Қазақстан халқы ассамблеясы

Ұғыныстыққа ұмтылған ұжым

Бүгінде татулығын ту етіп, ынтымағын жарастырған жасампаз мемлекетімізге қызыға да, қызғана да қарайтындар аз емес. Әсіресе, бірлікті «бағым» деп бағалаған халықтың біртұтастығы талайларға үлгі болуда. Бұл ең алдымен өзгені өзекке теппеген қазақ халқының кеңдігін білдірсе, екінші жағынан болашақты болжай білетін кемеңгер Көшбасшымыздың сарабдал саясатының жемісі.

Әрине, бір шаңырақтың астына бірнеше ұлттың басын біріктіріп, берекесін кіргізу кез келген мемлекеттің қолынан келе бермейтіні белгілі. Ал бір мекемеге сан ұлттың өкілдерін қызметке алып, жұмыстың жүйесін табу өз алдына үлкен ерлік. Міне, сондай көпұлтты ұжымды сүттей ұйытып отырған кәсіпорынның бірі – «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің филиалы- Жаңа Жамбыл фосфор зауыты.

Іргесі сонау 1971 жылы қалана бастаған өндіріс орнында бүгінде 2000-нан аса адам жұмыс істеп жатса, соның қатарында 19 ұлттың өкілі бар. Еңбеккерлердің ең көбі қазақтар, орыстар, укриндер, өзбектер, белорустар мен кәрістер болса, әзірбайжан, грек, дүнген, қырғыз, неміс, түрік пен күрдтер де мұнда қызмет етуде. Сондай-ақ, қарақалпақ, қарашай, кумандин, мордва, удмурд сынды аз ұлт өкілдері де өндірістің өркендеуіне өз үлестерін қосуда. Жаңа Жамбыл фосфор зауытының директоры Леонид Франгулидің айтуынша, бұл ұжымда ең алдымен бірлік бәрінен биік тұрады екен.

– Қазақта «Бірлік түбі – береке» деген жақсы сөз бар. Біздің қызметкерлер осы қағиданы берік ұстанады. Кәсіпорынға бір адамды жұмысқа аларда оның ұлты мен тегіне емес, шеберлігі мен қабілетіне баса көңіл бөлеміз. Сондай-ақ, басшылық қызметке өсіруде де еңбеккердің туған жері емес, төккен тері есепке алынады.

Ал мереке күндерін бір үйдің баласындай бірге қарсы аламыз. Әсіресе, Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз мерекесін жылда ерекше тойлаймыз. Мекеме өз алдына киіз үй тігіп, сонда зауытта жұмыс жасайтын қызметкерлер өз ұлттарының өнерлері мен тағамдарын тарту етіп, әдеп-ғұрыптарын, салт-дәстүрлерін паш етеді.

Бұдан бөлек, 1 наурыз – Алғыс айту күні мен 1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күнінің біз үшін орны ерек. Өйткені, бұл күні біз өткен тарихымызды еске алып, бабалар рухына тағзым етеміз, қиын сәттерде құшағын жайған қазақ халқына шын ниетімізбен алғыс айтамыз. Егер өткенді еске түсірер болсақ, мен өзім 1949 жылы Абхазия автономды республикасынан күштеп Қазақстан жеріне қоныс аудартылған грек отбасынан шыққанмын. Жарық дүние есігін ашқаннан кейін небәрі 4 ай Абхазия жерінде тұрып, қалған өмірім қазақ жерінде өтті. Ең алдымен Оңтүстік Қазақстан облысынан қоныс тапқан ата-анам жергілікті жұртшылықтың аялы алақанын сезініп, аяғына тұра алды. Өзім қазақ балаларымен бірге ойнап, өстім. Кейін Шымкент қаласындағы жоғары оқу орнын бітіріп, мамандық алдым. Ал Жамбыл жеріне 1999 жылы келіп, міне осы бүгінгі күніме жетіп отырмын.

Мен сияқты қуғын-сүргінге ұшыраған жанұядан шыққан жандар айналамда аз емес. Жоғарыда аталған мереке күндері осы таныстарыммен тоқайласып, қиын-қыстау кезеңдерде жүректерінің кеңдігін білдірген қазақ халқының жақсылығын еске аламыз. Әріптестеріме де осыны әрдайым жеткізіп, бірлігімізді бәрінен биік қоюды айтумен келемін, – дейді Леонид Харлампович.
Иә, татулықты ту еткен ұжымның бірлігін біз бұл күні өз көзімізбен көрдік. Цехтарда тіршіліктің тайқазанын қайнатқан қазақ, орыс, украин, кәріс, немістер бір үйдің баласындай жұдырықша жұмылып жұмыс жасауда. Солардың бірі – ұлты украин Виктор Имердің кәсіпорынға қызметке келгеніне 17 жыл болыпты.

– Жалпы мен химия саласында династиялық жолмен келемін. Әкем Николай Жаңа Жамбыл фосфор зауытында талай жыл еңбек етіп, зейнетке шыққан жан. Әке жолын қуып, қазір ауысым басшысы қызметін атқарудамын. Жұмысым құрылғылар мен қызметкерлердің жұмысын бақылау болғандықтан, мен мұндағы еңбеккерлердің тек ынтымағы мен татулығының куәсі болудамын. Оған дәлел, әріптестеріміздің қуанышы мен қайғысынан ешбір маманымыз шет қалған емес. Жұмыс барысында да бір-біріне көмек қолын созуға асығып тұрады. Мереке күндері әр цех өз адамдарын шығарып, «Қазфосфат» ЖШС-нің спорт кешенінде футболдан жарыс өткізуді дәстүрге айналдырған. Бір сөзбен айтқанда, зауытта бірлік пен теңдік салтанат құруда, – дейді ауысым басшысы.
Ал кәріс ұлтты Павел Бегаев 1984 жылдан бері өндіріс орнында қызмет етуде. Қазір аға шебер міндетін атқарып отырған Павел де осы таңға дейін мекемедегі ұлттар арасында түсінбеушілік, әлде кикілжің болмағанын айтады. Тіпті, Павел «Біздің тіліміз басқа болса да тілегіміз бір, түріміз басқа болса да жүрегіміз бір» деп қазақша да сайрап тұр.

Жалпы, зауыт жұмысшыларымен тілдесу барысында біз әрбірінің жанарынан тек мейірім мен бауырмашылдықты байқадық. Бір-біріне деген құрмет пен шексіз сыйластықты аңғардық. Кәріс пен неміс, қазақ пен қарашай, өзбек пен украин, түрік пен татардың бір тілде тілдесіп, түсінісіп отырғанын көріп таңдай да қақтық.

Осындай жұмыла көтерген жұмыстың арқасында зауыт биыл жоспарды асыра орындауда. Өткен жылмен салыстырғанда есепті кезеңде барлық өндірілген өнім көлемі 100 пайызды межелесе, алғашқы жартыжылдықта өнімді тағы өсіру көзделуде. Сондай-ақ, сары фосфор бұған дейін Еуропа, Таяу Шығыс елдері мен АҚШ-қа экспортталса, биыл Жапонияға да өнім жөнелтуге келіссөздер жүргізілуде. Зауыт директоры Леонид Франгулидің айтуынша, егер жоспар толықтай жүзеге асса, сары фосфор өндірісінің жаңа дәуірі басталмақ екен.

– Қазір келіссөздер жоғары деңгейде жүргізіліп жатыр. Егер жапондықтар өнімімізді алуға бел буса, экспорттың жаңа бағыты ашылады. Ол кезде өндіріс көлемі де өсетіні белгілі.
Әрине, фосфор өндіру қауіпті де, қиын жұмыс. Сондықтан, қызметкерлеріміздің жұмысқа қатынауы, тамақтануы сынды қажеттілерінің бәрін тегін қамтамасыз етіп отырмыз. Биыл жуыну мен асхана бөлмелерін заманауи стандартқа сай жаңғыртып бердік. Бұның барлығы адамдарымыздың тиімді жұмыс жасауына жасалып жатқан шаралар, – дейді Леонид Харлампович.

Иә, химия өндірісінің еліміздегі жүрегі саналатын Жамбыл жеріндегі кәсіпорынның келешегіне біз ғана емес, тұтас мемлекет үміт артып отырғаны жасырын емес. Сондықтан, жаңашылдыққа ұмтылған Жаңа Жамбыл фосфор зауытының бастамаларына тек береке тілейміз. Және сүттей ұйып отырған ұжымның бірлігі мен ынтымағы берік болып, еңбектері жемісті болуына ниеттеспіз.

ПІКІР