың арыз-шағымын қарастырып, ұрлық, қылмыс болған жерге алғашқылардың бірі болып баруға тырысамыз, – дейді Бауыржан Смаилұлы.
Бауыржанның әңгімесін тыңдап отырып, Кенен атамыздың «Жай кезде анау дейміз, мынау дейміз,ауырып жан қысылса Құдай дейміз» деген әні еске түскендей. Расымен басымызға іс түскенде осы қызмет иелерінің көмегіне жүгінетініміз ақиқат. Күндіз де, түнде де, ыстық пен суықта да ел тыныштығын күзетіп сапта жүретін жанкештілер осы полиция қызметкерлері. Біз оған жұмыс барысында да көз жеткіздік.
Бүгінгі таңда қала бойынша 29 учаскелік полиция пунктінде 127 учаскелік инспектор жұмыс істейді. Тәртіп сақшыларының жұмысы таң сәріден басталады екен. Алдымен саптық тексерістен өткен соң, кезекпен өздеріне тиесілі қаруларын (9 мм Макаров тапаншасын) алып, сағат 9:00-де жергілікті полиция қызметінің бастығының қатысуымен өтетін лездемеге қатысады. Мұнда түнде орын алған қылмыстар, түрлі жағдайлар, азаматтардан түскен арыз-шағымдар зерделеніп, басшылық тарапынан берілген тапсырмалар қадағаланады екен. Ары қарай учаскелік полиция өзіне қарасты аумақты барлауға шығады.
– Бүгін түнгі сағат 2-лер шамасында осы учаскеге қарасты тұрғын үйдің бірінде жанұялық жанжал орын алыпты. Анықтап айтсам, мас күйінде үйге келген күйеуі әйелінің ар-намысына тиетін сөздер айтып мазалаған екен. Түнгі тыныштықты бұзғаны үшін сол үйдің 4 тұрғынынан арыз түсті. Учаскелік полиция пунктіне келмес бұрын әйелінен түсініктеме алынып, 30 тәулікке қорғау нұсқамасы толтырылды. Осы уақыт аралығында күйеуі сол әрекетін қайталайтын болса, әлгі азаматты есепке аламыз. Бүгіннен бастап ол кісі аптасына 1 рет келіп, әйелімен тату-тәтті өмір сүріп жатқанын айтып түсініктеме жазып тұрады.
Жұмыс барысында түрлі адамдармен етене жұмыс жасауға тура келеді. Бір сөзбен айтқанда қарапайым тұрғындардың тыныштығын қорғау үшін аянбай еңбек етеміз, – дейді Бауыржан Смайылұлы.
Бұдан соң Бауыржан Иманбековпен наркологиялық диспансерге соғып, онда жатқызылған азаматтарға, қайта учаскелік пункке оралғанда жеке куәлігінің уақытын өткізіп алған азаматтарға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. Арасында компьютеріне үңіліп, сұрақтарымызға ыждаһаттылықпен жауап беріп, түрлі сұрақтарымен қайырылған аумақ тұрғындарының арыз-шағымын тыңдап отырғанда жұмыс уақытының қалай өткенін де байқамай қалыппыз. Осы тұста учаскелік полицияның жұмысы қағазбастылықпен өтетінін де айта кетпесек болмас.
Қазақ халқы өз тарихында солақай саясаттың салдарынан небір зұлматты басынан кешірді. Сол дәуірде жазықсыз соттау, ату секілді жазалардың барлығы жендет кейпіне еніп, іске асырғандар осы форма кигендер болатын. Заң қызметкерлерін көрсе үркіп, оларды жек көру сезімі сол кезден ұлт санасына сіңіп, бүгінге дейін сол түсінік жойылмауының себебі де сол заманның сарқыншағы болуы керек. Қазақ баласы үшін ең қастерлі дүние — Ата Заңымыз. Заң қызметкерлері соны жүзеге асыратын тұлғалар. Сөз соңында заңымызды қорғайық, заң қызметкерлерін қолдайық дегіміз келеді. Мерекелеріңізбен, құрметті полиция қызметкерлері!

Айжан Өзбекова

ПІКІР